Размер шрифта:

Цветовая схема:

12 қазан, 2020242

«Құнанбай» фильмі Берлинде көрсетілді

Германия астанасы Берлинде «Құнанбай» көркем фильмінің арнайы көрсетілімі өтті. Аталған шара қазақтың бас ақыны, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу шеңберінде ұйымдастырылды. Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы хабарлады.

Отандық туындының Берлиндегі көрсетілімі атақты кинофильмдердің тұсаукесері өтетін ZOO PALAST кинотеатрында 9 қазан күні өтті. Көркем фильмді тамашалауға қазақстандық диаспора өкілдері, қоғам қайраткерлері, журналистер қауымы мен немістің саясат және мәдениет қайраткерлері жиналған. Көрсетілімді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен Германия еліндегі Қазақстан Республикасының Елшілігі ұйымдастырған.  

Шара барысында Қазақстан Республикасының Германиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Кәріпов Абайдың қазақ мәдениеті мен тілінің дамуына қосқан үлесін, сонымен қатар неміс аудиториясының оның мұрасымен танысуының маңыздылығын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясымен түсірілген «Құнанбай» көркем фильмі ұлы Абайдың әкесі -Құнанбай Өскенбайұлының өмірі жайында баяндайды. Картина бірқатар сыйлықтарға ие болған. Оның режиссері әрі бас кейіпкерін сомдаушы – Досхан Жолжақсынов.

Айта кетейік, көрсетілім аясында «Абай» атты Абай Құнанбайұлы шығармаларының неміс тіліндегі жаңа жинағы таныстырылды. Кітап  Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен «Ұлттық аудармалар бюросы» қоғамдық қорының жобасы аясында биылғы жылдың тамыз айында Германияда шығарылған. Бұл жинақ сонымен қатар әлемнің басқа да тоғыз тіліне аударылған екен.  

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  kazakhcinema.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы