Размер шрифта:

Цветовая схема:

19 ақпан, 2020364

Құттықтаймыз! Ақпанда дүниеге келген өнер иелері

Ақпан айында кино, жалпы өнер саласына үлес қосқан талай жандар дүние есігін ашты. Олар кімдер? Олай болса, барлық ақпандық туған күн иелерін құттықтап, шығармашылық жолдарына шолу жасайық. 

3 ақпан күні өзінің талантымен қалың қарашаға танылып, көрермен көңілінен шыға білген сүйікті актер, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Нысана» театрының директоры Әбунасыр Серіковтың туған күні. Талантты тұлға 55 жасқа толды.  

Отыз жылға жуық өнер саласында еңбек етіп келе жатқан актердің қоржынында талай тамаша фильмдер бар. Тек соңғы жылдары өнер иесі бірқатар отбасылық комедияларда төбе көрсетіп, көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленді. Соның бір топтамасын назарларыңызға ұсынамыз. 

«Сұр бойдақ» («Холостяк» 2014 ж.)

Комедиялық картинада актер 43 жастағы сұрбойдақ Қадырбектің рөлін сомдайды. Жас кезінде дәл той болатын күні қалыңдығын біреу алып қашып, жігіт ауыр соққы алады. Содан кейін бас кейіпкер мүлде үйленбеймін деп өзіне уәде беріп, бүкіл уақытын жұмысына арнайды. Алайда, бір мезетте барлығы өзгереді. 

Сюжет желісі бойынша 20 жыл өткен соң, дәл өзінің туған күнінде Қадырбек мопедімен жұмысына жетеді. Алайда, автотұрақта оның бұл көлігін үлкен жол талғамайтын көлік басып өтеді. Сәтсіздігі осымен аяқталса игі, жұмысқа келгенінде басшылықтың өмір бойы талпынған лауазымынан шығарып жібергенін естиді. Әрі бұл орынға жаңағы жол талғамайтын көлік иесі ие болғанын біледі. Кейін естігені бойынша, бұл қызметіне бойдақтығының салдарынан қол жеткізе алмағанын біледі. Дәл осы кезден бастап ол бүкіл өмірін өзгертіп, отбасын құруға бел буады.   

«Келинка тоже человек» (2017 ж.), «Келинка тоже человек 2» (2018)  

Сәнді киім бутигінде жұмыс істейтін Айжан жұбайы және қызымен ата-енесінің шағын пәтерінде тұрып жатыр. Ата-ене мен келіннің бір шаңырақ астындағы өмірі үш бөлмелі пәтерді нағыз айқас алаңына айналдырған-ды. Қайын ененің үнемі барлығын «өзі білетін» әдеті келіннің мазасын алуда. Алайда, отбасында тағы бір керемет жан бар. Ол – ТЖМ подполковнигі, ерекше мінезге ие қайын ата (Әбунасыр Серіков сомдайды) оған мүлде кереғар кейіпкер. Немересін де қарайды, келінге қарсы сөз де айтпайды. Актердің бұл екі фильмдегі ойыны да керемет. Әйелін билеуге де бар, қажет болған кезде иығын да тіреуге даяр. Қатты мінез танытып, лезде жұмсақ адамға айналатын адамның мұндай қасиеттерін сомдай білу - талант.  Әбунасыр Серіков бұл міндетін сәтті орындап шықты. 

 «Брак или Брат» (2017 ж.) «Брак или Брат 2» (2018 ж.)

Бұл фильмдерде Әбунасыр Серіков бас кейіпкер Гауһардың ортаншы ағасы – диджей Қанапияның рөлін тамаша ойнап шықты. Өзге ағалары сияқты ол да қарындасының жігіттерінің бойынан кемшілік табуға тырысады. Табады да. Ел ағасы болатын жасқа келсе де, бала қылықтарын қояр емес. Сонысымен болар, бұл фильмдегі образы картинаға дәм келтірді.  

«Семьянин» (2019 ж.)

Мұхтар орта жастан асып барады. Осы уақытқа дейін тұрғын үйге қол жеткізіп, отбасын құрып үлгерді. Онымен қоса, бірқатар несиеге де қанық болып отыр. «Ерте жасынан үйленбесем, талай табысқа кенелер едім» деп есептейді. Күндердің күнінде тағдыр Мұхтарға сый жасайды. Бір күні таңертең керемет үйде оянады. Сөйтсе, кәсібі, мансабы, барлығы бар бай бизнесмен екен. Алайда... мұның құны – туған отбасы. Енді ол бұл байлықтан құр қалды. Қолда бар алтынды қайта қайтара ала ма? Бас кейіпкерге енді нағыз құндылықтың мәнін түсіну керек болады. 

«Аташка на хайпе» (2019 ж.)

«Аташка на хайпе» - бұл жұмысынан айырылған университеттің қарт оқытушысы жайындағы хикая. Басшылық оны болмашы олқылыққа бола студентті асыра жазалағаны үшін айыптауда. Алайда, әр нәрсенің қайыры бар дейді ғой. Жазалау әрекеті бар бейнежазба лезде желіде тарап, зейнеткерге атақ әкеледі. Кенеттен танымалдылыққа ие болған шал не істерін білмей дал. Дегенмен, заманауи вертуалды әлемге ақырындап еніп, оның заңдары мен ережелерін түсінуге тырысады. 

 

6 ақпан күні танымал кинорежиссер, продюсер Абай Қарпықовтың мерейтойы болып өтті. Мәдениет қайраткері 65 жасқа толды.

Атақты «Тоғысқан тағдырлар» («Перекресток») телехикаясын көрмеген жан жоқ-ау, сірә! 1996 жылы «Хабар» телеарнасының эфирінен көрсетіле бастаған телеөнімді қазақстандық көрермен асыға күтіп тамашалайтын. Білмесеңіздер, танымал «Тоғысқан тағдырлар» мен «Саранча» атты алғашқы отандық телехикаларға Абай Қарпықов продюсерлік етті.

Талантты тұлға осы уақытқа дейін бірқатар кинонартиналардың жарыққа шығуына атсалысты. «Клачок неба» атты қысқаметражды фильм - А.Қарпықовтың алғашқы төл туындысы. Оны 1982 жылы түсірген еді. Ал, Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтын тәмәмдағаннан кейін «Влюбленная рыбка» атты алғашқы толықметражды фильмінің тұсауын кесті. Қарпықовқа үлкен атақ пен халық сүйіспеншілігін сыйлаған 1996 жылы жарық көрген «Тот, кто нежнее» мен 1999 жылы шыққан «Фара» көркем фильмдері. Бұл туындылар түрлі жылдарда ресейлік кинопрокатта топ жарып жүрді. 

 

10 ақпан - белгілі режиссер, сценарист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Әбдірашовтың төл мерекесі. Дарын иесі 50-ге толды.

Рүстем Жарасқанұлы қазақ кино саласына елеулі еңбек етті. Әсіресе, тарихи туындылары қазақстандықтардың жүрегінен ойып тұрып орын алғаны даусыз. Себебі, сонау кеңес дәуірінен бері ел жұртшылығы тарихты тек кітаптардан ғана  оқып білсе керек.  Ал, режиссердің «Қазақ хандығы», «Елбасы жолы», «Құрақ көрпе», «Сталинге сыйлық» т.б. керемет картиналары бұл жағдайды өзгертіп, осы фильмдер арқылы тарихты таспалап, экран бетіне шығарды.  

Айта кетейік, Рүстем Әбдірашов «Сталинге сыйлық» атты кинокартинасы Францияда өткен ХV Халықаралық Азия фильмдерінің «Синемас Азия» фестивалінде Гран-приді жеңіп алған.

Ақпанның 11-жұлдызы - кеңестік және қазақстандық театр және кино актері, Қазақ КСР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты әрі Алматы қаласының Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының актері әрі режиссері Юрий Померанцевтің туған күні. Тума талант иесі 97 жасқа толды.  

 

Юрий Борисович Померанцев 1923 жылдың 11-ақпанда Киев қаласында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысып, 1942 жылы ауыр жарақат алды. Содан 1943 жылы Алматыға көшіп келді. Померанцевтің актерлік қызметі дәл осы шаһарда басталды.  

Ол алдымен Опера хорына жұмысқа тұрып, содан соң Балалар мен жастар театрында ойнады. Кейін кино мен театрда шағын рөлдерді сомдай бастады. Сергей Эйзенштейннің «Иван Грозный» лентасының  көпшілік ойнайтын көрінісінде де бой көрсетті. Ал, актерге халықаралық атақ сыйлаған оның «Освобождение» киноэпопеясындағы сатқын генерал Власовтың рөлі болды. Бірақ  Юрий Борисович көпшілік көрерменге 1957 жылы түсірілген «Біздің сүйікті дәрігер» фильміндегі дәрігер Анатолий Николаевич Лавровтың рөлін сомдау арқылы танылды.

2016 жылы Юрий Борисович Алматыда өткен XII «Евразия» кинофестивалінде «Раз в неделю» фильміндегі «Үздік ердің рөлі» үшін марапатталған. Ал, 2018 жылы Қазақстанның әлеуметтік-гуманитарлық дамуы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын табыстады. Сол жылдың қарашасында актер Ресей Президенті Владимир Путиннің «Достық» орденімен марапатталды.

Дарын иелерін тағы бір мәрте туған күндерімен құттықтап, ұзақ ғұмыр мен шығармашылық табыс тілейміз! 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы