Размер шрифта:

Цветовая схема:

20 маусым, 2020343

Режиссер Әділхан Ержанов жаңа туындының түсірілімдерін аяқтады

«Коллективный иммунитет» жұмыс атауын иеленген фильмнің түсірілімдері таяуда ғана аяқталды. Режиссер Әділхан Ержановтың бұл жаңа картинасы екі кейіпкердің қарама-қарсылығын суреттейді.

Картина комедия элементтері қосылған драма жанрында түсірілген. Бас кейіпкердің екеуі де полиция қызметкерлері. Бірі – заңмен әрекет етсе, екіншісі ар-ұятты арқау етеді. Бір-бірімен бәсекеге түссе де, ақыры ортақ мәмілеге келеді. Ал, «Коллективный иммунитет» деп аталуының себебі...

«Себебі, фильмде ұжымдық сана, иммунитет, тәртіп сияқты қасиеттерге бағыттайтын термин көрініс табады», - деді режиссер.

Фильм түсірілімдері Алматы маңында жүргізіліп, 14 күнге созылды.

«Ешқашан барлығы жоспар бойынша өтпейді, алайда, материал мен ойлағанға барынша жақын», - деп атап өтті Әділхан Ержанов.

Естеріңізде болса, режиссердің «Черный, черный человек» картинасында Қаратас атты ауыл атауы айтылады. Киногердің жаңа туындысында да оқиғалар желісі қиялдан туған дәл осы Қаратас ауылында өрбиді. Алайда, Әділхан Ержановтың айтуынша, бұл фильмнің нуар жанрындағы картинасына еш қатысы жоқ. Бұл жеке туынды екен.

Айта кетейік, жаңа фильмде бас рөлдерді актерлер Данияр Алшынов, Әсел Садуақасова, Нұрбек Мұқышев және Ержан Жаманқұловтар сомдайды. Актерлер бұған дейін де режиссердің бірнеше картинасында өнер көрсетті.

Фильм сценарийін Әділхан Ержановтың өзі жазды. Ал, Ақан Сатаев, Серік Әбішев, Абылайхан Әшімов пен Данияр Алшыновтар картинаға продюсерлік етті.

Жаңа туынды қандай да бір Халықаралық кинофестивальге қатысатын болса, фильм премьерасы сол шарада өтетін болады. Жалпы премьерасы сәтін салса, келесі жылға белгіленіп отыр. Ал, осыған дейін Әділхан Ержановтың жарық көреді деп жоспарланған «Бой Атбая» мен қалың көпшілікке қайта жол тартпақ болған «Черный, черный человек» фильмдерінің үлкен экрандарға шығуы енді эпидемиологиялық жағдайға байланысты.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  режиссердің жеке мұрағатынан

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы