Размер шрифта:

Цветовая схема:

25 тамыз, 2020493

Режиссер Әділхан Ержановтың жаңа картинасы Сараевода үздік деп танылды

Режиссер Әділхан Ержановтың «Ұлболсын» картинасы 26-шы Sarajevo Film Festival халықаралық кинофестивалінің Work-In-Progress санатында бас жүлдені қанжығалады. Бұл туралы фильм режиссері өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Режиссердің жаңа картинасы қалада тұрып жатқан Ұлболсын есімді мықты әрі керемет қыздың хикаясынан сыр шертеді. Оның Ажар есімді кіші сіңлісі Қаратас ауылында мектеп бітіреді. Ұлболсын оның келешегін ойлап, белді шетелдік университетте білім алып, болашақта жақсы маман атанып, еркін өмір сүруі үшін қажетті қаражат жинастырып қойған. Алайда сіңлісін алып кетуге Қаратасқа келсе, оны ауылдың құрметті азаматы, жергілікті жердің емшісі Үрген тоқалдыққа алып қашқан екен. Ұлболсын мұны бұлай қалдырмауға бекініп, Қаратастың патриархалды әлемімен күреске түспек.

Фильмдегі бас кейіпкер – Ұлболсынды қазақстандық актриса әрі картинаның бас продюсері Әсел Садуақасова сомдады. Оның сіңлісі - Ажардың рөлін жас актриса Динара Саги орындады. Ал емші Үргеннің рөлін актер Ерболат Әлқожа ойнады. Кинолентада сонымен қатар отандық актерлер – Берік Айтжанов, Ержан Жаманқұловтар, Нұрбек Мұқышев, Еркен Губашев, Санжар Мәди және Данияр Алшыновтар өнер көрсетті. Айта кетейік, соңғылары режиссердің «Бой Атбая», «Желтая кошка», «Черный, черный человек» картиналарында бас рөлдерді сомдады.

Фильмге сонымен қатар Серік Әбішев пен Ольга Хлащевалар продюсерлік етті, коюшы-суретшісі – Ермек Өтегенов, композиторы – Алуа Орентай, ал картинаны таспалаған оператор Азамат Дулатов болды. Айта кетейік, «Ұлболсын» жобасы - режиссер Әділхан Ержанов пен оператор Азамат Дулатовтың бірлесіп еңбек еткен алғашқы туынды.

Кинолентаның түсірілімдері өткен қыс маусымында Алматы облысында жүргізілді. Қазір картина пост-продакшн кезеңінде. Фильмді Short Brothers (Қазақстан) және Arizona Productions (Франция) компанияларының қатысуымен Sunny Production (Қазақстан) өндіруші компаниясы түсірді.

Аталған фестиваль жыл сайын Босния және Герцеговина астанасы - Сараевода өткізіліп отырды. Ал биыл шара тамыздың 14-і мен 21-і аралығында онлайн форматта ұйымдастырылды.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы