Размер шрифта:

Цветовая схема:

30 маусым, 2021254

Режиссер Дәрежан Өмірбаевтың кинодағы қолтаңбасы

Тәуелсіздік алғалы қазақстандық авторлық кино қарқынды дамып, әлем киногерлерінің назарын өзіне аударып жатыр. Отандық авторлық кино түсірудің алғашқы өкілдерінің бірі – Дәрежан Өмірбаев. Оның түсірген фильмдері салқынқандылығымен, эмоциясыз бірақ сезімге толы шынайылығымен ерекшеленеді.  Бүгінгі шығарылымда қазақстандық режиссерлер арасында Канн кинофестивалінің бағдарламасына енген фильмдерінің саны бойынша рекордсмен Дәрежан Өмірбаевтың шығармашылығына шолу жасаймыз.

Дәрежан Өмірбаев 1958 жылы 15 наурызда Жамбыл облысы Талас ауданындағы Ойық деген ауылда дүниеге келген кеңестік, қазақстандық кинорежиссер әрі сценарист.

Ол 1980 жылы қазақ мемлекеттік университетінің қолданбалы математика факультетін аяқтады. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында мұғалім және бағдарламашы, сондай-ақ редактор болып жұмыс істеді. ВГИК-тің режиссерлік бөлімінде оқыды. 1987 жылы ВГИК-тің кинотану факультетін бітірді (А. Плаховтың шеберханасы). 1988 жылдан бастап «Қазақфильм» киностудиясының қоюшы режиссері. Әртүрлі журналдарда жарияланған кинематография теориясы бойынша бірқатар «Жаңа фильм», «Көк елес» секілді мақалалардың авторы. 2004-2006 жылдары «Киноман» журналының бас редакторы болып қызмет атқарды. 1992 жылдан бері қарай Қазақстан Республикасы Кинематографистер одағының мүшелігінде қызмет етіп келеді.

Оның режиссер ретіндегі дебюттық жұмысы «Өмір» («Жизнь») деп аталатын 3 минуттық қысқаметражды картинасы болды. Дәрежан осы жұмысынан соң алты жылдан кейін ғана кино саласын қайтадан қолға алып, 1988 жылы ұзақтығы жиырма бес минутты құрайтын «Шілде» («Июль») драмалық қысқаметражды көркем фильмін түсірді. Оның сценарийін режиссер Ләйла Ақынжановамен бірлесе жазып, оператор ретінде Әбубәкір Сүлеевті шақырған. Басты рөлдерде Бақытжан Джатыбаев пен Марат Досетов ойнаған фильм 1988 жылы түсірілгенімен, премьерасы 1992 жылы 15 қарашада өтті.  Кинематография қауымдастығынан жоғары баға алған бұл көркем туынды жас суретшінің тағдырындағы бетбұрыс болды: ол 1989 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына оралып, одан әрі қарайғы өмірін  кинорежиссерлікке арнауға шешім қабылдайды.. 2004 жылдан бастап Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының өнертану факультетіндегі кинотану курсының шеберханасында сабақ береді.

Дәрежан Өмірбаевтың автор, режиссер, сценарист ретінде еңбегі еленіп, көптеген мемлекеттік және халықаралық марапаттарға ие болды. Ол – Қазақстан Республикасы «Құрмет» орденінің иегері. 2001 жылы кинематография саласындағы жетістіктері үшін тәуелсіз «Тарлан» платиналық сыйлығының лауреаты атанды. Сондай-ақ оған лайықты жұмыстары үшін франциялық «Әдебиет және өнер» ордені де табысталған.

Дәрежан Өмірбаев өзін Тимур Сүлейменовтың 1992 жылғы  «Баланың көлеңкесі» («Тень мальчика»), 1993 жылғы «Бейтаныс» («Незнакомец») фильмдерінде және өзінің соңғы толықметражды картинасы «Студентте» актер ретінде сынап көрді. Ал сценарист ретінде өзі түсірген «Шұғадан» басқа (дегенмен көркем шығарманы экранға бейімдеген өзі) барлық қысқа және толықметражды картиналарда, сонымен қатар оңтүстік кореялық авторлармен бірлесе түсірген «Махаббат туралы» («Про любовь») деген қысқаметражды фильмде ко-сценарист болды.

 

«Қайрат» (1991)

Өмірдің тосын сыйларға, кейде күтпеген келеңсіздіктерге толы екенін сипаттайтын Дәрежан Өмірбаевтың толықметражды фильм тәжірибесіндегі тырнақалды туындысы «Қайрат» драмасы. Оны режиссер 1991 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірген. Жетпіс екі минутқа созылатын картинаның түсі – ақ-қара. Фильмнің суретшісі – Марат Имамбергенов, ал  операторы – осыған дейін де режиссермен серіктесе жұмыс істеген Әубәкір Сүлеев болса, дыбыс режиссері және композитор ретінде Гүлсара Мұқатаева еңбектенген. Картинаның продюсері Саида Тұрсынова болды. Негізгі кейіпкерлердің рөлінде Қайрат Махметов, Индира Жексембаева, Балжан Бисембекова, Самат Бейсембин, Талғат Әсетов секілді актерлер қатысты.

Кинотуындының сюжеті ересектер өмірімен енді таныса бастаған Қайрат есімді қарапайым жігіт туралы баяндайды. Ол үнемі жалғыздықта өмір сүрді де айналадағы адамдарды мүлде түсінбеді. Өмір бойы тек анасымен бірге тұрып келген ол әкесінің қайда, не істеп жүргенін, тіпті кім екенін де білмейді. Мектеп бітіргеннен кейін Қайрат та көптеген өршіл жас жігіттер сияқты өз бақытын үлкен қаладан іздейді. Ол Алматыға келе салып, жатақханаға орналасады да, қаладағы колледждердің біріне оқуға түсуге тырысады, бірақ емтихандарда қажетті ұпайды жинай алмайды. Ол сәтсіздікке ұрынса да, ауылына қайтып бармай, Алматыда қалып, оқу орнына келесі жылы түсуді көздейді.

«Қайрат» фильмі жасөспірімнің есейіп, осы күйбең, кейде сондай қатыгез әлемде өзін-өзі табудың қиын кезеңін көрсетеді. Жігіт ұялғанынан үйге қайтуға батылы бармайды, себебі ауылдағы адамдар оны көп ұзамай астананың ең жақсы институттарының бірінің студенті атанады деп ойлайды. Ол енді не істеуі керек, үлкен қалада жас жігітті қоршап тұрған қорқынышты жалғыздық сезімін қалай жеңуге болады? Қайрат жалғыздықтың себебін түсінуге тырысады, бірақ оның әр әрекеті нәтижесіз аяқталады.

Қалада әркім өзінің айналасындағы адамдармен еш қиылыспайтын өзінің кішкентай әлемінде өмір сүреді. Қала тұрғындарының жүрегінде жас әрі мүлдем жалғыз Қайратқа орын жоқ.

Бірақ ол қаладағы ересек өмірді сәл көргеннен кейін, қыздарға қырындай бастады және сондайлық бір табандылықпен олардың артынан жүгіретін болды. Ол оларды қоғамдық көліктерде, кинотеатрларда немесе жай көшеде кездестіріп, танысады. Қандай да бір қыз оны еліктіріп алса, ол бірден өзін бақытты сезінеді. Бір күні кинотеатрда ол бір қыздың фильмді аяқтамай, залдан кетіп қалғанына назар аударады. Әрине, Қайрат оның соңынан еріп, танысады. Бірақ енді танысқан қыз бір аптаға іссапарға бару керек болады. Ол келген кезде Қайрат бірден алдынан шығып күтіп алады.

Фильм жарыққа шыққаннан кейін көптеген жақсы пікірлердің астында қалып, бірнеше марапаттарға ие болды. 1992 жылы Швейцарияның Локарно  қаласында өткен халықаралық кинофестивальде ФИПРЕССИ бас жүлдесін және  «Күміс барыс» сыйлығын, тағы да сол жылы Түрікменстандағы Ашхабад халықаралық фильм фестивалінде «Үздік визуалды шешім үшін» номинациясын, 1993 жылы Францияның Страсбург қаласында өткен ауқымды кинофестивальде гран-приді, 2004 жыллдың наурызында Фрибург қаласында «Ретроспектива» номинациясын қанжығасына байлады.

 

«Кардиограмма» (1995)

«Кардиограмма» – 1995 жылы жетінші қыркүйекте тұсауы кесілген Өмірбаевтың екінші толықметражды картинасы. Осы фильмнен бастап режиссердің барлық фильдерінің операторы Борис Трошев болды. 76 минуттан ғана тұратын кинотуындының басты рөлдерінде Бауыржан Ахметов, Жасұлан Асауов, Асил Бадаев, Алмас Бекғұллаев, Евгенни Бондаренко, Азамат Чанков, Виктор Черемициндер ойнайды.

Фильм сюжеті бойынша, өзінің жасы бар болғаны он екіде болғанына қарамастан, шопан басласы Жасұланның жүрегі ауырады. Ата-анасы баланың болашағына қатты алаңдайды және аурудың дамуын болдырмау үшін емделуге бел буады.

Алматының тауына жақын жерде кардиологиялық санаторий бар. Жасұланды анасы сол жерге әкеліп, оны бір айға осы жерде емделуге тастап кетеді. Осыдан бастап кішкентай қазақ баласының өмірінде қиыншылықтар пайда бола бастайды. Өйткені ол орыс тілін мүлде білмейді, түсінбейді де. Ал кардиологиялық санаторийде жатқан ересектер мен балалар оның ана тілінде мүлдем сөйлемейді.

«Кардиограмма» драмасының сюжеті әлемді визуалды қабылдауға бағытталған. Жасұланның естуінде ешқандай қиындықтар болмаса да, орыс тілін жетік білмеуі оны іс жүзінде шипажайдың барлық ортасынан оқшаулады. Көрермен 12 жасар қарапайым баланың өмірінің бір кезеңін  бақылайды, ал бұл кезең оған тек қиыншылық қана емес, көп пайда да әкелген еді. Басты кейіпкер алғаш рет осында әдемілік туралы ойланып, өзін ересек адамдай сезінеді, өйткені қасында бұрынғыдай ата-анасы жоқ. Жасұлан тұйықталып, сырт әлеммен байланысын үзуді көздемейді, керісінше, уақытша жағдайларға бейімделуге тырысады.

«Кардиограмма» фильмі – бала жан дүниесінің психологиясын көркем түрде зерттеуге талпынудың көрінісі. Кинорежиссер баланы беймәлім және бейтаныс ортаға мәжбүрлі түрде қалдырып кеткен кездегі балалардың бейімделу процесін анықтауға, соған тереңірек қарауға тырысады. Мысалы, шипажайда Жасұланды қоршай бастаған әлем оған тек теледидардан ғана таныс болатын. Мұнда ол өмірдің бұрын кездестірмеген жаңа қырларын ашуы керек. Ол осында ата-анасыз болғандықтан, ересек өмірге аяқ басып, өзінің барлық сұрақтарына жауап іздеуі керек. Оның ауруханадағы жалғыз серігі үнемі өзімен бірге алып жүретін кітабы болады.

Режиссер әрі сценарист Дәрежан Өмірбаев осы фильмді түсіру идеясы автобус аялдамасында тұрған 3-4 жасар бала мен оның анасын, олардың арасындағы бір-бірімен байланысты көргенде туындағынын айтады. Яғни суреткер фильмде ата-ана мен бала арасындағы көрінбейтін эмоциялық жақындықты көрсеткісі келеді. Осы талпыныстан туған көркем туынды қазақ киносының «Алтын қорының» алғашқы жинағына енді. Сонымен қатар, көптеген щетелдік кинофестивальдерде үздік деп танылды. Мысалы, картина 1995 жылы Венеция фестивалінде «Алтын арыстан» сыйлығына ұсынылып, ЮНЕСКО марапатына ие болды. Оған қоса, сол жылы болған Нантадағы үш құрлықты біріктірген халықаралық кинофестивальде қазылар алқасының арнайы сыйлығын, 1996 жылы Сингапурдағы халықаралық фильмдер байқауында Гран-приді жеңіп алды.

 

«Жендет»/Tueur à gages (1998)

«Киллер» фильмі – Дәрежан Өмірбаевтың алғашқы бірлескен жобасы. Бұл фильмнің шығуына Artcam International Centre National de la Cinematographie (CNC), Development & Cooperation Bureau (DDC),  Fonds Sud Cinema, French Ministry of Cultural Affairs деген секілді көпген мемлекеттік және жеке компаниялапр қатысты. Бір сағат жиырма минут экран уақытын алатын триллердің тұсаукесері 1998 жылы қыркүйектің 12-ші жұлдызында өтті. Фильм продюсерлері француздық Жоель Фарш пен Элиз Жалладо, Джульетта Грандмонт болса, сценаристі Лимара Жексенбаева мен картинаның режиссері Дәрежан Өмірбаевтың өзі, ал суретшісі – Әлім Сәбитов. Негізгі кейіпкерлерді Роксана Абуова, Талғат Әсетов, Виталий Мякишев, Виктор Пак, Владимир Шин секілді белгілі-белгісіз актерлар сомдап шықты.

Бұл кинотуындының басты кейіпкері – Марат. Ол әскерден келгеннен кейін, бір жағдай оның өмірін түбегейлі өзгерткенше жүргізуші болып жұмыс істеді. Ол бір күні өзінің кінәсінен жол көлік апатына ұшырап, өте қымбат шетелдік маркалы машинаны қағып кетеді. Көліктің иесі – рэкеттер Мараттан автокөлікке келтірген шығынды жедел төлеуін талап етеді. Бірақ қарызды төлеуге ақша болмаған кезде не істеу керек? Марат бандиттерден  құтылуға көмектесетін жалғыз шешімді табады. Басты кейіпкер тапсырыспен кісі өлтіруді шешеді. Енді Марат – жалдамалы жендет. Ол өзінің өмір салтын түбегейлі өзгертіп, жаңа ортада жаңаша кейіпте өмір сүре бастайды. Адамды өлтіру оңай емес, бірақ бірінші рет өлтіргеннен кейін, ол соншалықты қиын нәрсе болып көрінбейді.

«Қанішер болсаң, аяушылық күтпе!» деген слоганмен көпшілікке жол тартқан қазақстандық-франциялық картина көптеген кино мамандарының көңілінен шығып, өзіне лайық марапаттарға ие болды. Ол 1998 жылғы 51-ші Канн фестивалінде «Ерекше көзқарас» байқау бағдарламасы бойынша жеңіске жеткен тұңғыш қазақстандық кинотуынды (Одан кейін Қазақстаннан 2008 жылы Сергей Дворцевойдың «Тюльпаны» ғана осы жүлдені қанжығасына байлады). Сол жылы осы санат бойынша әлемнің әртүрлі елдерінен 24 фильм қатысқан. Бұл бөлімде бір ғана жүлде болғандықтан, 25% француз, 75% қазақ фильм саналалатын «Жендет» фильмі ең үздік деп сенімді түрде айта аламыз. Дегенмен сыйлыққа бекітілген ақшалай сыйлықты қазақстандық режиссер мен продюсерлер емес, француз тарапының продюсерлері Джоэль Форгет пен Элиз Джаладу алды. Оларға фильмді Францияда прокатқа шығару үшін 33 300 доллар берілген болатын. Бұдан бөлек, Ка́рлови-Ва́ри қаласында өткен халықаралық кинофестивалде режиссер Дәрежан Өмірбаевты осы фильмі үшін киноклубтың қазылар алқасы арнайы атап өтті. 1998 жылы Нантада өткен үш құрлықтың фильмдері фестивалінде Дәрежан Өмірбаевқа құрмет сыйлығы табысталды. Сонымен қоса, аталған жылы Тегеран кинофестиваліде режиссерге «Үздік сценарий» номинациясы берілді.

 

«Жол» (2001)

«Жол» («Дорога») – 2007 жылы он сегізінші қыркүйекте премьерасы болған Дәрежан Өмірбаевтың екінші копродукциялық көркем туындысы.

Қазақстандық режиссер Дәрежан Өмірбаевтың төртінші көркем фильмінде біздің посткеңестік менталитет үшін өте сирек кездесетін өзіндік иронияны байқауға болады. «Жол» атты өте маңызды тақырыптағы фильм Федерико Феллинидің тағы бір әйгілі туындысына ұқсайды, мысалы, Өмірбаев үшін өзінің «Сегіз жарым» нұсқасы сияқты, сонымен бірге дәл сол жаста – 42 жаста түсірілген. Ең бастысы, картинада заманауи өмірдің әр түрлі жолдары мен ұлттық бірегейліктің проблемалары туралы едәуір бөлек көрініс бар.

Ауылда қайтыс болып жатқан анасына өз көлігін айдап жолда жүріп бара жатқан қаһарман-режиссер Әмір Көбесов (айтпақшы, талантты тәжік кинематографшысы Джамшед Усмонов ойнады) бір мезгілде санасын жоғалтады немесе хаотикалық арманда әдейі стереотипке ұшырайды, тіпті соның салдарынан жолда тұрып қалады. Бұл көріністер бізге көптеген фильмдерден таныс жағдайлар. Тек анасы қайтыс болған туған ауылда болу ғана оның жалғыз таңдауы. Толығымен орыс тіліндегі таспаның кей көріністердегі сұхбаттар тек қана қазақ тілінде жүргізілетіні кездейсоқ емес.  Мүмкін, басқа сөйлеудің әуенділігі мен ерекшелігін бағалау үшін диалогтерді мүлдем аударуға болмайтын да шығар.

Ұзақтығы сексен бір минуттық картина Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Кадам-Т», «Artcam International» (Франция), NHK (Жапония) кинокомпанияларының қатысуымен түсірілді. Негізгі кейіпкерлердің образдарын Валерий Скориков, А.Тұрғамбаева, Мағжан Өмірбаев, Джамшед Усмонов, Сәуле Тоқтыбаева секілді актер-актрисалар алып шықты.

«Жол» көркем фильмінің жеткен жетістіктері мен бағындырғын белестерінің қатарына, 2001 жылы мамырда Францияда дәстүрлі түрде өтетін Канн халықаралық кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» байқау бағдарламасына қатысуы, Ресей астанасы Мәскеу қаласында 2001 жылы мамырда өткен ТМД және Балтық елдері ұлттық кинематографиясы форумына қатысуы, сонымен бірге қазақстандық «Еуразия-2008» халықаралық кинофестиваліне қатысуын айтуға болады.

 

«Шұға» (2007)

«Шұға» көркем фильмі – режиссердің бесінші толықметражды картинасы. Ол – орыс классигі Лев Толстойдың «Анна Каренина» романының экранаға бейімделген нұсқасы. Бұл фильм де Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен «Кадам» студиясының, PB Film, Art Cam (Қазақстан-Франция) компанияларының қатысуымен жарыққа шыққан. 88 минуттық драманың суретшісі – Алексей Шиндин, продюсері – Лимара Жексембаева, қосалқы продюсер Джоэль Фарж болды. Ал басты рөлдерді Айнұр Тұрғанбаева мен Айдос Сағатов, Айнұр Сапарғали мен Жасұлан Асауов сомдады.

Кинокартинаның сюжеттік желісіне сәйкес, басты кейіпкер Шұғаның ағасының жағдайы өте қиын. Оның отбасы араздықтың, ажырасудың аз-ақ алдында тұр. Бұған жол бермеу үшін оның сүйікті қарындасы басқа қаладағы ағасының үйіне келеді. Бірақ жолда ол өзіне сенімді әрі тәкаппар адаммен танысады және ол жігіт Шұғаның жүрегін танысудың алғашқы минутынан бастап-ақ жаулап алады. Егер Шұға қазақстандық ықпалды саясаткерге әлдеқашан тұрмысқа шығып қоймаған болса, қоғамның элиталық бөлігі болмаса, жаңа танысқан жұп үшін барлығы да жақсы болған болар еді.  

2007 жылы режиссер Дәрежан Өмірбаев осы фильммен аттас драманы жарыққа шығарды. Онда екі әуесқойдың әлеуметтік алғышарттар салдарынан қалай бірге бола алмайтындығы туралы айтылады. Кейін Өмірбаев осы туралы киносценарий жазып, өз сұхбатында ол сюжет жазушы Л.Н.Толстойдың «Анна Каренина» деп аталатын орыс классикалық шығармасынан алынғанын атап өтті. Дәрежан Өмірбаев Анна Каренина, Вронский және басқа кейіпкерлерді ХХІ ғасырға көшіруге тырысты. Оның үстіне, барлық оқиғалар  классикадағыдай Ресейде емес, Қазақстанда өтеді.

«Шұға» – Дәрежан Өмірбаевтың классикалық туындыларды жаңаша түсірудегі алғашқы талпынысы емес. Бұған дейін ол «Махаббат туралы» деп аталатын қысқаметражды фильмнің сценарийін А.П.Чеховтың әңгімелерінің желісі бойынша жазған болатын. Бірақ ол режиссерге сәттілік әкелген жоқ. Алайда «Шұға» фильмі 2007 жылы 20-27 қарашада өткен Францияда өткен 29-шы кинофестивальде қазылар алқасының назарына ілікті. Содан кейін картина сол мәдени іс-шараның арнайы сыйлығына ие болды. Сондай-ақ IV «Еуразия» халықаралық кинофестивалінде «Әділқазылардың арнайы сыйлығының» иегері атанды.

 

«Студент» (2012)

«Студент» фильмі – режиссердің Канн фестивалінің «Ерекше көзқарас» бағдарламасы аясында көпшілікке ұсынған үшінші картинасы. Бұл орыстың классик жазуышсы Федор Михайлович Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романының желісі бойынша режиссердің өз сценарийіне түсірілді. Әрине, әдеттегідей картинадағы барлық оқиға қазіргі заманға ауыстырылды және бейімделді, сондай-ақ сюжет желісі романдағыдай орыс жерінде емес Қазақстанда өрбиді.

Фильм Өмірбаевтың көптеген фильмдері сияқты Қазақстанда кең прокатқа шықпай, тек Алматыдағы «Цезарь» кинотеатрында тек екі көрсетіліммен шектелді. Өз фильмі үшін режиссер кәсіби емес актерларды таңдады, мысалы, басты рөлді Өмірбаев өзі сабақ берген Қазақ өнер академиясының студент-операторы Нұрлан Байтасов ойнады. Сонымен қоса, фильмде Майя Серікбаева, Едіге Болысбаев, Бақытжан Тұрдалиева, Амангелді Айталиев, Аружан Саин, Әсел Сағатовалар актер ретінде бой көрсетті.

Фильмнің мазмұны өте кедей жағдайда өмір сүретін философ-студенттің эмоционалдық тебіреністерін ашады. Айналасындағы курстастарының саналы түрде бай және кедей, табысты және сәтсіз, күшті және әлсіз болып бөлінуі кейіпкерді өзін өзгелерден төмен сезінуге жетелейді. Философиялық зерттеулер жас адамды таңқаларлық және адамгершілікке жатпайтын қорытындыларға жетелейді. Ол бір күні өзінен-өзі азық-түлік дүкенін тонап тастағысы келеді. Студенттің әрекеті салдарынан жас қыз қайтыс болады, ал ол ешкімге көрінбестен оқиға орынан қашып кетеді. Бірақ ешқандай ақтап алусыз біреудің өміріне жалмадым деген оймен өмір сүру  кімге де болса қиын соғары сөзсіз. Біреуді өлтіруге ешкімнің құқығы жоқ. Романдағы секілді, көрерменді монолог-мойындау, монолог-тәуба күтеді. Онда кейіпкер өзінің іс-әрекетінің мотивтерін және оның жанын жаралайтын және қоғамдық дамудың барлық заңдылықтарын қайта қараудың қайтымсыз процестерін бастаған салдарын ашады. Алайда, қанша бармағын тістесе де, оның қылмысы жазасыз қалмайды. Бұл студентті  моральдық жағынан да, физикалық жағынан да күйзеліске түсіреді. Фильм сюжетінің тұжырымдамасы туралы шексіз сөйлесуге болады. Әдебиет тарихы сияқты, ол терең философиялық сипатқа ие.

90 минуттық картина 8-ші EURASIA халықаралық фильм фествалінде Netpak сыйлығына, Португалиядағы Лиссабон және Эсторил халықаралық кинофестивалінде арнайы сыйлыққа ие болды.

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы