Размер шрифта:

Цветовая схема:

28 шілде, 2020352

Режиссер Ниязбеков: "Бақыт- ол мақсатқа жету емес"

Талантты отандық режиссер, біршама қазақстандық табысты картиналарға режиссерлік етіп, шоубизнес жұлдыздары үшін бейнебаяндар таспалаған Ален Ниязбековпен өзінің өмірлік тәжірибелері және түпсаналық зерттеулері туралы сұхбаттасқан едік. Назарларыңызға ұсынамыз.

Жас режиссер Аленнің режиссерлік жолы қалай басталды? Карьераңыздың бастапқы кезеңінде қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Сізде қорқыныш болмады ма? Дегенмен, шоу-бизнесте бәсекелестік көп, тұрақсыздық бар дегендей.

- Менің алғашқы қадамым ерекше басталған болатын. Интернет желісіндегі Yvision алаңында Мегалайн ұйымдастыруымен байқау туралы хабарламаны көзіп шалып қалды. Шарттар бойынша, Қазақтелекомға жарнамалық ролик түсіру керек болатын. Басты жүлде ретінде видеокамера беріледі екен. Мен көп ойланбастан, өзімнің тіпті дыбысты жазбайтын камерамды алдым да, жарнамалық роликті түсіруді шештім. Әлбетте, камераның сапасы жақсы болмағанымен, бірақ жалпы идеяны, роликтың мазмұнын жақсы жеткізе алғаныдығым болар, мен сол байқаудан жеңіске қол жеткіздім. Ол роликтің монтажын өзім жасаған болатынмын, ол мен үшін қатты қиындық тудыра қойған жоқ. Видеоның құрылымы тым күрделі бола қоймағанымен, ұйымдастырушыларға идея мен креативтілік ұнады. Ал өзіме видеороликтермен жұмыс істеу, оларды ойлап тауып, монтаждау секілді шығармашылық тұстары қатты ұнады. Кейін мен өзімнің фильмімді жарыққа шығаруды мақсат тұттым. Сол уақытта картинаның сценариін жазып шықтым. Ол жастарға арналған комедия болатын. Бірден актерлер де,  маған өзінің қымбат камерасын беруге дайын болған ағамыз да табыла кетті. Солайша біз бастапқы жұмыстарға кірісіп кеткен болатынбыз. Менің бір түсінгенім, егер бір іске, мақсатқа қарай ұмтылсаң алдыңнан кез-келген есік ашыла кетеді. Ең бастысы, соны қатты қалау керек және жетуге тырысу қажет. Әдетте қалай болады, кейде біз бір жұмысты бастауға қорқамыз, қолымыздан келмейді деп өз-өзімізге күмән келтіреміз. Бірақ бастаған кезде, процесске кіріскен кезде барлығы да жеңілдене түседі. Осылайша, біз алғашқы киномыздың саундтрегін жаздыруға студиялар іздедік. Осының арқасында, маған өз бейнебаяндарын түсіруге сенім білдірген жас музыканттармен таныстым. Менің ол кезде кәсіби техникам, яғни үлкен сапада түсіретін камерам болған жоқ. Жоғары деңгейдегі видеокамералар Қазақстанда енді ғана сұранысқа ие болып келе жатқан кез, бұл камераларды тек санаулы кәсібилердің  қолынан ғана көресіз. Яғни, сол кезде қымбат техника маған қолжетімсіз болғандықтан, мен дәл түсірілім кезінде камерамен танысып, үйреніп, тәжірибе жинаған уақыттар болған. Шыны керек, мен жан-жақты режиссер болдым. Идеясын да, түсірілімдерін де, монтажын да өзім жасадым. Бұл мен үшін қазіргі таңға дейін жұмысымда да, өмірімде де үлкен көмек болғаны анық. Себебі кинофильмді түсіру кезінде де, жарнамалық роликтерде де, бейнебаяндар да жұмысты жан-жақты қырынан көре аламын. Операторлық жұмысты болсын, монтаждық процессті болсын тапсырыс берушіге түсіндіре аламын және өз ойымды қоса аламын. Осылайша, мен алғашқы жобаларымды бастап кеттім. Алғашқы бір-екі бейнебаянды мен ақысыз түсірсем, үшінші еңбегімде 10000 теңге көлемінде гонорар алдым. Хобииім маған табыс әкеле бастады. Алғашында табыс табу мақсатында жиһаз құрастырушы болып жұмыс істеп жүрдім. Кейіннен тойларға фотограф ретінде шыға бастадым. Себебі, той саласында видеограф болғым келмеді. Өзімнің шабытымды жоғалтып алудан қорықтым. Өйткені, той секілді мерекелік жиындарда видеограф әдетте бір орында тұрып, күнделікті рутинаға айналған кадрларды алады. Ол мені жалықтырып жіберетінін түсіндім. Уақыт өте келе, менің еңбектіріммен таныс болған «All давай» тобының мүшесі Шоқан «Алға, Қазақстан!» әніне бейнебаян түсіруді ұсынды. Мен көп ойланбастан келісе кеттім. 2011 жылы Азиада спортшылары үшін қолдау ретінде түсірілген патриоттық бейнебаян отандық телеарналардан жиі көрсетіліп, тыңдармандардың көңілінен шыққан болатын. Осындай қарқынмен біршама отандық өнер адамдарының әндеріне бейнебаян да, жарнамалық роликтерді де қатар түсіріп жүрдім. Әлбетте, «All давай» тобының бейнебаяны алғашқы ауқымды жоба болғандықтан менде үлкен қорқыныш болды. Клипке қаражат бөлініп, жүздеген адамдар еңбектенді, көп уақыт түсірілім жұмыстары жүргізілді. Монтаж бойы уайымдап, түнімен ұйықтамаған кездерім де көп болды. Бірақ, уақыт өте келе мен жұмыс процессінен рахат алуды, шабыттануды үйрендім. Әрбір жоба сайын мен өз деңгейімнен жоғары планканы алуға тырысатынмын.

2008 жылы мен Хьюстонда білім алып, әрқашан Америка Құрама Штатына қайта оралуды армандап жүрдім. Дегенмен, қаражат жағынан мүмкіндік аса бола қойған жоқ. 2014 жылдың аяғы мен 2015 жылдың басында өз-өзім үшін жаңа шабыт ордасын іздедім, жаңа идеяға мәжбүр болдым. Бейнебаяндарды таспалап жүріп, Америкаға қайта оралуға мүмкіндік туындады. Осылайша, 2015 жылдың қаңтар айында мен Америка Құрама Штаты, Лос-Анджелес қаласына аттандым. Ерекше шабыт пен мотивацияны бойыма сіңіріп, өзгеше тәжірибе жинап келдім десем болады. Отанға оралған бойда «Оралман из Питера» толық метрлік картинаны түсірдім. Одан кейін «Каникулы в Таиланде» кинофильмін түсірген болатынмын.

Әлбетте, әр салада өзінің тәжірибелі мамандары болады, олар бар кезде міндетті түрде бәсеке жүреді. Бұл салада Асқар Ұзабаев, Ернар Нұргалиев, Азамат Дулатов секілді нағыз мамандар жетерлік болды. Ал менің продакшн құрамында өзім ғана, бір мантажер мен бір-екі әкімшілік қызметтегі көмекшілер болды. Бірақ, мен үшін ең бастысы жұмыстан ләззат алу еді. Келген әртістердің сенің ойыңмен санасып, ортақ картинаны құрастыруға бірге көмектесетіні мені қатты қуантатын. Міне, осындай жағдайлар нағыз кремет жоба шығуына үлкен әсерін тигізетіні сөзсіз еді.

Сіз негізінен қазақстандық жұлдыздарға арналған музыкалық бейнебаяндарды түсірдіңіз. Бірақ 2017 жылы алғаш рет "Оралман из Питера" толықметражды фильміне режиссерлік еттіңіз. Сіз режиссер ретінде толық метрді түсіруге дайын екенідігіңізді қалай түсіндіңіз? Бұл сіз үшін сол кезде бейнебаяндарды таспалау  енді қызықты емес дегенді білдіреді ме?

- Мен жарнамалық роликті түсіргенде өз—өзіме толық метрді түсуріді қалайтынымды айттым. Және сол кезде фильмнің комедия болмайтынын ұқтым. Бірақ сол уақыттарда әртүрлі жанрларда фильм сценариін жазып жүргенім бар. Қорқынышты жанрда бір киноның сценариін аяқтап, түсірілім процессі басталады. Жарық пен техника, актер мен қосымша күш табыла кетті. Университет қолдауы да болды, әсіресе достарымның еңбегі зор болды. Фильмнің желісі бойынша, бір топ адам қала сыртындағы үйлеріне демалысқа келеді. Сол үйде олармен әртүрлі түсініксіз жағдаайлар орын ала бастайды. Негізі тіпті қазіргі таңда бұл сценарий сұранысқа ие деп ойлаймын. Сол кезде түсірілім барысында менен бір ғана нәрсе талап етілді. Қала сыртынан үйді 1000 АҚШ доллар көлеміндегі қаражатқа жалға алу керек болды. Бірақ сол кездегі дағдарыстық жағдайға байланысты менде ондай қаражат болмай, нәтижесінде фильм түсірілімі тоқтатылды. Мен клиптерге шағын кино ретінде қараймын. Әрбір бейнебаянда белгілі-бір кішігірім тарихты, оқиғаны жеткізуге тырыстым. Киноға әрқашан талпындым. «Оралман из Питера» Америка Құрама Штатынан оралуымның бірден бір себебі деп айтсам болады.  Қазіргі таңда мен бейнебаяндар түсіруді тоқтаттым. Егер шын мәнінде, ән маған ұнап жатса келісуім мүмкін. Бірақ, бүгінде клиптерді өте сирек аламын.

Сіздің болашақ мамандығыңызды таңдауға кім өз әсерін тигізді? Енді ғана бастап келе жатқанда кім ерекше қолдау көрсетіп, әрқашан демеп отырды?

- Менің ең басты мативаторым - Анам болды. Мен онсыз ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмайтын едім. Ол менің ең алғашқы қадамдарымның куәсі болды. Америка Құрама Штатынан оралғанда мен немен айналысарымды білмедім. Интернеттен тапқан байқауға қатысып көруді шешкенде, мен жасаған дүниелерді түсіру барысында әрқашан бірінші болып жанымнан табылған жан анам болды. Сол кездегі Аленнің көзінен бір отты байқады ма, маған өз қолдауын қашанда танытып отырды. 2008 жылдары дағдарыс еліміздегі көптеген отбасыларға өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Менің де жанұяма қаражат керек болды. Сол себепті, мен жұмыс істегім келді. Ресепшн жұмысын тауып, орналасқалы жүргенімде анам: «Ален, мен сені ол жаққа барғаныңды қаламаймын. Мен үшін өзің жақсы көретін іспен айналысқаның маңызды. Сол ісіңмен айналыса бер. Ештеңеге алаңдама»,-деп өз батасын берген болатын. Анамның бұл сөздері дәл кеше болғандай есімде. Міне, сол кезден бастап хоббиіммен кәсіби тұрде айналыса бастадым. Мен бүгінге дейін анама алғасым шексіз. Егер мен басқа жолмен кеткенімде, қазіргі күнгі нәтиженің болмайтындығына 200 пайыз сенімдімін. Себебі, менің шығармашылыққа уақытым болмай, материалдық әлемге қарай бет бұрып кетер ме едім кім білсін. Соңғы жылдары маған көп нәрсе шабыт бермеген секілді. Себебі, мен тек қана бір қалыпть ағыспен өмір сүріп келдім. Бірақ қазіргі таңда, түпсананы зерттей келе, шын мәнінде не керек екенін, шын мәнінде нені қалайтынымды ұқтым. Бұрынырақта мен ортама өзімнің кім екенімді дәлелдеумен келдім. Бүгінде өзімнің қалауым үшін түсіріп, әлемге өзімнің көз-қарасыммен жарыққа шыққан еңбектерді ұсынғым келеді.

Сіздің жобаларыңыз туралы сөз қозғасақ. "Оралман из Питера" картинасы сіздің киноиндустриядаяғы алғашқы жұмысыңыз екені белгілі. Бұл жобаға қалай келдіңіз? Фильмді түсіру процесі туралы айтып берсеңіз? Клипмейкерге фильм түсіру қаншалықты қиын болды? Киноиндустриядағы дебютіңізге қаншалықты қанағаттанасыз?

- Иә, «Оралман из Питера» менің алғашқы картиналарымның бірі. Лос-Анджелесте бір жылдам астам уақыт бойы тәжірибе алып жүргенімде Арман Дүйсенов хабарласып, жаңа фильмнің қоюшы режиссері болуға ұсыныс жасады. Сценарий жазылып, тек түсірілім барысының басталуын күтіп отыр екен. Ұсыныс бойынша көп ойланбай, келісе кеттім. Себебі, мен қашанда толық метрлі жақсы кинофильм түсіруді қалайтынмын. Бірақ дәл сол уақытта мен Америкада жүргенімде, бейнебаян таспалайтын арнайы агенттен ұсыныс түсті. Танымал шетелдік әнші Рианнаның менеджерлерімен танысып, оларға өз жұмыстарымды ұсынуға мүмкіндік бар екенін айтты. Егер ұнап жатса, алдағы уақытта серіктес болу әбден мүмкін еді. Дегенмен, мен сол кезде тек фильмдерге режиссерлік етуді қалайтындығымды ұқтым. Сонымен бірге, отанға деген ыстық сағыныш сезімі де болды. Осылайша, Қазақстанға оралып, киноның түсірілімдеріне кірісіп кеттім. Жалпы жұмыс процессінде қандай да бір қиындықтар орын алды деп айта алмаймын. Барлығы біз ойлағандай болды. Әлбетте, техникалық тұстан бір-екі сұрақтар болғанымен, негізінде түсірілімдер жүйелі өтті.

Мен перфекционистпін. Қазірдің өзінде маған керемет болып тұрған жұмысты ертен көрер болсам, түзейтін жерін, дұрыстайтын тұстарын тауып аламын. Дәл сол сияқты, әлбетте бұл картинада да «мына жерін жақсырақ түсіру керек еді, бұл жері дұрыс болмады» деген сияқты ойлар туындайды. Яғни, өз жұмыстарына көңілі толмайтын жандардың қатарына жатамын. Меніңше, бұл да бір өсудің жолы деп білемін. Егер маған өз жобаларым ұнап жатса, бұл мен үшін өз мақсаттарыма жету жолында, жалпы даму жолында өзімді бәсеңдететін стоп болатын секілді.
Келесі жылы Сіз Нұрлан Қоянбаевтың "Каникулы в Таиланде" фильмін түсірдіңіз. Продюсер Қоянбаевпен таныстығыңыз қалай болды?

- «Оралман из Питера» кинофильмінің сценаристі Жамит Көшербаевпен түсірілімдерден кейін де тәжірибе алмасып тұрдық. Бәлкім менің жұмыс істеу процессімді, режиссерлік фишкаларды байқаған болу керек продюсер Нұрлан Қоянбаевқа режиссер ретінде ұсынған екен. Ал сол кезде Нұрлан өзінің жастарға арналған жаңа кинокартинасының жұмыстарын бастағалы жатқан. Осылайша, танысып, кездесіп, «Каникулы в Таиланде» кинокартинасында қоюшы режиссер ретінде жұмысты бастадым.

 Тропикалық елде жұмыс істеу қиын болды ма? Түсірілім барысында қандай қиындықтар мен қызықты жағдайлар орын алды? Күлкілі және ыңғайсыз оқиғалармен бөліссеңіз.

 - Шынымды айтсам, ол жақта өте көп қызықты жағдайлар орын алды. Біздің фильмнің локациясы ретінде Комар аралы таңдалып алынған болатын. Ол қаладан 8 сағаттық жолды және тағыда бір сағат кемемен жүзіп баратын жер болатын. Біз ол аралды әдейі таңдаған болатынбыз. Себебі, ол жерде туристер жоқ және арнайы тропикалық атмосфераны түсіре алдық. Аралға барар жолда да, қайтар жолда да дауылға тап болдық. Теңіз суының көтеріліп, бір топ команданы қорқытқаны есімде. Қызықтар мұнымен біткен жоқ еді.  Біздің таңдаған аралда әртүрлі зиянкестер көп екен. Түсірілім тобы мен актерлерімізді құмды бүргелер де шақты, теңізде улы медузалар да кездесті. Толқындар декорацияларымызды сындырған кездер де болды. Бірақ біз оңайлықпен жеңілмейтін қазақи өр рухымызбен түсірілімдерді сәтті аяқтап елге оралдық.

Түсірілім алаңында Ален Ниязбеков деспот па, әлде  демократ па? Тек шындығыңызды айтыңыз.

- Қызықты сұрақ. Барлығы да адамдарға байланысты. Бәлкім кейде қаталдық танытсам керек, бірақ менің демократтық тұсым басым. Мен үшін командалық жұмыс маңызды. Менің пікірімше, егер режисер деспот болса шығармашылық жойылатын еді. Мен тек бағытаймын, ал еркіндікті  сәйкесінше беремін. Сол кезде ғана сапалы әрі өте әсерлі дүние шығатынына сенемін.
 "Каникулы в Тайланде" фильмінен кейін сіз шығармашылықта үзіліс алдыңыз. Бұған не себеп болды? Және бұл уақытта немен айналыстыңыз?

 -Иә, мен шағын үзіліс алдым. Оған себеп қарқынды жұмыстардан кейін, ауқымды жобалардан соң жаңа бір шабыт алу керек болды. Мен мүлде шығармашылықтан кеттім деп айта алмаймын. Арасында бейнебаяндардың түсірілімдерін жалғастырдым. Бір-екі айда кішігірім үзіліспен шағын жобалар алдым. Ал басқа уақыттарда жеке кәсіппен айналысуға бел будым. Бірақ, шығармашылықта өзімді іздедім деп айта алмаймын. Одан бөлек күнделікті іс-әрекеттерім туралы, өмірлік мақсаттарым бойынша  ойландым. Айтып кеткенімдей, өткен жылы жаз мезгілінде толықтай жаңа көзқараспен өмір сүруге, жаңа ритммен жүруге бел байладым. Таңертеңгі уақыт жүгіріп, дұрыс тамақтана бастадым, жақсы әдебиеттермен танысып, психологияны зерттей бастадым.

 Түпсананы қалыптастыру адамның күнделікті өміріндегі өмірлік көзқарасында, физикалық тұрғыда, рухани және материалдық тұрғыдан көрініс табады. Мәселен сіз қазір психологиялық және рухани тұрғыдан дамып келе жатырсыз. Оған кім немесе қандай жағдай әсер етті? Осы тұрғыда сіз қандай шығарманы оқисыз? Және кімдерді тыңдайсыз? Өз—өзіңізді толықтай таптым деп сенімді айта аласыз ба? Әлде әлі де іздеу үстіндесіз бе?

 - Өте жақсы сауал. Жалпы шығармашылықтың адамдары әртүрлі өзгерістерді ерекше қабылдайды. «Каникулы в Таиланде» фильмінен кейін менде әлдебір депрессиялық көңіл-күй орын алды. Сонымен қоса, мен әр уақытта тек қозғалыста болдым. Қойылған мақсаттарыма қол жеткізкен сәтте ғана мен толық бақытты бола аламын деген ойда болдым. Бірақ өз мақсаттарыма жеткен кезде мен сол бір тәтті бақыттың дәмін сезіне қойған жоқпын. Ойлана келе, бақыт- ол мақсатқа жету емес, ал сол мақсатқа жету жолындағы процесс екенін ұқтым. Бірақ оны мен кеш түсіндім. Адамдар қандай да бар құнды дүниеге кенелсем ғана бақытты бола аламын деп ойлайды. Үлкен үй салып, қымбат машина алғанда ғана бақытты сезімді толықтай сезіне аламын деп қателеседі. Негізінде, сол дүниелерге жету жолындағы процесс, оған ұмтылу бұл нағыз бақыт екенін бірі түсінсе, бірі түсінбей жатады. Сенің жүріп өткен жолың, сол жолда тапқан достарың мен тәжірибең алтыннан да қымбат екенін ұмытпаған жөн. Өміріңдегі маңызды этаптардың бірі екенін әрқашан есте сақтаған жөн. Сол арқылы Сен өз «меніңді» қалыптастырасың.

@Niyazbekov

Өткен жылдың наурыз айында дәл шығармашылық дағдарыс кезінде мен режиссерлікті тастаймын деп ойладым. Жеткен жетістіктеріме көңілім толмады. Менің перфекционистігім де қосылып, жалпы өзімнің бойымнан кем тұстарды іздей бастадым. Бірақ қолыма Хэл Элродтың авторлығымен жазылған «Магия утра» шығармасы түсіп, жалпы түпсаналық әлеммен таныса бастадым. Кейіннен бойымда ішкі рухани сезім мен шабыт пайда бола бастады. Ойлау қабілетімнің стеоратиптік тұстарын қайта ой тізгегінен өткізе бастадым. «Шындық трансерфингі/Трансерфинг реальности/ Reality Transurfing 1: The Space of Variations» шығармасымен де танысып шықтым. Маған бұл кітап өмірімдегі көп көз-қарастарды өзгертуге көмектесті. Кітапта көрсетілген біршама тезистермен келісе келе, осы бағытта тағы да басқа әдебиеттермен танысып шығуға бел байладым. Джо Дизпензтің «Сила подсознания» кітабын оқып шықтым. Өте керемет шығарма. Мендегі фундаментті қалыптастырған әдебиет болды. Медитация арқылы өзімінң ішкі уайымдарым мен қорқыныштарымнан айырылдым. Сол арқылы қазір жаңа дүниелерді жасауға, ойларыммен бөлісуге, адамдарға көмек беруге, ауқымды жобаларды түсіруге жаңа талпыныс пен шабыт пайда болды.

Сценарий мен продюсерлерді қалай таңдайсыз? Оларды қандай критерийлер бойынша бағалайсыз?

- Мен үшін ең маңызды шарт жоба қызықты болуы қажет. Шығарманың идеясы, құрылымы, кімге және неге арналғандығы. Егер ұсынылып отырған жобаның идеясы ұтымды болып, материалдық мүмкіндіктері жеткіліксіз болса, мен мұндай жобаларды қалдырмауға тырысамын. Әрқашан қолымнан келгенше жақсы дүние жасап шығаруға ұмтылатынмын. Себебі, мен бұл кәсіпке ақша үшін келген жоқпын. Шығармашылыққа деген махаббатым мені дәл осы жолға әкелді. Сондықтан, егер адамдарға пайдам тисе, неліктен көмектеспеске. «Нені ексең, соны орасың» дейді ғой, міне осы ержемен мен толықтай келісемін. Мен ұсынылған жобалардың қызықты мазмұнына, креативтілігіне және авторларына назар аударамын. Егер тапсырыс берушімен жақсы қарым-қатынас болмаса, ол болашақта жұмыс процессіне, командалық жұмысқа және ең маңыздысы жобаның нәтижесіне үлкен әсерін тигізеді. Продюсер мен режиссер ортақ шешімге келе алу керек. Сондықтан, мен үшін адамгершілік қасиеттер де өте маңызды.

Неліктен қазір бәрі комедия түсіреді? Бұл талап ете алмайтын көреременнің қателігі ме, әлде әзілден басқа дүниені түсіре алмайтын кинематографистердің өрескелділігі ме? Әлде бұл жәй ғана табыс табудың бір жолы ма?

 - Бұл жерде талап ете алмайтын көрерменнің қателігі емес. Бұл сұраныстан туындаған мәселе. Сұраныс арқылы ұсыныс пайда болады. Қазір барлығымыз байқап отырғандай, бүгінгі отандық кинематографияда коммерциялық комедияға сұраныс жоғары. Біздегі көрермендер күлкілі, позитивті, соңы жақсы аяқталатын картинаны ұнатады. Мәселен, қазір елде қандай жағдай.  Халық күндіз-түні еңбек етіп, отбасын асырауға тырысады. Күнделікті туындайтын әртүрлі проблемалар мен мәселелерден кейін көрермен драманы немесе бір қорқынышты жанрды таңдамайды ғой. Олар кішігірім демалу үшін кинотеатрға келеді, көңілін аулау үшін отбасылық комедияға барады. Біздің елде басқа жанрларда фильмдер жоқ емес, олар бар. Тек ол фильмдерді комедия секілді іздеп, тамашалайтын көрермен көп емес. Менің ойымша, бұл жаман емес. Әр жанрдың өз көрермені болуы шарт. Бірақ, әзірше, көрерменнің қалауы позитивті фильмдер болып отыр.

Сіз футбол туралы толық метражды фильм түсіргіңіз келетінін жаздыңыз. Сіздің ойыңызша Қазақстанда қандай фильмдер жетіспейді? Сіздің ойыңызша, қазір қай жанр түсірілуі қажет? Ниязбековтың спорттық фильмін қашан көре аламыз? Алда қандай жанрларда фильм түсіруді жоспарлап отырсыз? Бөлісе кетсеңіз.

 - Шыны керек, біздің елде көптеген жанрлар жетіспейді. Бізде фестиваль үшін түсірілген картиналардың сапасы өте мықты. Сонымен бірге, коммерциялық фильмдер де аса танымал. Менің ойымша, коммерциялық пен фестивальдік бағыттардың гибриді жақсы тандем болушы еді. Көңілді, позитивті бірақ фестивальдік өзіндік мағынасы және ұстанымы, берер ойы мен жеткізер мәселесі бар фильм болса керемет дүние шығатынына сенімдімін. Қорқынышты, триллер, боевик секілді жанрлар да жетіспейді. Комедиядан да бір күні көрермен жалығады. Меніңше, қазірдің өзінде ерекше стильдегі картиналар да түсіріліп жатыр. Әлбетте, барлығы бірден бола қоймайды, оған біраз уақыт керек. Мен қазір жаңадан шығып келе жатқан қаншама мықты операторларды, режиссерлер мен сценарий авторларын білемін. Олар да болашақта сапалы киноны қалыптастырады деген үміттемін.

Ал маған келер болсақ, әртүрлі бейнебаяндарды түсіре келе фильмдерде де сондай әртүрлілікті қолданғым келеді. Көптеген жанрларда фильм түсіруге болады деп ойлаймын. Менің өзім қаһармандар туралы фильм түсіруді армандаймын. Яғни, тарихқа үңіле келе біздегі өткен танымал батырлар Махамбет, Қабанбай батырдың амал-әдістері, олардың ақыл-ойы арқылы жаңа заманауи өнім жасау мақсатым. Сол арқылы тарихты ұмыт қалдырмай, келешек жас ұрпаққа оларды үлгі етіп көрсету маңызды деп ойлаймын. Бірақ ол үшін әрине қаражат пен уақыт керек. Сондықтан, мұның бәрі болашақтың еншісінде.

 

Уақытыңызды бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңізге алғысымызды білдеріміз. Шығармашылық табыс пен сарқылмас шабыт тілейміз.

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  @Niyazbekov

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы