Размер шрифта:

Цветовая схема:

05 мамыр, 2020621

Режиссер Олжас Ибраев карантиннен кейінгі жоспарымен бөлісті

Қазақстандық «Любовь на миллион» комедиясының нақты шығатын мерзімі білгілі болды. Премьера күні екі рет ауысқан туынды жаздың шіліңгір шағында көрерменге жол тартпақ. Бұл туралы картина режиссері Олжас Ибраев Kaztube.kz бейне-порталына берген сұхбатында айтты.

- Олжас, сәтін салып, карантин режимі аяқталатын болса, 4 маусымда Сіздің «Любовь на миллион» атты комедияңыз отандық прокатқа жол тартады деп хабарланған. Премьера күні нақты ма әлде шығатын күні карантин ол уақытқа дейін бітеді-ау деген үмітпен қойылған ба?

- Иә, фильмнің шығатын күні нақты қойылған. Себебі, біз премьераны сәуір айына қойғанбыз. Карантин басталған соң, ары қарай жылжытуға тура келді. Төртінші маусымға да көзделген кез болды. Бірақ кейін прокатқа шығаратын адамдармен келісе отырып, премьера күнін тоғызыншы шілдеге қойдық.

- Фильм не жайында? Картинаға біраз тоқталып өтсеңіз...

- Бұл фильм екі дос жайында. Бірақ екеуінің өмірге деген көзқарастары әртүрлі. Біреуі бір күнмен өмір сүрсе, екіншісі болашақты ойлайтын бала. Екеуі кенеттен үлкен соммада ақша ұтып алады. Жаханның кейіпкері (актер Жахан Отарғалиев) - Диас есімді жігіт байдың қызына ғашық болып, сол қыз үшін бәріне дайын екенін көрсетеді. Ал, Ернардың кейіпкері - (актер Ернар Сакупов) - Нұрбек досының дұрыс жолға түскенін қалайды. Диас қалай болса да, Динаның жүрегін жаулауға түрлі әрекет жасайды. Жалпы, біз бұл фильмде достық, махаббат, отбасылық құндылықтар сияқты тақырыптарды қозғадық.

- Алғашында фильм «Казахпайская мечта» деген атауды иеленген. Оны неліктен өзгерттіңіз?

- Иә, алғашқыда «Казахпайская мечта» деп аталды. Жұмыс атауы дейді ғой. Бірақ фильмнің тақырыбына, сюжетіне байланысты «Любовь на миллион» деген атты таңдағанымыз бар.

- Фильмнің түсірілім жұмыстары қайда жүргізілді?

- Фильмді толықтай Алматы қаласында түсірдік. Түсірім жұмыстары жиырма күн жүргізілді.

- Осы уақытқа дейін өзіңіздің қоржыныңызда қателеспесек, үш картина: «Загадай желание», «Любовь на миллион» және «Папа по неволе». Бұлардың барлығы да комедия. Демек, бұл жанрдың жаныңызға жақын болғаны ма?

- Негізі маған өзіме күрделі тақырыптағы жанрлар ұнайды. Дайын сценарийлерім де бар. Көбісі өмірде болған оқиғалар. Бірақ бізде Қазақстанда мұндай киноларға, өкінішке қарай, халық дайын емес секілді. Ондай тақырыптағы картиналарымды фестивальдерге дайындаймын. Ал, комедия ол коммерция, қазіргі таңда комедияға сұраныс көп. «Загадай желание»-ге дейін мен документалист болғанмын. Біраз деректі фильмдерім бар. Тоқтар Әубәкіров, Ұлы Отан соғысы, жалпы, әскери тақырыпта деректі фильмдер түсірдім. Бұдан бөлек, менде 100-ден астам музыкалық бейнебаяндарым бар. Оның ішінде ресейлік әртіс CYGO-ның «Panda E» деп аталатын хитына клип түсіргенім бар. Бұдан басқа, Ayree, Gazizkhan, Newton, Нұржан Керменбаев, Бүркіт, Кентал тағы басқа әншілермен жұмыс істедім.

- «Загадай желание» атты тырнақалды туындыңызға келсек. Картина не жайында?

- «Загадай желание» фильмінде мен қоюшы-оператор болдым. Режиссері - Бүркіт мырза. Бұл фильм Мәриям есімді қыз жайында. Бала кезінде ол блокнотка армандарын жазатын. Оларды әкесі орындап жүретін. Әкесі қайтыс болғаннан кейін Мәриям армандауды қояды. Өмірге деген көзқарасы өзгереді. Осы кезде Мәриямға көктен періште түсіп, ойын, өмірге деген көзқарасын өзгертуге көмектеседі.

- «Загадай желание», «Любовь на миллион», «Папа поневоле» фильмдерінің негізінде қиялда жүрген армандар сиқырдың көмегімен дейміз бе, тылсым күштің көмегімен бе жүзеге асатын сияқты. Бұл туындыларда не айтқыларыңыз келді? Ғажайыпқа сену керек дегенге саясыз ба?

- Иә, орысша айтқанда, «чудо» дейді ғой. Ол бар нәрсе. Тек сену керек. Бұл фильмдермен, біз армандар орындалатының көрсеткіміз келді және армандап қана қоймай, әрекет жасау керек дегенді айтқымыз келді.

- Білуімізше, «Папа поневоле» фильмінің түсірілім жұмыстары аяқталды, сәтін салса, картина жылдың соңында көрермендерге жол тартады. Ал, карантиннен шыққан соң, немен айналысатын ойыңыз бар? Жаңа фильмге идеялар туындады ма?

- Иә, карантин де жақсы басталды. Дәл жобалар біткенде кезде. Әдетте, күнделікті қарбаласта ойлайтын уақыт болмайтын. Карантинде отырып, біраз тақырыптарды ой елегінен өткіздім. Күрделі әлеуметтік тақырыпта сценарий жаза бастадым. Әрине, оны әлі де толықтырып, жетілдіріп жатырмын. Сәті түссе, бұл картинаны да бастап кетерміз.

- Карантинде өзіңіз көпбалалы отбасыларға көмек қолын созып жүргеніңізді білеміз. Бұл іске еріктілерді тарттыңыз ба?

- Карантинде досым, продюсер Тимур (Тимур Бақтыбаев) екеуіміз осындай көмек қолымызды бергеніміз бар. Бұл идеяны Тимур ұсынды. Саша деген әріптесіміз бар, ол жігітті де шақырып алдық. Ол да қуана келді. Сондай-ақ, Роза деген көпбалалы ана, көршіміз бар. Төртеуіміз көпбалалы отбасыға көмектестік.

- Бұл сұрақты қойған себебіміз, биылғы жылды Мемлекет басшысы «Еріктілер жылы» деп жариялады. Осыған орай, еріктілер тақырыбында фильм түсіргіңіз келмей ме?

- Иә, ойда бар.. Жақсылық жасауды насихаттау мақсатында қайырымдылық туралы фильм жасасақ па деймін. Мұндай мотивациялық шетел фильмдері өте көп. Бізге де керек деп ойлаймын.

- Өзіңіздің спортпен, оның ішінде баскетболмен айналысатыныңызды да білеміз. Фильміңізге осы спорттық тақырыпты арқау ететін ойыңыз жоқ па?

- Баскетболды бала кезімде көп ойнайтынмын. Жарыстарға да барып, жеңімпаз атанған кездер болды. Спорттық мотивациялық фильмдерді түсіреміз деген ой бар, алайда алдағы жоспарда әзір жоқ.

- Түсірілім алаңында әр режиссер өзінің талаптарын қояды. Сізде ондай талаптар бар ма?

- Менің тек бір талабым бар: актер шеберлігінде ешқандай жасандылық болмау керек. Актер рөлге, образға, оқиғаның атмосферасына енуі шарт. Кейіпкердің жағдайын, сезімін өзінің тұла бойынан өткізуі керек. Егер мен оны актерден көрмесем, сезбесем, қайта-қайта дубльдер жасатамын.

- Негізі режиссерлікке қалай келдіңіз? Неліктен дәл осы мамандықты таңдадыңыз?

- Мен бұл салаға бала кезімнен қызығушылық таныттым. Мектепте оқып жүргенде комикстер, көп суреттер салатынмын. Оқиғалар, сценарий жазатынмын, кино көп көретінмін. Әкемде ол кезде «Красногорск» деген кинокамера болатын. Ол онымен отбасымызды түсіретін. Әрине, мен ол кезде кішкентай баламын. Кейіннен мектеп бітірер кезде «17 жастар» деген телехикаяға кастингтен өтіп, онда басты рөлде ойнаған кезім де болды. Нәби атты кейіпкер. Мектеп бітіріп, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына «Кино және ТВ» факультетіне оқуға түстім. Содан ары қарай шығармашылық өмір жалғасын тапты. Негізі анам да Айткүл Шалғынбаева - телевидение саласында атақты, облысқа белгілі журналист. Осылайша, бала кезімнен шығармашылық ортада өсіп, кино саласына бейімделдім.

- Алматыда білім алып, осында еңбек етіп жүрсіз. Демек, өзіңізді алматылық деу орынды болар. Олай болса, осы шаһардағы ең әдемі әрі сүйікті орныңыз қандай?

- Алматы мен үшін жаныма жақын, ерекше қала. Мұнда менің көп демалатын жерлерім - ол Алматының табиғаты: Үлкен Алматы көлі, Шарын, Алтын-Емел, Шымбұлақ. Табиғатты қатты жақсы көремін және оның әсем көріністерінен шабыт аламын.

- Олжас, өзіңіздің екі реттен артық көрген қазақстандық фильміңіз?

- Режиссер Жана Исабаева «Карой: между ангелом и бесом» драмасы мен үшін өте әсерлі фильм. Бұл фильмді екінші рет көру өте қиын. Бірақ мен оны екеуден де көп көрдім-ау. Өйткені осындай жанрдағы фильмдер маған жақын. Сондай-ақ, Ақан Сатаев ағамыздың «Заблудившиеся» фильмін де бірнеше рет көрген болатынмын.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  режиссердің жеке мұрағатынан

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы