Размер шрифта:

Цветовая схема:

12 тамыз, 2020689

«С новым годом, девчонки!»: жаңа жыл қарсаңындағы тағы бір премьера!

«Три подружки» жұмыс атауын иеленіп келген жаңа отандық комедия енді «С новым годом, девчонки!» ресми атауына ие болды. Режиссер Асқар Бисембиннің жаңа туындысы қыстың алғашқы айының соңында көрермендерге жол тартады.

Фильмнің түсірілім жұмыстары Алматыда биылғы жылдың ақпан айында басталып, наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласында аяқталған болатын. Картина продюсері Ришат Әділбеков, сценарийін жазған Мейірмани Нұрлыбек болды. Картина өмірдегі шынайы құрбылар – актрисалар Сая Оразғалиева, Дана Есеева мен Жәния Джуринская - фильмнің бас кейіпкерлері. Сюжет желісі де осы үштіктің шынайы достықтары негізінде жазылған.

«Менің ойымша, фильм қызықты болады. Себебі біз үшеуіміз үш түрлі адамбыз. Дана - көпбалалы ана, мен - баласы бар ажырасқан әйелмін, ал Жания бізден біраз кіші, тұрмыс құрмаған. Біз өмірлік проблемаларды қозғап отырмыз. Жәнияның образын сәл өзгерткен едік. Ол өмірде біз оны фильмде көрсеткендей, ерке әрі ашушаң емес. Ал негізі образдарымыз өмірдегі шынайы образдарымызға жақын. Біздің балаларымыз фильмде де өз балаларымыздың рөлін ойнады. Қызықты хикая болады деп ойлаймын және барлық қыздар біздің бойымыздан өздерін, әпкелерін, құрбыларын және басқаларды табады. Сондықтан бұл менің ойымша, өзекті болатын бірінші әйелдер киносы болмақ», - деген еді Сая Оразғалиева «kaztube.kz» бейне-порталына берген бір сұхбатында.

Дана Есеева режиссер Асқар Бисембинмен еңбек еткен бұл екінші фильм. Режиссермен бірге жұмыс істеген оның бірінші әрі дебюттық картинасы – биылғы жылдың көктемінде шыққан «Семейные страсти» комедиясы болды. Онда актриса бас рөлде жұбайы Мейіржан Төребаевпен бірге ойнады.

«Біз үшін бұл жай ғана кезекті жоба емес, маңызды дүние. Асқар Бисембин біздің достығымызды сырттай көріп, кино түсіруге ұсыныс жасауы біз үшін қуанарлық жайт болды. Сценарийдің бір бөлігі біздің өмірімізбен астасып жатыр. Әр әйел әр кейіпкерден өзін табатын болады. Ал ерлер өздерінің екінші жартыларын таниды. Барлық сценарийді ашып айтқым келмейді, бірақ фильм өте керемет», - деп жазды фильмдегі бас рөлдердің бірін сомдайтын актриса Дана Есеева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Әйелдер достығы шынайы емес дейді. Бұл қағиданы биылғы жылдың 31 желтоқсан күні еліміздің барлық үлкен экрандарында көрсетілетін «С новым годом, девчонки!» толықметражды картинасы жоққа шығаратын сыңайлы.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа жыл қарсаңында тағы үш картина жарық көрмеқ. Бұл 24 желтоқсан күні шығатын режиссер Жеңісхан Момышевтің «Базар жоқ, Мексика» комедиясы мен продюсер Қуралай Анарбекованың «Тойхана» картинасы, сонымен қатар 31 желтоқсанда көрермендерге жол тартатын продюсер Тимур Бақтыбаевтың «Папа поневоле» отбасылық көркем фильмі болмақ.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы