Размер шрифта:

Цветовая схема:

29 сәуір, 2020291

Сәуірдің екінші жартысында дүниеге келген кино майталмандары

Бүгін топтастырып беріп отырған сәуірдің екінші жартысында дүниеге келген киномайталмандары қазақстандық көрерменге кеңінен танымал жандар. Олардың бір парасы «Жаужүрек мың бала» тарихи картинасының сәтті шығуына үлес қосты. Олардың кімдер екендігін қазір таныстырамыз.

17 сәуір күні актер, продюсер, «Қазақфильм» киностудиясының Президенті Арман Асенов дүниеге келді.

Кино саласындағы алғашқы қадамы - Виктор Пусурмановтың «Қайсар» фильмінен басталды. Небары 19 жастағы жас жігіт бірден бас рөлге лайықты деп танылды. Арман Асенов кино әлеміне 90-шы жылдардың басында келсе де, осы күнге дейін жиырмадан аса картинаның шығуына ат салысып, өзі де көптеген рөлдер сомдап үлгерді. Олардың қатарында «Азиат», «Последняя любовь кемене», «Шыңғысхан», «Волшебный спонсор», «Возврашение в А», «Путь лидера. Железная гора», «Путь лидера. Разрывая замкнутый круг», «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» және тағы басқа фильмдер. Бұл туындыларда ол бас рөлдерде өнер көрсетті. Бұдан бөлек, аталған фильмдердің кейбіріне продюсерлік те етті. Оның бұл бағыттағы жұмыстарының арасында қазақстандық қана емес, шетелдік көрермендерге таныс бірқатар картиналар бар. Атап айтқанда, «Беглецы», «В ожидании моря», «Сага древних булгар» және тағы басқа фильмдері бар.
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері актер ретінде 2017 жылы спорттық «Оскар» сыйлығымен де марапатталды.

24 сәуір күні белгілі продюсер, Қазақстан кинематографистер Одағының атқарушы продюсері Қанат Төребайдың туған күні.

Продюсер кино саласына 2000-шы жылдардың басында келді. Осы аралықта ол оннан аса картинаның жарыққа шығуына үлес қосты. Олардың қатарында «Мұстафа Шоқай», «Кемпір», «Келін», «Жат» сияқты фильмдер бар.

26 сәуірде қазақстандық актер Аян Өтепберген дүние есігін ашты. Туған күн иесі 28 жасқа келді.

Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын «Музыкалық-драма театрының актері» мамандығы бойынша білім алған Аян 2016 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық театрының актерлер құрамына қабылданды.
Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» тарихи картинасы жас актерге кино әлеміне есік ашты. Дебюттық фильмінде Таймастың рөлін сомдаған Аян осыдан кейін отандық көрерменге кеңінен таныла бастады. Актердің кинода бұдан бөлек, «Олимпийцы», «Рэкетир-2», «Қазақ хандығы» және өзге де фильмдері бар. Бүгінде Аян Қазақстан Республикасының «Серпер» және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлықтарының лауреаты.

29 сәуір күні қазақстандық актер, әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Әлімжанов дүниеге келді.

Актерге үлкен танымалдық әкелген оның алғашқы фильмдерінің бірі «Ағайынды» телехикаясы болды. Фильмде ол Қуаныш есімді үш ағайынды жігіттің бірін сомдайды. 
Нұрлан Әлімжанов «Бақсы», «Жаужүрек мың бала», сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жайында түсірілген «Балалық шағымның аспаны», «Көшбасшы жолы», «Көшбасшы жолы. Тығырықтан жол тапқан» атты фильмдерде Елбасының рөлін сомдаған.
Бүгінде Нұрлан Әлімжанов Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің депутаты.

30 сәуір күні қазақстандық актриса Әлия Әнуарбек дүниеге келді.

Актриса Лос-Анжелестегі Нью-Йорктік киноакадемиясының филиалында актерлік шеберлік бойынша білім алды.
Кинода алғаш рет Ақан Сатаевтың «Ағайынды» телехикаясында рөл сомдады. Актриса сонымен қатар, «Жаным», «Одноклассники», «Вопреки всему» сияқты отандық телехикаяларда өнер көрсетті. Бұлардан бөлек, «Город мечты», «Жас ұлан», «Жаужүрек мың бала», «Ұйқысыздық», сондай-ақ қазақстандық-ресейлік «Параллельные миры» атты фильмдерде рөлдер сомдады.

Өткен, бүгінгі және ертеңгі туған күн иелерін құттықтап, шығармашылық шабыт пен зор денсаулық тілейміз!

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы