Размер шрифта:

Цветовая схема:

27 сәуір, 2020390

Шетелдік киноға түскендер кімдер?

Ресейлік және американдық киноиндустрияны бағындыру қиын, бірақ «мүмкін емес» емес. Мұны бірқатар қазақстандық киномайталманы дәлелдеп отыр. Олар кімдер? Төмендегі тізімнен білесіздер.

Тимур Бекмамбетов

Көш бастап тұрған әрине, Тимур Бекмамбетов. Бұл киногер Қазақстанға ғана емес, күллі ТМД-ға, тіпті, Голливудқа танымал. Оның фильмдері Шығыс Еуропа мен Батыс елдерінде көрсетіліп жүр. Ал, картиналарындағы бас рөлдерді әлемнің алдыңғы қатарлы жұлдыздары орындайды.

Мысалы, оның 2008 жылы Голливудты алғаш бағындырған «Особо опасен» картинасында атақты голливудтық жұлдыз Анджелина Джоли ойнайды. Кинолента әлемдік прокатта жақсы табысқа ие болды. Осылайша, қазақстандық режиссерге жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды.

Негізі, өнер жолын жарнамалық роликтерден бастаған ол, одан кейін ақырындап шағын бюджеттік фильмдерді, кейін миллиондық блокбастерлер түсіріп, әлемдік көрермендердің көңілін жаулап алды.

Белгілі режиссер Тимур Бекмамбетовке алғаш танымалдылық әперген оның 2004 жылы түсірген «Ночной дозор» фильмі еді. Соңғы туындыларының ішінде «Елки. Последние», «Время первых» фильдерін атауға болады. Сонымен қатар, кино майталманы бірқатар шетелдік картиналарда продюсерлік те қызмет атқаруда.

Айсұлтан Сейітов

Бұл қазақстандық режиссер жас болса да, шетелдік шоу-бизнестің жілігін шағып, майын ішкен маман қазір. Бүгін де оның есімін ресейлік әншілер - Баста, Иван Дорн, Miyagi, Элджей, L'ONE және Ресейде танымал болған қазақстандықтар Скриптонит, Jah Khalib сияқты әншілердің музыкалық видеоларының титрларынан көруге болады.

Осынау атақты адамдарға бейнебаяндар түсірген режиссер енді клипмейкер атанды. Айтпақшы, ол ресейлік аренаны ғана бағындырып қоймады, небары 21 жасында атақты 21 Savage атты британдық хип-хоп орындаушысының J.Cole әншісімен бірлесіп орындаған «A Lot» трекіне клип түсіріп, танымалдылығын арттыра түсті.

Ал, осыдан екі ай бұрын, қазақстандық жігіт Migos триосы, Young Thug және Travis Scott сияқты танымал американдық рэперлердің бірлесіп орындаған «Give No Fxk» атты әндерінің бейнебаяндарына режиссерлік етті.

Айта кеткен жөн, Айсұлтан бейнебаяндардың кей үзінділерін, тіпті тұтас клиптің өзін де жиі Қазақстанда түсіріп жатады. Сондықтан туған елімізді оның клиптерінен байқап жатсаңыз, таң қалмаңыз.

Жас режиссер сонымен қатар, Алматының шетінде тұрып жатқан қарапайым жігіт туралы түсірген «Шакал» атты қысқаметражды картинасы үшін «Hollywood Boulevard Film Festival» атты американдық кинофестивалінің «Режиссура» атты категориясында үздік деп танылды. Бұл - оның режиссерлік жұмысындағы алғашқы еңбегі.

Ерден Телемісов

Кино әлеміне 30 жастан асқан соң ғана келген бұл қазақстандық кино майталманы бүгінде актер ретінде ғана емес, өзін режиссер ретінде де сынап көрген белгілі киногер. Кинодағы алғашқы қадамдарын эпизодтық рөлдердерден бастаған ол осы уақытқа дейін шетелдік ареналарда да төбе көрсетіп үлгерді. Атап айтқанда, актер 2014 жылы атақты Netflix киностудиясы түсірген «Марко Поло» атты халықаралық жобада өнер көрсетті. Фильм Қазақстан мен Малайзия жерінде түсірілді. Айтпақшы, бұл фильмде Ерден Телемісовпен бірге Санжар Мәди, Жайдарбек Күнғожинов, Мұрат Мұқашев, Дінмұхаммед Ахимов, Жандос Айбасов, Төлепберген Байсақаловтар рөлдер сомдады.

Бұл фильмнен кейін Ерден Телемісов ВВС телекомпаниясы ұсынған «McMafia» атты шетелдік жобаға қатысты. Фильм түсірілімі Лондонда жүзеге асырылды. Жалпы, актердің қоржынында «25 километр», «Мұстафа Шоқай», «Всемогущий», «Дочь Чингизхана в ХІХ веке» және тағы басқа отандық картиналар бар.

Актер сондай-ақ, биылғы жылдың күзінде режиссер Нияз Абдигаппардың қазақстандық прокатқа шығады деп жоспарланған «Туча» фильмінде де рөл сомдайды.

Санжар Мәди

Бұл қазақстандық актер елден тыс кинокартиналарда жиі төбе көрсететіндердің бірі.

Санжар Мәди ресейлік супер қаһармандар туралы режиссер Сарик Андреасянның фантастикалық «Защитники» атты фильмінде Хан есімді бас кейіпкердің рөлін ойнады. Сондай-ақ, актер ресейлік «Алтын орда» атты тарихи картинасында, «Глиняная яма» атты драмада, режиссер Антон Зенковичтің дебюттық «Фото на память» атты хоррорында да өнер көрсетті. Қарап отырсақ, Санжардың түскен фильмдерінің жанрлары әр түрлі. Драма да, ужас та, тылсым да бар.

Актер туған елінде – Қазақстанда да үлкен сұранысқа ие. Оның фильмографиясында «Сказ о розовом зайце», «Құстар әні», «Әміре», «Бой Атбая» және тағы басқа талай ірі туындылар бар.

Берік Айтжанов

Берік Айтжанов өзінің актерлік ойнымен отандық көрермендердің көңілін жаулағалы қашан. Актерді «Ағайынды» телехикаясында көріп, өнеріне тамсанбағандар аз болар шамасы. Оның қоржынында «Адель», «Застава», «Мұстафа Шоқай», «16 қыз», «Композитор» «Анаға апарар жол» сияқты фильмдер бар.

Талантты тұлға сонымен қатар, өзін ресейлік киножобаларда да танытты. Актер ресейлік режиссер Солбон Лыгденовтың «321-я сибирская» атты фильміне түсіп, көршілес елдің көрермендерін тәнті етті.

Еркебұлан Дайыров

Қазақстандық көрерменнің көңілін жаулап, өзін ресейлік киноаренада да көрсете білген ендігі киномайталманы – Еркебұлан Дайыров. Қазақстандық актер «Қазақ хандығы. Алтын тақ», «Балуан Шолақ», «Так сложились звезды», «Әміре», «Бауыржан Момышұлы» сияқты отандық көлемді кинотуындыларда керемет ойын көрсетті.

Тарихи фильмдер актері Ресейдің киноаренасында да актерлік шеберлігін жоғары деңгейде жеткізді. Осы уақытқа дейін Еркебұлан ресейлік екі картинада өнер көрсетті. Оның бірі - режиссер Тимур Алпатовтың «Алтын орда» фильмі. Мұнда актер шағын ғана рөл сомдаса, ресейлік режиссер Игорь Зайцевтің «Тобол» атты кинолентасында басты кейіпкердің бірі – жоңғар ханының рөлін орындады.

Төлепберген Байсақалов

Бұл қазақстандық актер ресейлік кинокартиналарда бір емес, бірнеше рет ойнады. Олардың ішіндегі режиссер Олег Фесенконың 2012 жылы жарық көрген «Снайперы-2.Тунгус» атты картинасында Төлепберген Байсақалов бас рөлді сомдады. Бұдан бөлек, актер «Пока ночь не разлучит», «Орда», «Алые паруса: Новая история» атты фильмдерінде өнер көрсетті.

Төлепберген Байсақалов сондай-ақ, Қазақстан мен Ресейдің бірлесіп түсірген «Параллельные миры», «Трубадур» және «Тюльпан» сияқты картиналарда рөлдер сомдады. Актердің қоржынында бұлардан бөлек, талай отандық картиналар бар. Атап айтқанда, «Тараз», «Супер Баха», «999», «Дочь Чингиз хана в ХХІ веке» және басқа да көптеген фильмдер.

Жандос Айбасов

Бұл қазақстандың киногер отандық көрерменге актер ретінде ғана емес, сонымен қатар каскадер ретінде де танымал. Ал, кейінгі кезде өзін продюсер ретінде де танытып келеді.

Осыған дейін Жандос «Он и она», «Ограбление по-казахски», «Лифт», «Районы», «Золушка Зауре» және тағы басқа отандық фильмдерге түсті. Биылғы жылдың көктемінде жарық көрген «Жаным, ты не поверишь» картинасында киномайталманы өзін продюсер әрі сценарист ретінде танытты.

2018 жылы ол моңғолдың «The Mongolian connection» атты атыс-шабыс жанрындағы фильмінде ойнады. Картинадағы жекпе-жек сахналарын атақты Марвел киностудиясы түсірген «Мстлители: Война бесконечности» фильмінде жұмыс істеген голливудтық каскадер әрі актер Лойд Бейтман қойды.

Атап өтейік, американдық-монғолдық жобада отандасымыз Санжар Мәди басты рөлдердің бірін сомдады.

Асқар Ілиясов

Бұл қазақстандық жарық жұлдыз Ресей киноаренасында өзін суда жүзген балықтай емін-еркін сезінеді. Актер осы уақытқа дейін «Все по закону», «Последний рубеж», Данила Козловскийдің «Тренер», сондай-ақ, «Четвертая смена», «Ярды», «Аванпост» сияқты ресейлік киноларда өнер көрсетті.

Асқардың отандық киноиндустриядағы ірі фильмдері – Ақан Сатаевтың «Бизнесмены», Баян Алагөзованың «Станция судьбы» фильмдері. Ал, биыл прокатқа шығатын, теңіздің арғы бетінде түсірілген режиссер Жеңісхан Момышевтің «Базар жоқ, Мексика!» атты жаңа туындысында Асқар басты рөл сомдайды.

Аружан Жазылбекова

«Больше чем кино», «Дорога домой», «Дорога к матери» және басқа да қазақстандық фильмдердегі рөлдері арқылы танымал актриса Аружан Жазылбекова да өзге елдің киноиндустриясында өнер көрсеткен тұлғаның бірі.

Ресейдің «Алтын орда» тарихи картинасында әріптестері Санжар Мәди, Еркебұлан Дайыров, Дина Тасбулатовалармен бірге Аружан Жазылбекова да ойнайды. Фильмде актриса басты рөлдің бірі – Нарғыз есімді сұлуды сомдайды.

Бұдан бөлек, Аружан ресейлік телеарналардың бірінде көрсетілген «Адаптация» атты телехикаяда ойнады. Комедиялық жанрдағы фильмде актриса Сатане есімді қыздың рөлінде болды. Сериал 2016 жылы Ресейдің Мурманск облысында түсірілген.

Дина Тасбулатова

Бұл қазақстандық актриса да ресейлік көп бөлімнен тұратын «Алтын орда» фильміне түсті. Бұл оның еңбек жолындағы алғашқы халықаралық жобасы. Мұнда Дина Алтын орда ханы – Беркенің әйелінің рөлін сомадады. Отандық актрисаның ендігі ресейлік киножобасы - «Алжир» фильмі. Бұл фильмде Дина тұтқын әйелдердің бірін ойнайды.

Актриса қазақстандық кинода да өнер көрсетіп жүр. Оның «М-агент», «Оралманы из Питера», «ПроЯвление» сияқты отандық картиналары бар. Ал, жаздың алғашқы айында басты рөлдің бірін Дина сомдайтын тағы бір жаңа картина «Любовь на миллион» фильмі жарық көрмек.

Самал Еслямова

Қазақстандық-ресейлік көрермендердің көңілін жаулаған енді бір сұлу жерлесіміз – Самал Еслямова. Қазір ол Ресейде кеңінен танымал. Режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмінде актриса Қырғыстаннан Мәскеуге келген қыздың рөлін сомдап, 71-ші Канн фестивалінде үздік актриса атанды.

Самал осы фильмнен 10 жыл бұрын Дворцевойдың «Тюлпан» фильмінде басты рөлдің бірін сомдаған еді. Бұл фильм де 2008 жылы Канн фестивалінде «Ерекше көзқарас» бағдарламысында сыйлыққа ие болды.

2019 жылы актриса қазақстандық-жапондық «Конокрады. Дороги времени» фильмінде басты рөлді сомдады.

Сондай-ақ, актриса биыл көрермендердің назарына ұсынуы жоспарланған отандық «Батырлар» тарихи картинасында да өнер көрсететін болады.

Жайдарбек Күнғожинов

Жайдарбек Күнғожинов Nomad Stunts каскадерлер тобын қалаушы әрі актер. Осы уақытқа дейін ол «Көшпенділер», «Жаужүрек мың бала», «Жеңіс семсері» және басқа да көптеген отандық фильмдерде өнер көрсетті.

Бұдан бөлек, каскадер ресейлік «Дневной дозор», «Монғол», «Серебро», «Викинг» сияқты кинотуындыларға түсті. Актер сонымен қатар, американдық «Конан-варвар», «Марко Поло», «Храбрые перцем» фильдерінде рөлдер сомдап, атакты Голливуд жұлдыздары Арнольд Шварцнегер, Джейсон Стэтхэм, Киану Ривз, Джет Ли және Сильвестер Сталлонелермен жұмыс істеді.

Ал, биыл ол голливудтық «Мулан» атты фильмінде каскадерлік әрі актерлік еңбек етті.

Бибигуль Ақтан (Сүйіншалина)

Бибигүл Ақтан қазақстандық актриса деп саналса да, алғашқы дебюттық рөлін ресейлік картинада ойнады. Сондықтан оны ресейлік-қазақстандық актриса деп атау орынды. Алғашқы фильміне келетін болсақ, бұл - «Громовы. Дом надежды» мелодрамасы. Осы телехикаядан соң, көрермен тарапынан актрисаға деген қызығұшылық арта бастады.

Актриса кейін ресейлік актер Артур Смольяниновпен бірге түскен қазақстандық «Виртуальная любовь», ресейлік «Выжить после» екі кезеңі мен «Последний лепесток» телехикаяларында өнер көрсетті.

Бибигүл сондай-ақ, Олег Фесенконың Еремей Айпиннің романы желісі бойынша түсірілген «Красный лед. Сага о хантах» көпсериялы фильміне шақыру алған. Фильм Сібірдің 40 градустық аязында түсірілді. Актриса мұнда садақпен дәлтеп атуды және бұғылар жегілген арбаны басқаруды үйренді.

«Последний лепесток» фильмінде Бибигүл тәжік қызын ойнаса, қазақстандық-ресейлік «Трубадур» музыкалық комедиясында Зарина есімді кейіпкердің рөлін сомдады. Ал, ресейлік «Земский доктор» атты мелодраманың үшінші маусымында актриса өзбек қызы Гюльчатайды ойнады.

2011 жылы шытырман оқиғалы «Пираньи» фильмі шықты. Мұнда қазақстандық актриса ресейлік актер Сергей Жигуновтың кейіпкерінің асыранды жапон қызы Айконың рөлінде болды.

Актриса сондай-ақ, 2016 жылы ресейлік режиссер Артем Насыбулиннің «Старшая жена», 2017 жылы Вера Глаголеваның «Не чужие» драмасында 2019 жылы Александр Барановтың «Невеста комдива» комедиясында өнер көрсетті.

Актрисаның бұлардан бөлек, «Астана – махаббатым менің», «Гейзер», «Он и она», «Жүрегім менің – Астана» және тағы басқа қазақстандық киноларда рөлдері бар.


 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы