Размер шрифта:

Цветовая схема:

27 мамыр, 2020330

Шоқан жайында сыр шертетін кинотуындылар

Әр халықтың тарихында сол елдің ғылымы мен қоғамының дамуына зор үлес қосқан ұлы тұлғалары бар. Қазақстандағы сондай биік жандардың бірі – Шоқан Уәлиханов. Қысқа ғұмыр кешсе де, ол талай игі іс тындырды. Биыл қазақтың тұңғыш ғалымы, тарихшы, этнограф, ағартушы Шоқан Уәлихановтың туғанына 185 жыл толып отыр. Осыған орай, оны еске алып, ұлы тұлға жайында түсірілген фильмдерді жинақтап жаздық. 

 «Его время придет»

Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов туралы тұңғыш фильм 1957 жылы шығарылды. Режиссер Мәжіт Бегалиннің көркем туындысы ХІХ ғасыр ағартушысының өмірі мен қызметіне арналған. Картина  ұлы тұлға өмірінің әсіресе, ерекше драмаға толы сәттерін суреттейді. Атап айтқанда, көпес кейпінде Қашғарияға жасаған саяхаты, Орыс географиялық қоғамындағы қызметі, қазақ даласында патша самодержавиесінің жүргізген саясатымен қақтығысы көрсетіледі.Фильм сценарийінің авторлары Сергей Ермолинский мен Михаил Блеймандар болды. Басты рөлдерді Нұрмұхан Жантөрин, Константин Адашевский, Қалибек Қуанышпаев, Құрманбек Жандарбеков, Юрий Боголюбов, Генадий Мичурин, Шәмші Түменбаев және басқа да актерлер сомдайды. 

«Чокан: штрихи к портрету»

Бұл деректі фильм 1976 жылы жарық көрді. Ш.Айманов атындағы киностудиясы түсірген туынды Шоқан Уәлихановтың еңбек жолын баяндайды. Адамгершілігі мол тұлға кез келген қоғамда өзін өзгелермен тең дәрежеде ұстайтын. Осы бір қасиеті оған ұлы адамдармен дос болуға себепкер еді. Туғанынан дипломат болған ол аса қиын геосаяси міндеттерді шешкен еді. Дарыны мен даналығы мол Шоқан Уәлиханов өзінен кейін өшпес мол мұра қалдырды.

«Шоқан Уәлиханов/ «Легендарный Чокан»

Кинофильм - бұл Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызмет жолына арналған шағын сериал іспетті. Картинаның әр эпизодында оның жастық шағынан бастап өмірден қайтқан шағына дейінгі қалыптасу жолы суреттеледі. Қашғарияға сапары мен генерал Михаил Черняевтың жорығына қатысуы сияқты өмірінің маңызды кезеңі де көрініс табады. «Шоқан Уәлиханов» көркем фильмі - бұл ұрпақтың есінде қалуы тиіс  шынайы кейіпкердің шынайы өмірі мен жетістіктері жайындағы хикая. Оны жүзеге асыруды режиссерлер Асанәлі Әшімов пен Цой Гук Ин өз мойындарына алған. 1982 жылы қос тұлға «Год Дракона» киножобасында бірлесіп еңбек еткен еді. Кейін бұл екі туындылары да сыншылар тарапынан жоғары бағаланды. Себебі, режиссерлер шынайы деректерге басымдық беріп, бас кейіпкерлер рөліне нағыз талант иелерін таңдай біледі. Мәселен, Шоқанның рөліне Асанәлі Әшімовтың ұлы – марқұм Сағи Әшімов таңдалып алынған еді. Актер рөлді шынайы орындап қана шықпады, бет-әлпеті де кейіпкерінен аумай қалған. Фильмде сонымен қатар, Юрий Орлов, Генадий Балаев, Меруерт Өтекешева, Анатолий Азо, Юрий Демич және басқалары сомдайды. Ал, Шоқанның әкесінің рөлін – Асанәлі Әшімовтың өзі орындайды. Режиссерлер Асанәлі Әшімов пен Цой Гук Иннің бірлесіп жасаған бұл еңбектері 1984 жылы жарыққа шыққан. 

«Последний принц степи» 

Шоқан Уәлиханов өмірінде көп оқиғаларды асығыс орындады. Небары 30 жыл өмір сүрсе де, бұл атақты ғалым, шығыстанушы, этнограф әрі саяхатшы кейінгі ұрпаққа құнды, баға жетпес мұра қалдырды. Ғалым орыс мәдениетіне жақын еді. Қазақ халық мәдениетін сақтай отырып, өз халқын орыс мәдениетіне де баулуға тырысты. Орыс әскерінің офицері болса да, қазақтың жанашыры, қазақ хандарының ұрпағы, байтақ даланың соңғы ханзадасы еді. Фильмнің негізгі айтар ойы да осы болды. Деректі фильм режиссері әрі сценарий авторы Игорь Гонопольскийдің бұл туындысы 2007 жылы жарыққа шықты. 

 «Шоқан Уәлиханов»

Атақты саяхатшы туралы тағы бір кезекті туынды – «Шоқан Уәлиханов» деп аталады. Деректі фильм ағартушының туғанына 150 жыл толуына орай жасалды. Режиссері Григорий Емельянов жасаған деректі лента «Қазақфильм киностудиясында түсірілген.  

«Алаш алыптары. Шоқан Уәлиханов» 

Фильмді 2013 жылы сол кездегі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Qazaqstan» Ұлттық арнасы түсірген. Бұл деректі фильм де  Шоқан Уәлихановтың өмірінде орын алған маңызды кезеңдерді қамтитын негізгі үш бөлімнен тұрады. Оның бірі - Қашқар еліне сапары болса, енді бірі - Санкт-Петербор қаласындағы қызметі жайында. Үшінші бөлім ғалымның Отанына оралуын суреттейді. Фильмге Галина Григорьева режиссерлік етті. Сценарий авторы - Наталья Ким. 

«Султан своего народа»

2013 жылы жарық көрген режиссер Жанат Ташимовтың бұл туындысы ғалымның өмір жолын қамтиды. Қауіпті сапарларға аттануға оған не түрткі болды? Өзі қызмет еткен әскер бейбіт жерлерде билікті күштеп отырғызғанда Шоқан не ойлады? Фильм осы сұрақтарға жауап іздейді. Шоқан Уәлиханов көзі тірісінде-ақ аңыз адамға айналған. Ол – өзінің Отанын сүйген, халқының сұлтаны болған жан еді.
 

 «От Омска до Кашгара. Дороги Чокана Валиханова»

Деректі фильм 2014 жылы жарық көрді. Туынды Шоқан Уәлихановтың кім болғанын суреттеп, осыншама қысқа ғұмырда тарихта өзінің өшпес ізін қалдырған ұлы тұлғаны ұлықтайды. 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы