Размер шрифта:

Цветовая схема:

27 қыркүйек, 2021328

Шынайы кинокомедия "Кемпір"

Елге танымал режиссер Ермек Тұрсыновтың бұл фильмі де көптің назарын аудартты. Қазақтың қаймағы бұзылмаған ауылды аңсаған жанға балдай жағатын көркем дүние. «Кемпір» фильмін біреу комедия деп қараса, кейбірі ерлі-зайыпты арасындағы махаббаттың астарлы көрінісі дейді. Ал, шын мәнінде бұл кинокартинаның жеткізгісі келген ойы қандай?

Отбасылық кинокомедия 2014 жылдың наурыз айында көрермен назарына ұсынылды. Юморға толы фильмнің режиссері мен сценарий авторы дарынды киногер – Ермек Тұрсынов. Фильмнің атауы халық арасында талқыланған тақырып болды. Себебі, көптің жоруынша осы режиссер түсірген «Келін», «Шал» фильмдерінің жалғасы деседі. Алайда, Ермек Тұрсынов оны жоққа шығарып, жоғарыда айтылған туындыларға қатысы жоғын айтты. Ел жадында жатталған трилогияның нүктесін «Кенже» фильмі қойған.

«Кемпір» әзіл-шыны аралас туындыға үлкен сахнада өнер көрсетіп жүрген актерлар түскен. Атап айтсақ, Ғазиза Әбдінәбиева, Қадірбек Демесінов, Иісбек Әбілмажінов, Асанәлі Әшімов секілді өз ісінің кәсіби мамандары ойнады.Фильмнің ұтымды шығуы ең әуелі сценарийге байланысты. Киносыншылардың айтуынша, бұл істің үдесінен шығу жеңістің жартысы. Ал, кино желісінде жастайынан жұбы жарасып, қартайған шақтарына дейін  өмірдің қызығын бірге көріп келе жатқан Қайырғали мен Күлпәш туралы суреттелді. Фильм сценаристі әр образға тереңінен тоқталған. Әсіресе, әйел психологиясының терең зерттелгені экран бетінен көрінеді. Орынды әзіл мен қызыл шырай сөздерді тек ауыл табиғатына тән етіп жазған. Оқиғалар желісіне келер болсақ, алдымен Қайырғали мен Күлпәштің тұрмыс-тіршілігімен таныстырып, кейін табан астынан қызықты жайтқа тап болғанын (кемпірдің жүкті болуы), артынан екеуінің нәзік сезімдерінің жаңа тынысымен жалғасса, бала жастан тіс қайрасқан достарымен жарасып, жүкті әйелінің назын бірге көтереді. Фильмнің соңы бір уақытта әрі балалы әрі немерелі болған шалдың қуанышты сәтімен аяқталады. Осылай жілікке бөліп қарастырсақ, әр бөлімге берер баға жоғары. Себебі, фильм барысында көрермен көз алмай қарайтындай қызықты кадрлар көп. Кинокартинада сыйластық, адамдар арасындағы бауырмашылдық пен мейірімділік, туған жеріне деген сүйіспеншілік, ұрпақ сабақтастығы секілді тақырыптар көрініс тапқан. Сонымен қатар, фильмде махаббаттың жас талғамайтынын, жас келгенмен жастық көңіл лаулап тұратынын байқаймыз. «Комедия ма, әлде шынайы өмірдің көрінісі ме?» оны ажырату қиынға түспек. Өйткені, фильм көптің көңілін шынайылығымен баурап алған десек артық айтпаймыз. 

Кинокомедияның шымылдығын қазақтың көз жетпес әсем табиғаты ашады. Биік бәйтеректің саясындағы ойын қуған балалар мен ақсақалдың отырып ойға шомуы ауыл әлеміне енуге әсер береді. Кейіннен, Қайырғали мен Күлпәштың дәрігер қарауында болып, мейірбике апаға аудандық емханаға барып көрінуін ескертеді. Ал үйдің ауласында өз шаруасымен айналысып жүрген кемпірге, бала кезден көңілдерін үзбеген екі шал тамсанып, «хор қызындай» деп мақтап, «әй, шалың өлсе сені алам» деп қалжыңдасады. Оны естіген шалы келіп екеуіне ұрса жөнеледі. Сөзге келгеннің себебі – қызғаныш. Оның буырқанғанын түрінен көрген әже, оларды шайға шақыр деп оттың үстіне май тамызып, артынан күліп та алады. Осылайша жұбайлардың хикаясы жалғаса түседі. Десе де, қызықтың бәрі алда. Аудандық емханада естіген жаңалық екеуін ғана емес, елді де бір сілкіндіреді. Кемпірдің аяғы ауыр екенін естігенде, шал мен кемпір үстілерінен су құйғандай болды. Аң-таң күйінде үйіне жол тартқан. Ал енді тағы бір өткел осы хабарды балаларына жеткізу. Сол күні қырсық шалғанда, үйге баласы отбасымен қаладан ат терлетіп келеді. Кешкі шайдың басында әңгіме дүкен құрып отырғанда, жаңалықты жеткізуге Қайырғали ата қанша оқталса да, бата алмады. Күлпәш әжеге қайта-қайта көзін салғанмен, ол үн қатпады. Шақшадай басы шарадай болған ата, баласының кезекті сұрағына килігіп, тақырыптың басын басқа жаққа бұрып, сол күйі жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Осы кешкі ас басындағы әңгімеге мән беріп қарасақ, режиссер осы сәтте әлеуметтік проблеманың шет жағасын көрсеткен. Онда Қайырғалидің ұлы өз баласын барлығының көзінше жекіре бастайды. Себебі, жасөспірімнің жылдық қорытындысында оқу үлгерімі нашарлаған. «Сен миың жоқ, оқымасаң қойшы боласың» деген сөз тіркестері барлығына таныс та шығар. Дегенмен, көзге үйреншікті, құлаққа жаттанды дүниенің осы жерде ескеріліп, көрсетілуі режиссердің шеберлігі деп білем. Киногер жауыр болған сөздердің атадан балаға өтетінін саналық жақтан да қарастырып, оны картинада ашқан. Батылы жетпей, жанын қоярға жер таппаған шал, енді иттей ырылдасқан достарының жанына барып мұңын шағады. Сөзден сөз туып, дастархан басында шал «бала таптыра аламын», деп қанша айтса да, замандастары оған сенбейді. Сосын, бәс тігіп, шарты «өзеннің ар жағына дейін жүзсең, саған иланамыз» дейді. Достары Қайырғали емес «Қортық» деп мазақ ететін шал өзенге сүңги жөнеледі. Бірақ Сәскебай мен Бәйбет бақылап тұрғанда, досын көзден ғайып етеді. Айғайды салғанмен, айнала тырм тырыс. «Өлді» деп санап, құрдастар Күлпәшке қарай асығады. Таң атып қалған кезде аласұрып келген замандастары кемпірдің зәре құтын қашырып, барлығы көлікке мініп зыта жөнеледі. Өзен жағасына келсе, шалы отыр. Сонымен ең қызығы, осы жайттан соң кемпірдің аяғы ауыр екенін дүйім жұрт естиді. Кейіннен, Күлпәш аудан ауруханасына жатып ем алады. Көрген жанның қызығын баурап алатын комедияның жалғасы әзіл-сықаққа толы. Сондай-ақ, шал мен кемпірдің сыйластыққа ұласқан махаббаттарының жаңа серпілісінде тамашалай аласыздар.

Ал айтулы киноның рөлдерін сомдаған өнер жұлдыздарына тоқталсақ. Менің ойымша, актерлар өз образдарын шынайы алып шыққан. Сахнада өнерлерін шыңдап жүрген театр мен кино саңлақтарына кезекті комедияның да үдесінен шықты. Ал басты рөлді Ғазиза Әбдінәбиева сомдады. Айта кетсек, Ермек Тұрсынов сцернарийді жазу барысында «Күлпәш» рөліне дәл Ғазиза апайды елестете отырып жазған екен. Бұл образ көптен бері театр сахнасында өнер көрсетіп жүрген актрисаға оңай түскен жоқ. «Тәжірибелік іс жүзінде тағы да бір сынға түскендей күй кештім», – дейді актриса. Өзінің рөлі туралы: «Өздеріңізге белгілі біз Қадырбек екеуміз театр актерлеріміз. Алайда осы уақытқа дейін бірнеше комедиялық фильмдерге түстік. «Кемпір» фильмінің түсірілімі өте қызық болды. Ермектің нағыз кәсіби режиссер екеніне көзім жете түсті. Біздің әрбір қимыл-қозғалысымызды жіті бақылап, дұрыс бағыт беріп отырды. Театр мен киноның айырмашылығы да сол, кинода импровизацияға ерік берілмейді. Мен үшін бұл фильм үлкен мектеп болды», - дейді. Дегенмен, актрисаның кейіпкері туындыда толығымен ашылған. Көрсеткен түр әлпетінің мимикалары, оның түрік сериалы үшін жылауы, ерлі-зайыптылар арасындағы майда керістерде назын көрсетіп  ренжуі, әзілдеуі мен байыптылығы одан әрі «Кемпірдің» образын ашты. Ал театр саңлағы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Ғазиза Әбдінәбиева Сырдарияның тумасы. 1970 жылы Қазақ Ұлттық консерваториясынның (бұрынғы Алматы консерваториясы) актерлік шеберлік факультетін бітірген. Консерваторияның 4 курсында оқып жүріп, 1969 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына қабылданады.1969-1993 жж осы театрда аянбай еңбек етеді. 1993 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына актерлік бөліміне ауысқан.Оның кино саласында сомдаған рөлдері:  «Нан» – Жамал, «Қауын» – бас кейіпкердің зайыбы, «Қыз жылаған» – Әсия, Сіз кімсіз, Ка мырза?» – жолсерік, «Айналайын» – Сәлима, «Зауал» – Әже, «Біржан сал» – Бүрме әже және т.б. бейнелері халық жадында. Актриса 2021 жылы коронавирус індетінен дүние салды. Ал кинодағы жұбы, өнердегі әріптесі Қадірбек Демесінов, фильм туралы: «Бұған дейін телесериалдарда, фильмдерде түсіп жүргеніммен, осы алпыстан асқан шағымда «Кемпір» фильмінде алғаш рет басты рөлді ойнау бақыты бұйырды. Көрермен қандай пікір айтатыны  мен үшін үлкен маңызға ие. Мен басқа бір телесериалға түсіп жатқанымда Ермек Тұрсынов маған сізді «Кемпір» фильміндегі басты рөлге бекіттік деді. Тіпті келісімімді сұраған да жоқ десем болады. Алайда режиссер осы рөлге мені лайық деп тапқан соң келістім. Ермектен осы уақытқа дейін өзім білмей, түсінбей келген киноның қыр-сырына қанық болдым», – деді. Туындыда «Қайырғали»-дің рөлін шебер ойнап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ер азаматтың қай жаста болмасын, сүйген жарына деген сыйластығын, туған жеріне деген махаббатын, даналығын, қарапайым ауыл тұрғынын керемет сомдады. Қосалқы рөлдердегі актерлар құрамы «Кемпір» фильмінің құрылымына сай таңдалған.

Кинокартинаның толық суретін аша білген дарынды оператор – Юрий Райский. Бүгінгі күнге дейін 40-қа жуық фильмді түсірген оператор, бұл фильмнің толық картинасын әртүрлі пландағы кадрлары арқылы сәтті көрсетті. Білікті маман қазақтың тамаша табиғатын, сылдырлаған өзен-көлін, қиыры жоқ жазық даласын, маңыраған малын киноға сәнін келтіріп сыйдырған.Туындының музыкалық композиторы – Қуат Шілдебаев. Бұл жанрға жанаса қоймайтын ретро әндерді таңдағанымен киносыншыларды қызықтыра түсті. Кеңестік дәуірден таныс екі әнді қолданғаны, фильмді әдеттегі комедиялардан ерекшелендіреді.Айтулы кинокартинаның гримі мен стиль ерекшелігі қарапайым қазақ ауылына сай үйлестірген. Кемпірдің сұхбат алу эпизодындағы бетінің әрлеп, жасануы көпшілік күтпеген жағдай болды. Десе де, сол кадр көрерменді күлкіге қарық қылды.

Күзде қоңыр қозысын бауырына басқан кемпір мен шалдың махаббат хикаясы көпті күлдіртіп қоймай, ой да салды. Көзді ашып жұмғанша өте шығатын өмірде тосын сыйларды қабылдауда үлкен ерлік. Тек өткелден бірге өту үшін сыйластық пен мейірімділікті бойға сіңірген абзал.

Автор:  Ализа Абай

Фото:  интернеттен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы