Размер шрифта:

Цветовая схема:

22 наурыз, 2020366

Шынайы оқиға негізінде түсірілген фильмдер

Шынайы оқиғаларға негізделген кинофильмдер көрермен үшін қашанда қызық екені мәлім. Өмірде орын алған хикаяларды кино арқылы тамашалау шын мәнінде ерекше сезімге бөлейтіні рас. Бұл әсіресе фильмді толық сезініп, картинаның әрбір кейіпкеріне ерекше сенуге себепкер болады. Ал отандық киноиндустриямызда мұндай фильмдер бар ма? Ондай фильмдер туралы біз бен сіз не білеміз?

«Аллажар»

1986 жылдың желтоқсан айында әділдік пен тәуелсіздік үшін алаңға шыққан қазақ жастарының батыл қадамы әрбіріміздің жадымызда. Олардың ұмытылмас ерлігіне арнап қаншама өлең де жазылды, ән де айтылды. Болашақ ұрпақтың бостандығы үшін өмірін қатерге тіккен аға -  әпкелеріміздің сол кездегі жағдайын баяндаған «Аллажар» кинофильмі сегіз жыл бойы түсіріліп, көрерменге 90 - жылдардың cоңында жол тартты. Фильм режиссері Қалдыбай Абенов сол кездегі жастардың өткерген қиын кезеңдері қазіргі ұрпаққа сабақ әрі үлгі болуы керектігін алға тартады.

Өскелең ұрпақ өз тарихын білуі керек. Желтоқсан оқиғасында қаза тапқан жастарымыздың ерлігі ұмыт қалмасын деген мақсатта дәл осы фильмді түсірген болатынбыз. Ежелден біздің ата – бабаларымыз қиын сәттер мен ауыр кезеңдерде «Алла жар» деп дұға бағыштайтын. Алаңға шыққан әрбір қара көз қандастарымыз да дәл осы дұғаны айтып қаза болған еді. Фильмнің атауы міне осыған байланысты.

Ақан Сатаев, Алексей Шемес, Андрей Скоров сынды актерлер басты рөлді сомдаған отандық кинотуынды сол кездегі қозғалысты барынша шынайы көрсете білген. Тарихы тереңде жатқан бабалар мұрағатын суреттейтін осындай фильмдер жас ұрпақтың бойында отанға деген сүйіспеншілік пен құрметтің артуына септік болары сөзсіз.

 

«Қазбат»

«Қазбат» оқиғасы қазақ тарихында ерекше орын алары сөзсіз. Себебі, өмірінің соңғы секундына дейін отан алдындағы борышын өтеуден қашпаған  қаһарман сарбаздар жаудан келген оқпен арпалысып ерлік танытты. 1995 жылы 7 сәуірде тәжік - ауған шекарасында бітімгерлік қызмет барысында небәрі  18 – 19 жас аралығындағы әскерилер от пен оқтың, өмір мен өлімнің арасында арпалысты. Қазақстанның ішкі әскерлік жетінші ротасы бір топ оппозициялық жауынгерлермен 5 сағат бойы соғысты. Қанды соқтығыста қазақстандық 17 жас әскер оқ ұшып қаза тапты, ал 33 жауынгер әртүрлі ауыр жарақат алды. Бұл елімізде бұрын соңды болмаған ауыр қазалардың бірі еді. Қаншама жүректі сыздатып, қан жылатқан дәл осы оқиға жайында түсірілген «Қазбат» кинотуындысы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ұлттық гвардия және ҚР ІІМ қолдауының арқасында түсірілген отандық картина енді ел шекарасын қорғайтын әскерлеріміз үшін бойтұмар болары хақ. Асқар Узабаев режиссерлік еткен фильмде басты рөлдерді Дәурен Серғазин, Ринат Дошибеков, Халық Рахат, Дияс Мырзахмет сынды талантты актерлер сомдайды. Түсірілімдер Іле өзненінің бойында, Шарын шатқалы мен Қарамекер ауылында өтті.  Фильм кадрлері сапалы әрі шынайы шығу мақсатында кәсіби қарулар мен әкери техника, 3 арнайы тікұшақ пен танктер тартылды. Ұлттық гвардияның жүздеген әскерлері де түсірілім барысына атсалысты. Ел үшін жанын қиған батырларымыздың есімі мәңгі есімізде.

 

«Көшбасшы жолы»

«Көшбасшы жолы» немесе «Путь лидера» фильмі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың студенттік жылдары, жастық шағы мен көшбасшылық жолындағы маңызды кезеңдерін қамтиды. Сондай – ақ, аталмыш картинада еліміздің өнеркәсібінің қалыптасуы мен дамуы толық бейнеленген. Көрермен назарына "Елбасы жолы" киноэпопеясының бес бөлімі ұсынылған болатын. Солардың бірі 2016 жылы түсірілген «Жұлдыздар тоғысқанда» картинасы. Сюжет желісі бойынша қазақ халқының 1980 жылдары Кеңес Одағының билігіне тәуелді болғаны, өтпелі қиын – қыстау кезеңдерді бастан өткеркендігі мен Нұрсұлтан Әбішұлының ел президенті ретінде сайлануы көрсетілген. Елге белгілі режиссер Ақан Сатаетың нұсқауымен түсірілген бұл картинада Нұрлан Әлімжанов, Тлектес Мейрамов, Азамат Ашимов сынды актерлер бой көрсетеді.

Автор:  Жанерке Ахмадиева

Фото:  Караван

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы