Размер шрифта:

Цветовая схема:

04 наурыз, 2020532

«Шырақшы» ресейлік «Ника» сыйлығына үміткерлер қатарында

Режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы»/ «Хранитель» фильмі ресейлік «Ника-2020» сыйлығына үміткер атанды.

Бәйгеде отандық туынды «ТМД және Балтық елдерінің үздік фильмі» аталымында бақ сынамақ.

Қазақстандық фильммен бірге бұл атақ үшін қырғыз режиссері Мирлан Абдыкалыковтың «Босоногий», эстондық режиссер Андрес Пуустусмааның «Ваша честь», грузиялық режиссер Дмитрий Цинцадзенің «Вдох-Выдох» және армениялық режиссер Эдгар Багдасаряннің «Долгая ночь» кинокартиналары таласқа түседі.

Айта кетейік, Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы»/ «Хранитель» фильмінің тұсаукесері биылғы жылдың қантарында өтті. Ал, әлемдік премьерасы ХХІІ Шанхай Халықаралық кинофестивалінде өткізілген еді.  

Жалпы, фильм соғыстан қайтқан солдат жайында баяндайды. Сюжет желісі бойынша жігіт отанына оралғанда ол жақтан өзімен бірге кинопроектор ала келіп, сол арқылы ауыл-ауылдарды аралап, кино көрсетеді. Осылайша, солдат өткен күнің естелігін сақтап, оны проектор арқылы жеткізген  шырақшыға айналады.

Айта кетейік, «Шырақшы» фильмі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы мен Tursunov Film қатысуымен түсірілген. Кинокартинада басты рөлді ресейлік актриса Нина Усатова мен талай жылдан бері кино саласынан алшақтаған қазақстандық актер Мұрат Мұқажанов сомдайды.   

Бұдан бөлек, аталған бәйгеде қазақстандық және ресейлік кинорежиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» кинокартинасы да бес аталым бойынша сайысқа түседі. Атап айтқанда, «Үздік фильм», «Үздік ойын фильмі», сондай-ақ, «Үздік режиссерлік жұмыс», «Үздік әйел рөлі» мен «Үздік монтаж режиссерінің жұмысы».

«Ника» сыйлығының 33 салтанатты табыстау рәсімі 29 наурыз күні Мәскеудегі «Вегас Сити Холл» концерт залында өтеді. Жеңімпаздар Ресейдің кинематографиялық өнер академиясы мүшелерінің құпия түрде дауыс беруі арқылы анықталады. Үздік атанғандарға Ежелгі гректердің қанатты әйел-құдайы Никаның мүсіншесі табысталады.  

Айта кетейік, Ресейдің ұлттық кинематографиялық премиясының алғашқы табыстау рәсімі 1988 жылдың желтоқсанында Орталық кинематографистер үйінде өткізілді.  

Автор:  Зарина Смағұлова

Фото:  РИА НОВОСТИ

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы