Размер шрифта:

Цветовая схема:

24 сәуір, 2020424

"Соққы" сериалы Seoul Drama Awards шорт- тізіміне енді

Көп сериялы "Соққы" фильмі Seoul International Drama Awards шорт-парағына кірді. Ол туралы  фильмнің режиссері Олжас Нұрбай Instagram-дағы жеке парақшасында хабарлады. Картина "Үздік мини-сериал" номинациясы бойынша ұсынылып отыр.

 Seoul International Drama Awards (Сеул халықаралық драмалық сыйлық) - жыл сайынғы марапаттау рәсімі. Аталмыш кинопремияда бүкіл әлем бойынша үздік атанған телевизиялық драмалық картиналар марапатталады. Seoul Drama Awards  “Үздік мини-сериал”,  “Үздік Режиссер”, “Үздік Актер және Актриса” және “Үздік сценарий” номинациялары бойынша өтеді.  Кинопремия жеңімпаздары Сеулде 2020 жылдың қыркүйек айында тікелей эфирде жарияланады.

 Фильмнің тұсаукесері өткен жылдың қараша айында болып өтті. Картинаның продюсері Ақылбек Досжанов. Идея авторы Олжас Нұрбай. Картина Зарина атты қыздың тағдырын әңгімелейді. Ол өте қайсар мінезді әрі рухы мықты қыз. Заринаны үлкендер сыйлайды, мектептегі барлық оқушылар оны құрметтейді. Алайда оның өмірінде барлығы да ондай жақсы емес. Әкесі түрмеде, ал анасын тек қана арақ қызықтырады. Зарина анасы екеуі ескі пәтерде өмір сүріп жүреді. Бала күнінен ата-ана қадағалауынсыз қалған Зарина өз бетімен бой жетеді. Бір күні Заринаның анасы қайта тұрмыс құрады. Алайда анасының күйеуі Заринаны бірінші күннен - ақ ұнатпайды. Соның кесірінен үйлерінде күндей айқай-шу жиі болатын болды. Зарина өгей әкесіне кек қайтармақ болып, өз достарын көмекке шақырады. Нәтижесінде, оның өгей әкесі жасөспірімдердің шабуылына тап болады. Сол себепті Зарина және оның достарының  атына арыз жазылып, жауапкершілікке тартылады. Заринаның бойынан өжеттілікті байқаған аға офицер түзету жұмыстары ретінде оны бокс секциясына жібереді. Сол кезден бастап қыздың өмірі түбегейлі өзгереді. "Соққы" драмасының басты рөлдерін Шұғыла Ешенова, Мұрат Тоқашбаев, Бейбарыс Баден, Нұржігітұлы Әбдіқадыр, Динара Әбікеева, Диана Холловей, Ілияс Суханов, Абай Адырбай және Ғайнықамал Байқошқарова сияқты актерлер сомдаған.

 

 Сондай-ақ, фильм режиссері Олжас Нұрбай "47 баланың анасы" атты көп сериялы мелодрамға да режиссерлік еткен. 

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы