Размер шрифта:

Цветовая схема:

16 қазан, 2021348

Таланттардан туған тарлан

«Қожықовтар» дегенде ең алдымен есімізге оралатын есім қазақ киносының жауһары «Қыз Жібек» фильмінің режиссері – Сұлтанахмет Қожықов екені даусыз. Дегенмен оның Қожықов тегін алған ата-анасы да, бауырлары да қазақ мәдениетініе зор үлес қосқан кесек тұлғалар. Бүгін осы кәсіби киногердің өмірі мен шығармашылығына, өнерлі отбасынының қазақ мәдениетіне сіңірген еңбектеріне шолу жасамақпыз.

Сұлтанахмет Қоңырқожаұлы – кеңестік қазақ режиссері. Ол 1923 жылы 10 наурызда еліміздің біртуар азаматтары Қоңырқожа Қожықов пен Ләтипа Қожықованың отбасында Әулиеата (қазіргі Тараз қ.) қаласында дүниеге келген.

Отбасы мүшелері туралы мәлімет:

Қоңырқожа Қожықов  – Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, өткен ғасырдың басында қазақтың ұлттық мүддесі үшін белсене қызмет еткен ағартушы, қоғам қайраткері.  Өз қызметін сүйген ардақты ұстаз қазақ балаларына арнап  1912 жылы Түркістан облыстық оқу-ағарту бөлімінің қолдауымен «Әліппе» оқулығын шығарды. Сол жылдан оның ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновпен таныстығы басталады. Қожықовтың әліппесінің сол кездегі араб графикасынан басты айырмашылығы – сөздер қалай айтылса, солай оқылуы болды.

Кейін Қоңырқожа Санжар Асфендияровпен қатар Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтының негізін салушылардың бірі болды. Ол осы Ғылым академиясының қазақ бөлімінде еңбек ете жүріп, Жетісу өңіріндегі көне тарихи қорғандар мен ескерткіштерді зерделеу шараларына қатысты, Орхон жазуы, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Ақтас мазарлары туралы ғылыми еңбектер жазып, оларды мемлекет тарапынан қорғауға алу туралы мәселені қозғады. Сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қоры бөлімінде қызмет атқарып, Сайрам қазба орнынан Сүлеймен Бақырғанидың «Хикмет хазірет Сұлтан әл-ғарифин» қолжазбасын табуға көмектескен.Одан бөлек, Қожықовтың «Түркістан уалаяты» басылымында «Жаяу Қоңыр» деген бүркеншек атпен бірнеше мақалалары жарияланып тұрды.

Қоңырқожа Қожықов 1917 жылы 12 орыннан тұратын Түркістан автономиясының уақытша үкіметі құрылғанда, министрлер кеңесінің жауапты хатшысы қызметін атқарды. 1925 жылы Қазақстан Кеңестер съезінде көтерілген ұлттық бірлік, ұлттық мемлекеттілік туралы алаштық идеяны Түркістанда іске асыру үшін ұлт мүддесін ұлықтап, тәуелсіздік идеясын тынбай насихаттаған қайраткерлердің бірі болды. Ол 1926 жылға дейін түрлі кеңестік қызметте болады. Соның кесірінен ұлт-азаттықтың белсенді мүшелеріне қарсы бағытталған қуғын-сүргінге ол да ұшырайды. 1938 жылы «Халық жауы» деген айып тағылып, ату жазасына кесіледі.

Ләтипа Қожықова – сән және қолданбалы өнер шебері, Қазақстан және КСРО Суретшілер одағының мүшесі.

Ләтипа өзінің әкесі Мұңайтпас ашқан «Хан» мектебінде орта білім алған. Осы мектепте мұғалім болып келген жас жігіт Қоңырқожамен танысып, бірнеше жылдан соң бас қосады. Жас келіншек отбасылық жағдайына қарамастан, Ташкенттегі қазақ педогогикалық училищесіне түсіп, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысады. Үйірме мүшелерінің күшімен 1921 жылы «Шығыс кештері» ойын-сауық бағдарламасы аясында қойылған  «Біржан – Сара» спектаклінде Сараның анасының рөлін сомдайды. Қожықованың суретшілік өнері 1925-26 жылдары қазақ драма театрында, 1936-58 жылдары Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында қызметте жүрген кезде ерекше байқалады. Ол 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнеріннің алғашқы онкүндігіне қатысады. Кейін Ләтипа Мұңайтпасқызының мемлекет тапсырысымен тіккен костюмі АҚШ-тың отыз екінші президенті Франклин Рузвельтке кәде ретінде беріледі. Ол киім бүгінде Құрама Штаттардағы Рузвельт музейінде сақтаулы тұр.

Ләтипа Қожықова негізінен театр костюмдерін тігумен айналысқан. Оның қолынан шыққан көптеген киім үлгілері өз заманындағы  театр әртістерінің ажарын ашып, кейіпкерлеріне көрік берген.

Әйгілі режиссер Сұлтанахмет Қожықовтың ата-анасы ғана емес,  бауырлары да өмірін өнерге арнаған шығармашылық адамдары. Оның үлкен ағасы 1910 жылы дүниеге келген Қожахмет Қожықов қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі болды. Ол 1926-1928 жылдар аралығында Кеңестер одағының бас қаласындағы мемлекеттік жоғары көркемөнер техникалық шеберханасында білім алған. Оның халықтың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін «Егін орағы», «Газет оқу», «Алқызыл моншақты келіншек» секілді картиналарының тарихи маңызы зор. Қожахмет Қоңырқожаұлы Қазақ мемлекеттік драма және опера театрлары қойылымдарының тұңғыш суретші-безендірушісі болды. Ол кейін тынымыз қызметінің арқасында КСРО Суретшілер одағының мүшелігіне өтіп, тарихта Қазақстандағы тұңғыш суретші-график, карикатура және плакат жанрының негізін қалаушы ретінде қалды. Ол сондай-ақ Қазақстанда көркемсурет галареясының ашылуына мұрындық болған бірегей тұлға. Ұлттық бейнелеу өнеріне өлшеусіз үлес қосқан көзі ашық қазақты 1938 жылғы репрессия айналып өтпеді. Ол тұтқынға түсіп, 1944 жылы денсаулығына байланысты бостандыққа шықты. Сол жылдан бастап қайтыс болғанға дейін жеті жылдай «Қазақфильм» киностудиясының декораторы қызметін атқарды.

Сұлтанахметтің өзімен есімі қатар аталып, қазақ киносында қоюшы-суретші ретінде атағы шыққан Құлахмет Қожықов болды. Ол өнерлі отбасында 1914 жылы 22 қарашада дүниеге келді.  Құлахмет Ташкент мақта шаруашылығы институтында оқып жүрген кезінде жазушы Ғ.Мүсіреповпен танысып, оның ықпалымен  суретші болуға шешім қабылдайды. Мақта шаруашылығы институтындағы оқуын тастап, Санкт -Петербургке барады да, 1936 жылы Үлкен театр жанындағы көркем студияны бітіреді (мұғалімдері В. М. Ходасевич, А. Г. Тышлер, М. В. Левин). 1936-1938 жылдары Қызыл Армияда қызмет етті. 1938 жылдан Алматыда қазақ драма театрының суретшісі болды; 1938-1941 және 1942-1948 жылдары Орталық Біріккен киностудияның суретшісі болып қызмет атқарды. 1954-1969 жылдары шығармашылық жұмыста, 1970-1986 жылдары Республикалық қолданбалы өнер мұражайының директоры ретінде еңбек етті.

Қожықовтың негізгі шығармалары: М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», И.Л.Ируга «Мстислав Удалой» ,  А.Н.Островскийдің «Не всё коту масленица» (1940), М.Әуезов пен Л.С. Соболевтың «Абай» (1940) және басқа да спектакльдерінің дизайны; фильмдерден – «Алып туралы ән» (1942), «Под звуки домбры» (1943), «Абай әндері» (1945) және басқалары; кітаптардан – Абай, М.Әуезов пен Т.Г.Шевченконың еңбектері, «Ер Тарғын», «Қыз -Жібек» дастандарының және т.б. суретшісі.  Құлахметтің қазақ пейзажына арналған графикалық туындылары да кеңінен танымал: «Ормандағы сына» (1954), «Шырша» (1960), «Үшқоңыр жайлауы» (1969) және т.б. Ол сондай-ақ 1958 жылы «Қазақтардың халықтық қолөнері» ғылыми -көпшілік фильмін түсірді.

Сұлтанахметтің үшінші ағасы Нұрахмет Қожықов та шығармашылықтан кенде азамат емес. Ол қазақтың алғашқы мүсіншілерінің бірі болып, скульптура өнеріне өзіндік үлесін қосты. Ол соғыста жүрген кезінде басынан қатты жарақат алып, сал ауруына ұшыраған. Әйтсе де ол өнерді тастамай, Ұлы Отан соғысы батырларына арналған бірнеше еңбектерді өмірге әкелді. Оның туындылары бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан.

Ал енді тақырыбымызға негізгі арқау болып отырған «Қожықовтар әулетінің» сүт кенжесі Сұлтанахметтің өмір жолы мен шығармашылығына назар аударайық.

Жастайынан авиация саласында қызмет етуді армандаған жеткіншек әкесі «халық жауы»  атанып, атылғандықтан, оқу орнына қабылданбайды. Ол он сегізге келгенде соғыс басталып, 1941-1945 жылдары майданда қызмет етеді. Соғыс аяқталған соң мерзімді баспасөздерге арнап карикатуралар сала бастайды.

1952 жылы ағасы Құлахметтің кеңесімен Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының (ВГИК) режиссерлік бөлімін бітірді. Онда режиссер Лев Кулешов пен А.П. Довженконың тәлімін алады.  Оқуды аяқтаған соң «Қазақфильм» киностудиясында режиссер, 1974 жылдан бастап көркемдік жетекші қызметтерін атқарады.

Қожықов дәуір тынысын нәзік сезінетін және қазақ халқының өмірі мен дәстүрлерін шынайы көрсетуге тырысқан режиссер ретінде тарихта қалды.

Сұлтанахмет Қожықов түсірген фильмдер:

«Ана мен бала» (1955)

Қожықовтың дебюттық фильмінінің сценарийін Сергей Мартьянов (ІІ) пен Владимир Шрейберг режиссердің қатысуымен жазып шықты. Фильмнің операторлық қызметін атқаруға Асхат Ашрапов пен Ескендір Тынышпаев шақырылса, картинаға композициялар жазумен  Садық Мұхамеджанов айналысты. Ал қоюшы-суретшілер Юрий Мингазитдинов пен В.Минков болды.

Қысқатраж кинотуындының сюжеті бойынша, Гриша анасының рұқсатынсыз жасырын түрде тың алаңына аттанады. Жас жігіт туындаған қиындықтарға  мойымастан еңбек етеід де, көп ұзамай бригада жетекшілерінің бірі болады. Гришаның анасы Пелагея Максимовна баласын үйге алып келу үшін тың совхозға келеді. Алайда ол да осында қалып, аналық махаббатпен өзінің баласы секілді басқа да азаматтарға тамақ дайындап берумен айналысады.

«Алма-ата» киностудиясында түсірілген картинаның негізгі кейіпкерлерін Зинаида Воркуль, Валерий Анисимов (ІІ), Григорий Михайлов, Е.Бирюкова, Қасым Жақибаев, Андрей Пунтус, Юрий Белов, Г.Джайлыбеков, Ю.Селов, Мұхтар Бақтыгереев секілді актерлер сомдап шықты.

Фильм тақырыбы елуінші жылдарда өте  өзекті болғанымен, бүкілодақтық прокатқа шыққан жоқ.

«Біз Жетісуданбыз» (1958)

Алматы көркем фильмдер мен кинохроникалардың киностудиясында түсірілген Қожықовтың алғашқы толықметраж фильмі «Біз Жетісуданбыз» деп аталады. Картинаны түсіруге Сұлтанахметпен бірге режиссер Александр Очкин қатысты. Сарбаздар өмірін бейнелейтін фильмнің сценарийін Дмитрий Снегин мен С.Улановский жазды. Ескендір Тынышпаев осы жолы да картинаға оператор ретінде үлес қосты. Режиссердің суретші ағасы Құлахмет Қожықов кинофильмнің көркемдік дизайнымен айналысса,   композитор ретінде  Николай Крюков пен  Сыдық Мұхамеджанов шақырылды.

Кинокартинаның сюжеті революцияға әртүрлі жолмен келген үш сарбаз туралы шағын әңгімелерге негізделген. Жетісуға контрреволюциялық казактардың ағылып келіп жатқан күндері үш дос соғыстан елге оралды: қазақ шаруа Нартай, ұйғыр ұста Әзім және орыс большевик Павел. Казак патрульдерімен қоршалған Верный қаласының жанында, достардың жолдары айрылды.

Туған ауылдың соғыстан қалған қирандылары Нартайдың туған үйге оралар жауып тастады. Анасының өлімі, келіннің жоғалуы, ауыл басшысының езгісі – мұның бәрі Нартайды революциялық күреске қосылуға мәжбүрлейді. Әзім өзінің аштық пен жоқшылық жайлаған, қайыршы балалар  қаптаған  туған мекені Жетісуға жетеді.  Мұнда бір казактың аты Әзімнің бидай алуға ұмтылған баласын теуіп өлтіреді. Бұл қайғылы оқиға Әзімді аш көтерілісшілер тобының көшбасшысы етеді. Үшінші сарбаздың тағдыры да оңай болмады. Павел Зернов өліп бара жатқан ұлының  жанында біраз уақыт болып, көтеріліске кеткен жолдастарына қосылуға асығады. Осылайша үш жауынгердің жолы қарулы көтеріліс кезінде тағы да тоғысты.

Тарихи драманың басты кейіпкерлерін Геннадий Карнович-Валуа, Кененбай Қожабеков, Ахмед Шамиев, Виктор Ахромеев, Мұхтар Бақтыгереев, Алексей Глазырын, Құрманбек Жандарбеков, Нұрмұхан Жантурин, Николай Михайлов, Рахметулла Салменов, Игорь Сретенский секілді актерлер сомдады.

«Егер біздің әрқайсымыз» (1961)

Сұлтан-Ахмет Қожықов 1961 жылы түсірген картинасының сценарийін Асқар Тоқмағамбетовпен бірлесіп жазды. Ол фильмге оператор ретінде Асхат Ашраповты, композитор ретінде әдеттегідей Садық Мұхамеджановты, ал суретшілік қызметке Юрий Вайнштокты шақырды.

Фильм сюжеттік желісі қарт қойшы Серкебай туралы баяндайды. Ол қойдан жылына қос төл алу тәжірбиесін жүзеге асырғысы келеді. Бірақ колхоз төрағасы Айсары бұл бастамаға сенбейді, ол қой көбейген сайын  отарға жайылым мен су жетпей, әуреге түсулері мүмкін екенін алға тартады. Ол бұл жаңашылдықтың орнына қойды етке тапсыруды ұсынады. Өз идеясын жүзеге асырғысы келегн Серкебай  мен оның жақтастары отарын алдына салып Сырдарияны кесіп өтіп, Қызылқұмнан жаңа жайылым табуға аттанады. Онымен бірге бір топ колхозшылар мен қызы Маржан да жолға бірге шыққан. Алайда ұзақ сапар еш нәтиже бермейді: қойшылар мал суаратын құдық таба алмайды. Амалы құрыған Серкебай жетекшілікті Күндебайға тапсырады да, колхозшыларға Сыр бойына қайтып баруларын бұйырады. Ал өзі түнде сол жерде өлу үшін құмға қарай бет алады. Қойлар болса оның соңынан ереді. Әкесін іздеуге кеткен Маржан жолда артезиан ұңғымасын бұрғылап жатқан гидрогеологтарға тап болады. Сол жерде біраз уақыт өткізген Маржан мен геолог Имаштың  арасында  нәзік сезім пайда болады.  Гидрогеологтар Серкебай мен оның отарын тауып алады, ал ұңғымадан су аға бастайды. Сөйтіп шағын көл пайда болады. Көп ұзамай бүкіл мал шаруашылығы жаңа су қоймасына көшеді.

Драманың басты рөлдерін сомдауға Әлібек Ишанов, Ахмед Шамиев, Лидия Ашрапова, Кененбай Қожабеков, Мулюк Суртубаев, Елубай (Елеубай) Өмірзақов, Әбен Мұхамедьяров, Рахия Қойчубаева, Рахметбай Телеубаевтар тартылған.

«Шыңдағы шынарда» / «Айсұлу» (1965)

Сексен алты минутқа созылатын толықметраж фильмнің сценарийін режиссер Қалтай Мұхамеджановпен бірлесе жазды. Түсірілім тобында Қожықовпен ортақ жобаларда еңбек еткен шығармашылық адамдары болды: оператор Асхат Ашрапов, қоюшы-суретші Юда Вайнсток, композитор Эдуард Хагагортян, т.б. Картинаның басты кейіпкерлернің образдарын Сергей Папов, Гүлбахрам Әділова, Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаевтар сомдайды.

Кинофильм тұлғаның адамгершілік қалыптасуы туралы мәселелерді көтереді. Фильм сюжеті бойынша,  қиын күннен кейін үйге қайтып келе жатқан өлкелік комитет хатшысы Карпов адасып қалған отарды байқайды. Ол үсікке шалдыққан шопанды ауруханаға жіберіп, өзі қойларды бағып қалады. Боран күшейіп барады. Карпов пен отарды қар басады. Бірақ оған түрмеден жақында ғана оралған жүргізуші Сағит көмектеседі. Ол Карповты паналауға болатын үңгірге бастайды. Адасқан Ілияс дәрігер де аңызға айналған «Қыз тасының» жанындағы сол үңгірге келеді. Сағит пен Ілияс ұзақ түнді оттың жанында өткізіп жатып, өздерінің Айсұлуға деген махаббаты туралы әңгімелейді. Кезінде Ілияс қызғаныштан қыз туралы айтылған Сағиттің қауесеттеріне сеніп, Айсұлудан бас тартады. Бірақ жалғыз қалған Айсұлу сүйетінін айтып ант-су ішкен Сағиттың әйелі болудан бас тартады. Сосын Сағит Айсұлуды күштеп алып қашпақшы болады. Бойжеткеннің жылағанын естіген Ілияс оған көмекке жүгіреді. Сол жерде Сағит екеуі төбелесіп, ақырында Сағит екі жылға түрмеге түседі... Қазір екеуі осы келеңсіз оқиғаларды еске алып, бойжеткен алдындағы өз кінәларын түсінеді.  Бірі ол туралы лас қауесет таратқаны үшін кінәлі, ал екіншісі сол өсекке сенгені үшін айыпты. Карпов екеуіне өздерінің сезімдерін түсінуге, олардың әрекеттерін сыни бағалауға көмектеседі. Ол оларға осы жартаста өткен махаббат аңызын әңгімелеп береді.

Осы көркем фильм үшін С. Қожықовқа 1966 жылы Ашхабадта өткен Орта Азия мен Қазақстан кинематографистерінің V байқауында режиссерлік сыйлық табысталды.

«Қыз Жібек» (1969, 1970)

Сұлтанахмет Қоңырқожаұлы өзінің ең танымал шоқтығы биік туындысын «Қазақфильм» киностудиясында 1969-1970 жылдары түсірді. 1972 жылы 18 қыркүйекте тұсауы кесілген кинофильм – әйгілі «Қыз-Жібек» лиро-эпостық жырының экрандағы көрінісі. Екі бөлімнен тұратын драманың сценарийін жазушы Ғабит Мүсірепов жазды. Ал картинаны өзінің әсем әуендерімен әрлеген  белгілі композитор Нұрғиса Тілендиев болды.

Фильм сжюеті қазақ халқының алыс өткені – XVI-XVII ғасырлар кезеңінен сыр шертеді.  Ол кез – ұлтаралық соғыстар мен қақтығыстар уақыты. Әр орданың өз ханы бар және олардың әрқайсысы бір-бірінен жоғары болуға барын салады.

Картинада Жағалбайлы-Жетіру руынан шыққан батыл жауынгер Төлеген  мен Шекті-Әлімұлы (Кіші жүз) руынан шыққан сұлу бойжеткен  Жібектің махаббат тарихы баяндалады. Жас болса да ақылды, көреген және тапқыр жігіт Төлеген әкесінің еркіне қарсы келіп, көрші тайпадан Жібекті – Сырлыбай руының басшысының қызын таңдайды. Зұлым күштер жас кейіпкерлердің махаббатына кедергі келтіреді. Ғашықтардың қосылуына феодалдық бұйрықтар мен рулар арасындағы алауыздық мүмкіндік бермейді. Қыз Жібекке ғашық екінші кейіпкер Бекежанның қолынан Төлеген батыр қайтыс болады, ал Жібек Жайықтың жарқын суларына асығады...

Фильмдегі басты образ Қыз Жібек рөлін сол кезде он жеті жастағы Меруерт Өтекешева сомдап шықты. Ол осы картинадағы жұмысын: «Сұлтан ағаның қолына түскеніме мен өзімді өте бақытты санаймын. Ол кісінің бізбен қалай жұмыс істегені әлі күнге дейін көз алдымда. Сұлтан аға маған үлкен мектеп болды. Дайындық кезінде көп сөйлемейді, көзіне қарап-ақ не керек, қалай ойнау керектігін бірден түсінеміз», – деп еске алады.

Одан бөлек фильмге актер ретінде Құман Тастанбеков, Асанәлі Әшімов, Әнуарбек Молдабеков, Кененбай Қожабеков, Гүлфайрус Исмаилова, Фарида Шарипова, Ыдырыс Ноғайбаев, Кәукен Кенжетаев, Сәбира Майқанова секілді қазақ киносының жарқын жұлдыздары қатысты.

Кинкартина қарапайым көрермендердің көңілінен шығып, кино мамандар тарапынан да оң бағаға ие болды. Ол 1972 жылы Тбилисиде өткен халықаралық кинфестивальде ең көркем безендірілген фильмге (Гүлфайруз Исмаилова) арналған диплом мен сыйлықты жеңіп алды. Сондай-ақ режиссер С. Қожықов пен актер К. Қожабековке Қазақ КСР-нің мемлекеттік сыйлығы берілді.

«Біздікілерді біл!»

(1985)Қожықов «Қыз Жібек» фильмінен соң он бес жылдай үзіліс алып, 1985 жылы Қазақтың әйгілі балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы фильм түсірді. Ол бауыры Рүстем Қожықовпен бірлесіп, Қажымұқанның балалық шағын да қамтитын көрнекті сценарий жазып шығады.  Фильмнің операторлары Ескендір Тынышпаев пен Александр Нилов болды. Ал композитор ретінде картинаға Мұрад Қажлаев, суретші ретінде Виктор Леднев үлес қосты.

Кинотуынды сюжеті бойынша да, өмірде де француз күресінің шебері Иван Поддубныйдың жеңістерінен шабыт алады. Фильм атақты балуан өмірінің 1904 жылы Парижге күреске аттанатын кезеңін бейнелейді. Кейін Қажымұқан Франция астанасының үлкен алаңында күрестен бірден екі алтын медальді қанжығасына байлайды.

Фильмдегі тарихи кейіпкер күш атасының образын Әлеухан Бекболатов сомдады. Ол Қажымұқанның тасқын күшін, жеңіске деген ұмтылысы мен халқына деген махаббатын экранда шынайы жеткізе біледі.Одан бөлек картинада Дмитрий Золотухин, Александр Фуфачев, Сослан Андиев, Федор Сухов, Аскольд Макаров, Елена Акифеева, Георгий Мартиросян, Алексей Ванин, Евгений Моргунов, Наиль Юсупов, Наиль Юсупов, Елена Ионова, Александр Панкратов-Чёрный, Гульнара Ералиева, Марат Азимбаев, Б. Дзуцев, Лев Золотухин, Александр Пятков секілді әртістер бой көрсетті.

«Қазақфильмде» түсірілген биографиялық фильм 1985 жылдың желтоқсанында көрермендерге жол тартты.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы