Размер шрифта:

Цветовая схема:

26 тамыз, 2020458

«Супер агенты» фильмінің постері жарияланды

Қалың көпшілікке Беркут есімімен кеңінен танымал болған қазақстандық әнші Айбек Жансейітов желіде жаңа кинотуындысының ресми постерін таныстырды. «Супер агенты» толықметражды комедиясы - оның продюсер ретіндегі алғашқы еңбегі.

Осыған дейін «Логово» триллері мен «Загадай желание» комедияларында режиссер, ал «Өз үйім» телехикаясы мен «Тойхана» комедияларында өзін актер ретінде көрген Беркут енді міне, продюсерлікте де осал емес екендігін көрсетті. Оған оның жуырда түсірілімдері аяқталған «Супер агенты» комедиялық картинасы дәлел болып отыр. Кинотуындының қазақстандық прокатқа нақты қашан шығатыны белгісіз, алайда фильм авторының әлеуметтік желідегі жазбаларына қарағанда, картина жылдың соңғы айында көрермен назарына ұсынылады деп жоспарланып отырған сыңайлы.

Бүкіл отбасыға арналған фильмді түсіруге режиссер Дамир Тастанбеков, қоюшы-оператор Азамат Дулатов, дыбыс режиссері Ерлан Өтепбергенов, костюм бойынша суретші Айжан Қалиевалар атсалысты. «Супер агенты» экшн-комедиясының бас рөлдерінде Серғазы Тоқтарбек, Мейірхан Шерниязов және Айя Садуақасовалар ойнады. Айта кетейік, бұл фильм көпшілікке вайнер ретінде танымал Серғазы Тоқтарбектің үлкен кинода өнер көрсеткен тырнақалды туындысы. Картина түсірілімдері маусым айының басында басталып, биылғы жылдың тамызында аяқталған болатын.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы