Размер шрифта:

Цветовая схема:

07 мамыр, 2020355

«Сыншылар таңдауы – 2020» жүлдесінің жеңімпаздары анықталды

Жыл сайынғы кино саласының үздіктерін анықтайтын Қазақстан Киносыншылар қауымдастығының «Сыншылар таңдауы – 2020» жүлдесінің жеңімпаздары белгілі болды. Ұйымдастырушылар биыл COVID-19 індетіне байланысты жүлдегелерді салтанатты түрде марапаттау кешін онлайн форматта өткізді.

Сонымен, «Сыншылар таңдауы-2020» сыйлығының бірден бес номинациясын режиссер Әділхан Ержановтың «Черный, черный человек» фильмінің түсірім тобы еншіледі. Ақан Сатаев, Эрнар Құрмашев, Серік Әбішев пен Ольга Хлащевалар продюсерлік еткен фильм «Үздік драмалық фильм» номинациясын жеңіп алды.

Қазақстан Киносыншылар қауымдастығының президенті – Гүлнар Әбікееваның ойынша, бұл номинацияда ұсынылған үміткерлерді әлемдегі кез келген кинематография мақтан тұтар еді. Мәселен, «Үздік драмалық фильм» аталымына ұсынылған режиссер Фархат Шәріповтың «Тренинг личностного роста» картинасы, Әділхан Ержановтың «Черный, черный человек» драмасы, режиссер Шарипа Оразбаеваның «Мариям» және Асқар Ұзабаевтың «Қазбат» киноленталарының әрқайсысы өз алдына бір төбе. Фархат Шәріповтың картинасы мәскеулік кинофестивальде былтыр бас жүлдені еншіледі. Бұл - осы шарада жеңіске жеткен тұңғыш қазақстандық кино. Ал, «Черный, черный человек» драмасы үшін режиссер Әділхан Ержанов «Азияның үздік режиссері» атағына ие болса, Шарипа Оразбаева «Мариям» картинасымен Францияда өткен Le cyclo d’or 2020 кинофестивалінде бас жүлдеге ие болды.

«Черный черный человек» картинасының ендігі бір жеңіп алған жүлдесі - «Үздік режиссер» аталымы. Оған Әділхан Ержанов лайық деп танылды. Бұл номинация жеңімпазын жариялаған киносыншы Олег Борецкий де төрт үміткердің (жоғарыда аталған) мықтығын атап өтті.

«Үміткерлерді өз картиналарында драмалық тақырыптар мен әлеуметтік проблемаларды ашық айтуы біріктіреді. Шынымды айтсам, соңғы бес жылда жай ғана талантты емес, көпшілік таныған төрт режиссердің бір арнаға тоғысқанын көрген емеспін», - деді ол.

Сондай-ақ, 2019 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік әйел бейнесі» «Черный, черный человек» фильмінде бас кейіпкердің рөлін сомдаған актриса Динара Бактыбаева жеңіп алса, осы картинадағы ойны үшін актер Данияр Алшынов «Үздік ер адам бейнесі» аталымына ие болды. «Үздік әйел бейнесі» номинациясында Динара Бақтыбаевамен бірге Альмира Тұрсын («Томирис»), Динара Шәріпова («Қыз бен теңіз») және Меруерт Саббусиновалар («Мариям») бақ сынасты.

«Шынымды айтсам, мен жеңемін деп күтпеген едім. Себебі, барлық үміткерлер бұл атауға лайық. Өте бақыттымын. Бірінші кезекте сыншыларға және фильм режиссері Әділхан Ержановқа алғыс айтамын. Өйткені оның режиссерлік жұмысынсыз, менде бұл аталым болмас еді», - деп ағынан жарылды актриса.

Актерлер Дулыға Акмолда («Тренинг личностного роста»), Даурен Серғазин («Қазбат»), Асқар Ильясовтермен («Станция судьбы») бақ таластырған Данияр Алшынов үшін де бүгінгі жеңіс тосыннан болған көрінеді.

«Барлық әріптестерімді қошеметтегім келеді. Дулыға Ақмолдаға ерекше ықылас білдірсем деймін. Біз ол кісімен «Жаным, ты не поверишь» фильмінде жұмыс істедік. Сол жерде таныстық та. Шынымды айтсам, соңына дейін Дулыға Ақмолда жеңеді деп ойладым. Үлкен рахмет! Мен үшін бұл алғашқы актерлік сыйлық. Өзіме әрқашан «жүлде басты емес» деп айтатынмын. Ал, қазір тосынсый болды. Өте қуаныштымын», - деді актер.

Актерге жүлдесін тағайындау мәртебесі бұйырған киносыншы Гүльажар Машрапова жыл сайын кинода есте қалатын кейіпкерлер мен жарқын актерлік жұмыстардың артып келе жатқандығын тілген тиек етіп, жеңімпаз жайында бірер сөз айтты.

«Данияр Алшынов – жанрлық кинодағы жан-жақты актерлік шеберлікке ие тұлға. Ал, биыл үміткерлер қатарына қосқан оның «Черный, черный человек» фильміндегі рөлі, актердің авторлық фильмде де керемет екендігін көрсетті», - деді сыншы.

«Черный, черный человек» фильміне тағы бір жеңіс операторлық жұмысы үшін берілді. «Үздік оператор» болып картинаны таспалаған ресейлік маман Айдар Шәріпов атанды. Айта кетейік, бұл оның қазақстандық кинодағы алғашқы тәжірибесі емес. Осыған дейін ол Әділхан Ержановпен 2018 жылы Канн кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» бағдарламасында көрсетілген «Ласковое безразличие мира» фильмінде бірге еңбек етті.

«Сыйлық үшін рахмет! Бұл мен үшін үлкен абырой. Бүкіл командаға, нақтырақ Динараға, Даниярға, Ермек пен Серікке және Әділхан Ержановқа үйлесімді жұмыс пен сенім білдіргендері үшін алғыс айтамын», - деді «Үздік оператор» аталымын жеңіп алған Айдар Шәріпов.

Фото: moscowfilmfestival.ru

Сыншылар таңдауының «Үздік сценарист» аталымы «Тренинг личностного роста» фильміндегі еңбегі үшін картина сценарисі әрі режиссері Фархат Шәріпов мықты деп танылды.

Осы фильмдегі ойны үшін «Екінші пландағы ер адам бейнесі» аталымын актер Ержан Түсіпов иеленсе, «Екінші пландағы әйел бейнесі» жүлдесін «Композитор» фильмінде өнер көрсеткен кішкентай актриса Ділназ Нұрсейіт жеңіп алды.

«Мен үшін бүгінгі конференцияға қатысу үлкен мәртебе. Мен ары қарай да киноға түсіп, киноиндустриямызды дамытып, адамдарға керемет көңіл күй сыйлайтын боламын», - деді Ділназ.

Сыншылар таңдауы бойынша «Үздік жанрлық фильм» аталымына «Каникулы оффлайн» картинасы лайық деп танылды.

«Біз ары қарай да отбасылық балалар киносын дамытуға тырысамыз. Себебі, жанрлық фильм қызықтылардың бірі деп ойлаймын», - деді картина продюсерлерінің бірі Эрнар Құрмашев.

Биыл «Сыншылар таңдауы» сыйлығына тағы бір аталым - «Үздік дебюттық фильмі» енген болатын. Бұл номинацияға Шарипа Оразбаеваның «Мариям», Виктория Якубовтың «Олма Джон», Елжас Рақымның «Еркін»/ «Свободный» картинасы мен Әлішер Утевтің «Брат или брак – 2» фильмі үміткер атанған. Олардың арасынан суырылып, үздік деп танылған Ш.Оразбаеваның «Мариям» картинасы болды.

«Осындай номинация ұсынылып жатқанына қуаныштымын. Бұл мен үшін маңызды кино. Өйткені осы уақытқа дейін қысқаметражды фильмдер түсіргенмін. Бұл фильм алғашқы толықметражды фильм болғандықтан, мен үшін өте ыстық. Карантинге қарамай, осындай жүлделер таратып жатқан Сіздерге үлкен рахмет», - деді картина режиссері Шарипа Оразбаева.

Бұдан бөлек, «Үздік композитор» аталымында «Тренинг личностного роста» фильміндегі музыкалық композициясы үшін Илья Одегов жеңімпаз атанса, «Каникулы Оффлайн» картинасында ән айтқан танымал әнші Данэлия Төлешова «Үздік ән» номинациясын жеңіп алды.

Ал, «Үздік қоюшы-суретші» аталымы – «Томирис» картинасында еңбек еткен Қуат Тлеубаевке бұйырды.

«Сыншылар таңдауы» мүсіндері әр жеңімпазға арнайы жеткізіліп, жеке табысталатын болады.

Айта кетейік, өз жұмысын 2015 жылы бастаған Қазақстан Киносыншылар қауымдастығы жыл сайын отандық кино саласындағы үздіктерді анықтап, «Сыншылар таңдауы» жүлдесін табыстайды. Биыл қауымдастық жаңа мамандармен толықты. Қазірде оған 16 адам мүше болып отыр.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Қазақстан Киносыншылар қауымдастығы ұсынды

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы