Размер шрифта:

Цветовая схема:

30 сәуір, 2020505

«Сыншылар таңдауы-2020» жүлдесінінің үміткерлері белгілі болды

Қазақстан киносыншылар қауымдастығы «Сыншылар таңдауы-2020» жүлдесінінің үміткерлерін жариялады. Шара 13 аталым бойынша өткізіледі: «Үздік драмалық фильм», «Үздік жанрлық фильм», «Үздік режиссер», «Үздік сценарий», «Үздік қоюшы-оператор», «Үздік қоюшы-суретші», «Үздік ер адам бейнесі», «Үздік әйел бейнесі», «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі», «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі», «Үздік композитор», «Үздік ән», «Үздік дебют».

Сонымен, «Үздік драмалық фильм» аталымына продюсерлер Е.Ахметов пен Ю.Кимнің «Тренинг личностного роста» картинасы, А. Сатаев, Э.Құрмашев, С.Әбішев және О.Хлащеваның «Қап-қара адам» драмасы, продюсер А.Качконың «Мариям» фильмі мен Д.Ибрагимовтың «Қазбат» киноленталары үміткер болып отыр.

Фильмдердің қысқаша мазмұндарын еске салып өтейік.

Режиссер Фархат Шәріптің «Тренинг личностного роста» картинасы орта жас дағдарысын өткеріп жүрген Қанат есімді қарапайым банк қызметкері жайында сыр шертеді. 40 жасқа таяған ол армандарынан қол үзіп, өмірдің мәнін жоғалтады. Алайда, Даник есімді табысты жігітті кездестірген соң барлығы өзгереді.

Режиссер Әділхан Ержановтың нуар жанрындағы биылғы жылдың ақпан айында барлық экрандарға жол тартқан «Қап-қара адам» фильмі болса, ауылдағы Бекзат есімді тергеуші жайында. Ол белгісіз жағдайда қайтыс болған баланың өліміне қатысты істі тезірек жаппақ болады. Себебі жергілікті полиция, «жауапты» адамды тауып қойды. Алайда қаладан келген журналисттің араласуынан кейін жағдай өзгереді.

«Мариям» фильмі - режиссер Шарипа Оразбаеваның туындысы. Картина шынайы оқиға негізінде түсірілген. Бұл айдалада төрт баласымен жалғыз қалған Мариям есімді ананың хикаясы. Күйеуі жоғалып кеткеннен бері басына түскен іспен жалғыз болып күресуінен басқа амалы қалмайды. Алайда тағдырдың салған ауыр салмағы оған өзін жақсы тануына көмектеседі.

Режиссер Асқар Ұзабаевтың «Қазбат» фильмі де шынайы оқиғаға негізделген. Сюжет желісінде ТМД елдерінің сыртқы шекарасын күзету кезінде тәжік-ауған шекарасында 1995 жылы қайтыс болған 17 қазақстандық жауынгердің ерліктерін баяндайды.

Ал, Н.Қоянбаевтың «Бизнес по-казахски в Корее» комедиясы, Э.Құрмашев пен С.Әбішевтің «Каникулы OFF-LINE» фильмі, Т.Канафиннің «Айналар» және Н.Адамбайдың «Әкім» картиналары «Сыншылар таңдауы-2020» сыйлығының «Үздік жанрлық фильм» аталымынан үмітті.

«Бизнес по-казахски в Корее» комедиясы Жомарт Қанатұлы есімді бизнесменнің қонақ үйінде орын алған оқиға жайынан бастау алады. Мұнда халықаралық компанияның конференциясы өткізілуі тиіс-тін. Онда жаңа техниканың тұсаукесері өткізілмекші. Осы себепті кәсіпкер қонақ үшін түрлі техникамен жабдықтай бастайды. Осы кезде Бақдәулет есімді швейцар қонақ үй клиентінің өте қымбат құрылғысын байқаусызда шағып алады. Оның жөндеу жұмыстары тек Корей елінің астанасында ғана жүзеге асырылады екен. Осылайша кейіпкерлер кәріс халқының еліне аттанады.

«Каникулы OFF-LINE» картинасы ауылда лагерь ашып, қала балаларын ұлттық салт-дәстүрге баулитын жас жігіттердің сәтті бастамасы жайында баяндаса, «Айналар» фильмі төрт жігіт пен бойжеткен қыздың өмірінде болған оқиғадан сыр шертеді. Ал, Н.Адамбайдың «Әкім» комедиясы мансап қуған қалалық бай баласының ауыл әкімі болып тағайындалғандағы тіршілігін суреттейді. Бастапқыда менсінбеушілікпен қараған ол, ақыры ауылды көркейтуге барын салады.

«Үздік режиссер» номинациясына «Қап-қара адам» картинасы үшін Әділхан Ержанов, «Тренинг личностного роста» фильмі үшін Фархат Шәріпов, «Мариям» драмасы үшін Шәрипа Оразбаева мен «Қазбат» туындысы үшін Асқар Ұзабаевтер үміткер атанып отыр.

Аталған картиналарға жазылған сценарийлері үшін Әділхан Ержанов, Фархат Шәріпов, Шәрипа Оразбаева және «Еркін»/ «Свободный» фильмі үшін Елжас Рахимдер «Үздік сценарий» номинациясында бақ сынамақ.

«Үздік қоюшы-оператор» аталымында «Олма Джон» картинасындағы жұмысы үшін Ескендір Нарымбетов, «Қап-қара адам»-дағы еңбегі үшін Айдар Шәріпов, «Қазбат»-тағы жұмысы үшін Максим Задарновский және «Тренинг личностного роста» картинасындағы операторлығы үшін Александр Плотниковтар бақ таластырады.

Биылғы шарада жоғарыда аталған картиналармен бірге «Томирис», «Тағдыр бекеті», «Балуан Шолақ» сияқты фильмдердің шығуына ат салысқан жандар сыйлықтың бірнеше аталымында үміткерлер қатарына енген. Осылайша:

«Үздік қоюшы-суретші» номинациясына: Ермек Өтегенов («Қап-қара адам»), Өмірзак Шманов («Жаксылык»), Куат Тілеубаев («Томирис»), Александра Аронова («Олма Джон»)

«Үздік ер адам бейнесі» номинациясына: Данияр Алшынов («Қап-қара адам»), Дулыға Акмолда («Тұлғалық өсу тренингі»), Даурен Серғазин («Қазбат»), Асқар Ильясов («Тағдыр бекеті»)

«Үздік әйел бейнесі» номинациясына: Меруерт Саббусинова («Мариям»), Әлмира Тұрсын («Томирис»), Динара Бақтыбаева («Қап-қара адам»), Динара Шәріпова («Қыз бен теңіз»)

«Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» аталымына: Ержан Түсіпов («Тұлғалық өсу тренингі»), Мантас Валантеус («Еркін» / «Свободный»), Теоман Хос («Қап-қара адам»), Серікболсын Қайыржанов («Айналар»)

«Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» аталымына: Айжан Лайджи («Томирис»), Гүлназ Жоланова («Әкім»), Дильназ Нұрсейіт («Композитор»), Индира Шынболатқызылар («Қазбат») үміткер атанып, қазақстандық киносыншыларының қатаң сынынан өтеді.

Сондай-ақ, «Үздік композитор» аталымы үшін Ғалымжан Молданазар («Қап-қара адам»), Илья Одегов\ Эмиль Досов («Тұлғалық өсу тренингі»), Әлім Заиров\Ренат Ғайсин («Томирис»), Ғалымжан Секеевтер бақ сынаса, («Балуан Шолақ») «Үздік ән» атағы үшін «ҚАЗБАТ» фильмінде «Жүрегіңнен бір орын бер» әнін орындаған Айқын Төлепберген, Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, – «Каникулы Off-line» картинасында аттас әні үшін Данэлия Төлешова мен AlvinToday, сондай-ақ, осы фильмде орындалған «Алғашқы махаббат» әні үшін Мағжан Хамит мен Зарина Нұржанова және «Айналар» фильміндегі «Жұлдызым» әні үшін Қайрат Нұртас бақ сынайды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Киносыншылар қауымдастығы биыл «Үздік дебют» атты тағы бір номинация ұсынды. Оған Шәрипа Оразбаева («Мариям»), Виктория Якубов («Олма Джон»), Елжас Рақым («Еркін» / «Свободный»), Әлішер Утев («Ағасы бардың...» – 2) үміткер атанып отыр.

Жыл сайын кино саласының үздіктерін анықтайтын Қазақстан Киносыншылар қауымдастығының «Сыншылар таңдауы-2020» жүлдесінің аталымдарына ие болғандар мамырдың 6-сы күні анықталатын болады. Бірақ, өкінішке қарай, ұйымдастырушылар коронавирус пандемиясына байланысты жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімін өткізбейді. Дегенмен, «Сыншылар таңдауы-2020» жүлдесінің мүсіндерін жүлдегерлерге арнайы жеткізіп, табыстайтын болады.

Қазақстан Киносыншылар қауымдастығының жыл сайын отандық кино саласындағы үздіктерді анықтайтын ауқымды шарасы 2015 жылдан бері өткізіліп келеді.

Айта кетейік, биыл қауымдастық жаңа мүшелермен толықты. Олар: Өнертану докторы Молдияр Ергебеков, кинотанушы, киносыншы Дана Әмірбекова және кинотанушы, Baiqonyr International Short Film Festival кинофестивалінің бағдарламалық директоры Ержан Жұмабековтер. Қазақстан Киносыншылар қауымдастығының мүшелігінде қазір 16 кәсіби білікт маман бар. Олар - Қазақстан Киносыншылар қауымдастығының президенті Гүлнара Әбікеева, Олег Борецкий, Төлеген Байтөкенов, Кәрим Қадырбаев, Баубек Нөгербек, Назира Мұкышева, Гульажар Машрапова, Ғалия Байжанова, Дмитрий Мостовой, Инна Смаилова, Ольга Малышева, Мади Мамбетов және Александра Поршнева сияқты отандық белгілі кинотанушылар мен кинозерттеушілер сияқты маман иелері.


 

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Қазақстан Киносыншылар қауымдастығы ұсынды

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы