Размер шрифта:

Цветовая схема:

27 сәуір, 2020434

«Тағдыр» атты бекеттегі тағдырлы хикая туралы пікір

Бүгін біз аты шулы, бірақ әдемі махаббат жайында түсірілген «Тағдыр бекеті», яғни «Станция судьбы» фильмін көргеннен алған әсеріміз туралы бөліспекпіз. Иә, картина өткен жылдың басында шықса да, оны тамашалаудың орайы осы күнге түсті. Карантин кезінде телеарналардың ұсынған бағдарламаларының арқасында қазақстандық өнімге бет бұрдық. Заманауи картинамен танысқан соң, бұл туындының бастапқы хикаясына да көңіл бөлгенді жөн санадық. Сонымен бастайық.

«Станция судьбы» - бұл продюсер Баян Алагөзованың туындысы. Мелодрама 1993 жылы шыққан «Махаббат бекеті» фильмінің сиквелы делінбесе де, соған татиды. Тек бір айырмашылығы – фильмдегі Жеңіс атты кейіпкер Жанға айналды, ал ескі фильмдегі Гүлназ енді қыздың емес, ұлдың анасы. Дегенмен, фильмде оның жұбайы «немерелеріміз де бар» деп мақтанады. Ұланның үйленбегенін ескерсек, «Махаббат бекетінде» түскен кішкентай қыз ана атанды деген ойға келдік. Ойымызға ілесе алмай кеттіңіз бе? Қазір бәрін рет-ретімен айтамыз.

90-шы жылдардың басында түсірілген Талғат Теменовтың «Махаббат бекеті» «махаббат үшбұрышы» жайынан сыр шертеді. Гүлназ есімді қыз дәл осы аттас стансада тұрып жатқан туыстарына соңғы сыныбын аяқтауға келеді. Мұнда оған екі сыныптасы – атасымен тұрып жатқан жетім - Орал мен барлының баласы Жеңіс атты жігіттер ғашық болады. Оралды таңдаған бойжеткен тағдыр тәлкегінен дейік пе, әлде кей жандардың «қосқан үлесінен» бе, ақыры Жеңіске тұрмысқа шығады. Алайда, фильм соңында екеуі (ғашықтар Гүлназ бен Орал) танысқан бекетте қайта жүздеседі: Гүлназ күйеуін тастап, қызын жетектесе, Орал үміт арқалаумен болады.

«Қазақфильм» киностудиясының өнімі бүгінде он жұлдызшаның сегізіне ие. Рейтингін айтамыз. Алайда, бұл көрсеткіш «Тағдыр бекетінің» шығуынан кейін шарықтауы әбден мүмкін. Дегенмен, фильмдегі оқиға желісі жаман емес, тек картинаның «картинкасына» қарап, 93-ші жылы емес, 70-шы жылдары түсірілген бе деп қаласың.

Енді «Тағдыр бекетіне» келсек. Фильм жас әрі сымбатты тентек Ұлан есімді жігіт пен Гүлназ есімді бойжеткеннің поездегі таныстығынан басталады. Қыз белгісіз қалаға әкесіне бара жатса, жігіт полицейлерден қашып, дәл соның купесіне келіп жасырынады. Таныстықтары осылай басталады. Түсіндіңіз, иә?

Қуанышқа орай, купеде жаз кезінде қыз жалғыз саяхаттайды. Иә, жаз маусымында. Жалғыз! Қызық екен! Жә, оны қойшы! Мүмкін тұтас купені өзі жалдаған болар.

Содан полицейлерден қашқан жігіт жақындағы стансадан түсуі тиіс-тін. Алайда, олай болса, фильм басталмай жатып, бітіп қалмай ма?! Жігіт пойызға мінген бұзақылардан қызды құтқарып, көңілін жаулайды. Сөйтіп, бірін-бірі ұнатып қалған жастар Ұлан келесі бекеттен түседі деп шешеді-мыс. (Бірақ кейін де жігіт белгісіз бағытта сапарын жалғастырады) Қызықтың бәрі кешке басталады. Қыз бен жігіт пойыз мейрамханасында көңіл көтеріп, жігіт гитара алып, қызға өлең арнайды. Мейрамхананың ішінде ду-қол шапалақ, көтеріңкі көңіл-күй ауаны орнайды. Иә, шетелдік фильмдердегідей. Романтика!

Содан келесі күні жастар «Тағдыр» деп аталатын станцияға кеп тоқтайды. Сюжеттің түп негізі осы жерден бастау алады. Жаңағы бұзақылар Ұланды осы бекетте күтеді. Кездесудің ақыры төбелеспен аяқталып, тараптар полиция учаскесінен бірақ шығарады. Осы кезде оларды шығармаққа Ұланның ата-анасы – Гүлназ бен Жан, ал қыз тарапынан әкесі – Орал келеді. Сөйтіп, кездесудің нәтижесінде үлкендердің бірін-бірі танитындықтары анықталады (оларды сол 93-ші жылдың картинасындағы кейіпкерлер - Баян Алагөзова, сол кездегі Мұхитденова, Бопеш Жандаев пен Кубанычбек Адыловтар сомдайды). Содан 25 жылдан соң қауышқан жандар өткен күнді еске алып, Оралдың қызының атын алғашқы махаббатының есімімен атағаны белгілі болғаннан кейін, жағдай шиеленісе түседі. Қыз мән-жайды түсінген соң, қашып, пойызға мініп кетеді. Тентек болған жігіт қызға көңілі ауған соң, артынан ілесе жөнеледі.

Сөйтіп, қыз бен жігіт осы бір түннің ішінде бірінің-біріне деген махаббаттары ашыла түседі, алайда, әкесінің анасына қиянат жасады деп есептеген қыз бұл махаббат хикаясының жалғасы болмайтынын жариялайды.

Ақыры әркім өз жөнімен кете береді. Ұлан ата-анасымен көлікке мініп, үйіне қайтса, қыз «Тағдыр» бекетінде қалады. Алайда, мелодрама болғасын, оқиға хэппи-эндпен аяқталмасы бар ма?! Олардың ажырасуына себепкер болған әкелік тараптар, соңғы минутта жастарға жігер беріп, ғашықтардың қосылуларына демеу болады.

Тағы сынады демеңіздер, тек әкелердің жастарды қосу туралы шешімге келгенге дейін олардың ара қашықтығы бірталай шақырымға жетеді. Дегенмен, махаббатта шектеу болмайды демей ме?! Кеше ғана қызының қайда кеткенін алаңдаған әкесі, бүгін айдалаға ғашығына қосылу үшін жалғыз жіберді. Міне, қызық! Маххаббат хикаясы болған соң, көркемдік қиялсыз болмай қоймайды, әрине.

Үлкендер жағын ашып айтпадық қой. Тағдыр бекетінде Орал мен Гүлназ (Баян Алагөзова) алғаш кездескен сәттен бір-біріне ыстық сезімдері өшпегенге ұқсайды. Ал, Жан Оралдың қызының есімін естіген соң, иронияға салатын тұсы Гүлназ екеуі бақытсыз өмір сүрді деген ойға жетелейді. Осыған қарағанда, «Махаббат үшбұрышының» хикаясы әлі аяқталмаған ба деп пайымдадық. Алайда, Баянның кейіпкерінің жұбайы фильм соңында «Енді не істейміз?» деген сұрағына «Үйге қайттық» дейтін жауабы оқиғаға соңғы нүктесін қойғандай. Қалай болғанда да, екі түрлі ойда қалдық. Жалғасы болып жатса, кейін естіп жатармыз.

Осылайша, комедиямен басталған туындының соңы осылай аяқталады. Қалай? Оны әркім өзі шешсін.

Енді актерлерге тоқталсақ. Фильмде шындыққа жанаспайтын кей тұстар бар болса да, актерлердің ойындарына айтар мін жоқ. Әсіресе, бас рөлдердегі жас актерлер - Асқар Ілиясовтың харизмасы мен динамикасы, ерекше сұлулық иесі Әйгерім Мақсұтованың жарқын эмоциялары фильмге реңк берді. Айтпақшы, екеуі де ескі картинаның бас кейіпкерлеріне ұқсас етіп таңдалған. Бұл фильмде екеуі тандем тапты десек, артық емес. Фильмде жастардың сүйісетін тұсы да бар. Иә, бұл қазақстандық кинода бұрын болмаған құбылыс, алайда одан қартина пасық болып кетпеді, керісінше ерекшелік енгізген сияқты.

Фильм - қарапайым хикая. Мүмкін солай болғаны да жақсы. Күрделендіруден не пайда? Есесіне - көрермендердің қабылдауына жеңіл.

Бұл фильмнің «картинкасына» келер болсақ - әдемі әрі сапалы. Табиғат көріністері де, пойыздың жүйіткуі де, фон да жақсы таңдалған.

Тағы бір жәйт, «Махаббат бекетінің» де «Тағдыр бекетінің» де хронометражы ұзақ емес. Тіпті, бірдей. Біріншісі – 1 сағат 16 минут болса, екіншісі – 1 сағат 14 минут. Көрермен де жалықпайды.

Музыкалық әрлеуді ұмытып барамыз ғой. Заманауи қазақстандық орындаушылардың әндері фильмдегі сәттермен жақсы үйлесім тапқан.

Айта кетейік, фильмге Ернұр Нұрғалиев режиссерлік етті. Ол продюсермен «Сисистай» картинасында да жұмыс істеген болатын.

Фильмге «жақсы» деген баға береміз-ау, шамасы. Қалай болғанмен де, шетелдік кинолардың желісіне ұқсас келеді. Қазақстандық кинолардан өзгеше демекпіз. Сондықтан романтикаға жақын болсаңыз, фильмді көруге кеңес береміз.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  кадрдан алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы