Размер шрифта:

Цветовая схема:

19 қаңтар, 2021243

«Тақиялы періште» жұлдызы Әлімғазы Райымбеков қайтыс болды

Халыққа Тайлақ рөлімен белгілі болған кеңес актері Әлімғазы Райымбеков бүгін дүниеден озды. Ол 85 жасына келген шағында коронавирустың әсерінен көз жұмған көрінеді. Бұл туралы актердің қызы Сурия Раинбекова мәлім етті.

Қазақ киносының асыл қазынасына айналған «Тақиялы періште» фильмі көпке жаңа таланттарды паш еткен еді. Олардың қатарында Тайлақ рөлімен ел есінде қалған марқұм Әлімғазы Райымбеков те болды. Өмірде кәсіби актерлік білім алмаған қарапайым көлік жүргізумен айналысатын актер кино әлеміне қалай келді?

Әлімғазы Райымбеков 1936 жылы желтоқсанның бірі күні Алматы облысында дүниеге келген. Өнерге спорт арқылы қадам басқан Әлімғазы Райымбеков қазақ күресінің чемпионы болған. Қазақ батыры атанған Әлімғазыға Қажымұқанның рөлін сомдауға ұсыныс түседі. Кино авторларының көңілінен бірден шыққан Әлімғазы батыр бірден осы рөлге бекітілген көрінеді. 1965 жылы «Ән қанаты» деп аталатын кинофильмде Қапаның рөлін сомдаған Әлімғазы Райымбековты Шәкен Айманов байқап қалады. Содан кейін «Тақиялы періште» фильміне түсуге ұсыныс білдірген көрінеді. Тарихқа үңілер болсақ, әр көрерменнің жүрегінен ерекше орын алып, мәңгі сақталып қалған тамаша шығарма дәл осы Әлімғазы Райымбековқа, Әмина Өмірзақоваларға арналып жазылғандай.

Жұлдызын жаққан «Тақиялы періштеден» кейін Әлімғазы Райымбеков «Көгілдір такси», «Қан мен тер» және «Егер сіз он екі жасқа болғанда» және тағы да басқа кинофильмдерден бой көрсеткен.

«Қан мен тер»

1978 жылы Қазақфильм кинокомпаниясы «Қан мен тер» атты тарихи кинофильм түсірген еді. Картина  Қазақстанның өткен тарихы  туралы баяндайды. 1917 жылдан 1922 жыл аралықтарындағы дара өлкеміздің тарихи маңызды оқиғалары мен ауыр кезеңдері көрсетіледі.

Арал теңізінің жағасында азаматтық соғыстан туындаған қатаң қарама-қайшылықтар орын алса да, жергілікті тұрғындардың: балықшылар, көшпелілер мен малшылардың күнделікті өмірі жалғасуда. Бұл жағдайлардың басы-қасында жүрген үш адам бар, олар  — Еламан, наразы халықтың көсемі, жергілікті жер иесі Тәңірберген және қарапайым Ақбала есімді бойжеткен.

Фильмге қазақтың дара  жазушысы Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің үш томдық «Қан мен тер» атты шығармасы негіз болған еді. Шығарманы толықтай көрсету үшін жоба авторларының шешімі бойынша, картина екі бөлікке бөлінген. Кинофильмнің тұсауы кесілгеннен скейін араға бір жыл салып Мәскеуде ұйымдастырылған халық шаруашылығының жетістіктері көрмесінде отандық картина көптің назарына ұсынылды. Ал Түркіменстанда фильм 12 Бүкілодақтық кинофестивальде жылдың үздік тарихи-революциялық лентасы атағына ие болды.

Әлімғазы Райымбеков қазақ өнеріне үлкен үлес қосты. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» атағымен марапатталып, біршама құрмет грамоталары табысталған.

Актер 10 баладан 22 немере мен 20 шөбере көрген.

«Тақиялы періште» қашанда қазақ кино өнерінің алтын мұрасы болып қала бермек. Ал бұл фильмнің актерлері өнеріміздің сөнбес жұлдыздарына айналып қалары сөзсіз.

 

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы