Размер шрифта:

Цветовая схема:

23 шілде, 2021210

Тарихи тұлғалардың өмір жолын бейнелейтін телехикаялар

Бүгінде елімізде мемлекеттің саясатымен тарихи тұлғалардың көркем образы жасалып, экран беттерінен көрерменге жол тартып жүр. Жалпы ондай фильмдердің басты мақсаты - образдағы тұлғаны жұртшылыққа таныстыру, оның игі істерінен жастарға үлгі-өнеге көрсету. Бүгін назарларыңызға еліміздің бірегей тұлғалары туралы түсірілген отандық телехикаялар топтамасын ұсынамыз. 

 «Күләш» (2013)

Бес бөлімнен тұратын тарихи картина телекөрермендерге 2013 жылы 23 желтоқсаннан бастап «Хабар» арнасында жол тартты. Бұл телехикая арнаның «Shine Production» компаниясымен бірлесіп жасаған ең ауқымды жобаларының бірі болды. Түсірілім жұмыстары Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында, он сегізінші ғасырларда салынған ғимараттар жақсы сақталған жерлерде өтті. Өйткені бұл қала телеөнім авторларының айтуынша, жиырмасыншы ғасырдың 20-30 жылдарының атмосферасын барынша бере алады. Сондай-ақ кей эпизодтар Мәскеу қаласында да түсірілді. Алайда картинадағы оқиғалар мен әрекеттер Алматы қаласында орын алады. Телетуындының режиссері – Жасұлан Пошанов, продюсері – Баян Есентаева, ал сценарийдің авторы Тимур Жақсылықов болды. Хикаяның тартымды және сенімді шығуына зор үлесін қосқан костюм жөніндегі суретші деп айтуға болады. Өйткені өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ халқының образын нанымды көрсету үшін Гаухар Әбутәліп 30 түрлі киім үлгісін ойлап тапқан.

Биографиялық драма аңызға айналған қазақтың опера әншісі Күләш Байсейітованың (1912-1957) өмір және шығармашылық жолы туралы баяндайды. Оны Иосиф Сталин бір кездері әншінің дауысына қатты сүйсінгенін хабарлау үшін өзіне арнайы шақырған. Фильм кейіпкердің қиын тағдырын көрсетеді: әріптестерінің көреалмаушылығы, отбасылық қиындықтар, т.б. Алайда, ештеңеге қарамай, Күләш халықтың ықыласына бөленіп, 24 жасында КСРО-ның халық әртісі атанды.

Фильм сюжеті бойынша, 17 жастағы Гүлбахрам (Күләш Байсейітова) Алматы педагогикалық колледжінде оқиды. Студент өте белсенді және барлық музыкалық қойылымдарға қатысады, өзі өте еңбекқор. Оның ең жақсы досы – әпкесі Райхан. Ол басқа студенттерді өзінің сұлу  келбетімен, таңғажайып харизмасымен және әдемі дауысымен таңғалдырады. Картинада әншінің адам сенгісіз жетістік жолына куә боламыз. Біз Күләштің басты рөлдерге қалай ие болғанын, оның Қанабек Байсейітовпен кездесіп, оның қалай әйелі болғанын, қандай қиындықтарға төзгенін көреміз.

Қырық минуттық 5 эпизодтан тұратын фильм көрермендерге қандай жағдай болса да алға ұмтылып, әрдайым жаңа биіктерге талпыну керектігін айтады. Басты кейіпкердің рөлін театр актрисасы Әйгерім Уәлжанова сомдайды. Ол өзінің образымен өте ұқсас екенін айтады. Ал басқа да кейіпкерлерді Медғат Өміралиев, Райхан Айтхожанова, Толқын Нұрбекова, Әсет Есжан секілді актерлер өз деңгейінде ойнап шықты.

 «Бауыржан Момышұлы» (2013)

Sataifilm, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» және  «Хабар» агенттігі АҚ бірлесіп қолға алған төрт эпизодты  телехикая 2013 жылы қалың көрерменге жол тартты.

Түсірілім аздаған бөлігі Минск қаласындағы «Беларусфильмде» өтті. Тарихи көріністі қалпына келтіру Талғар мектебінде жүргізілді, түсірілімнің басым бөлігі сол аймақта өтті.  Көрермендер бұл телетуындыдан  Кеңес Одағының Батыры, даңқты жауынгер, жазушы  Бауыржан Момышұлының (1910-1982) өмірі туралы білетін болады.

Тарихи фильмнің оқиғасы  1941 жылыдың шілдесінен басталады. Сол кезде аға лейтенант Бауыржан Момышұлы әскери комиссариатта қызмет етіп, белсенді армия қатарына қосылуды сұранып жүреді. Осы уақытта генерал-майор Панфилов өзінің аңызға айналған болашақ дивизиясын құру үшін Алматыға келеді. Осында Бауыржанмен танысып, оны жақсы білген Панфилов Бауыржанға батальондардың бірін сеніп тапсырады, көп ұзамай сол дивизия майданға аттанады.

Биографиялық картинаның сценарийін орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколамское тас жолы» («Волоколамское шоссе») повесінің желісі бойынша Тимур Жақсылықов жазып шыққан. Ал режиссері – Ақан Сатаев, операторы – Хасанбек Қыдырәлиев болды. Фильмнің әсем әуендерін танымал композитор Ренат Гайсин жазды.

Әр эпизоды 40 минуттан тұратын телехикаяның басты рөлін осы образымен кино саласында дебют жасаған Еркебұлан Дайыров сомдады. Ол өзінің кейіпкері және фильм туралы:  «Бауыржан аға – аңызға айналған тұлға, оны ойнау оңай емес. Ол нағыз қаһарман, талантты қолбасшы ғана емес, сонымен қатар сан қырлы тұлға болды. Кей кезде ол қатал және тіпті қатыгез де болды, бірақ басқаша мүмкін емес. Әскери істерге, әсіресе өмірінде қолына мылтық ұстап көрмеген адамдарды қалай оқыту керек? Әскердегі тәртіп темірдей болуы керек. Бірақ дұрыс жағдайда ол әзіл-қалжыңды білетін, тілге өте өткір болатын, фильмнен көресіз батырдың осы қырларын да тамашалай аласыз»,  – деген болатын.

Сонымен қатар телехикаяда Әсел Сағатова, Виктор Ашанин, Мақсат Сәбитов, Виталий Багрянцев, Саят Исембаев, Мерей Маханов секілді актерлар да бой көрсетті.

«Құстар әні» (2015)

Әр эпизоды 52 минуттан тұратын телехикая  2015 жылы  Рашид Сүлейменовтің  режиссерлігімен әрі сценарийімен «Хабар» телеарнасында  жарыққа шықты.  20 ғасырдың картинасын камерадан  тамаша көрсете білген оператор Дмитрий Коробкин болса, сол өткен ғасырдың атмосферасын жасай білген қоюшы-суретші Лариса Решетова болды. Ал фильмнің композиторы – Ренат Әубәкіров, продюсері – Ильхам Джалилов болды.

Биографиялық картина белгілі қазақстандық композитор және дирижер Нұрғиса Тілендиевтің (1925-1998) шығармашылығы туралы баяндайды. Ол сондай-ақ мұғалім және талантты домбырашы ретінде танымал. Қазақстанның Халық Қаһарманы музыкаға ерте балалық шағынан бастап аса қызығушылық танытқан және ол таңқаларлықтай жетістіктерге ерте қол жеткізді. Әкесінің арқасында ол домбыраны жетік меңгеріп, 12 жасында музыкалық мектепте концентмейстер болды. 14 жасынан бастап дирижер болып жұмыс істеп, музыка мен оның тарихын зерттеді, ән жазды. Ол әрдайым музыкаға байыпты қарады, ал әскерден келгеннен кейін музыкалық консерваторияны аяқтады.

«Құстар әні» хикаясының сюжеті 1961 жылы Нұрғиса Құрманғазы оркестрінің дирижері болып тағайындалған кезінен басталады. Бекітілгеніне қарамастан, атақты композитор өз міндетіне күмәнмен қарады. «Оркестр» деп әлдеқандай қылып жүрген нәрселерін көріп, басты кейіпкер ашуланады. Бұл ұжымда қажетті аспаптар да, талантты музыканттар да, музыка ыждағаттылық та болмайды. Ол алдымен бұл қызметпен айналысудан бас тартуды ойлайды, бірақ кейін дайындыққа қатысып, жағдайды тереңірек білуге тырысады.

Тілендиев сол кезден оркестр құруға бел буып, бірнеше жылдан кейін керемет ұжым құрды.  Музыканттарды жинап, оларды қайта даярлап, ең бастысы, оларды музыкаға әуестендіруі керек еді. Көпшілікке композитор ашулы және қатал болып көрінеді, бірақ көп ұзамай музыканттар оның өзін неге осылай ұстағанын түсінеді. Аталған телетуындының арқасында көрермен аңызға айналған композитордың өмірбаянынан фактілерді ғана емес, оның табиғаты мен мінезі туралы да көп нәрседен хабардар болады. Нұрғиса Тілендиев қазақ музыкасының аңызына, ал оның шығармалары классикаға айналды.

Басты кейіпкердің образын Қазақстанның Халық әртісі Ергенбай Әбуев сомдайды. Сонымен қатар басқа да образдарды ойнауға Гүлназ Жоланова, Санжар Мәди, Меруерт Түсіпбаева, Бақытжан Әлпейісов, Михаил Токарев, Махаббат Сарқытбаева, Камалия Байтулеуова секілді актерлер шақырылған.

«Ән-аға» (2017)

Шәмші Қалдыаяқовтың (1930-1992) өмір жолы мен шығармашылығынан сыр шертетін картина әр эпизоды шамамен 55 минуттан тұратын 8 бөлімге жалғасады. Фильм 2017 жылдың 21 қаңтарында «Хабар» телеарнасынан көрсетіле бастады. Режиссері осыған дейін биография жанрында «Күләш» телехикаясын түсірген Жасұлан Пошанов болды. Ал сценарийін жазған – Жайық Сыздықов пен Мұхамеджан Мамырбеков.  

«Ән-аға» телехикаясы әйгілі композиторға арналған, ол қазақтың әнұраны орындалған сайын еске түсетін ерекше тұлға. Оның музыкаға деген құштарлығы бала кезінен-ақ байқала бастаған, дегенмен отбасы қиын жағдайда өмір сүргендіктен, шығармашылық екінші орындағы нәрсе болып қала берді. Шәмші мандолинада ойнауды үйренеді. Оның әкесі қарапайым қолөнерші болғанымен, музыкалық қабілеті жақсы болған, сондықтан аспаптарда үйренуде бала Шәмшіге көп көмектескен. Мектеп жасында басты кейіпкер байқауларға қатысып, барлығында дерлік бірінші орынға ие болады.

Ата-анасы Шәмшінің музыкаға деген құштарлығын қолдағанымен, бұл өнер оның тек хоббиі ретінде қабылданды. Қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан ата-анасына Шәмші жұмыс істеп, күн көруге көмектесуіне тура келді. Қалдыаяқов алдымен қара жұмыс істейді, содан кейін әскерге кетеді, бірақ музыка туралы ешқашан ұмытпайды. Көп ұзамай ол осы «Ән-аға» телехикаясында орындалатын жеке әндерін жаза бастады. Әскерден кейін жігіт музыкамен айналысуға бел буып, музыкалық колледжге түседі, алайда оқуын аяқтай алмайды. Дегенмен, болашақ композитор өз идеясынан бас тартпай, бірнеше жылдан кейін консерваторияның студенті атанады.

Шәмші 26 жасында бүкіл әлем Қазақстан туралы патриоттық композицияны тыңдаған кезде танымал болды. Бұл әнге сөзді 1956 жылы атын ешкім білмейтін жас ақын жазған. Жұмкен Нәжімеденовтің мәтіні оның аға композитор досына әсер етті, кейінірек олардың бірлескен жұмыстары республиканың әнұранына айналды. «Ән-аға» картинасы Шәмшінің дүниеге келген сәтінен бастап, балалық шағын, ересек өмірін баяндайды.  Көрермендер әйгілі адамның өмірбаянын егжей-тегжейлі көреді және оның қарапайым ауыл жігітінен вальс короліне қалай жеткеніне куә болады. Оның балалары да шығармашылықты таңдап, кәсіби музыкант атанды.

Фильм «Хабар» телеарнасының тапырысымен түсірілген және оның продюсерлері Асқар Ұзабаев пен Ринат Сафаров болған. Басты кейіпкерлердің образдарын сомдауға Нұрбол Мейрамбай, Дәурен Серғазин, Тоқжан Таханова, Жанат Тінбаев, Кенен Ақүрпеков секілді талантты атерлер шақырылған.

«Кейкі мерген» (2018)

«Кейкі мерген» – ұлт-азаттық күрестің батыры, әйгілі мерген Нұрмағамбет Көкембаев туралы баядайтын көркем хикая. Телехикая 2018 жылы 15 желтоқсанда Тәуелсіздік күніне орай «Қазақстан» ұлттық телеарнасында көрсетіле бастады. Картина 16 эпизодтан тұрады және әр бөлімі 40 минутты құрайды. Өмірбаяндық фильмнің режиссері Мұрат Бидосов болса, тарихи оқиғаларға терең бойлап сценарийін жазған Сержан Зәкірұлы болды.

Кейкі батыр 1871 жылы Қостанай облысының Байтұм аймағында дүниеге келген және Орта жүздің қыпшақ руынан шыққан. 1916 жылғы Торғай көтерілісі көсемі Амангелді Имановтың серігі және досы. 1923 жылы 22 сәуірде Қызыл Армия сарбаздары оны аяусыз өлтіріп, басын алып, өлім жазасына дәлел ретінде басын Орынборға алып кеткен.

«Кейкі мерген» телехикаясының сюжеті 1900 жылдан 1922 жылға дейінгі тарихи оқиғаларды қамтиды. ХХ ғасырдың басындағы қазақ ауылы дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына, діні мен рухына берік адамдар болатын. Бас кейіпкер Кейкінің аң аулауы, жігіттің бірсөзді мінезі, махаббаты мен адамгершілігі осы ауылда жүріп-ақ көрінеді. Алайда, бұл да бейбіт күннің аяғына жақындаған кез еді. Елдегі большевиктер арасында ұсақ жер даулары, кепілге алу және кек алу туралы дау туындай бастайды. Ақпан төңкерісі және одан кейінгі Қазан төңкерісі, 1916 жылғы патша жарлығы қазақ даласына көптеген күтпеген оқиғалармен жалғасты. Осындай аласапыран заманда Кейкінің елім деп еңіреген аласапыран өмірі –  көркем шығарманың басты тақырыбы.

Картинада кейкінің аңшылық, саятшылық өнері, ел арасындағы беделі мен Амангелдімен достығы анық көрсетіледі. Бір күні мерген ел кезіп жүіп, Әбдіғаппардың жұртына қонақ болады. Әбдіғапар Кейкіні құрметтейді және оған бір тұлпарды тарту етпекші болады. Алайда жылқышылар арғымақты қолға ұстай алмай біраз әбігерге түседі. Сонда Кейкі мерген қашып жүрген  жылқыны екі рет атып жібереді. Ат қалтырап, тоқтай қалады. Адамдар жылқының жанына келіп, не болғанын қараса, екі оқ та аттың терісін тек жанап өткен екен. Хикаядағы Кейкі бейнесі осындай мергеннің қолын сынайтын оқиғалармен ашыла түседі.

Фильмдегі негізгі кейіпкерлерді Жалғас Толғанбай, Виталий Куприянов, Ергенбай Әбуев, Жомарт Зейнәбіл, Дархан Сүлейменов, Роза Жұмекенова, Ерлан Кәрібаев, Досжан Жанботаев, Кенен Ақүрпеков, Марат Абай-Ділдә тәрізді актерлер сомдайды.

 «Бекзат»  (2019)

6 эпизодтан тұратын телетуындыда жасындай жарқ етіп өмірдн өте шыққан қазақтың әйгілі боксері Бекзат Саттархановтың (1980-2000) өмір жолы мен спорттағы тағдыры егжей-тегжейлі көрсетіледі. Оның өмірін тарихи деректермен дәйектей отырып сценариді жазған шығармашылық адамдары – Сержан Зәкерұлы мен Мұрат Бидосов, ал режиссер – Мұрат Бидосов. Олар осыған дейін биография жанрында түсірілген «Кейкі мерген» телехикаясының түсірілім тобында бірге жұмыс істеген болатын.

Бекзат Саттарханов – 57 кг-ға дейінгі салмақта рингке шыққан Сидней Олимпиада ойындарының чемпионы. Ол жиырма жыл өмір сүрсе де артына өшпес аты мен атағын қалдырып кеткен қазақ халқының аяулы перенті.

Фильмнің әр бөлімінің ұзақтығы 45 минутқа созылады. Сюжеті айтулы спортшы өмірінің үш кезеңін – балалық шағын, спорттағы қалыптасу кезеңін, сондай-ақ өмірінің соңғы сәттерін бейнелейді. Болашақ Олимпиада чемпионы теміржолдың жанында ораналасқан кішкентай ғана ауылда дүниеге келеді. Сол жерде өсіп, қалыптасады. Бірде ата-анасы оны күрес үйірмесіне ертіп апарады. Күрес алаңында бала өзінің ептілігімен бірден көзге түседі. Кейін ол белгілі бір себептермен бокс үйірмесіне ауысып кетеді. Келген бетте-ақ осы спорт түрін қатты ұнатып, онымен шындап айналыса бастайды. Бекзат күнде дайындалып, біраз уақыттан соң Түркістанда бокстан чемпион атанады. Ол кейін Германияға барып, жеңіспен оралған соң оны тек ауқымды, ірі жарыстарға дайындай бастайды. Ол 1999 жылы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында күміс жүлдені иеленіп, соның арқасында Сиднейде өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алады. Ал сол Олимпиадада алтын медалді қанжығасына байлап, нағыз халық мақтанышына айналады. Бірақ, өкінішке қарай, осы жеңістен көп уақыт өтпей жатып, жұмбақ жағдайда қаза табады.

Картинаның басты кейіпкері – Бекзат Саттархановтың образын ойнау бақыты жас актер, спортшы Самат Әзімқұловқа бұйырған. Ол бұл рөлді ойнау оның бала кезден арманы болғанын, соған қарамастан батыр боксердің кейпіне ену оңай болмағанын айтады. Одан бөлек, картинадағы басқа да өмірде болған кейіпкерлерді Дулыға Ақмолда, Әнуар Көшербаев, Айбек Серікханов секілді тәжірибелі актерлер тамаша сомдап шығады.

Телехикаяның үлкен экранға арналған 100 минутқа ықшамдалған толықметражды фильм форматы шығарылған.  Авторлардың айтуы бойынша, телетуындының мақсаты – еліміздің намысын қорғап, Олимпиада ойындарында көк туымызды көкке көтерген спортшының еңбегін көрсету, жастардың спортқа деген құлшынысын арттыру.

«Абай» (2020)

Режиссер Мұрат Бидосов пен Сержан Зекерұлының тамаша тандемімен жарыққа шыққан өмірбаяндық тағы бір кинотуынды – «Абай» телехикаясы. Бұл картина ұлы ақын Абай Құнанбайұлының (1845-1904) 175 жылдық мерейтойы аясында «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысымен 2020 жылы түсіріліп, қалың көрерменге ұсынылды. Фильмнің бас редакторы Қайнар Олжай болса, көркемдік кеңесшісі – Дулат Исабеков, кеңесшілері Мекемтас Мырхзахмет пен Тұрсын Жұртбай болған. Фильм сценарийі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының негізінде жазылып шыққан.

Телетуындыда Абай өмірінің үш түрлі кезеңі суреттеледі. Абайдың үлкейіп, ауыл ағасы болған шағын Қазақстан­ың еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов ойнаса, жастық шағын Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен жасөспірімдер театрының актері Дархан Сүлейменов, ал Абайдың жасөспірім бозбола кезін жас актер Әли Тұрсынхан алып шықты. Олардан бөлек картинадағы өзге де тарихи кейіпкерлердің кейпіне Бауыржан Қаптағай, Балтабай Сейітмамыт, Қадырғазы Қуандықов, Дулыға Ақмолда, Рахилям Машурова, Гүлшат Тұтова секілді актерлер енеді.

Фильмде авторлар ақынның адами болмысын барынша ашуға тырысқан. Оның балалық шағы, тұлға болып қалыптасу кезеңі, және кейінгі елді ойлап, халықты ойлап жүрген жас келген шағы нанымды бейнеленеді. Әрине, оның ақындығы, философиясы, ойшылдығы картина оқиғаларымен ұласып көрініс тауып отырады. Сонымен қатар, фильм Құнанбайдың «Абай жолынан» халық көзінде қалыптасып қалған озбыр бейнесін жойып, оның да данышпан елағасы болғанын көрсетуге тырысады. Сондай-ақ оның баласы Абаймен қарым-қатынасы позитивті тұрғыдан беріледі.

Алты бөлімнен тұратын кинокартина арқылы көрермен он тоғызыншы ғасырдағы қазақ өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен етене танысады. Сол кездегі талас-тартыс, әулет, ру ішіндегі дау-жанжалдар, сол заман адамдарының көзқарастары барлығы айқын көрінеді.

«Абай жолы» (2020)

Аса көрнекті ақынның 175 жылдығына орайластырып, халқымызға жолданған телетуындылардың бірі де бірегейі – «Абай жолы» телехикаясы.

Әртүрлі уақыт сызықтарын бір туындыда тамаша көрсете алған картинада тек Абай ғана емес, жазушы Мұхтар Әуезовтің бейнесі тереңінен ашылады. Флэшбэктер стилінде түсірілген туындыда үш кезең қамтылған: Абай өмір сүрген кезең, Мұхтар Әуезовтің кітабына материал жинап жүрген шағы, сондай-ақ роман-эпопеяның жазылып жатқан уақыты. Фильмнің сценарийін жазған Ұларбек Нұрғалымұлы: «Біз өз жұмысымызға шығармашылық тәсілмен келуге бел будық, сондықтан кейіпкерлер тағдыры қатар келтірілген. Мысалы, хикаяда патша үкіметі Абай Құнанбаевтан жауап алып жатқан кезде, Кеңес үкіметі де Мұхтар Әуезовтен қалай жауап алатынын көрсетеміз. Басты мақсат – «Абай жолы» романы бізге қалай жеткенін, оны ата-бабаларымыз қаншалықты сақтағанын көрсету» дейді.

Телехикая 19 ғасырдың аяғында, 20 ғасырдың 30-жылдарында, Абай өмірінен, басқа жас және мемлекеттік және қоғам қайраткерлерімен бірге жас Мұхтар Әуезов қуғындалған драмалық, трагедиялық сәттерге негізделген. Ол ондаған жылдар бойына мыңнан астам адаммен сөйлесіп, Абай туралы көптеген мәліметтер жинады. Кейін Әуезов «Абай жолы» романын жаза бастады. Алайда, соғыстан кейінгі жылдары ол тағы да ұлтшыл деп айыпталып, тіпті қамауға алу туралы бұйрық шығарылды. Әуезов тез Мәскеуге қашып, жоғалып кетеді. Оны үнемі тыңшылар іздейді. Ол КГБ бақылауында болса да, «Абай жолын» аяқтайды. Цензураның қысымынан құтылу үшін шығармадан тонау туралы тараулар алынып тасталады, кейіпкерлер өзгертіледі. Мәселе мұнымен аяқталған жоқ: ескі өмірді насихаттады, социализм идеяларын тыңдады деп айыпталған авторды оқуға тыйым салу және қудалау қаупі болды. Бірнеше жылдан кейін Әуезов қысымнан арылып, шығарма Лениндік сыйлыққа ие болды. Картина екі суретшінің де жеке тұлғаларын ашады: Мұхтар Әуезовтің жазу процесі арқылы Абайдың екіұшты өмірі көрсетілген. Хикая қарапайым эпизодтар мен сериалдардан емес, әдеби шығармадағыдай тараулардан тұрады. Бұл – жобаның көркемдік ерекшелігі. Сюжет үш кезеңде болып жатқан оқиғалармен параллель дамиды: романның жазылу сәті, яғни қазіргі уақыт; Абай туралы ақпарат жинау кезеңі; Абайдың өмір сүрген уақыты..

Фильмнің режиссері Мұрат Есжан болды. Ол өзінің жаңа режиссерлік идеяларымен картинаны көркейте алды деп айтуға болады. Фильм «Хабар» арнасының тапсырысымен түсіріліп, сол арнада желтоқсан айында жарық көрді.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы