Размер шрифта:

Цветовая схема:

25 мамыр, 2020462

Туыс актерлер мен актрисалар

Қазақта туыстық қарым-қатынас өзгеше бағаланып, ерекше қадірленеді. Ал біздің өнер әлемінде, оның ішінде кино саласында ағайындылар мен апалы-сіңлілер көп пе? Олар кімдер? Және қай фильмдерден бой көрсеткен?

«Туысы бірдің- уысы бір» дегендей өмірде де, өнерде де жолы мен бағыты бір туысқандар көп. Бір үйдің балалары бір мамандықты таңдап, бірдей өнерге ғашық болып жатады. Біз бен сіз тамашалайтын картиналардағы актерлердің туыс екенінен қаншалықты хабардарсыз? Бүгін арнайы сіздер үшін ағайынды актерлер мен әпкелі-сіңілі актрисалар тізімін дайындап қойдық.

Жолжақсынов Досхан және Жолжақсынов Ерік

Ағайынды Жолжақсыновтар көп балалы Қали мен Жазира отбасында туған. Әкелері Қали Жолжақсынов күй жазып, домбыраның құлағында ойнайтын керемет дарын иесі болған. Олардың анасы да өнерден алыс емес еді. Жастайынан ауылда қойылатын барлық спектакльдерде рөл сомдап, сол кезден-ақ көрермендердің ыстық ықыласына бөленген талантты актриса.

caravan.kz

Досхан Жолжақсынов 1951 жылы 7 қазан күні Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Балықшы кентінтенде туған. Қазақстандық актер және кинорежиссер. Отбасында он баланың ішіндегі бесінші перзенті болған. 1969 жылы Құрманғазы атындағы өнер институтында театр факультетіне оқуға түсіп, КСРО Халық әртісі Хадиша Бөкееваның тәлімін алған. Оқу орнын 1973 жылы аяқтайды. Кеңес заманынында түсірілген шығармаларында жиі бой көрсетіп үлгерген. Ол өз өнер жолында екі жүзден астам картиналарда рөл сомдайды. Досхан Жолжақсыновтың алғашқы рөлі Х. Вахитовтың "Золотая стена" спектаклінде Қылыш-бектің рөлі болды. Кейіннен оның карьерасында Габит Мүсіреповтың «Ақан сер- Ақтоты» шығармасы мен «Қазақстанның солдаты»  қойылымдары болды. Оның өнері басқаларына қарағанда сомдайтын рөлінің өзіндік темпераментімен және шынайылылығымен ерекшеленеді. Жолжақсынов рөл сомдайтын қойылымдарда халық және замануи композиторлардың жазған керемет әндері шырқалатын. «Горизонты», «Золотая осень», «Храни свою звезду», «Қош бол, Медеу», «Искупи вину», «Мираж любви», «Пегий пес, бегущий крем моря», «Көшпенділер», «Біржан сал», «Құнанбай», «Қазақ хандығы: Алмас қылыш» және тағы да басқа картиналарда бой көрстекен Жолжақсынов өнер саласында талай жетістіктер мен табыстарға кенелген. Оған 1982 жылы  Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. «Ұлттық мәдениеттерді дамыту мен байытуға, қазақ және қырғыз халықтары арасындағы достықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін» Қырғыз Республикасының Еңбек сіңірген әртісі деген марапат тарту етілді. Қазақстан Республикасының әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы мен "Құрмет" Ордендерін алған Қазақстанның халық әртісі Жолжақсынов қазақ өнеріне айтулы үлес қосқаны рас. Оның туған інісі Жолжақсынов Ерік те отандық кино сүйер қауымның сүйікті актері мен өнер адамына айналған.

kinokopilka.pro

Ерік Қалиүлы 1959 жылы 15 мамырда Шығыс Қазақстандағы Қарақас ауылында дүниеге келген. Отандық танымал кино және театр актері. Еліміздің еңбек сіңірген дарын иесі. Кішкентай кезінен бала шығармашылыққа жақын болып өскен. Әкесі балаларын домбыраға үйретіп, өнерге баулыған. Ресей астанасы Мәскеу қаласында Луначарский атындағы театр және өнер институтын бітірген соң, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында өз еңбек жолын бастайды.  Қазіргі таңда Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының актері. Киноматографистер одағының мүшесі. Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі мынадай картиналарда бой көрсетті: «Ойлануға кеткен ай», «Қош бол, Медеу», «Махаббат сағымдары», «Кек», «Заман-а», «Ақ барыстың ұрпағы», «Тоғысқан тағдырлар», «Көшпенділер», «Махамбет / Махамбеттің қылышы», «Күміс», «Ағайынды», «Махаббат тәлкегі», «Ведьмин ключ», «Жаужүрек мың бала», «Қазына», «Испытание», «Жаным» және т.б. Президент жарлығы бойынша «Парасат» орденімен марапатталып, «Қазақстан т»уелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі табысталған болатын.

 

Нұрлан Әлімжанов пен Ақкенже Әлімжанова

inform.kz

Нұрлан мен Ақкенже елге белгілі Баянғали Әлімжановтың ұрпақтары. Баянғали аға танымал қазақ жазушысы, ақын, сатирик, сценарист, режиссер, киноактер, журналист және кинодокументалист. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткердің балалары да өнерден алыс кетпеді. Олар да әкелері сияқты өз өмір жолын шығармашылықпен байланыстырып, қазақ өнерінің дамуына өз үлестерін қосып келе жатыр.  Нұрлан Әлімжанов 1984 жылы 29 сәуірде Ақмола облысының Бурабай жерінде дүниеге келген. Мектепті аяқтағаннан кейін Алматы шаһарына келіп, көп өнер адамдарының білім алған қара шаңырағына айналған Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына оқуға түседі. Студент шағынан бастап театр сахналарынан көріне бастайды. Алайда ол өзін тек киноактер ретінде көретінін айтып, киноиндустрияға қарай бет бұрады. Оның табысқа кенелген алғашқы жұмыстарының бірі ретінде елге белгілі режиссер Ақан Сатаевтың режиссерлігімен түсірілген  «Ағайынды» картинасын айтуға болады. Оған бұл картинада Қуаныштың рөлін сомдау бұйырған. Нұрланға ерекше танымалдылық әкелген "Елбасы жолы" киноэпопеясындағы басты кейіпкер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі болды. Киноэпопея «Балалық шағымның аспаны» мен «Отты өзен», «Темір тау» және «Тығырықтан жол тапқан» картиналарынан құралған. Аталған рөлін кәсіби сомдағаны үшін Елбасы оған ерекше алғысын білдірген болатын. Ол «Бақсы», «Жау жүрек мың бала» және «Күнә» сынды картиналарда бой көрсеткен. Нұрлан Әлімжанов актерліктен бөлек танымал әнші әрі тележүргізуші. Нұрланның шырқаған әуендері біршама музыкалық чарттар мен байқауларда үздік болып келеді. «Жас тұлпар», «Серпер» сияқты сыйлықтармен мараптталып,  2015 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры Сыйлығының Лауреаты атанды. 2019 жылдың 19 тамызынан бастап Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты қызметіне тағайындалды.

kino-teatr.ru

Ақкенже Әлімжанова да отандық кино әлемінде айтарлықтай орны бар актриса. Ол Алматы қаласында туып өскен. Музыкалық білім алып, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында театр және кино актрисасы мамандығы бойынша білімін жетілдірген. Америка Құрама Штатында «Коммуникативтік жүйелерді басқару» саласында ғылыми магистрлік дәрежесін алды (m.s. in Communications). Кейіннен сол Америка мемлекетінің Лос Анжелес қаласында орналасқан Hollywood Studios, ABC TV – де өз тәжірибесін жетілдірген болатын.  Өнерлі қыз спортқа да жақын. Ол жүзумен, мәнерлеп сырғанаумен және кунг фу сияқты ерекше спорт түрлерімен айналысады. Өз ана тілінен басқа орыс және ағылшын, түрік және испан тілдерін еркін меңгерген актриса республикалық және халықаралық өнер байқаулары мен  театр фестивальдерінің лауреаты атанып келеді. Оның алғашқы әрі табысты жобаларының бірі ретінде «Жаным» телехикаясын айтуға болады.

Әсел Қалиева мен Жәния Қалиевалар

Біршама қазақстандық картиналардан бой көрсетіп жүрген Қалиевалар туралы білесіз бе? Апалы сіңлілер өмірде де, өнерде де бір-бірін әрқашан қолдап, демеу беріп жүреді. Олардың ерекше қарым- қатынасына қарап әрбір жан сүйсінсе керек. Екі сұлу жайлы біраз ақпаратпен бөлісе кетсек.

Апалы сіңлінің үлкені Әсел 1984 жылы 9 қаңтар айында өмірге келген. Филология мамандығын бітірген Әсел алдымен өзін телевизияда байқап көреді. «Голосуй, страна» телевизиялық бағдарламасынан бастау алған өнердегі жолы оны біршама ауқымды жобаларға негіз салып береді. Киноға отандық танымал «Жаным» телесериалы арқылы келеді. Өзінің дебюттік рөлін дәл осы картинадан алған Әселге кейіннен көптеген ұсыныстар түсе бастайды. Олардың қатарында «Тренинг личностного роста», «Бессоница», «Класстастар», «Сүйе білсең», «Қара шаңырақ», «Любовь всегда в моем сердце» және «16 қыз» сияқты танымал картиналар бар. 2016 жылы режиссер Ернар Нұрғалиевке тұрмысқа шығып, қазір тәтті балапанның ата-анасы атанып отыр. Ол соңғы рет жұбайы Ернар Нұрғалиев режиссерлік еткен «Жаным, ты не поверишь» жобасында басты рөлдердің бірін сомдаған болатын. Оның туған сіңлісі Жәния да біраз танымал киноларға түсіп, өзінің актерлік қырынан танылып жүр. Жәния Алматы қаласында өнер академиясын аяқтағаннан соң, Түркия мемлекетіне білім қуып кеткен еді. Оқуы шетелде болса да, отандық картиналар мен тележобаларда жиі көрінуге тырысады. Оның дебюттік рөлі Серікбол Утепбергенов режиссерлік еткен «Ұлжан» телехикаясы болды.  Оның фильмографиясында мына картиналар бар: «Жібек», Айгүл Ақсамбиева түсірген «Айжан», Асқар Узабаевтың режиссерлігімен түсірілген «Әке» телехикаясы, Ернар Нұрғалиевтің «Өгей жүрек» сериалы және «Крылья, подаренные матерью» телесериалдары бар.

Артур Төлепов және Асылхан Төлепов

camode.kz

Ағайынды Төлеповтар «Жау жүрек мың бала» кинофильмінен кейін көпке белгілі бола бастағаны құпия емес. Халық дарынды киногер Ақан Сатаевтың режиссерілігімен түсірілген туындыға оң бағасын беріп, тарихты суреттейтін шығармада бой көрсеткен әрбір актерге зор қызығушылық танытқаны рас. Олардың қатарында әлбетте басты кейіпкерлер Асылхан және Артур Төлеповтарға ерекше назар түсті. Ағайындылардың үлкені Артур 1991 жылы 11 қаңтарда туған. «Тәуекел» және «Золушка Зәуре» туындыларында рөл сомдады. Соңғы уақытта Артур шоу бизнеске көңіл бөліп, бірнеше бейнебаяндарды таспалады. Жас кезінен спортқа қызығып өскен жігіт қазір қазақстандық жұлдыздар арасындағы футболдың белсенді мүшесі.

Актер Төлеповтардың екінші ұлы Асылхан 1992 жылы 21 мамырда Ақтөбе облысында Жетікөл ауылында дүниеге келді. Алғашқы рөлдерінің бірі 2012 жылы «Жау жүрек мың бала» фильміндегі басты кейіпкер Сартайдың рөлі болды.  Төлепов түскен картиналар қатарында: «Сұңқар», «Шыңырау», «Балалық шағымның аспаны» кинофильмдері бар. «Жау жүрек картинасында» көрерменге өз кейіпкерін жеткізе білгені мен ерекше дарындылығы үшін Бауыржан Момышұлы атындағы медаль табысталды.

 

Баян Алагөзова, Аша матай Және Айдар Асқарбек

Отандық кинематография мен эстрадада ерекше орын алатын туыс бауырлар қатарында продюсер әрі актриса Баян Алагөзова мен оның жиен сіңлісі Аша Матай және жиен інісі Айдар бар.

Баян Мухитденова дыбыс режиссері Мақсат пен актриса Гүлжамалдың отбасында туған үш қыздың ортаншысы. Бала күнінен ән мен биге жақын болып өскен Баян кинодағы алғашқы рөлін небәрі 18 жасында алады. Ол актриса ретінде бой көрсеткен алғашқы фильм халық сүйіп тамашалаған «Махаббат бекеті» картинасы болды. Біраз уақыт бойы тележүргізуші болып қызмет атқарады да, 2006 жылы қыздар тобына продюсерлік ете бастайды. Бұл оның карьерасына ерекше серпіліс берді. Уақыт өте келе отандық картиналарға продюсер болып, кей фильмдерде өзі де бой көрсете бастайды. «Астана любовь моя», «Осторожно, корова!», «Ғашық жүрек» және «Сиситай» сияқты туындылардағы басты рөлдерді сомдайды.  

Аша Матайдың шын есімі Ақбота Асқарбекова- қазақстандық танымал актриса, әнші және тележүргізуші. Матай ауылында дүниеге келген Ақбота «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша білім алып, біршама уақыттан кейін журналистика фультетінде магистрлік допломын қорғайды. Елде түсірілетін көптеген фильмдерге түскен: «Сұлу бойжеткен», Жаным 2», «Алдар көсе», «Астана ғашықтар мекені», «Қымызхана», «16 қыз» «Менің бейкүнә періштем» сынды кинофильмдер бар. Үлкен теннис бойынша спорт шебері болған Аша Матай Mysterions жігіттер тобының мүшесі Арман Қоңырбаевқа тұрмысқа шығып, қазір Асылым және Айым есімді кішкентай қыздарды тәрбиелеп отыр.

Аша Матайдың үлкен ағасы Айдар Асқарбек енді ғана киноға қадам басым келе жатыр. Ол өз дебютін әпкесі Баян Алагөзованың продюсерлігімен түсірілген «Рауза» телесериалында басты рөлді сомдау арқылы алды. Негізінде құқық қорғау органының қызметкері болған Айдарға актерлік ұнап қалған болу керек, тағы да жобалар болып жатса, бас тартпайтындығын жеткізді.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы