Размер шрифта:

Цветовая схема:

14 сәуір, 2020236

Түсірілімі 12 жылдан соң жүзеге асқан фильм

«Талан» фильмін көрген жандар одан әсер алмай қоймағаны анық. Себебі, фильм өткен ғасырдың сонау 30-40-шы жылдарындағы қиын кезеңді суреттейді. Ашаршылық, соғыс...  

Шүкір, қазір заман өзгерді. Еліміз Тәуелсіздігін алып, көкте көк туымыз желбіреп тұр. Алайда, бүгінгі күнге шынымен де шүкір деу үшін артқа көз салған да дұрыс-ау. Оны фильмде көрсетілген оқиға желісі арқылы ой елегінен өткізіп көрейік. 

Фильм желісіне қысқаша тоқталсақ. Екі бозбала қуғын-сүргін мен ашаршылық болған сонау қиын заманда жетім атанады. Бірі басынан өткерген оқиғадан соң тілі күрмеліп, сөйлеуден қалады. Сөйтіп, тауда жасырынып, жалғыз өмір сүреді.  Екіншісі адамдар арасында тұрса да, оны тауып алған адамның  «қылықтарынан» жасық болып өседі.  Бірнеше жылдан кейін достар қайта қауышады, алайда, бұл кездесу екеуі үшін де тосыннан болмақ. 

Бұл – әскери диктатура дәуірінде аман қалу үшін адамның төлеген құны туралы дастан. Фильм ешқандай қиындық адам рухын сындырмайтынын әрі жарқын болашаққа деген үмітін үзе алмайтынын көрсетеді.    

Көркем кинотуынды режиссері Болат Қалымбетов қиын-қыстау заманды, сол кездің атмосферасы мен рухын, адамдарын барынша шынайы көрсете білді. 

Фильмді қолға алмас бұрын режиссер ұзақ ойланған көрінеді. Өзінің бір сұхбатында Болат Қалымбетов фильмдегі қуғын-сүргін тақырыбы фон ретінде қолданылғандығын айтқан болатын. Негізгі ойы сол замандағы адамдардың тұрмыс-тіршілігі мен тағдырларын көрсету еді деген. 

Айта кетейік, көркем кинотуынды Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр-адам» повесі негізінде түсірілген. Режиссер шығарманы алғаш оқыған кезде, туынды оған қатты әсер еткен екен, алайда, жастығына қарап, хикаяны экран бетіне көшіру мүмкін емес деп ойлаған. Сөйтіп, бұл идеяны бірнеше жылға шегеріп қойған. Содан, 12 жыл өткен соң, режиссер картина түсіріліміне кірісті. 

Фильмді қарап отырып, көрермен оқиғаның қалай өрбитінін соңғы секундына дейін білмей отырады. Себебі, туындыда сюжет желісі күтпеген әрі қызықты оқиғаларға толы. Кинокартинада таулы табиғат пен кейіпкерлердің тағдырлары  жақсы үйлесім тапқан дер едік. 

«Талан» фильмін карантин кезінде республикалық телеарналардың  бірі ұйымдастырған отандық фильмдер онкүндігі аясында өзіміз де көрдік. Кейіпкерлердің тағдыры бізді бей-жай қалдырмады. Қаралымнан ерекше әсер алғандықтан, көруге кеңес береміз.  

Айта кетейік, фильм сценарийін Болат Қалымбетов Ғазиз Насыровпен бірігіп жазған. Ал, картинада Ерік Жолжақсынов, Асан Мәжіт, Шынар Жанысбекова, Ержан Нұрымбет, Оңдасын Бесікбаев пен Ұлан Нүсіпәлилер өнер көрсетті.  

Бірі білсе, бірі білмес. «Талан» картинасының әлемдік тұсаукесері Иранда, Фаджр Халықаралық кинофестивалінде өткізілді. Сонымен қатар, көркем фильм 14-ші Шәкен Айманов Халықаралық кинофестивалінде үздік режиссура сыйлығымен марапатталған.   

Фильм Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  kazakhfilmstudios.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы