Размер шрифта:

Цветовая схема:

21 шілде, 2020497

«Уақыт жолдары» картинасы Шанхай кинофестиваліне қатысады

Қазақстандық-жапондық «Уақыт жолдары» («Конокрады». Дороги времени») фильмі Қытайда өтетін фестивальге жол тартады. Отандық режиссер Ерлан Нұрмұханов пен жапондық Лиза Такэбаның бірлесіп түсірген картиналары 23-ші Шанхай Халықаралық кинофестивалінде көрсетіледі.

«Уақыт жолдары» фильмі тату-тәтті өмір сүріп жатқан отбасының хикаясын әңгімелейді. Алайда барымташылар тобы үйдің отағасын өлтіріп, бір мезетте жанұяның шырқы мен тыныштығын бұзады. Әкесінің өлімі 12 жастағы Олжасқа ауыр тисе де, кішкентай қарындастары мен өзінің басына түскен қиын сынақтарға жасөспірім баланың төтеп беруіне тура келеді. Осы орайда, қайғыдан қамыққан отбасыға кенеттен белгісіз біреу көмек қолын созады.

Фильмде бас рөлдерді атақты Канн кинофестивалінің Алтын пальма жапырағына ие болған қазақстандық актриса Самал Еслямова мен танымал актер Дулыға Ақмолда сомдайды. Олжастың кейіпкерін жас актер Мәди Меңайдаров орындайды. Ал негізгі рөлдердің бірін атақты жапондық актер Мирай Морияма ойнап шықты.

Қазақстандық-жапондық картина катысқалы отырған Шанхай халықаралық кинофестивалі - бұл Қытайдағы ірі кинобайқауы. Фестиваль 1993 жылдан бері өткізіліп келеді. Жиырма жеті жыл ішінде шара Қытайдың кино саласы дамуының куәгері болып, әріптестік пен тәжірибе алмасудың халықаралық мәдени алаңына айналды. Коронавирус індетіне байланысты кейінге шегерілген шара енді 25 шілде мен 2 тамыз аралығында өтеді. Бұл туралы фестивальдің ресми сайтында жазылған хабарламада айтылған. Салтанатты шараны онлайн форматпен қатар, оффлайн режимінде өткізу де жсопарланған, - дейді ұйымдастырушылар. Сонымен бірге шара барысында COVID-19 эпидемиясының алдын алу шаралары қатаң түрде бақыланады делінген.

Фестивальге қатысушыларды кинотеатрлардағы және ашық аспан астындағы кинобайқаулар, онлайн көрсетілімдер, SIFFFORUM кинематографиялық форумы, шығармашыл-инновафиялық киножобалар, сондай-ақ қазақстандық-жапондық картина ұсынылатын «Белбеу және жол» атты кино апталығы күтеді.

«Уақыт жолдары» фильмімен бірге апталықта АҚШ, Ұлыбритания, Венгрия, Мысыр, Греция, Үндістан, Түркия, Германия, Қытай және басқа да мемлекеттерден жиыны 15 картина ұсынылады.

Айта кетейік, қазақстандық-жапондық туындыны түсіру қазақстандық тараптан Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына, ал жапондар жағынан Tokyo New Cinema компаниясына жүктелген.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы