Размер шрифта:

Цветовая схема:

09 ақпан, 2021353

Ұлттық арна ХХ ғасырдағы қазақ зиялысының рөліне кастинг жариялайды

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ ақыны, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы туралы телехикая түсірмек. Осыған орай Ұлттық арна тарихи хикаяда өнер көрсететін актерлерге кастинг жариялап отыр.

Айта кетейік, кастинг онлайн түрінде жүргізілмек. Қазір бас кейіпкер рөліне актерлер іздестіріліп жатыр. Нақтырақ айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлының 25-35 және 45-65 жас шамасындағы кезін сомдайтын актерлерге онлайн іріктеу жүргізіледі.

Кастингке қатысуға ниет білдірген жандар өздері туралы деректерді көктемнің екінші айының басына дейін тиісті электронды мекен-жайға жібергендері абзал.

«Үміткерлер өзі туралы ақпаратты (фото, видео) 2021 жылғы 1 сәуірге дейін [email protected] электронды поштасына жолдауы тиіс», - деп жазады ұйымдастырушылар.

Ұлттық арнаның хабарлауынша, публицист, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы жайындағы туынды арна эфирінен биыл жарық көреді деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы талай тарихи тұлғалар мен олардың шығармашылығы жайында төл туындыларын жарыққа шығарған. Олардың арасында «Абай», «Әл-Фараби», жазушы Әзілхан Нұршайықовтың романы желісімен түсірілген «Махаббат, қызық мол жылдар» және тағы басқа картиналар бар.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың жазында Ұлттық арна бірнеше жанрлық бағыттар бойынша жаңа телехикаяларға байқау жариялаған болатын. Оның ішінде тарихи тұлғалар және тарихи мұраны насихаттау бағыты да аталған еді. Телеарна сонымен қатар жазушы Сәкен Сейфуллин, ғалым Қаныш Сәтбаев, ақын Мұқағали Мақатаев, күйші Дина Нұрпейісова және есімі тарихқа айналған абыз Домалақ ана сияқты көрнекті тұлғалардың өмірі туралы телехикаяларға ұсыныс қабылдаған. Ендеше, сәтін салса, көрермендер аталған жандар жайындағы фильмдерді де Ұлттық арна эфирінен тамашалауы бек мүмкін.  

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы