Размер шрифта:

Цветовая схема:

26 маусым, 2020449

Ұлттық киноны қолдау орталығы қолдаған бірнеше картинаның түсірілімі басталды

Ұлттық кино мәртебесіне ие болған бірнеше картина өндірісін бастады. Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы төрағасының орынбасары Айдархан Әділбаев мәлім етті.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қолдаған картиналар түсірілімі барлық санитарлық талаптарға сай жүргізілуде.

«Біздің Киноорталық қолдаған барлық фильмдердің түсірілімдері Төтенше жағдай кезінде, яғни наурыз бен сәуір айларында тоқтаған болатын. Қазір режиссер Ақан Сатаевтың «Боксер» кинокартинасының түсірілімі басталып кетті. Түсірілімдерге сонымен қатар, «Огонь» дебюттық картинасы, «Қажымұқан», «На старте», сондай-ақ, деректі фильмдер дайындалу үстінде. Бұл дегеніміз үрдіс ақырындап жөнге келуде. Қазір коронавирустың екінші толқыны байқалуда. Әзірге біздің топтардың арасында өршу болған жоқ. Түсірілім жұмыстарына да ресми түрде тыйым салынған емес. Менің білуімше, телехикаялар мен түрлі бейнероликтер сәтті түсіріліп жатыр. Осылайша, біздің картиналар дайындықтарына байланысты түсірілімдерін бастауда», - деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы төрағасының орынбасары Айдархан Әділбаев.

Аталған фильмдердің мазмұнына тоқталсақ. «Огонь» атты фильм тағдырына мойынсұнған орта жастағы отағасы Толик есімді жігіт жайындағы хикая. Отбасын асырауға тырысып, күнделікті күйбең тірлікте қарыз өтеу, ақша табу сияқты мәселелердің арасында өмір сүреді. Осындай күндердің бірінде ол кәмелетке толмаған қызының аяғы ауыр екендігін біледі. Немересінің әкесі кім екенін білмек болып, онымен қызының болашағы жайында әңгімелеспек. Үйілген мәселелерді кезекті рет шешпек болғанда бір оқиғаға ұрынып, одан досы әрең дегенде аман қалады. Басына түскен барлық қасіреттен кейін өмірінде маңызды бір нәрсенің барына көзі жетеді. Бұл жарық оның өмірінде тағы да үміт отын жағады. Картина режиссері – Айжан Қасымбекова.

«Қажымұқан» фильмінде қазақ күресінің майталманы, балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың өміріндегі жарқын оқиғалар суреттеледі. Биографиялық кинолентаның сюжет желісі атақты тұлғаның спорттағы жетістіктеріне ғана емес, өміріне де арналмақ. Махаббат, ақша, атақ, кедейлік – осының барлығы батыр өмірінде орын алады. Фильм режиссері әрі сценарисі – Қанағат Мұстафин.

«На старте» картинасы – режиссер Индар Джендубаевтың еңбегі. Асқар мен Бекжан – ауылда бірге өскен қос дос. Екеуі де бала кезден спортпен айналысады. Мектеп бітірген соң, Бекжанға Жеңіл атлетика федерациясынан Нұр-Сұлтан қаласына көшіп, жақсы бапкерде жаттығуға ұсыныс түседі. Кәсіби спортпен айналысу Бекжанға жақсы табыс тауып, күрделі ауруға тап болған қарындасы Мәликаның еміне қажетті қаражат жинауға мүмкіндік беретін еді. Асқардың бокстағы әлеуеті зор болғандықтан, оны Нұр-Сұлтанда қуана қабылдады. Үлкен қаладағы өмір мен бастарына түскен табыс екі досқа екі түрлі әсер етті. Бекжан жаттығуларына белсенді айналыса бастаса, Асқар сауық-сайран құрып кетті. Алайда, қайғылы жағдай достардың өмірін өзгертеді. Бұдан соң, бірі екіншінің орнын басып, Токиодағы Олимпиада ойындарында марафондық жүгіріске қатысуы қажет болады.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы