Размер шрифта:

Цветовая схема:

05 мамыр, 2020356

Ұлттық Ұланды ұлықтайтын ұлттық фильм туралы бірер сөз...

Екі күннен соң, яғни 7 мамыр күні елімізде Отан қорғаушылар мерекесі тойланады. Әскери тақырыптағы түсірілген фильмдер тізімін қарап отырып, халқымыздың амандығы мен тыныштығын, ел шекарасының беріктігін қорғайтын Ұлттық ұлан сарбаздарының ерлігін ұлықтайтын фильмдердің біріне - «Шестой пост» әскери драмасына көңіліміз ауды. Иә, туынды тек жауынгерлер ерлігімен шектелмейді, (бірақ негізгі айтар ойы осы), мұнда достық пен өкініш, тағдырдың ауыр сынағы, жат ағымдар жетегіне еріп, «адасқандар» атанған жандардың өмірі өзара ұштасып жатады. Олардың қалай байланысатынын қазір түсіндіреміз.

Осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2010 жылы елдегі қатаң режимдегі колонияның бірінен жиырмадан аса сотталған азамат қашады. Осы кезде күзет бекетінде міндетін атқарып тұрған сарбаз Ербол Отарбаев қашуға талпынған бір топ тұтқынды тоқтатпақ болып, оларға от ашады. Сөйтіп, жалғыз үш қашқынды атып, ақыры өзі де жарақат алады. Бұл - шынайы болған оқиға. Дәл осы оқиға «Шестой пост» картина желісіне негіз етіп алынған.

Фильмде Ербол Отарбаев - Ерлан есімді кейіпкер. Жас сарбаздың шынайы өмірде жасаған ерлігін әспеттейтін туындыны өрбітіп әкету үшін кіріспе ретінде сценаристер көркемдік қиялдан туған оқиғаны арқау етеді.

Сонымен, сюжет желісі Ерлан, Дәурен және Аружан есімді мектеп түлектерінің достығынан бастау алады. Екі жігіт те қызға ғашық. Үшеуі мектепті бітірген соң, жолдары айырылады. Ерлан әскери борышын өтеуді арман етіп, әскерге кетсе, Аружан білім қуып, қалаға барады. Дәурен де жұмыс іздеп, қалаға жол тартады. Сөйтіп, біраз уақыттан соң, тағдырдың қалауымен екі жігіт қайта жүздеседі. Алайда, енді екеуі темір тордың екі жағында болады. Ерлан әскери борышын қатаң тәртіптегі колонияда өтесе, Дәурен Аружанды өлтіргені үшін тоғыз жылға сотталып, дәл осы мекемеге жазасын өтеуге жіберіледі. Ескі достықтың енді иісі де аңқымайды.

Фото: khabar.kz

Фильмде шынайы оқиға толықтай ашылмаса да, шынайы өмірдегі жәйттар барынша ашық көрсетілген. Авторлар фильмнің көп бөлігін колонияға арнай отырып, ондағы шиеленістерді, жемқорлыққа салынған басшылықты, әрі соның арқасында тұтқындарға еркіндік беретін тұстарды жасырмаған. Тіпті, фильмдегі бұл бассыздықты көріп, шынайы ызаға беріліп, кейіпкерді еріксіз жек көріп кетеді екенсің.

Бұл - актерлердің кейіпкерлер образдарынан шыға білгендерінің белгісі. Шындығында да солай. Бас кейіпкер - Ерланды сомдайтын актер Санұржан Сүлейменов шынайы батырдың кейпін аша білді. Оның өмірде қандай екенін білмесек те, актердің ойны арқылы кейпін құрастыру қиын емес болды. Себебі, Санұржан мимика, көзқарас арқылы Ерболдың образын аша түсті. Бәлкім, фильм барысында әлі талай рет оның ойынына тамсанған болар едік, алайда, лентаның екінші бөлігінде ол сюжет желісінен уақытша шығарылып, бар көңіл түрмедегі діни экстремистік топ басшысы Азат есімді кейіпкерге ауды. Ауғаны да бекер емес. Актер Серік Салқынбаев міндетін мінсіз орындап шықты. Дәл оның және жақтастарының образындағы актерлердің ойындарына қарап, «қап, мыналарды ма?!» деп отырасың. Жалпы, жағымсыз кейіпкерлер әдеттегідей, қызықтырақ шықты. Осы орайда, Дәуренді сомдаған актер Жасұлан Өмірбектің де ойнын атап өткен жөн.

Фото: ru.sputniknews.kz

Жағымды кейіптегі актерлердің де ойындарын жоққа шығаруға келмес. Олардың қатарында түрмеде жазасын өтеп жүрген Жәке ақсақалды сомдаған актер Ерболат Тоғызақов та, жергілікті жердегі имам рөліндегі Айдос Әуесбаев те образдарынан шыға білді. Айтпақшы, «Рэкетир» фильмінде заңға қайшы әрекет еткен актер Саят Исембаевтың кейіпкері бұл картинада елін қорғаушы офицер. Актердің де ойнына айтар сын жоқ, бірақ фильмдегі рөлі аса ұзақ болмады. Түсінгендеріңіздей, актерлік құрам жақсы таңдалған.

Фильмде оқиғалар желісі бір-бірімен үйлесім табады. Мұнда тараптардың қарама-қайшылығы ғана емес, бас кейіпкерлер басынан өткеретін қиындықтары мен азаптары, уайымы мен өкініштері қатар суреттеледі.

Уайым демекші, фильмді көріп отырып, кейіпкерлер үшін іштей уайымдайтын кездер болады. Әсіресе, жұмысын тиянақты орындап жүріп, сотталғандарға кездейсоқ ұшырайтын қорықшы мен кейін баскесерлдердің қолына түскен оның отбасының жағдайының не боларын аяғына дейін қарағанша қынжыласың.

Режиссер Серікбол Өтепбергеновтың дебюттық туындысы біздің ойымызша, жақсы түсірілген. Әскери жұмыстың қиындығы мен сырт көзден таса түрме тұрмысы ерекше әспеттелген. Әдетте құқық қорғау органдары мен қарулы күштер жөніндегі отандық картиналар осыншама тартымды бола бермейді. Алайда, бұл картина орган қызметкерлерінің жұмысына құрметпен қарауға әсер етеді.

Фильм айтарлықтай, жақсы драмалық туынды болып шықты. Мұндай экшн жанрдағы фильмдер отандық киноиндустрияда сирек кездеседі.

«Шестой пост» картинасы кезіндегі ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысы бойынша түсіріліп, 2018 жылы көрермен назарына ұсынылған болатын.

Айта кетейік, фильмдегі бас кейіпкер – шынайы өмірде әскери міндетін орындауға шақыртылған Ұлттық ұлан сарбазы Ербол Отарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің ІІІ деңгейлі «Айбын» орденіне ие болған тұңғыш солдат болды. Оның Елбасы қолынан марапат алған сәті фильмде көрініс табады.

Отандық туынды жастарға әскери-патриоттық тәрбие берері сөзсіз. Сондықтан фильмді көруге кеңес береміз.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  afisha.ru

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы