Размер шрифта:

Цветовая схема:

16 сәуір, 2020512

Ұлы Жеңіске арналған алтын қорға енген отандық деректі фильмдер

Бүгінде елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанының арқасында отандық фильмдер жауһарлары қолжетімді болып отыр. Бұл дегеніміз ескі пленкаға түсірілген киноларды көрермендер цифрлық форматта көре алады. Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл. Айтулы датаға орай, сол кезеңнен сыр шертетін алтын қорға енген деректі фильмдер топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.

«Победы - звездный час»

Бұл деректі фильм Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген тарихи туындыда әскери кинохроника қолданылған. Фильмде 1945 жылдағы Жеңіс шеруінің көріністері мен майдангерлердің айтқан естелік сөздері бар. Атап айтқанда, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтың, Кеңес Одағының батыры генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовтың және басқа да жауынгер-батырлардың алғашқы Жеңіс шеруінен алған әсері жайында бөліскен әңгімелері жазылған. 1985 жылы жарық көрген деректі фильмнің режиссері А. Нұғманов болды.

«Высокое небо Талгата»

Режиссер О.Әбішевтің бұл деректі фильмі де «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Кинолентада Алма-ата қаласында тұрып, еңбек еткен Кеңес Одағының екі мәрте батыры, Қазақстаннан шыққан атақты ұшқыш Талғат Бигелдиновтың жүріп өткен жолы баяндалады. 1979 жылы жарыққа шыққан деректі туындының сценарий авторы А. Сулеева болды. Фильм ұзақтығы - 18 минут.

«Солдат победы»

Режиссер А. Әлпиевтың «Солдат победы» деректі фильмі Ұлы Отан соғысының соңғы күндері жайында баяндап, Берлиндегі рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, Халық қаһарманы, лейтенант Рақымжан Қошқарбаевпен таныстырады. Фильмде оның жауынгерлік жолы баяндалады. Сонымен қатар, кинолентада полковник К.Исаков пен генерал-полковник, Кеңес Одағының батыры В.Шатиловтың және Рақымжан Қошқарбаевтың сөйлеген сөздері бар. «Солдат победы» деректі фильмі 1980 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген.

«Казахстан в Великой Отечественной войне»

1975 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген бұл деректі фильм соғыстан кейінгі 30-шы бейбіт көктемге, яғни Ұлы Жеңістің 30 жылдығына және осы Жеңіске елеулі үлес қосқан Қазақстанға арналған. Фильмге А.Нұғманов режиссерлік етті. Кинолентаға ҰОС ардагері, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Ғ.Жұматовтың, Ленинградты қорғауға қатысқан Саид Жылқышевтің, тілші Балтабек Асановтың, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Маметованың анасы Амина Маметова, академик Қаныш Сәтпаевтың, Кеңес Одағының батыры, даңқты жауынгер Бауыржан Момышұлы және тағы басқа атақты тұлғалардың естелік сөздері енгізілген. Сонымен қатар, фильмде Ж.Жабаев, М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтерді де байқауға болады.

Бүгінде осынау фильмдер өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беріп, кейінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлау үшін соғыста қаза тапқан және аман-есен оралған ардагерлерге құрметпен қарауларына септігі зор.

Ал, еліміздегі цифрландыру үрдісі мыңдаған метрлі пленкаларға жазылған осындай баға жетпес ескерткішке айналған тарихи дүниелердің цифрлық форматқа көшірілуі - қазақстандық мәдениеттің әлемдік мәдениетке интеграциялауына мүмкіндік беріп отыр.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы