Размер шрифта:

Цветовая схема:

17 наурыз, 2020372

Ұлыстың ұлы күнін ұлықтайтын фильмдер бар ма?

Жаңа жылдық демалыстар дегенде барлығымыз Голливудтың «Один дома», Эльдар Рязановтың «Ирония судьбы или с легким паром», сондай-ақ Тимур Бекмамбетовтың «Ёлки» фильмдерін еске түсіреміз. Осы орайда, «Ал, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз жайында отандық фильмдер бар ма?» деген сұрақ туындауы орынды. Ендеше, жоқтың қасы деуге тура келеді. Ойға оралатыны тек режиссер Асқар Бисембиннің 2016 жылы жарық көрген «Наурыз.kz» комедиясы ғана. 

Бірі бұл фильмді Бекмамбетовтың «Елки» фильміне ұқсас десе, басқалары режиссер Ричард Кертистің «Шынайы махаббат» («Love actually») фильмінің сюжетіне пара-пар дегенге саяды. Мәселен, мұнда да аталған фильмдердегідей бірнеше оқиға бір мезетте сипатталады. Сайып келгенде олар бір-бірімен байланыс тауып, тоғысады. Тек бұл фильмдердің бір-бірінен айырмашылығы – оқиғалар желісі мен мерекелердің түрлілігі. Егер Бекмамбетов оқиғалары жаңа жыл алдында өрбісе, Кертис кейіпкерлері болған жағдайларды Рождество мерекесі қарсаңында бастан өткереді. Ал, отандық комедияда Наурыз мейрамының алдындағы оқиғалар суреттеледі.  

Енді фильм желісіне біраз тоқталсақ. Комедияда бес оқиға баяндалады: қазақстандық университет студенттерінің; американдық азаматтың Қазақстанда туысын тауып, қонаққа келуі; ауыл дәрігеріне ол ем-дом көрсетіп жүрген екі қарт «науқасының» оған деген талай жылдан бері өшпей келе жатқан ыстық сезімдері; бойжеткеннің махаббаты үшін ірі кәсіпкермен таласқа түскен таксиші жігіттің сүйіспеншілігі және ұзақ уақытқа ессіз күйге түскен қарт әкімнің ес жиып, күйзеліске түспеуі үшін балаларының оны барынша қорғаштау әрекеттері сияқты қызықты сюжеттер арқылы өрбиді. Осы аталған барлық кейіпкерлердің өздерінің бір армандары бар және олар дәл Наурыз мерекесі күні орындалады. Олай болса, махаббат, отбасы және достықты ту етіп, ұлттық мейрамды ұлықтайтын «Наурыз.kz» фильмін тамашалап, игі арман-ниеттердің орындалатынына көз жеткізіңіздер!

Айта кетейік, отандық фильмде Саттар Ерубаев, Данил Волковинский, Шәріп Серік, Берік Айтжанов, Алдабек Шалбаев, Еркен Губашев, Жанаргүл Жаныаманова, Анатолий Креженчуков, Мейрмани Нұрлыбек, Жеңіс Омаров, Антон Зайцев сияқты кино және театр актерлері, сондай-ақ эстрада жұлдызары Жанар Дуғалова, Айқын Төлепберген және Марат Омаровтар өнер көрсетеді. 

Наурыз — қазақ халқының жыл басы. Ұлық мереке жайында антикалық және ортағасыр жазушыларының еңбектерінен де байқауға болады. Қазақ, өзбек, ұйғыр халықтары Наурыз мейрамын тойлау дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Бұл күндері Ұлыстың ұлы күнін мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстан, Өзбекстан, Түркмения, Әзербайжан, Қырғыстан, Түркия және біздің ел атап өтуде. Табиғат пен адамзаттың жаңаруын сипаттайтын Наурызды қазір Қазақстанда бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан 130-ға жуық ұлттар мен ұлыстар бірге тойлауда. Осынау ұлы мерекенің мәні мен маңызын халыққа фильмдер арқылы жеткізіп, сол арқылы өскелең ұрпақтың ұлттық салт-дәстүрді бойларына сіңіріп өсуіне не жетсін?! Ендеше отандық киноөндірушілердің құлағына алтын сырға!

Автор:  Зарина Смағұлова

Фото:  1tv.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы