Размер шрифта:

Цветовая схема:

15 шілде, 2020264

«Уроки гармонии» фильміне қысқаша шолу

Мектептегі буллинг. Ол не дерсіз? Ол – қудалау, қорқыту мен кемсіту. Сөз жаңа болғанымен, қоғамда бұрыннан бар құбылыс. Оған көз жұма қарауға болмайды. Себебі, жасөспірімдер қатыгездігі кейде шектен тыс кетіп жатады. Күні кеше телеарнадан жастардың бірін бірі аяусыз соққыға жығып, онымен қоймай, төбелесті тамашалаған «көрермендердің қошеметін» көріп, жағамызды ұстадық. Балалар неліктен мұндай қатыгез болып кетті? Оның жауабын табуға отандық «Уроки гармонии» фильмі көмектеседі деп ойлаймыз.

Аға ұрпақ кеңестік «Чучело» атты фильмді көрген болар. Бұл сыныптастары тарапынан басқыншылық пен психологиялық қысымға душар болған Лена есімді қыз жайындағы туынды. Американдық көрермендер болса, осы тақырыпта Стивен Кингтің бас кейіпкері бірегей бет-әлпеті үшін құрдастарының жәбірі мен әзілдерінің құрбанына айналғаны туралы «Кэрри» атты фильмін еске түсіре алады. Ал, отандық көрермен дәл біз айтқан фильмді көріп, буллингтің не екенін түсінеді.

Енді барлығын рет-ретімен талдап көрейік. Сонымен фильмнің қысқаша синопсисі: Аслан есімді 13 жастаға ұл бала сыныптастарының өрескел әзілінен кейін бұқараның алдында қорлық көріп, қоғамнан шеттетіледі. Бұдан жасөспірімнің намысы тапталып, психикасы бұзылады. Ол физикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік жағынан да тазаруға ерекше мән береді. Сөйтіп, оның мектептің «белділерімен» теке-тіресі трагедиялық жағдаймен аяқталады.

Фильм отандық прокатқа шыққан жылы оның авторы бұл күнкөріс үшін күрес жайындағы туынды екендігін айтқан болатын. Алайда, автор ретінде оған адамның ішінде болып жатқан күресті, яғни ішіндегі «жыртқышы» мен адамды жақсы көріп, оны кешіруге мұрсат беретін аса сабырлы жанның арасындағы арпалысын зерттеу қызығырақ деген еді. Шынымен де солай. Фильм жақсылық пен жамандықтан тыс гармония жайынан сыр шертеді. Айтпақшы, сценарий авторы мен режиссері - Эмир Байғазин.

Фильм Асланның қой соятын кадрларынан басталады. Бала асқан ептілікпен қойдың ішкі құрылысын шығарып, малды бөлшектей кетеді. Режиссер де коғамда қалыптасқан олқылықтарды және жасөспірімдердің ішкі жан-дүниесіндегі проблемаларды осылайша ашып көрсеткісі келгендей.

Мектептегі зорлық-зомбылықты әспеттейтін картинаның негізгі мазмұны - оның пішінінде. Фильм тұйықтыққа негізделіп, көп тұстары жасырын, яғни негізгі сахналары кадрдан тыс өтіп жатады. Зорлық-зомбылық көріністер де көрерменге ашығынан ұсынылмайды. Алайда, көрермендер оның салдарын кейін көреді. Бұл тұстарын авторлар ұтымды жасаған. Бас кейіпкер Аслан болса, аз сөйлейді, эмоцияларын көрсетпейді. Алайда, оператор болған жайттарды көрермен түсінетіндей етіп түсірген. Яғни кейін «не болып кетті?» деген сұрақ мүлдем туындамайды.

Айтып өткендей, фильм жасөспірімдер мен олардың мәселелері жайында сөз қозғайды. Алайда оны тамашалау кезінде мәселеге ата-аналардың араласқанын байқамадық. Небары бір-екі рет қана. Оның бірі - мектептегі сорақылардың содырынан жапа шегіп, ауруханаға түскен баланың анасының өкінішін білдірген тұсы, енді бірі – қолындағы немересімен жалғыз өмір сүріп жатқан әженің баласына уайымдап, өзінен мән-жайды білгеннің орнына, құмалақшыдан көмек сұрап баратын көрінісі. Автор осылайша, ата-аналардың балаларға дер кезінде көңіл бөлу керектігіне назар аударатындай. Бұл кадрлардан басқа ата-ана еш жерде көрсетілмейді, демек балалар өз проблемаларымен бетпе-бет қалып жататындығының белгісі. Анасы тастап кеткен Аслан тарақаны өріп жүрген ұсқынсыз үйде тұрады. Мектептегі зорлық пен құдалауға төтеп беруге қабілеті жетпей әрі қартайған әжесінен қолдау таппаған соң, бала үй мекендеушілері – жәндіктер мен кесірткелерге түрлі эксперимент жасаудан жұбаныш табады. Сөйтіп, өзімен өзі өмір сүретін Аслан ойына келгенді жасап, санасын ұлайды. Сөз басында жастар арасындағы қатыгездіктің бой алдыруына көз жұма қарамайық дегеніміздің мәні де осында.

Тағы бір жайт. Фильмдегі мұғалімдер қауымы мен полиция қызметкерлері тек міндеттерін атқарушы тұлғалар ретінде суреттеледі. Алғашқылары балаға сабақ бергеннен басқа баламен сырласып, ішкі проблемаларын білуге құштар емес. Кейінгілері болса, істі тезірек жабу үшін балаларға сорақылардан бетер қылық танытады. Расында да, кейбір осындай тұлғалардың кесірінен білім нәрімен сусындататын педагогтар мен әділеттікті ту ететін құқық қорғау органдарына қоғам тарапынан сенімнің әлсіреуі орын алып жатады. Міне, фильмде осындай түйткілді мәселелерге тікелей емес, астарлы түрде назар аударылады.

Картинаға келер болсақ, кадрлары әдемі әрі түсінікті. 2013 жылы жарық көрген фильмге режиссерлік еткен Эмир Байғазин де, операторы Азиз Жамбакиев те ол кезде жас жігіттер еді. Алайда, жастықтарына қарамастан, ойлаған ойларын нақты жеткізе білді. Оны сюжет желісі арқылы ғана емес, актерлерді жақсы таңдай білгендерінен-ақ байқалады. Барлығының емес, әрине. Мәселен, кей актерлердің ойындары жаттанды көрінді. Алайда, бас кейіпкерлерді сомдаған кішкентай актерлер өз міндеттерін жақсы атқарып шықты. Бұл Асланның рөліндегі актер Тимур Айдарбеков және антагонист Болаттың кейіпкерін орындаған Аслан Анарбаев. Бірі сотқарды, екіншісі ішкі үйлесімділік пен сырттағы әділетсіздікті теңестіруге талпынған кейіпкерлерді тамаша орындап шықты.

Фильмде сонымен қатар Мұхтар Аңдасов, Анель Әділбаева, Бейбітжан Мүслімовтер өнер көрсетті. Юлия Левицкая картинаның қоюшы-суретшісі, Анна Качко продюсер қызметін атқарды. Кинолента «Қазақфильм» киностудиясымен түсірілген.

Айта кету керек, «Уроки гармонии» туындысы жиырмадан аса халықаралық кинофестивальдерге қатысып, талай жүлдемен оралған. Фестивальдік фильм болғандықтықтан шығар, картинаның басындағы титрлардың барлығы латын қарпімен жазылған. Кинолентадағы оқиғалар желісі жақсы қарқынмен әрі дұрыс ырғақта берілген. Себебі оны көріп отырып, толықтай экрандағы атмосфераға еніп кетесіз. Бұдан артық фильмге үңілмей-ақ қояйық. Оны өз көздеріңізбен көріп, ой-елегінен өткізгендеріңіз жөн.

Ал, бұл фильм жайындағы шетелдік әріптестердің пікірі мынадай. Мысалы, «Cine Vue» басылымы «Уроки гармонии» фильмінің әр кадрында жасырын мағына барын айтады. «Бас кейіпкердің тарақандарға клиникалық зерттеу жүргізетін көріністері болсын, немесе гүлдерден оригами жасайтын сахналары болсын – осындай ұсақ детальдер арқылы режиссер көрерменге ерекше мән жеткізуге тырысады», - деп жазды фильм жайында британдық басылым.

«Российская газета» болса, туындының басты құндылығы жас режиссердің кәсіби емес жасөспірімдермен жұмыс істей білуінде, сондай-ақ детальдерге мән бере алуында деп жазған болатын.

Қазақстандық режиссердің картинасы жайындағы оң пікірді сонымен қатар Variety, Hollywood Reporter, The Los Angeles Times сияқты белді басылымдар да басып шығарған еді. Бұдан бөлек, киносыншылар «Уроки гармонии» және режиссер Эмир Байғазин – 63-ші Берлин Халықаралық кинофестиваліндегі болашағы бар жалғыз жаңалық деген пікір айтқан еді.

Берлин Халықаралық кинофестивалі демекші. Оператор Азиз Жамбакиев фестивальдің 63-ші салтанатында картинадағы операторлық жұмысы үшін жүлдегер атанды. 2013 жылы фильм үздік режиссерлік дебюты үшін АҚШ-тың Трайбек ХКФ қазылар алқасының арнайы сыйлығына ие болды. Сол жылы отандық картина Сиэтл Халықаралық фестивалінде, Щвейцарияның Базель ХКФ, Словакияда өткен ХКФ, Швейцарияның Лазанна мен Женева қалаларында өткен ХКФ, Бразилияның Сан-Паулу қаласындағы ХКФ, Франциядағы Анже ХКФ-нің гран-прилерін жеңіп алды. Жалпы алғанда, қазақстандық фильм АҚШ және Еуропа елдерінің халықаралық китнофестивальдерінде барлығы 25-тен аса жүлдеге ие болды.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Фильмнен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы