Размер шрифта:

Цветовая схема:

10 ақпан, 2021415

Үш отандық картина Канадада өтетін кинофестивальге жолдама алды

Жастық шақ, болашақ және жаңа фильмдер! Отандық жас режиссердің қысқаметражды туындылары Gbeck Future Film Festival Халықаралық кинофестивалінің шорт-парақшасына еніп, негізгі байқауында бақ сынайды.

Gbeck Future Film Festival – бұл жас режиссерлерді қолдауға бағытталған бүкіл әлем киноматографшыларымен құрылған бірегей фильмдер байқауы. Болашақтың Gbeck кинофестивалі талай жас дарындарға үлкен киноға жол ашқан. Іріктеу үрдісі барысында көптеген жаңа тамаша фильмдер анықталған. Міне, осы жолы олардың қатарынан қазақстандық бір емес, үш бірдей картина көрінді. Атап айтқанда, режиссер Іңкәр Әбдіраштың «Ұмайы», Кристина Михайлованың «Альгиз» және Самғар Рахымның «Карантин күнделігі» киноленталары енген.

«Ұмай» - бұл Іңкәр Әбдіраштың тырнақалды туындысы. Қысқаметражды кинолента ерке актрисаның өмірін жақсы жаққа өзгертетін балалар үйінің тәрбиеленушісі туралы баяндайды. Картинаға Фархат Абдраимов пен Гүлшат Смағұловалар продюсерлік етті. Фильм Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігімен түсірілген. Атап өткен жөн, «Ұмай» туындысы осыған дейін Үндістанда өткен Dadasaheb Phalke Film Festival 10-шы Халықаралық кинофестивалінде «Үздік қысқаметражды лента» атағына ие болған. Бұдан бөлек, British International Amateur Film Festival Халықаралық әуесқой фильмдер фестивалінің «Үздік фильм» және «Үздік сценарий» аталымдары бойынша жеңіске жеткен. Ал, отандық кинолентаның қоюшысы 2020 жылдың шілде айының қорытындысы бойынша Словакияда өткен Kosece International Monthly Film Festival ай сайынғы халықаралық кинофестивалінде «Үздік дебютант-режиссер» жүлдесіне лайық деп танылған.

Фото: gbeck.com сайтынан алынған

Кристина Михайлованың «Альгиз» драмасы ғарыштық сәулелердің биік таулы ғылыми станциясының жанында тұратын қарияның хикаясынан сыр шертеді. Шал станциядан ешқашан алыстап көрмеген 9 жасар немересін асырайды. Бір күні атасы оған үлкен шаһар туралы ертегі айтқан соң, кішкентай қыз үлкен қалаға қашуға бел буады. Осынау үлкен оқиға 27 минуттық қысқаметражды фильмге сыйып, оған арқау болады. Айтпақшы, өткен жылы «Байқоңыр» халықаралық кинофестивалінің қазылар алқасы картинаны шараның ұлттық байқауында «Үздік фильм» деп таныды. Айта кетейік, картина авторы, режиссері әрі сценарисі Кристина Михайловнаның өзі. Фильмде бас рөлдерді Қойшыбай Байболов пен Дана Қуанышевалар сомдайды.

Самғар Рахымның «Карантин күнделігі» болса, бір отбасының басынан өткеретін оқиғасы суреттеледі. Нақтырақ айтқанда, отағасы коронавирус індетіне шалдығып, әйелі мен үш баласы он төрт тәулікке карантинге жіберіледі. Картинада осы күндердің ішінде не болатыны баяндалады. Бұл фильм де марапаттардан кенде емес. Өткен жылдың соңында отандық кинолента Жапонияда өткен The 3rd Meihodo International Youth Visual Media Festival кинофестивалінде қола жүлдеге ие болған. Ал 5-ші Байқоңыр ХКФ-нде фильм «Үздік көркем фильм сценарийі» аталымын қанжығалаған.   

Жоғарыда аталған үш отандық картина енді Канаданың Эдуард Патша аралындағы Шарлоттаун қаласында сәуірдің 2-сі мен 4-і аралығында өтетін 7-ші Gbeck Future Film киноқаралымында бақ сынайтын болады. Жеңімпаздар да сол айда анықталатын болады. 

 

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы