Размер шрифта:

Цветовая схема:

10 наурыз, 2021330

Екі отандық картина ресейлік «Ника» киносыйлығына үміткер атанды

Ресейдің ұлттық кинематографиясының «Ника» атты көне киносыйлығы 2020 жылдың қорытындысы бойынша сыйлыққа үміткерлердің тізімін жариялады.  17 аталым бойынша өтетін шараның бір номинациясында бірден екі қазақстандық картина бақ сынамақ.

Отандық картиналар «Ника» сыйлығының «ТМД, Балтық және Грузия елдерінің үздік фильмі» аталымына үміткер атанып отыр. Өзбекістанның «Две тысячи песен Фариды», Әзербайжан елінің «От смерти до смерти» және Қырғызстанның «Шамбала» картиналарымен бірге отандық режиссер Ернар Нұрғалиевтің «Жаным, ты не поверишь!» қара комедиясы мен  Әділхан Ержановтың «Желтая кошка» драмалары бақ сынайды.

Фото: kino-nika.com

«Бұл үлкен қуаныш әрі абырой, және мен біздің команданың бірлескен еңбегінің бағасыз қалмауына қуаныштымын. «Желтая кошка» тобының барлығын фильмнің кезекті жетістігімен құттықтаймын», - деп жазды картина режиссері Әділхан Ержанов өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.

Белді ресейлік кино сыйлыққа үміткер атанған картинаның тарихы өткен жылы 77-ші Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» атты байқау бағдарламасындағы әлемдік премьерасынан бастау алады. Кейін отандық драма басқа да бірқатар фестивальдерге қатысып, бірнеше жүлдеге ие болған.  Олардың ішінде Қытайда өткен Silk Road IFF кинофестиваліндегі  арнайы жүлдені, Батуми кинофестиваліндегі «Үздік режиссер» жүлдесін, сонымен қатар, «Мәскеулік премьера» фестиваліндегі киносыншылардың жүлдесін атауға болады.   

Ернар Нұрғалиевтің «Жаным, ты не поверишь!» картинасына келетін болсақ, өткен жылы отандық туындының режиссері «Киношок» кинофестивалінің бас жүлдесі саналатын - «Алтын сабақ» сыйлығына ие болған. Қазақстандық картина, сонымен қатар, киносыйлықтың «Үздік сценарий» жүлдесімен және баспасөз дипломымен марапатталған болатын.

«Ника» киносыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі биылғы жылдың 25 сәуір күні дәстүрлі форматта Мәскеуде өтпек. Онда 2020 жылдың ғана емес, өткен жылы пандемияның салдарынан өтпей қалған «Ника-2019» сыйлығына үміткер болған картиналар да марапатталатын болады. «Үздік фильм» аталымына 2019 жылдың қорытындысы бойынша номинант атанған бес картинаның ішінде қазақстандық әрі ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» кинотуындысы да бар.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы