Размер шрифта:

Цветовая схема:

31 наурыз, 2020521

Елге белгілі режиссерлер кімдер?

Қазір сіз бен біз тамашалап жүрген фильмдердің өндірушісі, оны түсіруші мен шығарушының кімдер екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Отандық кино саласында жаңа есімдер мен жобалар  күн сайын артып келеді. Бірақ, осындай бәсекелес кезеңде үздіктер қатарынан көрініп, өз көрермендерін сапалы картинамен қуантып келе жатқан киногер режиссерлер санаулы. Міне, осы мақсатта біз сіздер үшін еліміздегі талантты әрі таңдаулы деген кинорежиссерлер тізімін жасадық. Олар кімдер? Ал біз олар жайлы не білеміз?

Ақан Сатаев

Ақан Сатаев – Қазақстандық кинорежиссер, актер, продюсер. 1971 жылы  12 желтоқсанда  Қарағандыда дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алды. Алғашында жарнамалық роликтерден бастаған режиссер 2003 жылы «Sataifilm» студиясының негізін қалайды. Отандық киноиндустриядағы тұңғыш еңбегі 2007 жылы түсірілген «Рэкетир» картинасы болды. Киносыншылар мен көрермендердің көңілінен шыққан туынды жоғары бағаға ие болады. Фильм 1 миллион 150 мың АҚШ долларын жинап, қазақ киносы тарихындағы алғашқы прокатқа шыққан кассалық картина болды. Одан кейін Сатаев түсірген әрбір фильм ерекше назарға ілігіп, халықтың зор ықыласына бөленді. Сол картиналардың бірі әрі бірегейлері мыналар: «Адасқан»; «Ағайынды»;  «Ликвидатор»; «Жаужүрек Мың бала»; «Анаға апарар жол»; «Бизнесмены»; «Районы»; «Томирис»  және т.б. «Құлагер» және «Алтын Жұлдыз» лауреаты атанған Ақан Сатаевқа Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бұйрығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайртакері атағы беріліп, «Құрмет» орденімен марапатталады.

Темір Бекмамбетов

Темір Бекмамбетов – Қазақстан және Ресей кинорежиссері, сценарист, продюсер, клипмейкер. 1961 жылы 25 маусымда Атырау қаласында дүниеге келген. А.Н. Островский атындағы Ташкент мемлекеттік театр- көркемсурет институтын тәмәмдаған. Кино карьерасындағы алғашқы жұмыстарының бірі Ауған соғысына арналған 1993 жылы түсірілген "Пешавар вальсі" фильмі болды. 1994 жылы картина Карлов Варларындағы фестивальде және Кинотаврдағы жүлделерге ие. Қазіргі күнге дейін түсірілген 50- ге жуық картинаға өзі режиссерлік те, продюссерлік те еткен. Фильмографиясында «Наши 90-е»; «Ирония Судьбы.Продолжение»;  «Особо опасен»; «Черная Молния»; «Елки 2, 3, 5»; «Хардкор»; «Аполлон 18»; «Дневной Дозор»;  «Смешарики.Начало»;  «Убрать из друзей»; «Днюха!»; «Поиск»; «Война Токов» сынды танымал картиналар бар. "Astana" экшн-фильмдер Халықаралық кинофестивалінің негізін қалаушы және президенті. Ол Қазақстаннан тыс жерде еңбек етсе де, өзінің қазақ ұлтынан екенін ұмыт қалдырған емес. Оған елде өтетін көптеген кино бастамаларды қолдап отыратындығы дәлел бола алады.

Ермек Турсунов

Ермек Турсунов – қазақстандық режиссер, жазушы, сценарист. 1961 жылы 20 шілдеде Алматы облысында дүниеге келіп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алды. Режиссерлік карьерасы «Келін» атты фильммен басталады. Режиссердің келесі туындысы 2012 жылы прокатқа шыққан «Шал»  фильмі болды. Картина Турсуновқа біршама атақ пен көптеген жеңістер әкелді. Сонымен қатар, «Кемпір»;  «Жат»;  «Кенже» сынды танымал фильмдер дәл осы Ермек Турсуновтың режиссерлігімен жарыққа шыққан. Киногердің біршама туындылары Канада, ТМД және Балтық елдерінде өткен кинофестивальдерде ерекше аттаққа ие болған.

Асқар Узабаев

Өзі жайында көп айта бермейтін режиссер ең алдымен еліміздегі танымал клипмейкерлердің бірі. 1983 жылы 7 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келді. Ол көрерменге алғашқы туындысы саналатын «Ғажық жүрек» фильмінен кейін таныла бастады. «567 creative laboratory» студиясына басшылық етеді.  «Вузеры»;  «Тракторшының махаббаты»;  «Махаббатым жүрегімде» «Сұр бойдақ» «Glaмұр для дур»; сияқты комедиялық жанрдағы фильмдері көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Сонымен қоса, режиссердің мүлде басқа жанрда түсірген «Боксшының жолы» және «Қазбат» атты фильмдері де өте сәтті шыққан отандық картиналардың бірі.

Асқар Бисембин

Тағы бір танымал режиссер, тағы да бір Асқар бірақ бұл жолы Бисембин. 1979 жылы 10 мамырда Алматы қаласында дүниеге келіп, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина универитетінде «психиатр-нарколог» мамандығын бітіргенімен, жүрегі түсірілім алаңын таңдады. 1997 жылдан бастап КТА ойындарында өнер көрсете бастайды. Кейіннен New York Film Academy- де білімін жетілдіріп, Skinny Man Production студиясының негізін қалап отандық фильмдерге режиссерлік етуді қолға алады. Оның «Замуж в 30»;  «Свадьба на троих»;  «Адель» сияқты фильмдері кино сүйер қауымның көңілінен шықты.

Қанағат Мұстафин

Елге белгілі режиссер Қанағат Мұстафиннің баскетболдан спорт шебері екенін білесіз бе? !984 жылы 6 қаңтарда Алматыда дүниеге келеді. Қазақ спорт және туризм академиясында білім алған Мұстафин 1998-2003 жылдар аралығында баскетболдан Қазақстан жастар құрама командасында өнер көрсеткен. Иран мен Қырғызстандағы халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған. Бір матч ішінде қарсылас топқа бірден 102 ұпай салып, Қазақстандағы баскетбол тарихында рекорд орнатқан. Бірақ, «жігітке жеті өнерде аз» деген ұстаныммен жүрді ме, кім білсін, алайда Мустафин кейіннен “Көк Аспан – Қара Жер” атты газетте журналист ретінде қызмет етті.  Алғашқы фильмі «Арманға жиырма қадам» сериалы болды. Екі жыл бойы түсірілген «16 қыз» картинасы режиссерге біраз танымалдылық әкелгені рас. Сонымен қоса, туынды айтарлықтай кассалық фильм болды, себебі кино 45 миллион теңгедей қаржы әкелді.

Нұртас Адамбай

Нұртас Адамбай Жамбыл облысында 1981 жылы 14 қаңтарда дүние есігін ашады. Балалық шағынан әзілге жақын болған Адамбай университет қабырғасынан бастап – ақ КВН Жоғары лигасында өнер көрсеткен. Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітіргеннен кейін 2008 жылы «Наша KZаша» атты 5 маусымнан тұратын скетч – шоуын жобаның автор- сценаристі, актері әрі режиссері ретінде көрерменге ұсынды. Ол британиялық Little Britain атты шоудың қазақстандық алғашқы үлгісі болды. 2012 жылы «Forbes» журналы «Наша KZаша» жобасының мүшелерін қазақ шоу-бизнесіндегі ең дәулетті эстрада өкілдерінің тізіміндегі үздік үштіктер қатарына қосты. 2012 жылдан бастап NURTAS Production продюсерлік орталығы өз жұмысын бастады. Адамбайдың карьерасындағы үздік фильмдері: «Қайрат»; «Побег из аула-  1, 2, 3»;  «Келинка Сабина – 1,2»; «Тараз»; «Я жених»; «Лифт»; «Құдалар»; «Әкім».

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы