Размер шрифта:

Цветовая схема:

21 сәуір, 2020497

Еліміздегі кинопродюсерлер кімдер?

Продюсер болу – көркемдік шығарманың өндірісіндегі ең жауапты адам. Ол әр жобаның қаржы тарапынан, идеялық жағынан тіпті көркемдік ұйымдастыруға дейін қадағалайтын жан. Өндірілген дүниенің сәтті шығуы мен жобаның табысты болуы алдымен дәл осы продюсерге байланысты. Ал оның ішінде кинопродюсердің атқарар рөлі ерекше. Еліміздегі танымал фильмдерге продюсерлік етіп жүрген жандар жайлы біз не білеміз? 

Нұртас Адамбаев 

 

Қазақстандағы танымал киногер, продюсерлердің бірі Нұртас Адамбаев. Өзінің фильм саласындағы алғашқы қадамын актерліктен бастаған өнер адамы қазіргі таңда еліміздің киноиндустриясында біраз жетістіктерге жетіп үлгерген. Ол 1981 жылы 14 желтоқсанда Таразда дүниеге келеді. Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем Тілдері Университетінде білім алып, «Наша KZаша» скетчомында өнер көрсетті. Қазіргі таңда продюсер «Тараз», «Құдалар»,  «Лифт», « Келинка Сабина», «Аким» сынды отандық танымал фильмдерді түсіріп үлгерген. Индонезиядағы халықаралық кинофестивалінде "Келинка Сабина" фильмі үшін "Үздік шеберлік" номинациясы бойынша бас жүлдені олжалап, елдегі кино саласын дамытуға өз үлесін қосып келеді. 

 

Гүлнар Сәрсенова

 

1961 жылы 6 тамызда Алматыда дүниеге келген. Журналистика мамандығы бойынша білім алған Гүлнар Сәрсенова кейіннен Мәскеу қаласында режиссура саласында тәжірибе жинайды. 2008 жылы Eurasia film production компаниясының негізін қалап, көптеген танымал фильмдерді түсірген. Оның қатарында: Ермек Шынарбаевтың «Періштеге хат» және «Астана – махаббатым менің» фильмдері бар. Кинопродюсердің алған марапаттары мен жеткен жетістіктері көп. Мәселен, Оңтүстік Кореяда «Азияның үздік кинематографисі» жүлдесі, 61-ші Канн кинофестиваліндегі Ерекше көзқарас» номинациясы бойынша марапат, Asia Pacific Screen Awards -  «Үздік толық метражды фильм», 21-ші Токио халықаралық кинофестивалі-Гран-при ( Tokyo Sakura Grand Prix), үздік режиссура үшін жүлде және т.б. Сонымен қоса, 2018 жылы Гүлнар Сарсенова продюсерлік еткен «Айка» картинасының басты кейіпкері Самал Еслямова Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» жүлдесін жеңіп алды. 

 

 

Нұрлан Қоянбаев

 

Елге белгілі тележүргізуші және актер Нұрлан Қоянбаев кино әлеміне оң қадам жасағаны рас. Оның түсірген әрбір комедиясы көрермен көңілінен шығып, халықтың қошеметіне иеленіп келе жатыр. Сонымен қоса, Қоянбаевтың табысты кинопродюсерлер қатарынан көрінуі де дәл сол  кинотуындыларының арқасы болса керек. Танымал продюсер 1979 жылы 19 шілдеде Шиелі жерінде туған.  Мамандығы бойынша тарихшы және экономист Қоянбаев киноға дейін КВН және көптеген телевизиялық жобаларда бой көрсетті. Ол отандық кино салаға алғаш рет «Бизнес по-казахский» фильмімен келді. Одан әрі аталған фильмнің жалғасын Америка, Африка, Оңтүстік Корея сияқты елдерінде түсірді. Соңғы прокатқа шығарған «Бизнес по-казахский в Корее» картинасы рекордтық көрсеткішке жеткені баршаның есінде болса керек. Аталған фильм шетелдік «Мстители»  және «Король Лев»  сияқты үздік деп танылған картиналардан басып озып, кассалық түсімі ең көп фильм атанды. Осылайша, продюсердің картинасы алғаш рет отандық киноиндустрияда кассалық түсімі 1 миллиард теңгеге жеткен ең табысты фильмге айналды. Продюсердің бұдан бөлек түсірген «Каникулы в Тайланде» және «My love is Aisulu» фильмдері де көптің көңілінен шыққан туындылар. 

 

Ильхам Джалилов

 

Еліміздегі танымал фильмдерге продюсерлік ететін тағы бір белгілі киногер Ильхам Джалилов. Алматыда журналистика мамандығын бітірген ол «Сырғалым», «Қыздар», «Үй болу қиын», «Достар», «Дорога домой» сынды фильмдермен қатар 50- ге жуық жарнамалық роликтерді де түсірген. «Көркем фильм» кинокомпаниясының негізін қалап, отандық кино саласына айтарлықтай үлес қосып келе жатыр. 

 

Әсел Сәдуақасова

 

Бұрынғы «Дауыс International» тобының әншісі болған белгілі актриса Әсел Сәдуақасова кинопродюсер ретіндегі рөлін жоғары деңгейде орындап келе жатыр. 1985 жылы 31 қаңтарда Қарғанды қаласында туылған Әсел кішкентайынан музыкалық мектепте фортепианодан сабақ алып, бимен айналысқан. Осылайша ол өнер әлеміне алғашқы қадамдарын бастаған. 2002-2003 жылдары алғаш рет «Саранча» кинофильміне түскеннен соң, әншіге көптеген ұсыныстар түсе бастайды. Өнердегі талантты актрисаның кинода жеткен жетістіктері аз емес. Тек рөл сомдап қана қоймай, Сәдуақасова өз картиналарын да түсіруге бел байлайды. Оның: «Семьянин», «Кино по понятиям», «Келинка тоже человек», «Жена – не стена», «Одноклассники», «5 причин не влюбиться в казаха», «Адель»,  «Замуж в 30» сынды фильмдері бар. 

 

Баян Алакөзова

 

Танымал кино және телевизия продюсері Баян Алакөзова 1974 жылы 9 қаңтарда Орал қаласында туылған. Тележүргізуші продюсерлікке алдымен «КешYOU» қыздар тобын құрғаннан кейін келді. Кино саласында актрисалықтан бастаған Баян ханым «Махаббат бекеті» фильмінде басты рөлді сомдайды. Продюсер «Станция судьбы», «Осторожно корова!», «Тракторшының махаббаты», «Коктейль для звезды», «Я пышка», «Сиситай» сынды картиналарды жарыққа шығарған. 2013- 2015 жылы Forbes Kazakhstan қорытындысы бойынша шоу бизнестегі ең ауқатты өнер адамдарының ішіндегі алдыңғы қатардан көрінген. 2015 жылдың өзінде продюсердің табысы 1 млн. долларды құраған.

 

Құралай Анарбекова

 

Құралай Анарбекова 1989 жылдың 11 маусымда Шалқар қаласында дүниеге келген. Бала күнінен гимнастика және бимен айналысқан. Алғашқы дебюттік рөлін Талғат Теменовтың «Менің күнәлі періштем» фильмінде сомдайды. Кейіннен көпке белгілі отандық режиссер Ақан Сатаевтың халықтың жүрегінен ерекше орын алған «Жаужүрек мың бала» көркем туындысында басты рөлдердің бірін сомдайды. Кино саласында білімін шыңдау мақсатында Анарбекова Мәскеуде «Кино және ТВ продюсері» мамандығы бойынша білім алып, «Профит» продюсерлік фирмасында жұмыс істеп өзіне тәжірибе жинайды. Елге оралған Құралай қыз өзінің «Corich Group» атты компаниясын ашып, продюсерлікке бет бұра бастайды. 2017 жылы алғаш рет түсірген «Брат или брак» картинасы отандық кинематографияда табысқа жетті. Фильм 455 миллион теңге қаржы жинады. Сондай-ақ, актриса Канн кинофестивалінің құрметті қонағы атанып, танымал дизайнер Изабель Кристенсен тіккен әсем көйлекпен қызыл кілемнен жүріп өтті.  Forbes Kazakhstan  тізімінен көрініп, «Серпер» жүлдесімен марапатталынды. Продюсердің қоржынында «Ва-банк» және «ТойХана» фильмдері де бар. 

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы