Размер шрифта:

Цветовая схема:

05 сәуір, 2020514

Еліміздің кішкентай жұлдызды актерлері

Олар тек өздерінің сүйкімділігімен ғана емес, сондай-ақ талантты актерлік қабілеттерімен де көрермен көзайымына айналып үлгерген. Бүгінгі отандық картиналарда бой көрсетіп жүрген жас актерлеріміз бен кішкентай кейіпкерлеріміз жайында біз не білеміз?

 

Кино саласында ең ауыры ол –түсірілім алаңында балалармен жұмыс жасау екендігі ғажап емес. Алайда, қазір сол кішкентай актерлердің сомдаған рөлдерін тамашаласаң, кейде олар ересектердің өзін шаң қақтырып кеткендей. Ал еліміздің кино саласында мұндай таланты мен дарыны келіскен кішкентай жұлдыздар да жоқ емес. Бірі жас кезіне қарамастан бірнеше картиналарға түсіп үлгерсе, ал кейбірі өзінің актерлік карьерасын енді ғана қалап келе жатыр. Бірақ бәрінде бір арман, жалғыз мақсат -  кино саласының талантты майталмандары болу. Ал бұл кішкентай актерлермен біз қаншалықты таныспыз, бірге анықтап көрейік!

Елжас Әлпиев
фото: kaz.tengrinews.kz

Талантты кішкентай жұлдыздардың тізімін бастайтын Елжас Әлпиев. Ол өзінің дебюттік рөлін небәрі 5 жасында алған. Режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Елбасы жолы. Балалық шағымның аспаны»  көркем фильмінде Елбасының балалық шағын сомдаған Елжастың таланты мен сүйкімділігі киносүйер қауымның жүрегінен үлкен орын алып, есте қалғаны мәлім. Өзінің актерлік жолын осындай ауқымы кең картинадан бастаған дарынды Елжасты көрермен әбден сағынса керек. Себебі, осы туындыдан кейін ол әлі киноэкраннан көріне қойған жоқ.  Қазіргі таңда мектептің жоғары сынып оқушысы атанған Елжас болашақта Өнер академиясында білім алып, актер мамандығын кәсіби түрде алуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта халықты талай еңбектерімен қуантарына біз сенімдіміз.

Мерей Мақажан

фото:  @merey_makazhan

Мерей Мақажан – қазақстандық жас актриса. 2004 жылы 27 қыркүйекте дүниеге келген. Қазіргі таңда Алматы қаласында орналасқан мектеп- лицейінде оқиды. №11 балалар музыка мектебінде фортепиано бөлімі бойынша білім алған. Жас шамасына қарамастан, актриса өзінің тәжірибесінде көптеген жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген. Қазақстандық кинофильмдер мен сериалдардан бөлек, Мерей қыз әртүрлі отандық бейнебаяндар мен жарнамалық роликтердің түсірілімдеріне қатысып келе жатыр. Жас отандық актриса елімізде түсірілген  «Санжар мен Қайсар»,  «Шығу ойыны», «Өмір сынағы»,  «Күй ғұмыр», «Аққұс» сынды картиналарда бой көрсетіп, үлкен тәжірибе жинақтағаны сөзсіз. Мерейдің ең ауқымды картинасы деп елімізге белгілі режиссер Ақан Сатаев түсірген «Анаға апарар жол» кинотуындысы мен Санжар Омаровтың режиссерлігімен түсірілген «Қарлығаш ұя салғанда» телехикаяларын айта аламыз.

Махамбет Мырза фото :  @myrza_mahambet

Махамбет Мырза Айқынұлы үлкен кино әлеміне келмес бұрын, КВН ойындарында өнер көрсеткен болатын. Қысқа уақыт ішінде өз жанкүйерлерін жинап үлгерген жас актерге киногерлер тарапынан ұтымды ұсыныстар түскені құпия емес. Оны біз актердің бой көрсетіп жүрген картиналарына қарап-ақ байқауымызға әбден болады. Махамбет елге ең алғаш «Ойпырмай»  атты толықметражды киносы арқылы таныла бастады. Ал бұл кезде ол небәрі 3 жаста болатын. Бала күнінен камера мен жарықтың арасында өскен актер қазір түсірілім алаңында өзін біршама еркін ұстап, керісінше, киноны түсіру процессінен рахат алатынын айтады. Бүгінгі таңға дейін отандық жас актер «Қара шаңырақ», «Өмір сынағы», «16 қыз», «Аңшы бала»  сияқты  30-ға жуық отандық фильмге түсіп үлгерген. Жақында ғана көрермен назарына ұсынылған «Ата-ана, бала-шаға» атты комедия жанрында түсірілген отбасылық сериал көптің көңілінен шығып жатқаны мәлім. Бұл картинада Махамбетке ең басты рөлдердің бірі бұйырған. Оның табиғатына дәл осы комедилық жанр жақын. Ол болашақта отандық киноиндустрияның дамуына өз үлесін қосып, осы салада талай жетістікке жеткісі келетіні туралы айтқан еді. Жас актер егер мүмкін болып жатса, әлем мойындаған «Оскар» сыйлығын алуды да жоспарлап, армандайтынын жеткізді. Оның есімін режиссер Сатыбалды Нарымбетов үлкен режиссер немесе актер болсын деген ниетпен дәл «Махамбет» картинасының түсірілім кезінде қойған. Бұл жас баланың талантты актер болуына әсер етсе керек, Махамбеттің сомдаған рөліне қарап тамсанасың.

Ақерке Сүлейменова

фото: zhasorken.kz

Еліміздің дарынды актрисаларының бірі Ақерке Сүлейменова отандық режиссерлердің сүйіктісі. Өз рөліне толықтай еніп, сол кейіпкердің көңіл-күйін көрерменге толықтай жеткізуді мақсат тұтқан жас актриса «режиссер «жыла» десе жылаймын» дейді. Ақеркеге «Ғашық жүрек» телесериалында басты кейіпкердің балалық шағын сомдаған рөлі көп табыс әкелді. Жетім қыздың рөлін толықтай алып шыққан Ақерке картинада құлады да, сүрініп жылады да, әдемі даусымен ән шырқап, теледидар алдындағы көрерменге ерекше сезімдер сыйлай алды. Актрисаның қанжығасында «Санжар мен Қайсар» атты балалар телесериалы, «Ғашық жүрек» және т.б. картиналар бар. Ақерке талантты актриса ғана емес, сонымен қоса, дарынды әнші. Оны біз Ұлттық арнада көрсетілген республикалық «Айгөлек» балалар ән байқауына қатысқан Ақеркенің ерекше орындауына қарап-ақ айта аламыз. Жас актриса халықаралық «Ғұмырдария» балалар шығармашылығы ән байқауында эстрадалық вокал номинациясының I орын иегері атанған.

Амина және Адия Малғаждар

фото: voxpopuli.kz

Бұл тәтті қыздарды бүкіл ел таныса керек. Олар қалың жұртқа инстаграм желісі арқылы танылған вайнерлер. Алғашында жәй ғана әзіл үшін түсірілген вайндар бір үйдің қос қызын үлкен кино әлеміне алып келді. Өздерінің ерте жасына қарамастан әпкелі- сіңлілер «Женатики» отандық сериалына түсіп, кейінрек Асел Садуақасова мен Асқар Узабаевтың  «Келинка тоже человек» атты толықметражды фильмінде басты рөлдердің бірін сомдады. Қазіргі таңда екі кішкентай актрисалар әртүрлі жарнамалар мен роликтерге үздіксіз түсуде. Айтпақшы, бұл екі балапанның инстаграм желісіндегі оқырмандар саны қазір 1 млн 300 мыңға жеткен. 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы