Размер шрифта:

Цветовая схема:

26 наурыз, 2021358

Ермек Тұрсыновтың режиссерлік еңбектері

Ермек Тұрсыновты таныстырып қажеті жоқ-ау. Бұл қазақ кинематографында өзіндік орны бар тұлға әрі әлемге танымал болған туындыларды дүниеге әкелген еліміздің талантты жандардың бірі. Осы уақытқа дейін режиссер небары 6 фильмді жарыққа шығарды,  дегенмен әлі берері көп киногер. Оның картиналары көпшілікке ұнауы да мүмкін, ұнамауы да мүмкін. Десек те, әрқайсысы жоғары кәсібилікпен орындалып, терең мағынаға ие. Режиссер жаңа туындымен көрерменін қуантуға әзірге асық емес көрінеді, сондықтан оның фильмдерін сағынғандар үшін осыған дейін түсірілген картиналарына шолу жасамақпыз.

«Келін»/ «Невестка» (2009)

Ермек Тұрсынов өзінің режиссерлік жолын алғашқы қоғам өмірі жайында суреттейтін «Келін» фильмінен бастаған еді. Туынды Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясымен түсірілген. Картинадағы оқиғалар желісі біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ІV ғасырларда, исламға дейінгі кезеңде өрбиді. Ол заманда адамдардың негізгі міндеті аман қалу және ұрпақ жалғастыру еді. Картинадағы кейіпкерлер сөйлемейді, барлық іс-әрекеттер табиғат, ұрпақ бастауы саналатын – әйелдің айналасында өрбіп, алғашқы қоғам, бақсылық үстемдік етеді. Фильмде қыздың трагедиялық хикаясы суреттеледі. Әкесі оны күштеп тұрмысқа береді. Бас кейіпкер ата-анасы алдындағы борышы үшін ішкі сезімдеріне қарамай, әкесіне жақсы қалыңмал құнын төлеген жігітке тұрмысқа шығуы тиіс. Ол кезде адамдар қарапайым өмір сүрген, арадағы қарым-қатынастар шынайы әрі таза еді. Сәл дөрекі болса да, құлық, арамдық, екіжүзділік сияқты заманауи нәпсілерден ада болатын. Міне, фильмнің кей ерекшеліктері осы. Дей тұрғанмен, картина әлдеқайда қиынырақ, көппланды келеді. Кинолентаның бас рөлдерін актерлер Гүлшарат Жұбаева, Тұрахан Садықов, Қуандық Қыстықбаев пен Нұржан Тұрғанбаевтер сомдады. Кино сыншылары бұл картинаны стилі жағынан режиссер Сёхэя Имамураның атақты «Легенда о Нараяме» фильмімен ұқсас екендігін алға тартқан. Жалпы отандық картина Америка киноакадемиясымен таңдалып, «Оскар» сыйлығының «Шетел тіліндегі үздік фильм» аталымында тоғыз үміткерден тұратын қысқартылған тізіміне енген болатын. 2010 жылы «Келін» туындысы Монакода өткен Monaco Charity Film Festival Халықаралық қайырымдылық кинофестивалінде Бас жүлдеге ие болған, сонымен қатар Нью-Йоркте өткен New York Eurasian Film Festival еуразиялық фильмдер кинофестивалінде «Үздік ойын фильмі» және «Үздік операторлық жұмыс» аталымдарында жеңіске жеткен.

«Шал»/ «Старик» (2012)

2012 жылдың қазанында қалың көрермен назарына режиссердің кезекті туындысы – «Шал» картинасы жол тартты. Фильм атақты американдық жазушы Эрнест Хэмингуэйдің «Шал мен теңіз» повесі негізінде түсірілген. Фильмдегі оқиғалар желісі осы заманда, шалғайда жатқан ауылда өрбиді. Мұнда шал, келіні мен немересі бір шаңырақ астында өмір сүреді. Бала электрондық ойындар ойнауды жақсы көрсе, қарт атасы футбол көргенді ұнатады. Бұл спорт түрін жаны сүйетіні соншалық, тіпті футболшылардың есімдері бойынша реттік сандарын қойларының арқасына жазып ат береді. Қыстың бір күні қария бір отар қойды жайылымға айдап әкетіп ен далада адасып кетеді. Үйге қайтар жолды табуға тырысатын ол бір үйір қасқырға бірнеше рет тап болып, қойларын аман алып қалу үшін олармен шайқасқа түседі. Қарапайым шалдың үлгісінде киногер үлкен өзгерістерге бет алған заманда аман қалуға тырысудың маңыздылығын айшықтап, ақша мен технолониялар сияқты жаңа құндылықтар табиғи апаттардан ешкімді құтқара алмайтынын көрсетеді. Жердің адамға дейін болғанын және олардан кейін де қалатынын түсінсек болғаны. «Шал» фильмі де осылайша, болашаққа көз сала отырып, өткен өмір жайында сыр шертеді. Кинолентаның бас рөлін белгілі отандық актер Ерболат Тоғызақов сомдаған. Ол кезде Тоғызақов аса танымал болмаған еді, кәсіби актерлік білімі де жоқ. Режиссер оны «Қазақфильмнен» тауып алған екен. Онда Тоғызақов қарапайым жұмысшы бола жүріп, қосымша эпизодтық рөлдерге түсетін. Фильмді тамашалаған көрермендер бас рөлге таңдалған актердің дұрыс шешім екендігін көрген де болар. Одан бөлек фильмде шалдың немересін жас актер Орынбек Молдахан, белгілі актерлер Иісбек Әбілмәжінов, Оңдасын Бесікбасовтар өнер көрсетті. Алматыда өткен ХІІІ-ші «Жыл таңдауы» фестивалінде «Шал» картинасы «Жыл фильмі» атағына ие болды. 2012 жылы кинолента Қазақстанның «Құлагер» Ұлттық сыйлығында жылдың үздік фильмі атанды. 2013 жылы отандық картина «Киношок» фестивалінде гран-при жеңіп алса, осыдан жеті жыл бұрын ресейлік «Ника» сыйлығының ТМД және Балтық елдерінің үздік фильмі номинациясына үміткер атанған.

«Кемпір» (2014)

2014 жылдың наурызында Ермек Тұрсыновтың «Кемпір» картинасы жарық көрді. Оны «Любовь и голуби» фильмінің қазақша нұсқасы деп те атады. «Келін» мен «Шал» сияқты драмалық киноленталардан кейін Тұрсынов көрермендерге көңілді картинаны ұсынды. «Кемпір» комедиясы шалғайда жатқан қазақ ауылының екі қарт адамы – Қайырғали мен Күлпаштың хикаясын баяндайды. Бір күні олардың отбасында қызықты оқиға орын алады. Күлпаш апа жүкті болады! Картина қызықты әрі жеңіл. Фильм сценарийін режиссердің өзі жазды. Әдептен озбаған, көрерменге ұсынылатын халықтық фильм дейді ол. Кинолентаны қоюшылар бұл фильммен казақ киносының классикасы бастауына оралмақ болды. Жалпы стилистикасы мен рухы жағынн картина қазақ киносының мэтрі Шәкен Аймановтың мұрасымен ұштасады, әрі ортақ элементтері көп, дегенмен фильм өзінің бірегейлігі мен ерекшелігін жоғалтпаған. «Кемпір» фильміндегі басты кейіпкерлерді «Тамаша» шоу-хабарының актері Қадырбек Демесін мен «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы бойынша танымал болған актриса Ғазиза Әбдінабиевалар сомдайды. Картинада сонымен қатар Асанәлі Әшімов пен Ерболат Тоғызақовтар да ойнады. Айта кету керек, «Кемпір» комедиясындағы кейіпкерлер есімдері Ермек Тұрсыновтың жанына жақын жандарының – балалық шағы өткен мекендегі көршілерінің есімдері екен. Режиссер үшін бұл фильм жеңіл кино жанрындағы алғашқы жұмысы.

«Кенже»/ «Младший брат» (2015)

2015 жылдың көктемінде Ермек Тұрсынов көрермендерге кезекті фильмін – «Кенже» картинасын тарту етті. Егер «Келін» режиссермен ойластырылған трилогияның бірінші бөлімі болса, «Шал» - екінші, ал «Кенже» трилогияның үшінші бөлімі болып табылады. Егер «Келінде» көне заманда тауда өмір сүрген адамдардың тұрмысы суреттеліп, «Шалда» - ен даладағы отбасының өмірі баяндалса, «Кенже» - бүгінгі күннің көрінісі. Яғни картинада үлкен қаладағы тіршілік сипат алады. Режиссер бұл кинолентада қай жаққа бағыт алып жатқанымыз жайындағы ойларымды ортаға саламын дейді. «Кенже» фильмі кішкентай кездерінде ата-анасынан жетім қалған ағайынды екі жігіттің хикаясынан сыр шертеді. Ата-анадан айырылған соң оларды өздері тұрып жатқан ауылдың балалар үйіне орналастырады, алайда ағайындар одан қашып, қалаға кетеді. Жылдар өткен соң жігіттер адамдарды өлтіріп, сонымен күн көре бастайды. Бас кейіпкерлерді сатқындық, қайғы мен қатыгездік күтеді. «Кенже» картинасының түсірілімдері Тайланд пен Испаниядағы Майорка аралында өтті. Венгрия, Ресей мен АҚШ кәсіпқойлары кірген түсірілім тобы күніне 12 сағаттан жұмыс істеді. Фильмдегі трюктерге Жайдарбек Күнғожиновтың «Номад» каскадерлік тобы жауапты болды. Трюктері бар сахналардың басым көпшілігі Тайландта түсірілген екен. Мұнда сценарий бойынша бас кейіпкер өзінің кезекті «тапсырысын» орындау үшін келеді. Бас кейіпкердің рөлін сомдаған Жандос Айбасовтың керемет дайындығына қарамастан, фильмдегі трюктерін дублер орындады. Бас кейіпкердің әйелінің рөлін жас қазақстандық актриса Айнұр Ниязова ойнады. Кинолентада сонымен қатар ресейлік актерлер Михаил Хмуров пен Ольга Зайцевалар өнер көрсетті. Кино сарапшыларының пікірінше, қарапайым сюжеттің астында режиссер адам өмірінің мәнін, мейірімділік пен жамандық туралы терең философиялық ойларын жасырған.

«Жат»/«Бродяга» (2015)

Көп ұзамай, сол жылдың күзінде Торонтодағы кинофестивальде режиссердің студенттік жылдары жазған сценарийі бойынша түсірілген «Жат» фильмінің тұсаукесері өтті. Картина кеңес билігіне карсы шығып, немістермен соғысудан бас тартып, ол үшін жерлестерінің де күтпеген сынына ұшырайтын жалғызбасты аңшы туралы баяндайды. Кинолента биографиялық факттерге сүйеніп, 1930 жылдары тауға кетіп, жат атанған Ильяс есімді ер адамның хикаясын әңгімелейді. Картинаның түсірілімдері Алматы облысының тауларында жүргізілді. Фильмдегі бас рөлді «Келін» фильміндегі жұмысымен танымал болған Ержан Нұрымбет сомдайды. Одан бөлек режиссермен осыған дейін еңбек еткен Ерболат Тоғызақов пен Қуандық Қыстықбаевтер, сонымен қатар Элина Абайқызы, Александр Карпов және Роза Хайруллиналар өнер көрсетті. Тұрсынов бала кезінде «Жат» кинолентасының бас кейіпкерінің түпбейнесі болған адамды көрген екен, сондықтан фильм шынайы оқиғаға сүйеніп түсірілген деуге толық негіз бар. Фильм сценарийі бұдан бұрын айтқанымыздай, Тұрсыновтың дипломдық жұмысы. Сценарий 1989 жылы бүкілодақтық киносценаристер байқауында бірінші орынға ие болған. Бұл еңбек экранизациялауға кеңес берілген сценарийлер альманахына да енгізіліпті. Кейін Кеңес Одағы ыдыраған соң хикая сол күйі түсірілмей қалып қойған. Көптеген режиссерлер Тұрсыновтан «Жат» туындысының сценарийін беруін өтінген екен, бірақ ол оны талай жылдан бері сақтап, енді міне, көрермен назарына керемет картина етіп ұсынды. «Жат» фильмі 2015 жылы Қазақстан атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылып, «Азиялық Оскардың» «Режиссура саласындағы жетістіктері үшін» категориясына үміткер атанған болатын. Ал Таллинде өткен 19-шы «Темные ночи» фестивалінде фильм Netpac сыйлығына ие болған.

«Шырақшы»/ «Хранитель»

Тұрсыновтың әзірге жарық көрген соңғы фильмі – «Шырақшы» болды. Картина өткен жылдың қаңтарында көрермендерге жол тартты. Кинолента соғыстан қайтып келген солдаттың өмірін суреттейді. Майданнан ол немістен сыйға берілген кинопроекторын ала келеді. Бұдан кейін бұл олжасымен өмірінің соңына дейін ажырамайды. Режиссердің айтуынша, бұл картина қарапайым емес тағдырлы қарапайым адам жайындағы фильм. Бас кейіпкердің басынан соғыс пен күйреу жылдары  өтіп, жақындарынан айырылса да, жақсылыққа деген сенімі жоғалған жоқ. Тұрсынов бір сұхбатында атап өткендей, сценарий алғашында «Шал» картинасында бой көрсеткен танымал қазақстандық актер Ерболат Тоғызақовқа лайықталып жазылған, кейін дәл соңғы сәтте ол басқа қарт адамды іздей бастапты. Сөйтіп, бас рөлді сомдаған актер Мұратжан Мұқажанов екі мың үміткердің арасынан іріктеліп алынған. Картина сәтті шықса, бұл бас кейіпкердің дұрыс таңдалғаны деп біледі.  Түсірілімдердің басым бөлігі Алматы облысында, бір бөлігі Еуропаның Будапешт қаласында түсірілген екен. Фильм айтарлықтай интернационалды болып шықты. Себебі мұнда қазақстандықтардан бөлек, Ресей, Венгрия мен Германия актерлері өнер көрсетті. «Шырақшының» әлемдік премьерасы 2019 жылдың жазында Шанхай кинофестивалінде өтті. Ал Анапада өткен ресейлік «Киношок-2019» кинофестивалінде бас рөлді сомдаған Мұратжан Мұқажанов үлкен қазылар алқасының «Кино өнері қызметкерінің ақындық образын сомдай білгені үшін» арнайы дипломымен, ал оператор Мартин Сечанов Княжинский атындағы «Толықметражды кинодағы үздік операторлық жұмыс» жүлдесімен марапатталды. Картина сонымен қатар 2019 жылы «Золотой глобус» кинопремиясының лонг-парақшасына да енген болатын.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы