Размер шрифта:

Цветовая схема:

06 қазан, 2020359

Есепші мамандығын иегерген киногерлер және олардың туындылары

«Richard Jewell» («Дело Ричарда Джуэлла»), «Sully» («Чудо на Гудзоне»), «Million Dollar Baby» («Малышка на миллион») атты атақты картиналардың режиссері Клинт Иствудтың мамандығы экономист екендігін білесіз бе? Танымалдыққа белгілі киногер Серджио Леоненің «За пригоршню долларов» және басқа да вестерндеріндегі рөлдері арқылы қол жеткізген. Біздің елде де, жай ғана картина емес, көпшілікке мәлім әрі талай фестивальдерде топ жарған фильмдерді жарыққа шығарған экономист мамандығын игерген режиссерлер бар. Бүгін Есепшілердің кәсіби мерекесі күнінде Сіздерді фильм түсірген осы мамандық иелерімен таныстырмақпыз.  

Жаннат Алшанова

Режиссер әрі сценарийші Жаннат Алшанова 2007 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының (ҚМЭБИ) іскерлік әкімшілік және бухгалтерлік есеп бакалавриатын үздік бітіріп шықты. 2009 жылы ол Испаниядағы Бизнес және маркетинг Жоғары мектебінің маркетинг мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдады. Кейін бірнеше жыл бюджеттеу, бизнесті жоспарлау, маркетинг және менеджмент саласында еңбек етті. Ал 2011 жылы қызмет етіп жүрген саласын киноға ауыстырды. Сөйтіп, «Netflix» компаниясы түсірген «Марко Поло» түсірілімдерінде көмекші, кейін Ермек Тұрсыновтың «Жат» фильмінің түсірілім алаңында фотограф болып жұмыс істеді. 2015 жылы Жаннат беделді Лондон киномектебінің «Киноөндіріс өнерінің шебері» бағдарламасына қабылданды. Онда оқып жүрген үш жылдың ішінде отандық киногер түркиялық «Тікенек» («Заноза»), АҚШ-тың «Ақ қайың» («Береза») сияқты қысқаметражды фильмдеріне, сонымен қатар Оңтүстік Африкада түсірілген «Біз разымыз» («Мы Благодарны») толықметражды фильмге продюсерлік етті.  

Сөйтіп, 2016 жылы Жаннат «Отель Белая Орхидея» атты өзінің алғашқы фильмін түсірді. Картинадағы оқиға желісі тұрғындардың ең жағымсыз естеліктерімен есте қалған қонақүйде өрбиді. Джейн анасы қайтыс болғаннан кейін екеуінің арасындағы ауыр сәттерді қайта бастан өткеріп, оларды біржола естен шығару үшін мұнда қайта оралады. Драма жанрындағы қысқаметражды фильмге Катерина Забулонская продюсерлік етті, ал рөлдерді Зелина Робейро мен Дрина Павловичтер сомдайды. Картина сценарийін Жаннат Алшанованың өзі жазды. Айта кетейік, «Отель Белая Орхидея» фильмі 2016 жылы Канн кинофестивалінің Short Film Corner секциясына қатысты. Бұдан бөлек, фильм Польшада өткен Camerimage операторлық өнер саласындағы ең беделді фестивальдің негізгі байқауында, 16-шы Халықаралық студенттік кино фестивалінде және Чикаго штатында өткен «Фотоұлғайту» Халықаралық артхаустық фестивальде бақ сынады.  

2018 жылы Жаннат Алшанова «Конец сезона» атты қысқаметражды лентасын түсірді. 23 минуттық туынды - «өзінің нәзіктігін қайта сезіген» жасы келіп қалған әйел жайындағы хикая. Режиссердің бұл картинасында ресейлік актриса Роза Хайруллина мен отандық актер Дулыға Ақмолда өнер көрсетеді. Атап өтейік, Жаннаттың «Конец сезона» атты фильмі - оның Лондон киномектебіндегі дипломдық жұмысы. Жаннат Алшанова бұл картинамен 2018 жылы Канн кинофестивалінің «Синефондасьон» студенттік кино байқауына қатысты. Ол бұл конкурсқа қатысқан алғашқы қазақстандық болдық.

Фото: informburo.kz

2019 жылы режиссер венгерлік шебер Бела Таррдың жетекшілігімен «Паола загадывает желание» қысқаметражды фильмін түсірді. Бұл картина өткен жылы ең атақты Sundance Film Festival атты американдық еркін кино фестивалінің негізгі байқауына іріктеліп алынған болатын. Фильмнің бас рөлін миландық актриса сомдады. Картинаның премьерасы Локарно кинофестивалінде  өтті.

Ал биыл Жаннат Алшанова «История цивилизации» фильмін жарыққа шығарды. Қысқаметражды картина талай халықаралық кинофестивальдерге қатысып, жүлделі болған. Алайда оның әзірге ең басты жетістігі – биылғы жылы Швейцарияның Локарносында өткен халықаралық кинофестивальдегі «Күміс барыс» сыйлығы.

Фото: inform.kz

Олжас Ахметов

Олжас Ахметов – өткенде табысты экономист маманы, ал бүгінде режиссер атанып отырған тұлға. Оның алғашқы толықметражды «Неделимое» картинасы 2017 жылы жарық көрді. Киногер режиссерлікке дейін құрылыс компаниясында экономист болып қызмет етті. Кейін қағаз жұмысын камераға алмастырып, музыкалық бейнеклиптер түсірді. Осы іспен айналысып жүріп, ақырындап режиссерлік өнерді игере бастады. Кейін он айлық киномектепте білім алып, өзінің дипломдық жұмысы – «Квартира 6» қысқаметражды фильмін түсірді. Тырнақалды туындысы көрермендер мен сарапшылар тарапынан жылы ықыласқа бөленген соң, режиссер бұрынғы жұмысына оралмай, осы салада жұмыс істеуге бел буды.  Осыдан кейін жас киногер толықметражды «Неделимое» криминалды драмасын түсірді.  Картинада Азиз Бейшеналиев, Берік Айтжанов, Шыңғыс Капин, Ерден Телемісов, Нұржан Садыбеков сияқты танымал отандық актерлер өнер көрсетті.

Фото:brod.kz

Берлин Иришев

Берлин Иришев – экономист әрі дипломат, экономика ғылымдарының докторы және Франциядағы Қазақстандықтар қауымдастығының төрағасы. Биыл ол  атақты француздық сәнгерлер Кристиан Диор мен Ив Сен Лоранның музасы болған қазақ моделі Алла Ильчун жайында деректі фильмін таныстырды. «Alla – восточная жемчужина Dior» деректі картинасында соғыстан кейінгі жылдары жоғары сән әлемін таңқалдырған Алла Ильчунның қайғылы тағдыры мен мансабы суреттеліп, жеке мұрағатындағы сирек видеолары мен фотосуреттері көрсетілген. Алланы «азиялық інжу» деп атаған. Оның подиумда көрсеткен киім үлгілері келесі күні-ақ ХХ ғасырдың ауқатты әйелдері, актрисалар мен зайырлы нәзік жандылары бірден сатып алатын. Дәл осы тұлға әлемге «мысық көзі» образын сыйлап, қабақтағы «жебені» сәнге айналдырған. Деректі лентаны жасаушы – Берлин Иришев өзінің командасымен баспасөз беттерінде Алла Ильчун жайындағы естеліктер мен ақпараттарды, фото және бейнематериалды іздеуде үлкен жұмыс атқарды.

Фото: Forbes.kz

Қазақ моделі туралы картина көрермен назарына Парижде, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында биылғы жылдың ақпан айында жабық көрсетілім барысында ұсынылған. Деректі лентаны алдымен түрлі кинофестивальдерге қатыстыру көзделген. Содан кейін оны желіге де жариялау жоспарланып отыр. Айтпақшы, осы жылдың жаз маусымында Берлин Иришевтің «Alla – восточная жемчужина Dior» фильмі European Cinematography Awards кинофестивалінің негізгі бағдарламасына кірген болатын.      

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы