Размер шрифта:

Цветовая схема:

05 тамыз, 2021297

Режиссер Жанна Исабаеваның шығармашылығы

Он төрт жылдық режиссерлік мансабында Жанна Исабаева қазіргі қазақ кинематографиясында өз орнын ойып тұрып алды.  
Ол барлық жетістігіне өз күшімен жеткен, оның барлық фильмі  жеке  немесе демеушілер қаржысына түсірілген.  Сондықтан болар, оны өз ойы мен шығармашылық еркіндігін батыл білдіретін . тәуелсіз режиссер десе жарасады.  

АНЫҚТАМА: Жанна Исабаева – Азия киноакадемиясының мүшесі, сценарист, көркем фильм режиссері әрі кинопродюсер. Ол 1968 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. 1991 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген, 1993 жылдан бері жарнама, кино түсірумен айналысады.

Оның дебюттік көркем фильмі «Қарой» 2007 жылы Венеция кинофестивалі аясындағы  Сыншылар апталығында көрсетіліп, «Asia Pacific Screen Awards» сыйлығының «Үздік режиссер» номинациясына ие болды. Ол көркем фильмдерден бөлек, КТК телеарнасындағы «Еркіндік бағасы», «Арнайы бөлім» телехикаяларының режиссері. Сондай-ақ «Хабар» агенттігі» АҚ үшін түсірген  «Қазақтардың сәндік-қолданбалы өнері» тарихи деректі циклінің режиссері,  идея авторы әрі продюсері. «Sun Production»  атты продюсерлік орталықтың негізін қалаған. Жанна осы күнге дейін  тоғыз толықметражды фильм мен екі телехикая түсірген. Тәуелсіз киногердің көркем фильмдерінің барлығы да елдегі әлеуметтік, экологиялық мәселелерді көтереді. Авторлық кино болғандықтан оның туындылары Қазақстанда үлкен прокатқа шыға бермейді. Алайда оның барлық картиналарын («Талғаттан» басқасы) «Жанна Исабаева Zhanna Issabayeva» Youtube арнасынан көруге болады. 

«Қарой» (2008)

Жанна Исабаеваның дебюттік фильмінің атауы үш мағынаға ие: Қарой – Балқаш өңірінің сусыз даласындағы ауылдың атауы, сондай-ақ «қара ой» – қараңғы ойпат, қара қуыс деген мағынаны және жаман ой, арам ниет деген де мағынаны білдіреді. Фильмнің жанры – драма, кинотуынды қазақ тілінде орысша субтитрмен түсірілген, ұзақтығы 95 минутты құрайды. Картинаның қоюшы-суретшілері – Сәбит Құрманбеков пен Қуат Тілеубаев, ал операторы – Ренат Қосай.

Кинофильмнің сюжеті Азат есімді қарапайым жігіттің өмірінен сыр шертеді. Ол  өміріне мүлдем риза емес, сондықтан  басқа адамдардың өміріне қиындық әкелгенді жақсы көреді. Ол қазақ ауылдарында ең әлсіз, ең нашар әрі қорқынышты адамдар өмір сүретініне сенімді, сол себепті олармен күресу керек деп есептейді. Азат күн сайын түрлі елді мекендерді аралап, қарапайым халықтың тіршілік шырқын бұзады. . Алайда бір күні ол ауылдардың бірінен өз анасын тауып алып, барлық жаман ғадетінен арылуға тырысады. Осыдан соң бас кейіпкердің өмір сүру салты түбегейлі  өзгеріп, оның жан-дүниесінде кәдімгідей төңкеріс болады. 

Режиссер бұл фильмі туралы: «Тіпті сценарий жазу барысында-ақ мен бұл кинофильмнің  ауыр екенін түсіндім. Біз Венецияда болғанда, олар бұл картинаны даулы  фильм, шок фильм деп атады», – дейді.

Оның айтуынша, фильм Балқаш өңірінде түсірілген және барлық түсірілім табиғи түрде өткен: бірде-бір жасанды декорация қолданылмаған. Бәрі  шынайы. Жалпы картинаны техникалық өңдеу  Прагада жүргізілген. Сондықтан фильмнің бүкіл өндірісі сегіз айға созылды. Алғашқы жұмыс болғандықтан, авторлар техникалық сапа бірінші орында тұруы керек деп шешті. Фильмнің бюджеті 400 мың долларды құрады, әрі киногер оны  өз қалтасынан шығарған. Фильмге тек кәсіби мамандар түсті, тіпті эпизодтарға да халық әртістері тартылған.  Басты рөлдерді сомдауға Динара Әбікеева, Боранбек Ахметов, Жанболат Ардақ, Бекназар Бектұрсынов, Айман Аймағанбетова, Ақният Бейсен, Маралбек Бейсен секілді актерлер шақырылған.Өмірі шындығын боямасыз көрсететін картина көпшіліктің де, киносыншылардың көңілінен де шықты. Ол  «Ханты-Мансийск» халықаралық фильмидер фестивалінде «Үздік кинематография үшін» сыйлығын, «Asian Pacific Screen Awards» байқауының «Азияның үздік режиссері -2007» («Азия Оскары») номинациясын жеңіп алған.

«Дорогие мои дети | Ойпырмай (2009)

Исабаеваның келесі көркемфильмі – комедиялық мюзикл  «Қымбатты менің балаларым» немесе «Ойпырмай». Режиссер бұл картинаны Асқар Сембин, Айжан Сембина, Бөпеш Жандаевтардың продюсерлігімен 2009 жылы жарыққа шығарды. 97 минутқа созылатын  фильмнің сюжетін режиссер өзі құрастырып, сценарийін де өзі жазған. Бас  кейіпкерлердің образын Әлихан Ыдырышева, Ерболат Төлегенов, Айқын Қалықов, Рая Адығанова, Ержан Жарылқасын, Динара Әбікеева, Еділ Рамазанов сомдаған.

Кинофильм сюжеті бойынша  бес бала тәрбиелеп отырған ана  түкпірдің түбегіндегі бір ауылда кенже ұлымен бірге тұрады. Үлкен балалары әлдеқашан балалы-шағалы болып,  өз алдарына бөлек кеткен. Аяулы ана бір күні бүкіл отбасын бір жерге жинайтын уақыт келді деп шешеді. Ал бұған тамаша себеп – кіші ұлының үйлену тойы. Оның балалары әртүрлі өмір сүреді. Екі қыз бен екі ұлдың өмірі – төрт түрлі роман, әртүрлі тағдыр, қала мен ауыл, кейбірі бақытты, кейбірі  онша бақытты емес күн кешіп жатыр. Ана олардың бәріне бірдей сұрақ қояды: «Кенже баланың тойын қалай өткіземіз?» Ол бұл сұрағына бір-біріне ұқсамайтын төрт түрлі жауап алады...Отандық комедия  «Киношок» ТМД және Балтық елдері киносына арналған кинофестивальдің қазылар алқасының арнайы жүлдесі мен кинофесс-премиясының, «Отбасылық шеңберде» халықаралық фильм фестивалінің «Үздік режиссер» сыйлығының иегері.

 «Талғат» (2012)

2012 жылы жарыққа шыққан көркем фильмнің продюсерлері – Илья Бисеров, Жанна Исабаева, Бахт Ниязовтар. Көрерменін экран алдында 84 минут бойы баурайтын драманың сценарийін режиссер Жанна Исабаева әдеттегіше өзі жазған. Ал операторлық жұмысты  Оскар Бахтеев атқарса, фильмге  композитор Марат Тілеубаев  арнайы саунд жазған. Негізгі рөлдерді Жәнібек Динамжан, Мадина Сагдолдина, Қылышбек Қасымбеков, Ренат Буробаев, Әсем Артыбаевалар кейіптеді. 

Кинокартинаның бас кейіпкері – он бір жасар Талғат. Ол Алматы қаласының шетіндегі  дисфункционалды отбасында – маскүнем ата-анасы мен алты жасар қарындасы Гулимен және психикалық ауруы бар ағасы Нурикпен бірге тұрады. Талғат күндіз мектепке барады, қолы қалт етсе ақша табады, үй шаруасымен айналысады, Гули  мен ағасына қамқорлық жасайды, тіпті жақын достарының  көңіл көтеруге де уақыт табады.

«Фильмге негізінен әуесқой актерлер түскен. Ауру ағаның рөлін сомдаған актер ғана кәсіби маман. Біз арнайы  орындар құрып, декорация жасаған жоқпыз, дайын жерлерде ғана жұмыс істедік: Алматы маңындағы құрылыс жүріп жатқан аймақта түсірілім жүргіздік», – дейді режиссер Жанна Исабаева.

Оның бұл картинасы қазақтың әдемі пейзажымен, шынайылығымен және кейіпкерлердің ерекшеліктерімен таңғалдырады. Жобаның бюджеті – 200 мың доллар

 «Теряя невинность в Алма-Ате» (2012)

2012 жылы Варшава халықаралық кинофестивалінде әлемдік тұсаукесері болған картина – жастардың алғашқы жыныстық тәжірибесі туралы 13 қысқа оқиғадан тұратын киноальманах. Мұнда әртүрлі әлеуметтік топқа жататын әртүрлі жастағы ұлт өкілдерінің оқиғалары көрсетіледі. Негізгі рөлдерде Ерболат Төлегенов, Дмитрий Скирта, Оксана Бойченко, Төлепберген Байсақалов, Шыңғыс Капин секілді актерлер бой көрсетеді. 

Жобаның авторы, сценарисі «рә режиссері Исабаева бұл картина туралы былай деген болатын: «Алғашқы жыныстық тәжірибе тақырыбы, қалай болғанына қарамастан, мен үшін біртүрлі сынақ.... Бұл фильм авторлық эксперимент қана. Мен осы жобаға қатысқандардың барлығына өте ризамын, өйткені бастапқыда көптеген тәуекелдер болды. Дегенмен нәтижеге ризамын. Фильм жақсы  шықты, бұл – факт. ол біреуге ұнауы мүмкін, біреуге ұнамауы мүмкін, бірақ мен оның «өз көрермені» болатынына сенімдімін».

Киноальманахтың өз көрермені табылып, жақсы пікірлер айтылғаны да,  сынға ұшырағаны да шындық. Алғашында Қазақстанда прокатқа шыққан фильм көп ұзамай көпшіліктің талап етуімен үлкен экраннан  алынып тасталды.

«Цена свободы» (2012)

Жанна Исабаева «Бостандық құны» телехикаясын КТК арнасы үшін Ішкі істер министрлігінің қолдауымен түсірді. 8 эпизодтан тұратын қылмыстық фильм – режиссердің сериал форматында түсірген алғашқы туындысы. Бұл жолы режиссер сценарийді Серік Қаракетемен бірлесіп жазған. Жобаның продюсері – Илья Бисеров, операторы – Азамат Дулатов, композиторы – Әсел Омарова, ал қоюшы-суретшісі Ермек Өтегенов. 

«Бостандық құны» хикаясы адам өлтіргені үшін сотталған жігіттің тағдыры туралы, бірақ, шын мәнінде,  ол ондай қылмысты мүлде жасамаған. Түрмеде бас кейіпкер Асхат арнайы қызметке қабылданып, қылмыстық топқа енгізіледі. Тапсырманы орындау және қылмыстық әлемде аман қалу Асхат үшін бостандықтың  құнына айналады. Фильмде бас кейіпкерді Әділ Ахметов сомдайды, өзге де образдарды  Жанат Ниязбаев, Шыңғыс Капин, Ислям Нұртазин, Дмитрий Скирта секілді актерлер алып шықты.Режиссердің айтуынша, сериалдың басты идеясы: егер сіз нағыз еркек болсаңыз, тағдыр басыңызға қандай ауыртпалық салса да, өмір сізді қалай қинаса да, сізге қиын таңдау жасауға мәжбүрлесе де, сіз оны әрқашан жеңе аласыз, әрқашан қандай жағдайда болмасын жеңімпаз бола аласыз.

«Нағима» (2013)

Режиссер «Нағима» толықметражды картинасын өзінің және Ерлан Бажановтың продюсерлігімен 2013 жылы жарыққа шығарды. Режиссер сценарийді өзі жазып, сюжетті камераға түсіру үшін өз ісінің шебері Саят Жанғазиновты шақырған. Құрамында 12 адам ғана бар түсірілім тобы «Нағима» фильмін небәрі 11 күнде түсіріп тастаған.. Екі сағатқа созылатын әлеуметтік драма балалар үйінен шыққан қыздардың қиын тағдырын баяндайды.

Нағима мен оның әпкесі Аня балалар үйінде өскен, оларды анасы кішкентай кездерінде тастап кеткен. Қазір апалы-сіңлілер балалар үйінен шығып, Алматы маңындағы уақытша үйде тұрады. Аняның аяғы ауыр, бірақ баланың әкесі жауапкершіліктен қашып кеткен. Нағима әпкесіне қарап, барынша көмектеседі. Алайда олар еш жерде тіркелмегендіктен медициналық көмек ала алмайды. Көп ұзамай Аня босану үстінде қайтыс болады. Нәрестені балалар үйі алып кетеді, ал тәтесі Нағима жалғыз қалады. Ол бір кездері Аня мен оны тастап кеткен туған анасын іздеуге кіріседі. Ол – қазір Нағима үшін ең жақын әрі жалғыз қымбат адам. Бірақ сонша жылдан кейін оның анасы қызын қайта көргеніне қуана ма?

«Бұл идея мен үшін өте маңызды болды. Мен бірде балалар үйінің барлық түлектері ресми түрде биологиялық ата-аналары туралы ақпарат алатынын оқыдым. Мен бұны бұрын құпия болып қалады деп ойлайтынмын, бірақ шын мәнінде балалардың ата-анасы кім екенін білуге ​​конституциялық құқығы бар екен. Бұл ақпарды білгеннен кейін балалардың көбі оларды іздеп табуға тырысады», – дейді режиссер Жанна Исабаева.

Басты рөлдерді кино дебютанттар Дина Тукубаева мен Мария Неженцева сомдады. Режиссер оларды кәсіби актерлер қатарынан емес, балалар үйінің шынайы түлектері арасынан іздеп тапқан. Қосымша рөлдерді «АРТиШОК» театрының әртістері Галина Пьянова мен Назар Шархан ойнады.

2013 жылы фильмнің Пусан халықаралық кинофестивалінде гала-презентациясы өтті. Сондай-ақ ол 2014жылы Берлин фестивалінде  «Форум» бағдарламасы аясында әлемдік көрерменнің назарына ұсынылды.  Францияның Довиль қаласында болған кинобайқауда гран-приді, 2014 жылғы Мәскеу фестивалінде NETPAC сыйлығын, марокколық «Zagora» халықаралық фильм фестивалінің гран-приді, одан бөлек  Бразилияның Сан-Сальвадор қаласында өткен «Panorama Internacional Coisa de Cinema» халықаралық кинофестивалінің гран-приін,  NETPAC Азия кинофестивалінде (JAFF) «Golden Hanoman Awards» бас жүлдесін жеңіп алған.

 «Отдел особого назначения» (2013)

2013 жылы 18 наурызда тұсаукесері КТК арнасында болған телехикаяның жанры – детектив. Жаннаның алдыңғы түсірген сериалы секілді бұл да қылмыс әлемі мен полицияның жұмысы туралы. Жиырма төрт эпизодтан тұратын кинотуындының операторы Александр Рубанов, продюсері Арман Шураев болды. Әр бөлімнің ұзақтығы – 44 минут. Режиссер Жанна Исабаева басты рөлдерді сомдауға Валерий Задарновский, Гайдар Гилманов, Султанна Шенгелбаева, Сергей Литовченко (II), Диляра Байжанбаева, Жан Байжанбаев, Филипп Волошин, Виктор Марсаков секілді әртістер шақырған.

Телехикаяның оқиғасы Алматыда және қала маңында өрбиді.. Мегаполисте, оның айналасында тұратын миллиондаған адамдар және басқа аймақтардан көшіп келетіндер саны тым көп. Алайда олардың барлығы бірдей тәртіпті азаматтар емес. Олардың арасында қылмыскерлер әртүрлі жолмен бой тасалап жүреді, , ал тіпті кейбіреулері өздерінің жасаған қатыгездіктері жазасыз қалатынына сенімді. Әдетте, ең күрделі әрі ауыр қылмыстар, ондай қылмыскерлердің істері ашылмай, аяғына дейін жетпей қалатын кездер өте көп. Алайда бұдан былай мұндай тісқақты әккі қылмыскерлердің  заңсыз әрекеттерін арнайы бөлімнің полициясы қолға алып, тексеретін болады. Бұл бөлім енді ғана құрылып жатыр, хикая кейіпкерлері алдымен бір-бірін танудың, достасудың қиын жолынан өтуге мәжбүр . Олардың бөлімі тек ең күрделі және ең қиын істермен айналысатын болады.

Продюсерлер тергеушілердің образдары тамаша таңдалғанын атап өтеді.  Олардың ішінде бұрынғы арнайы жасақтың жауынгері Махамбет, биязы аналитик Сергей, сүйкімді, бірақ қатал бастық Алма, мүгедек хакер Толик пен нағыз «сері жігіт» Арман бар. Олар қылмыс әлемінің әртүрлі өкілдеріне – есірткі саудагерлерінен бастап ауыр ұйымдасқан қылмыстық топтарға да батыл қарсы тұрады.

Режиссер Исабаева телехикая туралы былай дейді: «Бұл полиция қызметінде құрылған арнайы бөлім туралы хикая. Шындығында, Ішкі істер министрлігінде мұндай департамент жоқ. Бұл біздің авторлық қиялымыз ғана. Бізге барлық жарғыға сәйкес келетін өмірде бар бөлім туралы телехикая түсіру өте іш пыстырарлық болып көрінді. Сондықтан біз тек ерекше күрделі істерді ашуға тырысатын ерекше өкілеттіктер мен шексіз техникалық мүмкіндіктерге ие арнайы тергеу бөлімін ойластыруды шештік».

«Бөпем» (2015)

2015 жылы көрерменге жол тартқан «Бөпем» толықметражды фильмінің режиссері де, продюсері де, сценаристі де – Жанна Исабаеваның өзі. Жетпіс сегіз минуттық драманың басты рөлдерін Руслан Абибуллаев, Бекарыс Әбдіғаппар, Айқын Қалықовтар сомдайды. Фильм әлемдік киносүйер қауымға 2015 жылы 14 қазанда Варшавада өткен 31-ші халықаралық кинофестивальде көрсетілді. Ол – Арал теңізінің құрғаған жағалауында тұратын 14 жасар бала туралы әлеуметтік драма.

Кинокартинаның сюжеті бойынша Арал теңізінің жағасындағы кішкентай ауылда тұратын Райян аса ауыр дертке шалдыққан. Қалаға барып келген оған  дәрігерлер аз ғана ғұмыры қалғанын айтады. Жалғыз үміт – ақысыз операция жасау үшін бөлінетін мемлекеттік квотаға ену. Үйге оралған Райан өзінің балалық шағын – мас полицей атып өлтірген анасын, онымен ымыраға келген әкесін есіне алады. Ол өмірінің соңғы уақытында анасына жауыздық жасаған адамдардан кек алуға бекінеді.

Жанна Исабаева өзінің осы әлеуметтік драмасын ерекше жақсы көретінін айтады. «Ол – менің ең түсініксіз фильмім. «Бөпем» – менің сүйікті фильмім, мен үшін ол ерекше. Мен ондағы әрбір кадрды жақсы көремін», – дейді ол.

«Света» (2017)

Исабаеваның «Sun Production» продюсерлік орталығында түсірілген картинасы тоқсан бес минутқа созылады..  Фильмнің операторы режиссермен үнемі әріптестік байланыста болатын Михаил Блинцов болды, ал Джалалатдин Ибрагимов пен Инга Задарновская картинаға қоюшы-суретші ретінде үлестерін қосты. Фильм орыс тілінде және қимыл-қозғалыс тілінде түсірілген. Кинотуындының әлемдік премьерасы 2017 жылы Токио кинофестивалі байқауында өтті.

Режиссер фильм арқылы еліміздегі халі мүшкіл мүгедектердің жанайцқайын білдіргісі келгенін айтады. Ол осы картинасы арқылы естімейтін адамдардың жан-дүниесін, қандай жағдайда күн кешіп жатқанын көпшілікке көрсеткісі келді. Ол бір сұхбатында:  «Құлағы мүкістер туралы фильм түсіру идеясы маған көп уақыт бұрын келген. Ал нақты әрекет етуіме былтырғы теңгенің құнсыздануы себеп болды, сол кезде доллар екі есе қымбаттаған еді. Көптеген адамдар қиналып қалды: жұмысынан айырылды, кейбіреулер пәтерінен айырылды, көп адам қаржылық проблемаға тап болды. Бұл проблемалар әлі де бар, олар ешқайда кеткен жоқ. Егер дені-қары сау, жұмыс істей алатын  адамдар осындай мәселелерге тап болса, мүгедектер қандай күйге түсті деп көп ойландым. Біздің елде мүгедектер әлеуметтік жағынан мүлде қорғалмайды. Оларға мемлекеттен өте аз, өмір сүруге жетпейтін жәрдемақы бөлінеді», – деген болатын.

Кинотуындының сюжеттік желісі бойынша бас кейіпкер Света зауытта жұмыс істейді. Кейіпкердің өмірінде оны дұрыс емес әрекеттер жасауға итермелейтін оқиғалар орын алады. Ол бала кезінде  отбасылық өмірге байланысты  біраз қиындықты басынан өткерген. Света қазір отыз үш жаста. Ол отбасымен (күйеуі мен екі кішкентай баласымен) өте қиын қаржылық жағдайға тап болады, нәтижесінде ипотекасын төлей алмай қиналады. Енді отбасы пәтерінен айрылып қалуы мүмкін. Ал үйсіз қалса, олар балаларын нашар еститіндерге арналған мектеп-интернатқа жіберуге мәжбүр. Оның үстіне Света  жұмыстан айырылып қалды. Оның үміті үзілуге сәл қалды, өйткені елдегі экономикалық дағдарыс кезінде ол секілді мүгедектерге жұмыс табу тіпті мүмкін емес. Күйеуі Руслан болса, еш әрекеттенбейді, өмірдің өгіз аяңымен жүре береді. Сондықтан  Света амалсыз  жағдайды өз қолына алады.

Фильмге актерлерді Жанна Исабаева нашар еститіндер қоғамының көмегімен таңдап алған. Олар кәсіби актерлер емес, бірақ режиссер фильм солардың арқасында жақсы шыққан деп санайды. Басты рөлдерді Лаура Королева, Роман Листов, Наталья Колесникова, Алим Мендыбаев, Марат Әбішев, Алена Угрюмова, Дмитрий Рязанов, Варвара Масягина, Жанара Бектұрғановалар сомдап шықты.

Кинокартина көптеген халықаралық кинобайқаулар мен фестивальдерде көрсетілді. 2018 жылы өткен «Asia Pacific Screen Awards» кинобайқауында басты рөлді сомдаған актриса Лаура Королева «Азиядағы 2018 жылдың үздік актрисасы» номинациясын жеңіп алды.

«Отвергнутые» (2018)

Тоқсан минуттық фильм Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтереді. Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағының мәліметі бойынша, елімізде тұрмыс зорлық-зомбылық салдарынан жыл сайын 400-ге жуық әйелөледі..  Осы қасірет қатты толғандырған режиссер Исабаева 2018 жылы қазақшасы «Тастандылар» деп аталатын фильмді жарыққа шығарды. Кинокартинаның продюсерлері белгілі пиаршы Әлішер Елікбаев және Сәкен  Усер мен Артур Исабаев болды. Сценарийді режиссер Виктор Немченкомен бірлесіп жазған.

Фильмнің басты кейіпкері – көп балалы отбасынан шыққан, 25 жастағы жас әйел Айғаным. Ол көптен бері келмеген ауылдағы үйіне баласымен қайта оралады. Ол 7 жыл бұрын керемет шабытпен арман қуып Алматыға оқуға кеткен.. Үлкен қалада өзіне үйленуге уәде берген жігітке ғашық болып қалады. Бірақ жігіт Айғаным жүкті болып қалған кезде қашып кетеді. Отбасы Айғаным мен оның некесіз ұлынан бас тартады. Бірнеше жылдан кейін, әкесі қайтыс болған соң отбасын әулеттің үлкен ұлы Қайрат басқарады. Айғаным қалада жалғыз өзі көп қиналады. Баласына да туыстар қажет. Осылайша басты кейіпкер қайтадан өз отбасының мүшесі атану үшін ауылға қайтып келеді. Анасы мен ағасының қарсылығына қарамастан,  ол туыстары  оны қабылдау үшін барын салады. 

Басты рөлдерді сомдауға Жанаргүл Жаныманова, Нышанбек Жұбанаев, Райхан Қалиолдина, Индира Құлмағамбетова, Тұрарбек Есім секілді кәсіби актерлер шақырылған.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы