Размер шрифта:

Цветовая схема:

19 қаңтар, 2021383

«Жаным, ты не поверишь» фильмі фестивальдік шеруін жалғастыруда

Испаниялық Сиджес, аргентиналық Буэнос-Айрос, польшалық Варшава, эстониялық Таллин, ресейлік Анапа, енді, міне, үндістандық Гоа. «Жаным, ты не поверишь» отандық картинасы шетелдік сарапшыларды тамсандырып, көңілінен шығып келеді. Комедия Үндістандағы 51-ші Халықаралық кинофестиваліне қатысып жатыр. Бұл туралы картина сценарисі әрі продюсерлерінің бірі Жандос Айбасов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

«Достар, біздің «Жаным, ты не поверишь» фильміміздің әлем кинофестивальдеріндегі салтанатты шеруі жалғасуда. Біз Азиядағы ірі кинофестиваль - Үндістандағы 51-ші Халықаралық фестивалінің негізгі байқауына қатысып жатырмыз», - деп жазды ол.

Отандық картина қатысатын «Әлемдік панорама» деп аталатын негізгі байқауда 50-ге тарта фильм ұсынылып отыр. Олардың басым көпшілігі Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания, Литва және АҚШ елдерінің киноленталары. Арасында ко-өнімдер де жетерлік. Мысалы, немістің 8 картинасы Эфиопия, Словакия, Польша, Бельгия, Әзірбайжан, Грузия елдерінің кинематографшыларымен бірігіп түсірілген. Франция болса, Дания, Италия, Бельгия, сияқты мемлекеттермен бірлесіп кинотуындылар жасаған. 

«Мен Үндістанның үкіметі мен Кинофестивальдер дирекциясын IFFI-51 шарасын, тіпті, пандемия жағдайында өткізіп отырғанына алғысымды білдіремін. Барлығы 180 фильм ұсынылған (олардың арасындағы 20 фильм көркем фильмдер шеңберінде іріктелген), әрі бұл қазылар алқасының әр мүшесі үшін үлкен міндет болды. Осыған қарамастан, фильмдер еш тартыссыз бірауыздан таңдалып алынған», - деді Гоада өтіп жатқан 51-ші Халықаралық кинофестивалінің көркем фильмдер төрағасы Джон Мэтью Мэттан. Айта кетейік, 51-ші Үндістандық кинофестиваль осы айдың 16-шы жұлдызында басталып, 24-не дейін жалғасады. Ал, отандық «Жаным, ты не поверишь» комедиясы қаңтардың 21-і күні қазылар алқасының назарына ұсынылады.

Естеріңізге сала кетейік,  Ернар Нұрғалиев, Жандос Айбасов, Азамат Дулатов пен Тимур Шевченколар бірлесіп жасаған кинотуындының қазақстандық премьерасы өткен жылдың наурызында өтті. Алайда пандемияға байланысты бірнеше күннен соң прокаттағы көрсетілімдер тоқтатылған болатын. Кейін кинотеатрлар ашылғанда, картина прокаттағы жолын қайта жалғастырды. Фильм жас отбасының қарапайым ұрыс-керісінен басталады. Ерлі-зайыптылар өздерінің тұңғыштарын күтумен жүр, сондықтан үйдегі жағдай барған сайын ұшығып барады. Осы кезде бас кейіпкер Дастан әйелінің мінезіне шыдай алмай, бір күнге болса да, достарымен балыққа баруды шешеді. Барлығы ойдағыдай жүреді, алайда күтпеген оқиға олардың саяхаттарының астан-кестеңін шығарады. Фильмдегі бас рөлдерді актерлер Данияр Алшынов, Еркебұлан Дайыров, Рүстем Жаныаманов, Азамат Маркленов, Ерлан Прымбетов, Дұлыға Ақмолда, Алмат Сақатов және Әсел Қалиевалар сомдайды. 

Атап өткен жөн, отандық картинаны жаңа жылдан бастап Ресей және басқа да ТМД елдерінің көрермендері тамашалайды деп жоспарланған болатын. Ал «Жаным, ты не поверишь» картинасының фестивальдік жолына келетін болсақ, өткен жыл отандық кинематографшылар үшін жемісті болды. Фильм бес халықаралық кинофестивальде бақ сынаған. Бұл - испаниялық Сиджес пен Буэнос-Айростағы жанрлық кино фестивалі, Варшава халықаралық кинофестивалі, Таллиндегі «Қара түндер» фестивалі мен ТМД және Балтық елдерінің «Киношок» ашық фестивалі. Соңғысында отандық комедия бірден үш жүлдеге ие болған, олардың ең бастысы – фестивальдің Гран-приі.  

«Жуырда аяқталған жылдың соңы әуре-сарсаңға толы болғандықтан, сіздермен қуанышты жағдаймен бөлісуді ұмытып кеттік: Буэнос-Айростағы фестивальде біздің фильм көрермендер көзайымы жүлдесіне ие болды. Үндістаннан да сыйлықтармен оралатынымызға сенімдіміз», - деп түйіндеп жазды Жандос Айбасов.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы