Размер шрифта:

Цветовая схема:

25 қараша, 2021294

Алматы қаласында жас режиссерларға арналған кинофестиваль өтеді

30 қараша мен 4 желтоқсан арасында Алматыда ІХ халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалі өтеді, деп хабарлайды Kaztube.kz.

Дәстүрлі түрде өткізілетін кинокөрмені Алматы қаласы әкімдігі, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы, Тұран университеті, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясының қолдауымен «Tanaris Production» кинокомпаниясы ұйымдастырады.

Кинофестивальдің басты мақсаты – Еуропа және Азия елдеріндегі жас режиссерлар арасындағы байланыс орната отырып, олардың жұмыстарын қолдау және ілгерілету. Сондай-ақ түрлі жанрдағы фильмдерді түсіруге деген қызығушылықты арттыру.

«Бастау» кинокөрмесі – енді ғана кино әлеміне бойлаған жас режиссерлар мен сценаристердің өз жобаларын жүзеге асыруға арналған алаң. Байқаудың бағдарламасы үш бөлімнен тұрады. Атап айтсақ:

  1. Толықметражды фильмдер байқауы – Bastau DEBUTS,
  2. Қысқаметражды фильмдер байқауы – Bastau SHORTS,
  3. Деректі фильмдер байқауы – Bastau DOCS.

Бұл жылы кинофестивальдің шымылдығын Дәурен Кәмшібаевтың байқаудан тыс көрсетілетін дебюттік картинасы «Зере» фильмінің премьерасымен ашылады. Осы күнге дейін туынды Бразилиядағы «Sao Paulo International Film Festival» 45-ші халықаралық кинофестиваліне қатысқан. Басты рөлдерде: Берік Айтжанов, Мұрат Бисенбин, Адина Бажан және Ольга Ландина сынды танымал актерлар ойнайды.

Сонымен қатар, конкурстан тыс Айжан Қасымбектің «От» картинасы көрсетіледі. Еске салсақ, фильмнің әлемдік тұсаукесері Пусандағы (Оңтүстік Корея) халықаралық кинофестивалінде өтті. Сондай-ақ, биыл фильм Германиядағы Котбус және Сингапур қалаларында өткен халықаралық беделді кинофестивальдерге қатысқан. Ал басты рөлді сомдаған Төлепберген Байсақалов  кинобайқауда екі бірдей марапатты жеңіп алды.

Сондай-ақ, байқаудан тыс Әділхан Ержановтың кезекті «Еуразия патшайымдары» деректі туындысы және Самат Нұралиевтің «Мультижемістер» атты анимациялық фильмі көрсетіледі.

Кинокөрмеде басқа да бөлек бағдарламалар қарастырылған. Bastau FOCUS – Ауғанстанда шығарылған фильмдер, AROUND the WORLD – ірі халықаралық кинофестивальдердің жүлдегерлері және BASTAU CENTRAL ASIA – Орталық Азия елдерінің жаңа фильмдері ұсынылады.

Ашылу салтанаты 30 қараша күні Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтеді. Фестивальдің негізгі алаңы – Chaplin Cinemas кинотеатрлар желісі.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы