Размер шрифта:

Цветовая схема:

28 қаңтар, 2021206

Желіге «Шоқан» атты фильм шықты

Желіде «Шоқан» атты қысқаметражды фильм жарық көрді. Бұл – қазақ ғаламторындағы атақты «Шоу Ирины Кайратовны» медиажобасын қалаушы продюсерлердің бірі – Қуаныш Бейсековтың тырнақалды туындысы.  

20 минуттық фильм Astana Hub-пен бірлесіп жасалған. Туынды «Қара айна» стилінде түсіріліп, ашаршылық заманына еркін ауысып барып-келіп жүретін болашақтан келген баланың оқиғасынан сыр шертеді. Оқиға былай өрбиді: Келешекте мектеп сабақтары қазіргідей емес, өзгеше өтетін болады. Тарихты терең зерттеу үшін оқушылар виртуалды шынайы болған әлемге енеді. Бұл дамыған жоғары технологияның көмегімен мүмкін болмақ. Осылайша, «Ашаршылық» тақырыбы бойынша өтетін сабақтардың бірінде Шоқан есімді оқушы виртуалды шынайылықтың расымен де шынайы екендігін көреді.  Қалай болғанда да, картина авторлары болашақты осылай елестетеді.

Қысқаметражды картинаға Мағжан Мәдиев пен Марат Шәкендер продюсерлік етті. Қоюшы-суретшісі – Олжас Әлменов.

Фильмді жасаушылардың айтуынша, «Шоқан» туындысы көрерменді максималды технологиялық болашаққа енгізіп қана қоймай,  қазақстандықтар үшін маңызды тарихи оқиға саналатын, ұлтымыз осыдан жүз жыл бұрын бастан өткерген ашаршылық тақырыбын да қозғайды. Бұл - аудиторияның қолдауын табатын  сюжет арқылы маңызды тарихи және этикалық мәселелерді көтере отырып, шығармашылыққа деген жауапты қарым-қатынастың үлгісі дейді олар.   

Айта кету керек, картина қазақ тілінде түсірілген. Бұл өз кезегінде Ел Президентінің жолдауында айтылған қазақ тілін дамытудың көкжиегін арттыруға септігін тигізеді деп сенеді авторлар.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Фильмнен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы