Размер шрифта:

Цветовая схема:

22 қараша, 2021344

Жұмбаққа толы – детектив

Жаһандағы киноиндустрияда кеңінен таралған жанрдың бірі – детектив. Көрерменді ойын онға, санасын санға бөлетін, экраннан тапжылмай көретін көркем әрі қызықты фильм түрі. Десе де, технологиясы дамып цифрланған дәуірде детективті картиналар саны күн санап артып келеді. Әлемге әйгілі із кесуші Шерлокты танымайтын жан жоқ шығар. Ол өзінің логикалық тұрғыдан ойлап, қылмысты әшкере ететін қабілетіне барлығы таң қалады. Алайда, бұл жанрда отандық кинода аз түсірілсе де, мүлде жоққа шығаруға болмайды. Оған дәлел, біз жинақтаған фильмдер топтамасы. 

Детектив деген қандай жанр?

Детектив – әдебиет пен кинода көптеп қалам тербеген жанр, онда шытырман оқиғалы қылмыстық істерді ашады. Детективтік фильмнің сюжетінде белгісіз жағдайлардағы оқиға немесе қылмыс болуы керек. Кейіннен, барлық шиеленісті реттейтін басты рөлде детектив бар, ол біртіндеп кінәлілерді анықтап, шындыққа жетеді. Басты кейіпкер ретінде із кесуші, заң қызметкерлері немесе тыңшы барлаушылар мен қылмыскер алынып, алуан түрлі жағдаяттар аркылы екі жақтың ашық та астыртын кақтығыстарынан соң қылмыс әшкереленеді.

Детективтің түрлері.

Уақыт дағдысына сәйкес адамның шексіз қиялы дамып, әрі қарай фильм де түр сипатына қарай өзгеріп келеді. Сюжет пен кейіпкерлеріне байланысты әр жікке бөлінеді. Атап айтсақ: классикалық (интеллектуалды), полициялық, психологиялық, тарихи, фантастикалық, тыңшылық, саяси, криминалды болып қарастылады. Ал ең танылған детективті картинаның 4 түрі бар. Олар:
Полициялық – детектив арасындағы көшбасшы! Кәсіби мамандар тобының жұмысы сипатталған. Сол себепті, басты кейіпкерлер тергеушілер, жедел уәкілдер және учаскелік полиция қызметкерлер. Фильмдер драмалық, шытырман оқиғалы немесе комедиялық болуы мүмкін. Бұл түрі шындыққа жақын және тиісінше, таза детектив жанрының заңдарынан едәуір ауытқиды.
Тыңшылық – танымалдылығы бойынша екінші орында тұр. Бұған шетелдік барлау қызметтерінің қатысуымен саяси детективтер де кіреді. Тыңшы детективтің саяси детективтен басты айырмашылығы – саяси детективте тергеліп жатқан істің саяси негізі маңызды орын алады, ал тыңшылықта барлау жұмыстарына (бақылау, диверсия және т.б.) назар аударылады.
Жабық – сюжетте кейіпкерлердің қатаң шектеулі саны бар, оқшауланған жерде жасалған қылмысты тергеуге негізделген классикалық детектив. Біреу тергеу жүргізіп жатса, ал қалғандары күдіктілердің рөлін атқарады. Тергеу қылмыс сол орында қалған кейіпкерлердің көмегімен жүргізіледі. Детективтің бұл түрінің ерекшеленетін тұсы сюжетте қылмыскерді табу негізге алынбайды. Күдіктілер бар, ал детективтің жұмысы – оқиғаға қатысты адамдар туралы мүмкіндігінше көп ақпарат жинап, соның нәтижесінде қылмыскердің шын жүзін ашу. Қосымша психологиялық шиеленіс кезінде, қылмыскер күтпеген жерден жақын адам болуы әбден мүмкін. Кейде жабық детективте бірқатар зұлымдықтар әдетте кісі өлтіру болады, нәтижесінде күдіктілердің саны үнемі азайып кетеді.
Психологиялық – әдетте жеке себептер бойынша жасалған қылмыс (қызғаныш, кек) зерттеледі. Сондай-ақ тергеудің негізгі элементтері: күдіктілердің жеке қасиеттерін, олардың тәуелділігін, наным-сенімдерін, өткенді қопарып ашу. Қызықты факт, бүгінде француз психологиялық детектив мектебі бар.

Түр-түсіне бөліп, ақпаратпен таныссаңыз, отандық кинода түсірілген фильмдерді де қарап көріңіз.

«Атаманның ақыры»

«Атаманның ақыры» – қазақ кино қоржынына теңдессіз олжа болып қосылған туынды. Толықметражды фильм, үш бөлімнен тұрады. Айтулы фильм отандық кинематография тарихына детектив жанрында түсірілген тұңғыш кинокартина ретінде енуімен құнды. Шытырман оқиғалы фильм Қазақстанда 1920 жылы орын алған шынайы тарихи оқиғалардың негізінде түсірілді. Сюжетте жаркенттік ТК ақ гвардияшы атаман Дутовтың бандасын жою туралы операция дайындайды. Оны орындау чекист Шадияровқа жүктелді. Ол атаманның штабына еніп, әбден оның сеніміне кіріп алып, өз өмірін қатерге тіге жүре берілген тапсырманы орындап шығады. Бұл көркем туындыны жасауда сол кездегі отандық кинематографтардың үздіктері, майталмандары жұмыла кіріскен. Фильмнің режиссері Шәкен Айманов сынды мықтының бірі болса, Андрей Михалков-Кончаловский мен Эдуард Тропин сценарийдің авторлары болды. Сонымен қатар, Асанәлі Әшімов, Виктор Авдюшко, Генадий Юдин, Юрий Саранцев, Владимир Гусев, Владислав Стрельчик, Борис Иванов, Нұрмұхан Жантөрин, Алтынай Елеуова, Нұржұман Ықтымбаев, Зайнуллат Сетеков, Алина Немченко, Олег Ли сынды талантты актерлер өнерлерін ортаға салды. 1970 ж. «Қазақфильм» киностудиясы шығарған.

«Транссібір экспресі»

«Транссібір экспресі» – толықметражды көркем фильм. 1927 жылы жапондық кәсіпкер Сайтоның Кеңестік Ресеймен сауда қатынасын орнатпақшы болған қызы қастандықпен өлтіріледі. Ал ол ауыр қайғыға қарамастан, алған бетінен қайтпайды. Сайто сол жылы транссібір экспресімен Мәскеуге жолға шығады. Бұл хабар жетіп, шетел тыңшыларымен кеңес чекистерімен оның алдын алады. Осы операцияны Харбинде қытайлық саудагер пен әртіс Фан Ю-Чунь атымен өмір сүрген тәжірибелі кеңестік барлаушы Қасымхан Шадияров басқарып, жүзеге асырды. Қазақстанның белгілі кино және театр әртісі Асанәлі Әшімовтың ойнауымен Кеңес барлау қызметінің белгілі барлаушысы Чадьяров туралы трилогияның екінші бөлімі. Режиссері: Эльдар Оразбаев. Хронометражы: 93 минут. Атақты фильмге: Нонна Терентьева, Олег Табаков, Вадим Захарченко, Константин Григорьев, Мен Док Ук, Наталья Арынбасарова, Олег Ли және т.б. сынды белді өнер өкілдері түскен. 1977 ж. «Қазақфильм» студиясы калың көрерменге ұсынған. 
1978 ж. Ереван қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальда «Ең үздік шытырман оқиғалы фильм үшін» сыйлығы мен 21-ші Халықаралық кинофестивальда (Карловы Вары, 1978) – Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің симпозиумы қазылар алқасының сыйлықтарына ие болды. Сондай-ақ, сол жылы режиссер Оразбаевқа, суретші Қарсақбаевқа Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді.

 «Мен мұндамын»

Келесі фильм детективті триллер. Көрермен назарына ұсынылған кинокартинаның оқиғасы ең алдымен үйлену тойы болатын бес жұлдызды қонақ үйден қалыңдық кенеттен жоғалумен басталады. Алайда бұл жайт түнгі уақытта қонақ үй тұрғындарының тыныштығын бұзған күрделі мәселеге айналады. Қонақ үйде болған әр адам қыздың жоғалуына қатысы болуы мүмкін. Тергеушінің ойынша, қалыңдықтың әрекеті той алдындағы қобалжуға байланысты. Полиция қызметкері жоғалып кеткен адамның телефонын тапқан сәтте оған «Мен мұндамын» деген біртүрлі хабарлама келді. Сонымен, шиелінскен жауапсыз сұрақтарға кім жауап бермек? Қоса кетсек, «Мен мұндамын» – сізге таныс Агата Кристи кітаптарының сюжетімен ұқсас классикалық оқиға емес. Шытырманға толы серпінді картинаның  жұмбағын шешуге 100 минут берілген. Түсірілім тобына өз ісінің мамандары – ресейлік режиссер және сценарист Светлана Петрийчук, қоюшы-оператор Матвей Шестаков, композитор Кирилл Соболев, сондай-ақ қонақ үйде мистикалық жағдай жасаған қоюшы-суретші Руслан Оспановнан тұрады. Фильмдегі кейіпкерлерді белгілі театр және кино актерлері: Әзиз Бейшеналиев, Шыңғыс Қапин, Айсұлу Әзімбаева, Мұрат Бисенбин, Газрет Ержанов, Анастасия Тарасова, Антон Дукравец, Михаил Токарев, Наталья Долматова, Айнұр Бермұхамбетовалар сомдайды.

«Келесі бет» (Обратная сторона)

Бұл фильм бүгінгі күннің батыры жайында көрініс тапқан. Басты рөлдегі жас бала кәдімгі қарапайым өмір сүреді., Күндердің бір күні ол өмірдің күтпеген тосынсыйына тап болып, тағдыры түбегейлі өзгереді. Оған қылмыс әлемінің жыртқышы Бек атты баскесерге қарсы тұрады. Жеңген адам өмір сүреді, ұтылған жан тәслім етеді. Кейіпкерге енді артқа қайтар жол жоқ. Бұл шытырман оқиға зұлымдардың әйгілі кәсіпкерді ұрлауынан басталады. Тергеу амалдары жүргізілді, бірақ кім істегені анық емес. Ел-жұрттың барлығы  әйелі, туыстары, достары, дұшпандарынан күдіктенеді. Тапқан адамға 2 000 000 доллар сыйға беріледі. Тек бір айғақ бар, ол қылмыс орын алған жердегі кездейсоқ куәгер. Ал, оның қандай құпияларды жасыратыны беймәлім. Бас кейіпкер көптің ұйқысын қаштырған алаяқтар мен кәнігі қылмыскерлерді табу үшін өзінің басын бәйгеге тіге талай ерлікке барады. Туынды 2019 жылы жарық көрген, режиссері: Қуат Исаев. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақфильм» киностудиясынан шыққан өнім. Рөлдерде: Санжар Мади, Болат Абдилманов, Максим Акбаров, Дмитрий Дюжев, Мұрат Жарылқасын, Ирина Капустина, Жанна Қуанышева, Виталий Куприянов, Аша Матай, Дмитрий Скирта секілді біршама кино актерлары түскен.

«Арнайы бөлім» (Отдел особого  назначения)

Сериал Алматы қаласының маңында өрбиді. Ірі мегаполисте жасырынған әлдеқайда тиімді, ал кейбір қылмыскерлер жазадан қашып, тіпті оларды ешкім жазаламайтындай күн кешуде. Әдетте аса қауіпті қылмыскерлердің істері сөрелерде шаң басып жатады, себебі олардың істері үнемі шешілмейді. Ал солардың зұлымдықтарын тоқтатып, істі анықтау үшін арнайы күресуші бөлім құрылды. Бірақ енді ғана қолға алынып жатқан қырағы полиция қызметкерлерден жиналған топ ең күрделі шиеленіскен, жасырын былықтарды ашатын болады. Басты рөлдерде: Валерий Задарновский, Гайдар Гильманов, Султанна Шенгельбаева, Сергей Литовченко актерлар ойнайды. Сериал 2013 жылы экранға шықты, ал кейіннен көрерменнің сұрауымен 2 маусымға созылған, режиссері – Жанна Исабаева.

«Қап-қара адам» (Черный, черный человек)

Қазақ киносындағы олжалы фильмдерінің бірі десек артық айтпаған болармыз. Франция елінде басты рөлдегі Данияр Алшыновқа «Ең үздік ер атағын», режиссер Әділхан Ержановқа «Үздік режиссер» сыйлығын алып, көптеген кинофестивальдерден жүлделерді қанжығасына байлаған қомақты жоба. Бұл туындыда психология, детектив әрі кринминал жанрлары аралас. Кинотуынды жаттанды тергеу істеріне ұқсамайды. Фильм басында ауылда тағы да бала өлтіріледі. Бұл бірінші жағдай емес. Ешкімі жоқ жеткіншектердің жетеуі дәл осындай тәсілмен көз жұмған. Алайда кішкентай ауылда барлығы тез жабылады. Осы жолы да дәл солай жабулы қазан жабулы күйде қалды. Тек қаладан журналист келіп, істің барысына араласа бастағанша. Тергеуші Бекзат енді тез арада істі жабу керек, алайда ол өмірінде бірінші рет тергеуді барлық ережеге сай жүргізу керек. Бірінен соң бірі өліп, қылмыскер ұсталса да, тоқтамайтын бұл қылмыстың артында кім тұр? Неге қанішер ұсталмайды? Әлде мәселе басқада ма? Көзге жаттанды дүниеден алшақ болған фильмнің ұзақтығы 120 минут. Кинокартинаның реңін ашып, көрерменге басты ойды жеткізе білген актерлар: Данияр Алшынов, Динара Бақтыбаева, Теоман Хаос, Максим Богомолов. Сонымен қатар, фильм француз және орыс тілдеріне аударылған.

«Үш» (Три)

Фильмнің сюжеті КСРО кезіндегі Қазақстанда өрбиді. Арнайы полиция бөлімшесінің стажері Садықов әпкесімен тұрады. Оның алғашқы жұмысы әйелдерді өлтірген қылмыскерді іздеуден басталады. Жаңа құрбандар пайда болып, тергеу жүріп жатыр. Бірақ, іс орнынан қозғалмайды. Садықов қаныпезердің келесі мақсаты оның әпкесі болатынын біледі. Сол сәттен бастап оның ізіне түсуді бастайды. 
«Үш» триллері Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның ортақ өнімі. Режиссері және сценарий авторы дарынды – Руслан Пак. Түсірілім тобының бір бөлігі сценаристің екінші отанында, ал негізгі команда, актерлер мен локациялар Қазақстанда жиналған. Бұл режиссердің араға жеті жылдан кейінгі ұсынған туындысы. Руслан Пактың алдыңғы жұмысы КСРО-ға корей қоныс аударушыларының ұрпағы туралы фильм. Басты рөлдерде: Ержан Түсіпов, Самал Еслямова, Асқар Ілиясов, Нұржан Садыбеков, Жандос Айбасов, Игорь Савочкин ойнады.

«Үлкен әрі кіші өмір» (Большая маленькая жизнь)

Картинада Аяла атты жас келіншек тағдырдың ең ауыр сынағы жан-жары жұбайынан айрылады. Жалғыз баласын құшақтаған ананың көздері мұңға, етегі жасқа толған. Соған қарамастан, қиындықтарды өз күшімен жеңуге тырысатын мықты әйел туралы фильм. Басты кейіпкер жаңа өмірді бастауға тырысады. Сыртынан бас кейіпкер өзіне сенімді кәсіпкер ретінде көрінеді. Расында ол күшті және шыдамды, бірақ оның ішкі дүниесі алай-дүйлей. Себебі, оның зайыбы туралы естеліктер, бірге күліп, бірге жүрген сәттері естен кетпей ішінен қан жылайды, алайда, ештеңе қайтарылмайтынын түсінеді. Ол өз мансап жолында көптеген белестерді бағындырған, ортасына сыйлы. Бір күні Аяла көріпкелге келеді, балгердің айтуынша, оған жақын арада өмірін түбегейлі өзгертетін ер адам жолығатынын айтады. Бірақ, жас келіншек кішкентай әрі үлкен тағдырдың не дайындағанын елестете де алмайды. Фильмде драма, мелодрама, детектив жанрлары аралас. Тағы да, мистикалық элементтері қосылған. Туындының режиссері: Жеңіс Туматаев. Фильмнің актерлық құрамы: Асель Калиева, Санжар Мади, Жандос Айбасов, Төлепберген Байсақалов, Бөпеш Жандаев, Сергей Погосян, Камилла Ермекова, Ирина Ажмухамедова, Кристина Кириченко, Илья Пустогачев, Ислям Нуртазин, Бақыт Әліпбаева, Айбар Танғыт, Аймира Керім, Айдос Рысхандар және т.б. сынды біршама кино мен театр актерларынан құралған. Ұзақтығы: 120 минут.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы