Размер шрифта:

Цветовая схема:

12 наурыз, 2021483

Жыр алыбы  - Жамбыл

Биыл қазақ халық поэзиясының  әйгілі тұлғасы, жырау, жыршы, өлең сөздің дүлдүлі, Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толды. Осыған орай «kaztube.kz» бейне-порталы ұлы тұлға туралы осы уақытқа дейін түсірілген фильмдер топтамасын әзірледі.

Әдебиет зерттеушілерінің айтуынша, Жамбыл Жабаев жан-жақты тұлға болды. Ол өзінің ақындығы және шешендік талантымен ғана емес, есте сақтау қабілетімен де танымал болды. Жамбыл миллион жолдан тұратын өлеңдерді жатқа білген. Өтеген батыр туралы эпостар, Хан мен ақын туралы аңыздарды, сонымен Көрұғлы, Қыз Жібектер жайында таңға дейін әңгіме айтқан екен. Үнемі қарапайым халықтың жоғын жоқтап, мұңын жырлаған.


Фото: ru.wikipedia.org

«Жамбыл»/ «Джамбул» (1952)

Бұл фильм - 1952 жылы Алма-Ата көркем және кинохроникалық фильмдер киностудиясында режиссер Ефим Дзиганның түсірген кеңестік көркем фильмі. Картина премьерасы 1953 жылдың 25 мамырында өтті. Көркем кинолента қара-ақ түсте түсірілген, алайда өнделген түсті нұсқасы да бар.

«Жамбыл» фильмі ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайды. Қазақтың кең байтақ даласында Жамбыл есімді жас ақын өмір сүреді. Атақты Сүйінбай ақын өлер алдында шәкіртіне өзінің домбырасын табыстап кетеді. Еш мадақ та, алтын да, құдалау да  Жамбылды өз шығармашылығында өтірік айтуға итермелей алмайды. Сол себепті патша үкіметі ақынды абақтыға түсіреді. Мұнда ол орыс солдаты, большевик Василиймен кездеседі. Бұл кездесуден кейін Жамбыл Ресейдің қарапайым адамдары да, қазақтар да бір мақсатты ұстанатынын ұғады. Жылдар өтіп, ақын есейеді, бірақ Жамбылдың әндері естілмейді.

Содан Қазан төңкерісі туралы хабар оның шығармашылығына тың серпін береді. Жамбыл жаңа өмір жарығын көрген халықтың бақытын жырлай бастайды. Мәскеуге аттанып, астананың әдемі көріністеріне тамсанып, ол жайында өлең жазады. Ұлы Отан соғысы басталған соң, Жамбыл өз ұлын майданға жібереді. Жерлестерін Отанға баса көктеп кірген жауға жойқын тойтарыс беруге шақырады. Сөйтіп неміс фашистерінің қоршауға алған Ленинградта ақынның «Ленинградтық өренім» атақты өлеңі шырқалады.  Кейін ақын өз халқымен бірге Ұлы Жеңіс күнін бірге қарсы алады. Сөйтіп, оның қолында қайта домбыра үні жанданады.

Ефим Дзиганның бұл картинасында басты рөл – Жамбылды қазақ киносының негізін қалаушы, атақты актер әрі режиссер Шәкен Айманов сомдайды. Онымен бірге Құрманбек Жандарбеков, Ефим Копелян, Кененбай Қожабеков, Хафиза Әбуғалиева және басқалары өнер көрсетеді.

Айта кетейік, «Жамбыл» фильмінің түсірілімі сонау 1940 жылдың тамызында басталмақ болған, алайда Екінші Дүниежүзілік соғыс басталып кеткеніне байланысты аяқсыз қалған екен. Тек 1942 жылы картина түсірілімдері қайта қолға алынған болатын. Сол кезде туынды режиссері болып Григорий Рошаль, ал Жамбыл Жабаевтың рөліне Қапан Бадыров бекітіліпті. Алайда кейін түсірілім жұмыстары қайта тоқтап, тек 1949-1951 жылдары қайтадан жалғасатын болып шешілді. Сөйтіп, нәтижесінде картина режиссері Ефим Дзиган, ал басты рөлді Шәкен Айманов сомдайтын болды. Көптеген өзгерістерге ұшыраған фильм ақыры 1953 жылы үлкен экранға жол тартты.


Фото: megogo.net

«Жамбылдың жастық шағы»/ «Юность Жамбыла» (1996)

Бұл картинада жүз жылға жуық ғұмыр кешкен қазақтың ұлы жыршысы, өзінің дарыны мен таланты үшін 1941 жылы екінші деңгейлі Сталин сыйлығына ие болған  Жамбыл Жабаевтың өмірі суреттеледі. Алайда әзірге оның халық сүйіспеншілігіне бөленетін кезі алыс, мұнда көрермен оның халық ақыны атанғанға дейінгі кезеңі – ақындық таланты енді таныла бастайтын балалық шағына үңіледі. Жас бала өлеңді тамаша орындап, ол әндерін домбырамен сүйемелдеп отыратын. Ал жасөспірім шағында Жамбыл өзі де әндеріне сөз жаза бастайды.

«Жамбылдың жастық шағы» фильмінде қазақ даласында өмір сүретін халықтың өмірінен сыр шертіледі. Оқиға ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өрбиді. Көрермен мұнда қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныса алады. Дей тұрғанмен кинолентаның басты тақырыбы – бұл ақынның өмірі. Картинада басқа дереккөздерінде айтылмайтын қызықты фактілер көрініс табады. Кинотуындыға нағыз бірегейлік беретін де солар болмақ.

Картинадағы бас рөлдерді Мұхамеджан Тазабеков, Гүлмира Иманғалиева, Нұржұман Ықтымбаев, Советбек Жұмаділов, Гүлжамал Қазақбаева және тағы басқа актерлер сомдады.

«Жамбылдың жастық шағы» картинасы – бұл 1996 жылы «Қазақфильм» киностудиясы шығарған кинотуындысы. Тарихи кинолента режиссері Қанымбек Қасымбеков биографиялық драманың әсерлі шығуына бар үлесін қосты. Бұл картинадан бөлек, киногер «Когда тебе 12 лет», «Қоштасқым келмейді», «Шоқ пен Шер» жобаларында еңбек еткен. «Жамбылдың жастық шағы» болса, көрермен тарапынан да, сыншылар тарапынан да елеусіз қалмады. Фильм жоғары бағаланды.

Фото: brod.kz

«Жамбыл» (2016)

2016 жылы ақынның 170 жылдығына орай, «Қазақстан» Ұлттық арнасы «Жамбыл» атты көркем-деректі драманы жарыққа шығарды. Бұл картина да Жамбыл Жабаевтың өмірі мен қызметіне арналады. Мұнда көрермен сонымен қатар, ақынның жүрген әдемі жерлерін тамашалап, сол заманда өмір сүрген қазақ халқының тарихынан сыр шертер бірқатар қызықты фактілерге қанық бола алады. Картинадағы негізгі пейзаждар Алматы облысындағы Үшқоңыр тауының баурайында, Жамбыл облысы мен Мәскеу қаласында түсірілген. Атап өту керек, реквизиттер ретінде фильмде Жамбылдың мұражай-үйінен алынған жеке заттары мен жиһаздар, сонымен қатар оның аңызға айналған ЗИМ-1автокөлігі қолданылған.

2016 жылдың ақпанында ақын мерейтойының қарсаңында Ұлттық арна фильмнің тұсауын кескен еді. «Жамбыл» атты тарихи кинолента 4 бөлімнен тұрады. Фильм сенарийінің авторы – Бақытжан Шормақов, режиссері – Ануар Райбаев. Ол осыған дейін  «Лавэ», «Жеңіс семсері», «Қазына» және басқа да фильмдерге режиссерлік еткен.

Картинадағы басты рөлге түсетін актер ұзақ таңдалған екен. Сөйтіп, Жамбылдың рөліне Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер, әнші, композитор әрі драматург – Байғали Есенәлиев лайық деп танылды. Кинолентада сонымен қатар өзге де танымал актерлер өнер көрсетеді. Осылайша, күйші Дина Нүрпейісованы – Айгүл Үлкенбаева, Лаврентий Берияны – Ілияс Тұрманов, Күләш Бәйсейітованы – Әйгерім Сәменова, Жабайды – Жоламан Әміров, Сүйінбай Аронұлын – Ергенбай Әбуев, Кенен Әзірбаевты – Нұрбек Мұқыш, Мұхтар Әуезовты – Боранбай Молдахметов, Сәкен Сейфуллинді – Қанат Жүнісов, Темірбек Жүргеновты – Кентай Ақүрпеков, Бауыржан Момышұлын Бақыт Беделхандар сомдады.

Айта кетейік, биылғы жылы қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай да жыршы жайында биографиялық фильм түсіріп, кітаптар шығару жоспарланып отыр.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы