Размер шрифта:

Цветовая схема:

27 қаңтар, 2021424

2020 жылдың Taurus сыйлығы заңды иесіне жеткізілді

«Томирис» тарихи туындысында қойылған трюктер үшін әлемдік каскадерлер академиясының (АҚШ) беделді Taurus сыйлығына ие болған Жайдарбек Күнғожинов пен Nomad Stunts  тобының марапаты Алматыға жеткізілді. Сәлемдемені ұзақ күткен каскадерлер марапат қолға тиісімен жеңіс қуанышын картина режиссері Ақан Сатаевпен тағы бір мәрте бөлісті.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың соңында отандық Nomad Stunts каскадерлер ұжымы мен оның құрылтайшысы әрі жетекшісі Жайдарбек Күнғожинов әлемдік каскадерлер академиясының тағайындаған «Таурус» сыйлығын жеңіп алды. Бұл сыйлыққа қиын да қауіпті өнердің майталмандары Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Томирис» драмасында орындаған трюктері үшін ие болған. Әріптестерінің жеңісіне қуанған картина режиссері жағымды жаңалықпен әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.  

«Құрметті достар, керемет жаңалық! Бүгін 12 кг-дық Taurus сыйлығы АҚШ-тан @nomadstunts каскадерлер тобына және жетекшісі @kunguzhinov-ке жеткізілді. Бұл әлемдегі каскадерлердің ең беделді кәсіби сыйлығы, оны біздің «Қазақфильм» киностудиясының туындысы – «Томирис» фильміндегі трюктерді жоғары деңгейде қойып, орындағаны үшін жеңіп алды», - деп жазды режиссер өзінің парақшасында.   

Расында да, салмағы 12 келі болатын жез мүсін оны көргендерді өзінің пішінімен таңқалдыратын көрінеді. Қуаныштарында шек болмаған каскадерлер онымен кезектесіп суретке түсіп, желіге жарыса жариялап жатыр.

«Қазір @nomadstunts тобында 86 адам бар! Олардың әрқайсысы каскадерлердің ең бағалы олжасы – Тауруспен суретке түсуі қажет!!!!», - деп жазды актер әрі Nomad Stunts  каскадерлер тобының мүшесі Ерден Телемісов жеке парақшасында жариялаған суретінің астына.   

Фото: @erden_telemisov

Дәстүрлі Taurus сыйлығын марапаттау рәсімі жыл сайын Лос-Анжелестегі Paramount студиясында өтетін. Биылғы жылғы салтанат сыйлықтың ресми сайтында онлайн түрде өтті. Арада бірер ай салып, лайықты марапат өзінің иесіне табысталды.

«Міне, әлемде трюктерді үздік қоюшылардың бірі ретінде өзімнің марапатымды алдым. Қуаныштымын! Командама үлкен рахмет, біз осыған солардың арқасында Қазақстан тарихында және орталық Азияда тұңғыш болып қол жеткіздік. Бұл сыйлыққа түрлі жарақаттар мен қиындықтар арқылы 20 жыл бойы жүріп, Голливудта үздік бола алатынымызды дәлелдедік!!! Барлығына алғыс!», - деп жазды Күнғожинов әлеуметтік желідегі парақшасында.  

Фото: @kunguzhinov

Естеріңізге сала кетейік, Nomad stunts тобының жетекшісі Таурус сыйлығына алғаш рет 2017 жылы ресейлік «Викинг» картинасындағы еңбегі үшін үміткер атанған болатын. Алайда барлық мүмкіндіктерге қарамастан, германдық әріптестерге жол берді. Дей тұрғанмен, сол кезде отандық каскадер Таурусқа қалай болғанда да қол жеткіземіз деген еді. Сол сөзінде тұрды. Бүгінде Жайдарбек Күнғожинов - Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге танымал каскадер. Оның қоржынында Қытайда ат жарысынан өткен фестивальде жеңіп алған «Қола арыстан», спорттық «Оскар» және тағы басқа талай марапаты бар. Оның құрған каскадерлер ұжымы «По сооброжениям совести», «Доктор Стрэндж», «Марко Поло», «47 ронинов», «Первый мститель: Противостояние», «Дивергент» сияқты шетелдік картиналарда өнер көрсетті.

Айта кетейік, «Таурус» сыйлығы каскадерлердің жоғары жетістігі саналады. Сыйлық сонымен қатар, трюкті фильмдердің түсірілімдеріне өз үлестерін қосқан экшн-сахналарды қоюшы-режиссерлер мен актерлерге берілетін, олардың еңбектерін атап өту мақсатында өткізілетін дәстүрлі марапат.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы