Размер шрифта:

Цветовая схема:

02 сәуір, 2021300

Қазақстанда бірнеше веб-сериал дайындалып жатыр

Бүгінде қоғамда веб-сериал, веб-картина сияқты тіркестерді жиі естиміз. Жалпы, Web ағылшыннан аударғанда «өрмек», яғни «тор» деген мағынаны береді. Біз де осы торға барған сайын еніп барамыз. Y мен Z ұрпақтары тіптен, интернетте емін-еркін бойлап, түрлі ақпаратқа оңай қол жеткізе алады. Веб-сериалдар да сол жүйенің бір бөлшегі. Қазақстанда бұл платформа енді-енді қалыптасып келе жатса, Батыста ол баяғыдан трендке айналған. Біздің киногерлер де сол трендтен қалыспай, өзіміздің веб-индустриямызды қалап келеді. Өткен жолы әлемдік желідегі үздік веб-картиналар топтамасын назарларыңызға ұсынған едік. Бұл жолы сондай туындылардың түсіріліп жатқан кезекті легімен таныстырмақпыз.

«Мыстан»

Фото: @salemsocial.kz

Веб-сериал үш қыздың ауыр тағдырын баяндайды. Түрлі жағдайда ерлер тарапынан зорлық көрген кейіпкерлердің басты мақсаты - әділдік орнату. Ол үшін қыздар неге баруға дайын? Картина драмалық триллер жанрында болмақ. Кинолентаның бас рөлдерін актерлер - Ақбота Нұр-Сейітмағамбет, Жандос Айбасов, Әсел Қалиева, және Жасмин Салиховалар сомдайды. Сериал режиссері – өткен жылы көрермендердің назарына ұсынылып, жылы кабылданған «Жаным, ты не поверишь» қара комедиясын жасаушы Ернар Нұрғалиев. Веб-сериал 12 бөлімнен тұратын болады.  

«Zомбеты 2»

Фото: @salemsocial.kz

Қазақстанда Zомбеты сериалының екінші маусымының түсірілімдері бастау алды. Қазір түсірілім алаңында жұмыс қызу. Зомбилер мен зомби апокалипсис туралы әзілқой картинаның бірінші маусымы өткен жылдың күзінде көрермендерге жол тартқан еді. «2021 жыл. Ғалымдар жақын болашақта бүкіл адамзатты құртатын жаңа вирусты анықтайды. Айлайда әзірге одан аман қалғандар да бар. Бұл картина дәл солар жайында, яғни ақырзаманнан кейін аман қалатын өжет жігіттер туралы. Олар аман қалады, қыдырады, өмірден рахат алады және қайта өмір үшін күреседі» - бұл «Zомбеты»-дың бірінші маусымының қысқаша синопсисі. Картинаның бас кейіпкерлері – көшбасшы жігіт Тимур (Тима), ақылды, әділ, бірақ қорқақ Марат (Мара), спортшы Руслан (Рус) және апокалипсиске дейін барлық пәтерлердегі вайфайдың құпия кодтарын білген, сонымен қатар мәдениет пен тәрбиеден жұрдай Тиманың жақын досы - Тиля. Төртеуі төрт түрлі болса да, барлығын бір мақсат біріктіреді, ол – өмір үшін күрес, экшн және қыздар. Веб-сериалдың екінші маусымының не жайында болатыны әзірге белгісіз, алайда картина режиссері – Д.Болотбеков екені мәлім.

«Эскорт»

Фото: @salemsocial.kz

Жуырда тағы бір жобаның түсірілімі басталды. «Эскорт» деп аталатын жаңа туынды Тараздан Алматыға көшіп келіп, отбасынан жасырын түрде эскорт қызметтермен айналысатын қыз жайында болмақ. Бұл іске ол өзінің құрбысын да тартады, алайда өкінішке қарай алғашқы «тапсырыста-ақ» құрбысы мерт болады. Фильмдегі бас рөлдерді Зарина Хаджиметова, Шәріп Серік, Ғайдар Гильманов, Сабрина Жанабаева және Әсел Ақбаровалар сомдайды. Картина сценаристері әрі идея авторлары – Анель Сартаева мен Ілияс Қоқановтар. Режиссері – Қуаныш Бейсеков. Айта кетейік, киногер өткен жылдың күзінде қысқаметражды фильмдегі дебюттық жұмысын – «Шоқан» веб-картинасын шығарған болатын.

«Пизнесмен Қайрат»

Фото: @salemsocial.kz

Жақында бастау алған тағы бір веб-сериал – «Пизнесмен Қанат» деп аталмақ. Картинаның аты айтып тұрғандай, әзіл жанрында болмақ. Фильмнің бас кейіпкері – Қазақстанға танымал комик, «Әзіл әлемі» театрының актері – Қанат Әлжапбаров. Пандемияға байланысты басқа жұлдыздар сияқты Қанат та өзінің жұлдыздық жайлылығынан айырылып, дағдарысқа ұшырайды. Бұл жайлылыққа қайта қол жеткізу үшін Қанат банктен «Бизнеске бағыт» бағдарламасы бойынша үлкен соммада несие алып, дүкен ашады. Бірақ бұл бизнесі оған береке әкеле ме? Оны «Пизнесмен Қанат» веб-сериалынан тамашалай аласыздар. Кинолента режиссері – Дархан Саркенов.

«Алғашқы махаббат»

Фото: @salemsocial.kz

Әлемдік желі арқылы көрермендерге жол тартайын деп жатқан ендігі туынды – «Алғашқы махаббат» сериалы. Романтикалық комедия Берік пен Салтанат есімді бұрынғы сыныптастар туралы сыр шертеді. Екеуінің жолы баяғыда-ақ айырылған. Қыз тұрмысқа шығып, екі баланы дүниеге әкелді. Берік болса, бойдақ өмір сүріп, өмірін хирургияға арнаған. Бір күні ол аяқ астынан Салтанатты кездестіріп, оның күйеуінен ажырасқанына көп болғанын біліп, хабар алысып тұруды жаңартпақ болады. Сөйтіп Берік пен Салтанаттың арасындағы алғашқы махаббат сезімі қайта лаулайды. Алайда сұрбойдақ атанған Берік Салтанаттың есейген балаларымен тіл табыса алар ма екен? Өйткені олар болса, жаңа әкені аса хош көрмейді. Картина продюсері – Дархан Ақылбек, сценарий авторлары – Дархан Қаріпов пен Алтынбек Қырықбаевтер, режиссері – Модияр Абдуқадыров. Сериалдың бас кейіпкерлерін Дәурен Айдарқұлов (Берік), Қарлығаш Мұхамеджанова (Салтанат), Шоқан Шопанбаевтер (Аян) сомдайды. Романтикалық комедия осы жылдың жазында жарық көреді деп жоспарланып отыр.

«Көрші»

Фото: @salemsocial.kz

Отандық интернет-сервистің бірегей сериалдарының қатары жақында тағы бір туындымен толығайын деп отыр. Нақтырақ айтқанда, «Көрші» атты жаңа веб-сериалы көрермендер назарына жол тартпақ. Бұл картина махаббат жайында болады. Бас кейіпкер терезеден ұзақ уақыт бойы қарама-қарсы үйде тұрып жатқан тұрмыстағы көрші қызды бақылап жүреді. Оның билеп жүретінін, ас дайындап, күйеуімен ұрсысатынын көріп, өмірінен хабардар болып жүреді. Күндердің бір күнінде олар аяқ астынан дүкенде кездеседі. Картинадағы бас рөлдерді актерлер – Жанель Мақажан мен Бекзат Жүнісовтер («Тағы бір тоқсан») сомдайды. Жоба режиссері – Евгений Паламарчук, бас продюсері – Жазира Мұрадова. Фильм түсірілімдері толығымен Алматы қаласында өтті. Веб-сериалдың әлемдік желідегі премьерасы биылғы жылдың 15 сәуіріне жоспарланып отыр.   

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы