Размер шрифта:

Цветовая схема:

09 қыркүйек, 2020386

Шарипа Оразбаева: «Авторлық фильм режиссерлерін спортшыларға теңеймін»

Швейцария, Канада, Франция, Жапония, Германия, Ресей. Бұл - отандық режиссер Шарипа Оразбаеваның «Мариям» атты дебюттық картинасының тамсандырған елдер тізімінің тек біразы ғана. Фильм бұл күндері көптеген елдің киносарапшыларының көңілінен шығып, шетелдік көрермендерді тәнті етіп келеді. Алда әлі талай жеңістер мен қуаныштар күтуде. Тек бұл ғана картинаны емес. Жуырда режиссер өзінің кезекті екінші туындысының түсілімдерін аяқтады. Сәтін салса, оны да әлемдік фестивальдерге қатыстырамын деп отыр. Түсірілім жұмыстары кезінде қандай қызықтар болды? Жаңа авторлық картинаның бас кейіпкерлерін кімдер сомдады? Режиссер тағы қандай жобаларды іске асырмақ? Бұл туралы ол «kaztube.kz» бейне-порталына берген сұхбатында айтып берді.

- Таяуда өзіңіздің «Қызыл анар» атты екінші толықметражды картинаның түсірілімдерін аяқтадыңыз. Құттықтаймыз! Түсірілім жұмыстары қалай өтті?

- Құттықтауыңызға үлкен рахмет! Иә, жақында ғана, бірер күн бұрын «Қызыл анар» атты екінші толықметражды картинамның түсірілімін аяқтаған болатынмын. Түсірілім жұмыстарының қалай өткенін айтатын болсам, жалпы жаман болған жоқ. Әрине, түсірілім кезеңі мен үшін қашанда қиын кезең десем де болады, өйткені бұл кезең ең шешуші, ең маңызды кезең болғандықтан, мен оған көп энергиямды сарп етемін.

- Сіздің жұмыстарыңызды әлеуметтік желіден бақылай отырып, техниканы орнату жағынан біраз қиналып қалғандарыңызды көрдік. Дегенмен, жарадыңыз! Қиналсаңыздар да, амалын тапқан едіңіз. Жалпы түсірілім барысында қандай қиындықтармен кездестіңіз? Қиындықтары мен қызықтарын қатар айта отырсаңыз...

- Иә, біздің түсірілім кезеңінде қиыншылықтар болды, әсіресе, ауа-райын қатты бақылайды екенсің. Жаңбыр да, тіпті аспанда ұшып бара жатқан ұшақтың дыбысы да естіліп тұрады. Бір күні жаңбыр жауды. Сол кезде менің көлігім шұңқырға түсіп кетіп, жаңбырдың астында түннің ортасында бүкіл түсірім тобы жерді қазып, көлігімді әрең шығарып алған болатынбыз. Содан кейін тағы бір қиыншылық болды. Біз Есік көлінде түсіріп жатқан едік. Соңғы бір күнде суға жақын жерге жету үшін оған көлікпен бардық. Ол көлік жартастан құлап кете жаздап, әйтеуір бір құдай сақтап қалды. Ал, қызық жағдайға келетін болсам, бюджетіміз аз болғандықтан, техника жағынан бізде кішкене тапшылық болды. Бірақ соған қарамастан, қоюшы-оператор өзінің тапқырлығын танытты. Түсіріліміміз дүкенде болатын. Содан камераны қоятын қондырғы керек болған соң, сол дүкендегі азық-түлік таситын қол арбаға камераны қойып, сөйтіп өзіміз қолдан арба жасап алдық. Өте әдемі кадр шықты, сондықтан да кез келген жерден, кез келген қиындықтан шығуға болады деп ойлаймын.

- Түсірілім жұмыстары әлбетте, фильм дайындаудағы маңызды әрі жауапты кезеңнің бірі. Өткен жолғы сұхбатта «Мариям» фильмінің түсірілімінде жасаған кемшіліктерді бұл фильмде қайталамауға тырысамыз деген едіңіз. Солай болды-ау шамасы?

- «Мариям» фильміндегі қателіктерді қайталамауға тырыстым. Қателіктер болғанда ол - ең бастысы техникалық жабдықтауға байланысты болды. Бұл фильмде біз жақсы камера алуға тырыстық, жақсы техникамен қамтамасыз етуге тырыстық. Одан кейін «Мариямды» біз бес-ақ күнде түсірсек, бұл жерде біз он бір күн жұмыс істедік. Енді бұл да үлкен кезең емес, дегенмен де ол фильмге қарағанда «Қызыл анар» фильмі көркемдік тұрғыдан жоғарырақ болады деп сенемін.

- Түсірілім жұмыстары Есік көлінен басқа тағы қай жерлерде өтті? Түсірілімді жоспарлаған мерзімде бастай алдыңыз ба?

- Біз бұл фильмді о бастан Балқаш маңында немесе Көлсай, Қайыңды жақта түсірсек қой деп ойлаған едім. Өйткені көрермендер авторлық фильмдерді шетелде көрсеткенде неге Қазақстанды жаман жағынан көрсетесіздер, неге фильмдердің бәрі өте нашар жерде түсіріледі деп айтып жатады. Мен керісінше, Қазақстанның ең көрікті, ең әдемі жерлерін шетелдіктерге танытқым келеді. Сондықтан да осындай жерлерді таңдап алған едім. Қаражатымызға байланысты біз Балқаш жаққа бара алмадық, ал Көлсайға баруға мүмкіндігіміз болды, бірақ онда түсіруге бізге рұқсат бермеді. Бірақ Есік көлін түсіруге рұқсат берді, сондықтан жол жерде түсірдік. Жалпы түсірілім жұмыстарының негізгі бөлігі осы Алматы маңындағы Тұрар деген ауылда жүргізілді. Жоспарлаған мерзімде бастадық және жоспарлаған мерзімде аяқтай алдық.

- Фильмді жасауда кімдер жұмыс істеді?

- Бұл жерде продюсер Айгүл Ақсамбиева деген бізде жас режиссер әрі продюсер қыз бар. Сол үлкен көмек көрсетті. Одан кейін қоюшы-оператор Жандос Жұмабаев деген жас оператор болды. Бұл фильм - оның дебюттық операторлық жұмысы. Алғашқы еңбегі болса да, менің ойымша, ол өзінің жұмысын жақсы алып шыға білді.

- Картинадағы басты кейіпкерлерді кімдер сомдағанын білсек бола ма? Актерлер құрамында дебютанттар бар ма?

- Мен әдейі атақты актерлерді алғым келген жоқ. Өйткені өзім жаңа есімдер, жаңа бейне, жаңа келбет ашқанды ұнатамын. Дегенмен де кәсіби деңгейдегі актерлерді де шақырдым. Атап айтсақ, басты рөлді Елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында жұмыс істейтін Айнұр Бермұхамбетова деген актриса сомдады, ер адамның рөлін біздің қуыршақ театрының актері Болат Момынжанов деген актер сомдады. Олар басқа фильмдерге де түскен болар, бірақ бұл фильм олардың авторлық фильмдегі дебюттық картиналары болып саналады.

- Фильмдегі актерлердің жұмысы ойыңыздан шықты ма? Олар кейіпкер образын аша білді ме?

- Иә, жалпы, актерлердің жұмысы ойымнан шықты десем де болады. Кейіпкерлердің образдарын аша білді. Енді ол монтажға да байланысты. Монтажда көп нәрсе шешіледі. Монтаж, музыка, шум, дыбыс - оның бәрі фильмге үлкен ауқым береді. Сондықтан да менің ойымша, кейіпкердің образы сол кезде анық шығады.

- Монтаждау жұмыстарына қашан кіріспексіз? Шамамен қанша уақыт алады деп жоспарлаудасыз?

- Монтаждау жұмысына енді жақын арада кірісеміз деп отырмыз. Бірақ бізде өкінішке қарай жоғарыда айтқанымдай, қаржы тапшылығы бар. Сондықтан да әзірге монтаждау жұмыстарын қашан бастайтынымызды білмеймін. Ең бастысы қолымызда қазір түсірілген материал бар. Осы уақытқа дейін түсірмеген болсақ, «уходящая натура» дейді ғой, жаз өтіп кетер еді. Негізгі сюжет жазда болғандықтан, бізге түсіріп алу маңызды болды. Қашан жасап бітіретінімізді білмеймін, бірақ жақын күндері монтажды бастайтын шығармыз деп үміттенемін.

- «Қызыл анар» фильмі - фестивальдік кино. Ол дайын болған соң, алғаш қай фестивальге ұсыну ойда бар?

- Иә, «Қызыл анар» - ол фестивальдік кино. Туынды қай кезде дайын болады, фестивальге ұсынуымыз да соған байланысты болады. Әр фестивальдің өзінің уақыты бар. Сол уақытқа байланысты беруге тырысамыз. Әрине, біз Берлин, Канн, одан ары қарай Локарно фестивалі деген сияқты үлкен кинофестивальдерге ұсынуға тырысамыз. Оны енді алдағы уақыт көрсетеді.

- Фильм Анар есімді әйел адамның ішкі жан дүниесі, адалдығы туралы деген едіңіз. Дегенмен кейін белгілі бір жағдайларға байланысты ол өз ұстанымдарын бұзуына тура келеді. Оған не түрткі болады? Оқырмандарымызға «Қызыл анар» фильмі не жайында болатынын тағы бір мәрте еске салып, көрермендердің қызығушылықтарын қыздыра түсу үшін фильмдегі кейбір сюжет иірімдерін ашып айта аласыз ба?

- Иә, бұл фильм Анар есімді әйелдің ішкі жан дүниесі жайлы. Ол өзінің басынан өткізген жағдайды дәл қазір тағы да басына кешуіне тура келеді. Бұл жерде ең басты нәрсе - ол адамдар арасындағы қарым-қатынас, олардың бір-біріне деген сенімі, сонымен қатар Анардың өзінің Әділ есімді баласының арасындағы қарым-қатынасы сипатталады. Яғни бұл жерде бір отбасының ішіндегі қарым-қатынас көрініс табады деп айтар едім.

- Әрине, бір істі аяқтамас бұрын, жоспарламаған дұрыс шығар. Бірақ Сіздер, өнер адамдары кез келген уақытта шабыт келе қалса, келесі істі де қатар алып, оған кірісе кетуге бар жандарсыз ғой. Келесі жобаға ойлар бар шығар. Шет жағасымен бізбен бөліссеңіз...

- Дәл қазір менің ойымда - осы «Қызыл анар» фильмі. Әлі келесі жобаға ешқандай ой ойлап үлгерген жоқпын. Бірақ жақсы тағы бір сценарий бар. Мен өзім әйел режиссер болғандықтан, әйелдердің тағдырын, олардың көзқарасын әлемге көрсеткім келеді. Әсіресе, қазақ әйелдерінің бейнесін, олардың ішкі сезімін, ішкі түйсігін, қажырлығын әлемге танытқым келеді. Сондықтан келесі жобам да әйел жайлы болады. Мен қазір сюжетін ашып айтпай-ақ қояйын, оны уақытында көре жатарсыздар.

- Шарипа ханым, Сіз әйел мәселесін, жалпы қоғамның әлеуметтік маңызы бар мәселелерді қозғауға тырысасыз. Кинода тағы қандай тақырыптарға фильм түсіру ойыңызда бар?

- Мен өзім әйел режиссер болғандықтан, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді қозғауға тырысамын. Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық деген бар. Бізде ол нәрсе өте көп таралған. Әсіресе қазақ әйелдері үйде тұрмыстық зорлық-зомбылықты жиі көреді, бірақ олар қоғамдағы кейбір көзқарастарға байланысты, «ұят» деген сөздерге байланысты оған көз жұма қарайды және көптеген мәселелерді жылы жауып қоя салады, оған көнеді. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын көрсеткім келеді. Сонымен қатар ана мен бала, әйел мен күйеуі, ене мен келін арасындағы мәселені көптеп көрсетіп, айтқым келеді.

- Жалпы, Сіздің ойыңызша, қазақстандық киноиндустрияға қандай кинолар қажет?

- Әрине, кино болғандықтан, көрермендерге арналған болсын, авторлық фильмдер болсын әр бағытта болғаны дұрыс деп ойлаймын. Бірақ өкінішке қарай бізде авторлық фильмдер қолдау таппай жатады. Біз үлкен-үлкен кинофестивальдерге қатысқымыз келеді, көргіміз келеді, орын алғымыз келеді, бірақ олар үшін ештеңе жасамаймыз. Күлкілі комедиялық фильмдерді түсіріп, сол арқылы Каннды бағындырғымыз келеді. Бірақ олай болмайды ғой. Егер біз шынайы олардың деңгейінде болғымыз келсе, әлемдік киноиндустрияға енгіміз келсе, олардың ойындарымен ойнауымыз керек. Ал бізде оны түсінбей жатады. Сондықтан да бір жеңіл-желпі фильмдер арқылы үлкен кинофестивальдерде жүлделі орын алғысы келеді. Авторлық фильмдерді көптеп қолдаса екен дейміз. Өйткені авторлық фильмдер ол спортшылар сияқты. Авторлық фильм жасайтын режиссерлерді кейде спортшыларға теңеймін. Өйткені спортшылар Қазақстанды бүкіл әлемге танытып жатады ғой. Сол сияқты авторлық фильмнің режиссерлері де Қазақстанның атын бүкіл әлемге танытып жатады. Қазақ киносы жайлы әлем айта бастайды. Сондықтан да авторлық фильмдерге үлкен мүмкіндіктер берілсе деймін.

- Сіздің «Мариям» атты картинаңыз Германияда өтіп жатқан International Women's Film Festival дебюттық фильмдердің халықаралық байқауында бақ сынап жатыр. Бұйырса, жеңімпаз бүгін анықталатын болады. Байқаудан не күтесіз? Жалпы халықаралық кинофестивальдерге қатысу Сіз үшін не?

- «Мариям» фильмі қазір көптеген кинофестивальдерге қатысып жатыр. Ол тек Германиядағы кинофестивальде ғана емес, қазір Жапонияда, Ресейде, Қазан кинофестивалінде көрсетіліп жатыр. Әрине, енді жеңіс күтемін. Бірақ дегенмен де жеңістен бұрын, мен бұл фильмді әлем көрсе екен деймін. Бұл фильмді көптеген көрермен көрсе екен деп ойлаймын. Иә, үмітім зор. Жалпы бір халықаралық кинофестивальге қатысу мен үшін үлкен қуаныш, үлкен жетістік. Мен үшін қазақ киносының қандайда бір жетістікке жетуі дер едім. Қазақ киносы жайлы, қазақ әйел режиссерлері жайлы бүкіл әлем білсе екен деп ойлаймын. Өйткені бізде әйел режиссерлер өте аз ғой. Мен бұл жерде ер адам, әйел адам деп бөліп жатқан жоқпын. Бірақ дегенмен де факттің аты факт. Сондықтан да бұл маңызды деп ойлаймын.

- Әйел режиссерлердің Халықаралық кинофестиваліне (International Women's Film Festival) қатысу екінің бірінің қолынан келмейді. Қандай сезімдесіз?

-Толқудамын. Бұл мен үшін үлкен жетістік, үлкен алға жылжу. Өзім үшін алдыма қандай да бір мақсат қойған кезде сол мақсаттарға жетсем деп тырысамын. Бұл менің бірінші фильмім. Бірінші фильммен осындай үлкен-үлкен кинофестивальдерге қатысу – мен үшін қуаныш. Ал «Қызыл анар» атты екінші фильмім не болатынын оны уақыт көрсете жатар. Бірақ мен қуаныштымын.

- «Мариям» картинасы жеңіске жетсін деп тілейміз! Олай болса, ақшалай жүлдені қайда жұмсайтыныңызды ойлап қойдыңыз ба?

- Иә, әрине, егер «Мариям» картинасы жеңіске жетіп жатса, мен қуанар едім. Ақшалар жүлде әрине, менің «Қызыл анар» фильміме кетер еді. Өйткені бізде қазір монтаж, постпродакшн кезеңіне қаржымыз жоқ десем де болады. Сондықтан да бұл ақшалай жүлдені мен осы келесі фильміме жұмсар едім.

- «Мариям» фильмі осымен бір емес, бірнеше халықаралық байқауларға қатысты, қатысып та жатыр. Ерекшелігі неде? Картинаның сәтті шығуының сиқырын ашасыз ба?

- Оның ерекшелігі неде екенін білмеймін. Оның сәтті шығуының сиқырын да айта алмаймын. Мен, шынымды айтсам, өзім таңқалдым. О баста мынадай үлкен жетістікке жетеді деп ойлаған жоқпын. Шығармашылық адамы болғандықтан, өзім режиссер болғандықтан, қайткен күнде де бір шығармашылық фильм жасасам екен деп түсірген едім. Суретші суретін салып жатқан кезде ол ештеңе ойламайды. Жай ғана іштей өзінің сезімін салады, өзінің сезімін шығарады. Сондықтан мен де бұл фильмді түсірген кезде халықаралық фестивальдерге қатысайын немесе жүлде алайын деп жасаған жоқпын. Жай ғана бұл фильм жасағым келді, Мариямның тағдырын көрсеткім келді, Мариямды сомдап шыққан Меруерттің тағдырын көрсеткім келді. Оның қандай жерде өмір сүргенін, қандай жағдайда өмір сүргенін көрсеткім келді. Сол жерде көрген кезде адамның рухы қандай мықты бола алады екен деп таңқалдым. Қиыншылықтарға қарамастан, мойымай, жетістікке жетуге болады деп ойладым. Соны көрсеткім келді.

- Соңғы сұхбатымыздан кейін бірер ай өтті. Сіздің алғашқы туындыңызды шетелдіктер талай көрді ғой. Енді оны біз ғана емес, талай отандық көрермен де көруге асық. «Мәриям» фильмін прокатқа шығару жағы шешілді ме?

- Иә, «Мариям» фильмі бірнеше шетелдік кинофестивальдерге қатысты. Оны әлемде бірнеше жерде көрді десем де болады. Қазір бізге Жапонияда бұл фильмді архивке алсақ бола ма деп ұсыныс жасап жатыр. Архивімізге алып, өзіміздің киноқорымызға салып қойсақ қалай болады деп менен рұқсат сұрады. Әрине, мен қуана-қуана бердім. Ол дегеніңіз бүкіл Жапонияның киноархивінде сақталады деген сөз. Фильм жайында олар жылы-жылы сөздер айтып, жолдамаларын жіберіп жатыр. Біздегі прокатқа шығу жағын білмедім. Өйткені қазір тек фильмдердің емес, жалпы кинотеатрлардың жағдайы өте қиын болып тұр ғой. Пандемияға байланысты әлі жабық. Жақын уақытта ашылуы екіталай. Дәл қазір прокатқа шығару жағы шешілген жоқ. Бірақ фестивальдерге қатысып болған соң, Youtube-каналына салу ойымызда бар. Оны біздің елімізде де көптеп көрсе екен деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  режиссердің жеке мұрағатынан

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы