Размер шрифта:

Цветовая схема:

25 тамыз, 2020308

Шарипа Оразбаева фильм түсіріліміне кірісті

Қазақстандық режиссер Шарипа Оразбаева жаңа картинасын түсіруге білек сыбанды. Бұл туралы режиссер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жария етті.

«Қызыл анар» фильмі режиссердің қоржынындағы екінші толықметражды лента болмақ. Осыдан екі ай бұрын «kaztube.kz» бейне-порталына берген сұхбатында режиссер жаңа картинасы жайында бірер ақпаратпен бөлісті. Айтуынша, фильм авторлық-фестивальдік лента болғандықтан, кейбір қоғамдық мәселелер ондағы кейіпкерлердің бейнесі арқылы астарлап көрсетіледі.

«Бұл фильм Анар есімді әйелдің жан дүниесі жайлы болмақ. Ол бұл өмірге басқаша қарайды, яғни оның өзінің тура ұстанған жолы бар. Ол айналасында болып жатқан қандайда бір жағымсыз оқиғаларға мән бермеуге тырысады, өзін шыншылмын әрі әділдік таныта алатын жоғары саналы пендемін деп санайды. Алайда, бір күні оның жақын адамымен күтпеген оқиға болып, ол өзінің моральдік ұстанымдарынан мәжбүрлі түрде бас тартуына тура келеді», - деген еді режиссер фильм мазмұнына тоқталып.

Белгілі болғандай, картинаны таспалауда оператор Ж.Жұмабаев, көркемдеуде суретші Нұрболат Жапақов еңбек етеді. Ал продюсер қызметін А.Аксамбиева атқаратын болады. Фильм сценарийін картина режиссері Шарипа Оразбаеваның өзі жазды.

Жаңа көркем драма алдымен фестивальдерге қатысады деп жоспарланған, кейін сәтін салса, қазақстандық көрермен назарына да ұсынылатын болады.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы